Ақылды шешім (Қаз-қалпында)

0
3169

Шыр-шыр еткен қоңырау үні естілді. Оқушылардың барлығы сыныпқа кіріп, өз орындарына жайғасқан. Бұл соңғы сабақ математика пәні болатын. Арада бірнеше уақыт өтсе де мұғалім келген жоқ. Кенет сыныпқа сынып жетекшісі кірді. Бірден тіл қатып:

— Тынышталыңдар, шуламай отырыңдар! – деді қатқыл үнмен. – Апайларың сырқаттанып, ауруханаға жатып қалыпты. Сол себепті бүгін сабақ болмайды. Тып-тыныш үйлеріңе қайтыңдар, —  деп сыныптан шығып кетті. Жетекшінің ұзап кетуі сол екен, оқушылардың барлығы «алайқайлап» кітаптарын жинай бастаған. Бір кезде сынып старостасы Айна:

— Неге мәз боласыңдар? Апайдың ауырып қалғаны сендерге қуаныш па? Біреудің қайғысына ортақтасудың орнына сонша шаттанғандарың не? —  деп ренішін білдірді. —  Одан да есептерді түгел шығарып, апайдың көңілін сұрауға ауруханаға барайық. Бұл ұсынысты барлығы бірауыздан құптап, орындарына отырды. Айнаның үйретуімен барлығы есептерді түгел шығарды. Біраз уақыттан соң сыныптастар жұбын жазбай ауруханаға қарай жол тартты.

Ауруханаға келгенде медбике бәрін бірдей ішке кіргізе алмайтынын айтқан. Бұдан сыныптастар кеңесе келе, Айна мен Елжанды кіргізетін болып келісті. Палата ішіне аяқ басқанда төсекте өңі құп-қу болан бір кісі жатты. Қанша жерден ауру меңдегенмен жүзінен нұрлы күлкісі кетпеген мейірімді әйел шәкірттерін көргенде одан сайын нұрлана түскендей. Хал-жағдай сұрасқаннан кейін елеп келгендері үшін екі шәкіртіне алғыс жаудырған.

— Апай, біз мұнда екеуміз ғана емеспіз. Сыртта сыныптың барлық оқушылары халыңызды сұрауға келген. Медбике бәрімізді бірдей кіргізбей қойды. Ал мынау сыныпта шығарған есептеріміз, — деді қолындағы дәптерлерді көрсетіп.

Ұстаз Айна мен Елжанды құшағына алды. Ұлағат иесінің ыстық құшағынан оқушыларына деген шексіз ризашылығы айқын білініп тұрды. Жанарына  еріксіз жиналған жасты тежеуге амалы жоқтай… Бұл шәкірттеріне деген ұстаздық ақжарма пейілден шыққан ризашылық, аналық көз жасы еді…


ПІКІР ҚАЛДЫРУ