Мұқағали есімінің қазақ жастарының жүрегінде ерекше орын алуының себебі неде?

0
2474

Әр заманның үлгі тұтар ұлы тұлғалары болатыны бұрынан белгілі. Қандай заман, қандай уақыт болса да, поэзия мен өлең халқымен бірге жасасып келеді. Жеріміз қандай кең, дархан болса, халқымыздың пейілі де ешқашан тарыққан емес. Қазақ халқының бағы да сол сияқты. Кең дархан далада небір елінің даңқын асқақтатқан батыр, халқын әнмен тербеген күміс көмей әнші, даласында қара өлеңді қару еткен небір ақындар өткені белгілі. Демек, неге қазақ жерін киелі деп айтпасқа? Олай болса, осындай дархан далада Мұқағали сияқты Мұзтаудың мұзбалағының дүниеге келуі заңды дүние сияқты. Мұқағали кім? Оның қазақ жастарының жүрегінде ерекше орын алуының себебі неде?

Әрине, Мұқағали атамыз сияқты поэзияның сүтін ішіп, суына шомылған азамат жоқ шығар сірә, мына жалғанда. Сонау киелі саналып, қазаққа ортақ батыр Райымбек бабамыздың ізі қалған, жерін жаудан қорғап, қарапайым еліне қорған болған, киелі Нарынқолда дүниеге келуі де тегін емес шығар. Жалпы қазақ жастарын ғана емес, үлкен -кіші жырынан ләззат алған, текті тұлғанының өлең жолын тебіренбей оқымаймыз. Оған не себеп деп ойлайсыздар?

Біріншіден, өлең жолындағы шындық пен шабыт. Кез-келген жанның көңіліндегі кірбіңді тазалай отырып, тілге жеңіл, ойға орамды сөздердің қатарласа келуі , кез-келген өнерді бағалай білетін адамды ой жетегіне бағыттайды. Ақынның мықтылығы, мәрттігі, ұлтжанды азамат екендігі де осыда. Желдей ескен тұнық сезім қалай шабыт туғызбайды. Әрине, өлеңмен өмірін байланыстырған ақын жанды азаматты қанаттандырып, биік армандарға жетелейтін осы шындық пен шабыт екені сөзсіз. Шабыт бар

жерде, қаймағы бұзылмаған қазақтың қасиетті қара өлеңінің болу да заңдылық. Мұқағали атамыз өлең жазарда шабытты өзі туып, кіндік қаны тамған Қарасаз топырағына алатыны естеліктерінде тебірене отырып жазады. Сол себепті өлеңдеріде туған жерінің топырағы сияқты құнарлы, әрі құнды болып келеді. Мұзбалақ ақынның өлеңдерінің сол себепті мәңгілік болуы тиісті. Қайда барса да, тағдыр тәлкегіне мойынсұнбай, өмірін өлеңімен байланыстырған ақын атамыздың бағының бастауы, болашақ ұрпақтың бағалай білуінде. Бағаламаса атағын асқақтатып, әр жылда тіршілігінді тойламаған туған күнін думандатып тойламаушы еді. Егіле еске алып, жыр шумақтарын арнау етпеуші еді.

Екіншіден , ақынның адалдығы мен қазаққа тән аңғалдығы. Қай өлеңнін алып оқып көрсең, іші толған сырлы әлем дерсің. Мына былыққа толған ақиқатынан гөрі, жамандығы басым жалған дүниеден мың есе қайырлы дерсің. Өлеңдерін оқи отырып, мөлдір бұлақтың бастауынан, таза суды мейірлене қанып ішкен сияқты күй кешесің. Сол судың дәмін рахаттана татып, Мұқағали өлеңдерін оқыған сайын, самалдай ескен желдің серпін самалын сезіне отырып, өлең атты ертегі дүниенің ішіне емін-еркін бойлап кіре бересің. Онда, не жоқ десеңші… Ананың мейірімі, Отанға деген ұлтжандылық, сезімге толы махаббат, тіпті бабалар рухымен сырласуға толы жүрек тербетер толғаныстардың бәрін табасың. Бір өлеңінде ақын атамыз «Өмір деген бір жалт еткен назағай, Өмір деген өлемін деп қарамау»,- деп болашаққа шабыт бере сөйлесе, енді бір өлеңінде «Бабаларым рақымет сендерге «,- деп кішіпейілділік танытып кетеді. Пейілі Нарынқолдың биік тауларына ұқсайтын, тіршілігінде қиыншылыққа мойымай, талай-талай сезім азабын көрсе де, еш нәрсеге мән бермей, өмір кешкен Мұқағалай атамыздың өмірі жолы кімге болса да, мақтана үлгі ететін ірі тұлға.Жүрегі жыр десе еріп, езіліп, домбыра ішегінен шығатын күмбірлеген қасиетті күймен үндесе беретін қазақи болмыс.

Үшіншіден, өлеңдеріндегі көрегенділік. Бабалардан бастау алатын, мына ғұмырын мағыналы өткізген Мұқағали атамыздың арманы жоқ шығар! Өлең астарында тұнып жатқан, балалық шақтан, бабалық шаққа дейінгі адам сезіп болмайтын, өлең өрнегіндегі танымдық. Өлеңдерінде шындықты жырлай отырып, болашақты бағамдай білетін ақындыққа тән көрегенділікке айтар сөзіміз жоқ. «Туады туады әлі талай ақын,» деп жырлауы да тегін емес сияқты. Ақын жырындағы көрегенділік пен болашақты дұрыс болжай, бағамдай білетін тезистік ойлар осындай болып келеді.

Қорыта айтқандай, Мұқағали атамыздың жырлары теңіз түбінде жатқан маржан сияқты. Біз тек сол маржандардың қадір-қасиетін біліп, болашаққа бүлдірмей жеткізуіміз керек. Қазақ баласы жері тыныш болса, ақын атамыздың өлеңдерін тебірене оқитын біздер, поэзияны жоққа шығармай, шабыттана оқып, сыры мен сиқыры мол, аталарымыз ұстаған қыл қаламды биіктетіп, шабытқа шабыт қосатынымыз сөзсіз. Бұл әрине, ақын атамыздың біздерге астап кеткен аманаты. Аманатқа қианаттың жүрмейтіні әлмисақтан белгілі. Ақын атамыз Мұқағалдың өлең жолдарындағы жұмбағы мол сырларын тану, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, дәуірден-дәуірге, ғасырдан-ғасырға жалғасып, қазақтың қара өлеңін бүкіл әлем алдында мерейін үстем етеніміз анық.

Қайырдинова Зарина

Шығыс Қазақстан Облысы, Өскемен қаласы

№46 орта мектеп оқушысы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ