Аққудың қанатына жыр жазған ақын (эссе)

0
3679

 

Қара өлеңнің Құлагеріне, халқымыздың жыр-қазынасына айналған Мұқағали!

Ақынға жыр болған, сазгерге ән болған, Қарасазға құт , Мәңгілік елге мұра болған ғасыр ақыны!

Ғасыр ақыны, жалындай жарқылдаған қазағымның жасын ақыны!

Мұқағалидың поэзиясына бас қоймаған қазақ жоқ. Елімізден шығатын газет-журналдардың беттеріне Мұқағали туралы мақала, өлең шумақтары, ән мен жырлар лек-легімен жариялануда. Бұл- халқымыздың жүрегі жырдан нәр алған, өмірі өлеңге айналған ақынын құрметтеп ардақтағаны. Ақынның өлеңдерін жатқа оқып, өлең шумақтарын эпиграфқа алып, цитат келтіріп жатқанының куәсіміз. Ғұлама ғалым, мемлекет қайраткері, мектеп оқушысы, тіпті ірі-ірі тұлғалардың өздері де сөздерін ақынның жырларымен әрлейді. Мұқағали мұрасынан тақырып алып қанша шәкірт ғылыми жоба қорғады. Бұл- Мұқағали мұрасының мәңгілік өлмейтін, ғұмыры ұзақ, ғибраты мол, ғасырдан –ғасырға жететін жақұт екендігінің дәлелі.

Егемен елімізде Мұқағали атындағы мектеп, көше, елдімекен, мұражай бар. Ақынға арналып ескерткіш орнатылуы, жылда туған күні республика көлемінде тойлануы ұлы тұлғаны ұлықтап, қастерлегені деп білемін. Ғасыр ақынының туған күнін алда талай шет елдердің де тойлап, жырын жатқа оқитыны анық..

Біз Мұқағали жырын оқығанда ұлан байтақ елімізді аралағандай боламыз. Аналар мен әкелердің құдіретті қасиетін ұғынамыз. Әр шумағын оқу арқылы киелі махаббатты ұғынамыз. Қара өлеңнің құдіретін, сөздің сырын, сұлулығы мен құнын пайымдаймыз. Әр өлеңінен жапырағы мәңгі жасыл, адамзатқа шуағын шашқан алып бәйтеректі паналағандай немесе суы мөп-мөлдір, мәңгі сарқылмайтын, жан рақатын сыйлайтын кәусар бұлаққа кезігіп шөлімізді қандырғандай боламыз. Өлеңдерінен жусан иісі бұрқыраған даламызды, әжеміздің тарамыс қолынан шыққан таба нан, тарысы мен талқанының дәмін сеземіз. Әке жүрегінің ұлылығын, ана жүрегінің мейірін көреміз. Сондай сәттерде сезіміміз сел болып әр шумақты құнығып оқимыз. Оқыған сайын ойымыз асқақтап, жанымыз сусындап, өмірдің мәні мен сәні неде екенін түсінеміз.

Міне, қара өлеңнің құдіреті адам жанына қуат, бойына күш-жігер, санасына шапағат сыйлайды.

Мұқағали жырлары- сөздің лағылы мен маржандарынан құралған текті жырлар.

Жасын жырларында жалындаған жандарға шуақ, жанам деген жүрекке от беретін қасиетті құдірет бар. Жырларының жай болып атылғаны да, көк аспаннан оқылғаны да бүгінгі күннің шындығы.

Ғасыр ақыны поэзиямен егіз жаратылған. Ол жырларын мәңгі өшпестей көк аспанға, аққудың қанатына, таудың шыңына, айдың сәулесіне, адамзат көңілінің көк жиегіне жазды.

Иә, Мұқағали қазақтың маңдайына біткен дара тұлға, шыңға біткен шынары. Ол-таудан жаратылған, мұзарт шыңда шыңдалған тау ұлы.

Өледі кімдер, туады кімдер,

Батады күндер, шығады күндер.

Семеді гүлдер, өседі гүлдер,

Келеді күндер, көшеді күндер.

Өмірде қымбат асылдар-күндер,

Өмірде қилы ғасырлар-күндер- деп ақынның өзі жырлағандай күндер келеді, айлар ауысады, ғасырлар алмасады. Бірақ, Мұқағали Мақатаев мәңгі жасайды.

Абай атамыздың «Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?» деген ұлағатты тармақтарын ғасыр ақынына арнаймын.

Қазір ол ең көп оқылатын нағыз ақын. Мұқағали мұрасы мәңгілік.

Сондықтан да әр сөзін ұрпағы киелі бойтұмардай қастерлеп, ақын рухы алдында бас иеді.

 

 

Сисенгалиева Айнұр

Ақтөбе қаласы №55 ЖОББМ


ПІКІР ҚАЛДЫРУ