Мұқағали ақынмен сырласу

0
2951
Ибрайымов Алмабек Ерболатұлы

Жалпы алып қарағанда, күнделікті сабақ оқушыны шаршатып та жібереді. Ондай кезде жаныңа жақын бір нәрсе іздеймін. Қолыма бір әдеби кітап түссе болды. Қоңырау соғылғанша соған шұқшиып қаламын. Менің сыныптастарым менің қайда жүретінімді жақсы біледі. Мен не кітапханада, не сыныптың бұрышына барып отыратынымды біледі. Сабақ басталмайынша мені мазаламайды. Міне, бүгін тағы кітапханаға кіріп, қолыма сіздің кітабыңызды алдым. Анау-мынау емес тұп-тура күнделігіңізді. Бұл кітап мен үшін таныс, оны ең алғаш оныншы сынып оқып жүргенде бір деммен оқып шыққанмын. Біраз ой да түйдім…

Сіз бір ғасырда бір туатын ерекше жансыз. Әттең, кезінде сізді ешкім бағаламады. Өзіңіздің айнымас серігіңіз-күнделігіңізге қаншама сырыңызды жазғансыз? Тіпті сол сырды маған айтқандай боласыз.

Аға, сіздің өлеңдеріңізді өз заманында ешкім түсінбеді, түсінбегісі келмеді ме? Кім білсін? Сондай сәтте сіздің өкпе-назыңыз ақ параққа жыр болып түсті. Сол жырыңыз келер ұрпақ біздерге өшпестей мұра болып қала берді, қала бермек… Бәлкім, аға «Өмірді жырлау үшін» келген боларсыз?

«Күнделік жаз, жарқыным, күнделік жаз». Осы сөзден кейін мен де күнделік жазуға бел будым. Ойымда не тұр бәрін түк қалдармайтын болдым. Жарылуға шақ қалған шардай сезініп келген кезде, желі шыққан шардай босап сабама түсіп, ақыл қосуға да осы бір күнделік себепші.

Сіз бір сөзіңізде далада дем алып отырғанда көк аспаннан ақиық қыранды көріп, тамсана қараған болатынсыз. Әрқашан да

жырыңызға қосып, ақиық қыранның тектілігін пір тұтатынсыз. Ал қазір сіздің өзіңіз сол ақиық қырандай өз өлкеңіздің, өз Отаныңыздың символы іспеттес болып жүргеніңізді сездіңіз бе?

Қарасаз! Алматыға бет түзеген көлік жүйткіп келеді. Кенет… алдымнан Райымбек бабамыздың кең алқапты нұсқап тұрған мүсіні көзіме жарқ ете қалды. Райымбек баба да дәл Қарасазды меңзеп тұрғандай көрінеді кейде. Оның себебі өзіңіз жырға қосқан «Райымбек, Райымбек!» поэмасының басты қаһарманы Райымбек бабамызды сіз туған жерді меңзеуі тылсым күш болар? Әлде, қара өлеңнің құлагері дүниеге келген мекенін ел есіне салу үшін меңзеді ме екен? Кім біліпті? Қарасазды көргенде осы жерден қалайша ақын шықпайды деп ойлайсыз. «Тау баласы тауға қарап өседі»,-деген екен Тұманбай атамыз. Сіздің де қазір тау тұлғалы, заңғар боуыңызға да таудың себебі тиген шығар?

Аға сіздің қай өлеңіңізді алып қарасақ та, жүрекке тиері сөзсіз! Әсіресе, менің жаныма жақын екі өлеңіңіз бар. Ол-«Шыда, шыда!» және «Болады деп арманда» өлеңдері. Көңілім құлазыған кезде осы екі өлеңді оқысам, бойымда тылсым күш пайда болып, өмірге құлшынысым арта түседі. Осы өлеңдерден кейін өмірге басқаша көзбен қарауға үйрететіндейсіз.

Міне, мен де күнделігіңіздің соңғы бетіне келіп қалыптым. Соңғы бетті оқып біткен соң, ерекше сезіммен кітапхананың сізге арналған сөреге алып барып қойдым. Сол сәтте қоңырау шырылдап қоя берді. Кітапханадан шығып бара жатып сөреге қарағанда, күнделігіңіз «сабағыңнан қалма!» дегендей болды…

Ибрайымов Алмабек Ерболатұлы

Алматы облысы Райымбек ауданы Қызылшекара ауылы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ