Алғыс айту — парызым! (Мерекелік сценарий)

0
8187
Freepik.com

1 — жүргізуші: Қайырлы күн, қымбатты ұстаздар мен оқушылар!
2 — жүргізуші: «Алғыс айту — парызым!» атты ризашылық күніне арналған мерекелік концертімізге қош келдіңіздер!

1 — жүргізуші: Талайлы тағдырлардың басын өз шаңырағының астына біріктіріп, қанатымен су сепкен қарлығаштай, қамқорлығына алған Қазақстанда адамның адамға құрмет көрсететін күні де белгіленді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев барлық ұлттың бір — біріне және қазақтарға алғыс айту күнін бекітті.

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мәңгілік Ел: бір ел — бір тағдыр» тақырыбымен басталған ХХІІ сессиясының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Назарбаев: «Сталин режимінде әр жылдары, өздеріңіз білетіндей, халықтар түгелдей жер аударылды. Оларды вагондардан ауылдарға тастап кете берді, олардың еш дүниесі болған жоқ. Сол уақытта бұл далада өздері мұқтаж бола отырып, оларды саман үйлеріне қабылдаған қазақтар, қазақ отбасылары ғана өмір сүрді.

Саманнан жасалған екі бөлмелі үйде тұрған біздің отбасы үш баласы бар жанұяны қабылдап алды. Көз алдымда әрқашан олардың бөлменің бір бұрышына жиналғанын елестете беремін, олар қорқып тұрды — киімдері жыртылған, аш, тозып кеткен. Олар біздің отбасында өмір сүрді, жұмыс істей бастады, өмір бойы алғыс айтып өтті. Мен оның балаларымен дос болдым», — дей келе, «Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнінде — 1 наурызда, басқа уақытты қойса да болады — барлық ұлттың бір — біріне және осы адамдарды қабылдаған, аяушылық білдірген қазақтарға алғыс айту күні деп белгіленсе әділетті болар еді», — деді Президент Нұрсұлтан Әбішұлы.

2 — жүргізуші: Осылайша, 2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды «Алғыс айту күні»- деп жариялады. Тұңғыш рет Алғыс айту күні деп жариялау туралы № 173 Жарлыққа қол қойды.

1 — жүргізуші: Алғыс айту күні – бұл, ең алдымен, елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзым белгісі. Қазақ халқы қиын – қыстау заманда олардың басына түскен ауырпалықты қайыспай бірге көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздің түрлі ұлт өкілдерінің арасында адамгершілік қарым — қатынастың өнегелі өлшеміне айналды.

2 — жүргізуші:
Жер — Анамыз жасайды тарлық кімге?
Кетпеу үшін мәңгілік қалғып түнде.
Қайталанып, жаңарып айтылады,
Бейбітшілік деген сөз барлық тілде

1 – жүргізуші Айнұр: Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтай көреген саясаткердің ерен еңбегін дәл бүгін және әрқашанда айтып өтеміз. Ендеше «Нұр аға» өлеңін 9 «А» сынып оқушысы мәнерлеп оқиды.

Нұр аға
— Қара жер жаралғалы қазағымның,
Шын сүйіп, шын түсінген азабын кім?
Жүрекке қолды қойып ниет қылдым,
Жетті деп тарихымды жазатын күн.

Уақыттың диірмендей тасы айналады
Ұл туса, бауырыңа бас аймалап.
Тағдырды Алла ғана нәсіп етіп,
Тарихты тұлға ғана жасай алмақ!

Жанардың жәудіретіп нұрын ала,
Бұл күнді күтті қанша Ұлы Дала.
Ұл туды бір Анасы Алты Алаштың,
Күн шықты арай шашып құбылаға.

Күн шықты арай шашып аспаныма,
Дүния кілт айналды басқа ағымға.
Ол Ана ұл тумапты, нұр туыпты
Бүгінгі өзек болар дастаныма.

Ол ұлдың заты – Нұрдан, аты – Сұлтан!
Кеш туған зарықтырып уақытынан.
Жаралған жан әлемі Күлтегіндей,
Халықтың арман, тілек, бақытынан.

Ел үшін Жерді шарлап ұшқан ұлы,
Ұлт үшін аямаған күш — дарынын.
Қазақта Ер тумайды енді Сіздей,
Жарылып кетсе де өті дұшпанымның.

Бабалар армандаған ізгі үмітпен,
Арылды дана халық жүз күдіктен.
— Нұраға, о не дейсіз? Біз дайынбыз!!!
Тарих тұр сахнадан Сізді күткен…

2 — жүргізуші: _____ менің саған бір сұрақ қойғым келіп тұр. Алғысқа, рахметке тағы да кімдер және нелер лайықты деп ойлайсың?

1 — жүргізуші: Тізімді бірге құрайық!
2 — жүргізуші: Бастысы – алғыс айта білу…

1. Анаға – өмір сыйлағаны үшін,
2. Әкеге – қорған болғаны үшін,
3. Далаға – гүлдері мен көк шалғыны үшін,
4. Сөзге – жанды жылытатыны үшін,
5. Күнге – шуағы мен назары үшін,
6. Жұлдызға – қараңғы түндегі жарығы үшін,
7. Досқа – құшағы мен иығы үшін,
8. Әжеге – ыстық алақаны үшін,
9. Суға – тіршілік көзі болғаны үшін,
10. Жерге – махаббаты мен бар болғаны үшін,
11. Отқа – жылулығы үшін..

Бірге: Рахмет айтамыз!

1 — жүргізуші: Арайлым біздің ойымызды өлеңмен толықтырған Кенже Оразай ағамыздың өлеңін көпшілікке жеткізсем деген ниетпен келіп отырған 6 «Ә» сынып оқушысы Камалова Тоғжанды ортаға шақырсақ.

Аллаға әуелі рахмет!
Аллаға әуелі рахмет!

Тірлікті мынау жаратқан.
Анаға шексіз рахмет!
Ақ сүт берген, толғатқан.
Әкеге айтам мың алғыс!
Ұрпақтар жібін тарқатқан.
Бауырға туған рахмет!
Қолдаған, сүйген, жұбатқан.
Ұстазға ұлы рахмет!
Нәрімен білім сусатқан.
Балалық досқа рахмет!
Қуанған бірге мұңдасқан.
Халқыма туған рахмет!
Шыңдаған, елге танытқан.
Қазаққа дархан рахмет!
Салт — санасын сіңірген.
Жеріме байтақ рахмет!
Таза ауа үшін сімірген.
Барша әлем, саған рахмет!
Әр күнім үшін кешірген.

2 — жүргізуші:
Ұстаздар! Қандай ғажап халықсыздар!
Шәкіртке шыңдай биік алыпсыздар.
Жан біткен жанарына нұр сыйлаған,
Күндей боп күлімдеген жарықсыздар.

1 — жүргізуші:
Ұстаз болу аса маңызды және өте қиын мамандық, өйткені ұстаз білім ғана беріп қоймайды. Ұстаз баланы болашақ үлкен өмірге дайындап қажетті кеңестермен сусындатады.

2 — жүргізуші: Иә, мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап білімнің кәусар бұлағынан сусындататын асыл жандар — аяулы ұстаздар туралы қанша мақтау сөздер айтсақ та тауыса алмаспыз.

1 — жүргізуші: Құрметті ұстаздар, мектеп оқушыларының атынан көрсеткен қамқорлықтарыңыз бен аялы алақан, жылы лебіздеріңіз үшін басымызды иіп, рақметімізді айтамыз. Мерейлі мерекеде дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, істеріңізге сәттілік тілейміз.

2 — жүргізуші:
Данышпан да, данада оқып сенен,
Атақ даңқын асырған бар әлемнен.
Ұстаз деген аяулы, асыл жанды
Жақсы көрем арнаймын жақсы өлең – деп, ақындарымыз жырлағандай мектебіміздің жас ақындарына кезек берсек. Ұстаздарына деген арнауларын оқыса.

Жас ақындарымыз ортаға шығып өлеңдерін оқиды:

1 — жүргізуші:
Өнерпаздар жарысып сан — салалы,
Жиын десе, той десе ән салады.
Ұлағатты ұстаздардың құрметіне,
Әуелеген әсем ән жолданады — дей келе 9 «Ә» сынып оқушысың орындауында Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Фариза» әнін қабыл алыңыздар.

Ән: «Фариза»
2 — жүргізуші Айнұр: Алғыс — адамның адамға жасаған жақсылығы, көмегі, көңілі үшін ризашылық білдіруі, сондай — ақ оның ойы мен іс – әрекетіне, жасаған істеріне жоғары баға беру.

Ризашылық – адамның басқа адамнан көрген жақсылығы, көмегі, көңілі үшін қанағаттанушылық және алғыс білдірушілік сезім. Отбасының басты қызығы, алтын тіреу діңгегі – бала. Баланың берекелі боп өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Халық мақалында «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деп табиғаттың тамаша құбылысына теңеген екен. Әке – ұрпақ иесі, панасы, үй басшысы. Жеті атадан санағанда екінші ұрпақ. Әке – бала үшін шыңы биік асқар тау.

Әке туралы өлеңдерді мәнерлеп оқуға шақырамыз.

6 «Ә» сынып оқушылары

Жан әке, Сіз жүргенде көзіңді сап,
Өсеміз бәйтеректей өзің құсап.
Ортада Сіздер барда дара шыңдай,
Бізге ашық кең пейілді сезім құшақ.
Жан әке, үйреткен Сіз ерлікті де,
Ұғындық Сізге қарап елдікті де.
Жүреміз жалғастырып дәстүріңді,
Дарытып дархандықты, кеңдікті де.
Жан әке, бүгін той ғой ән салатын,
Шаттыққа толы болсын әр сағатың.
Атыңды асқақ біз ұстаймыз,
Болашақ мерейтойлар салтанатын.

1 — жүргізуші:
Құрманғазы, Тәттімбет
Домбырамен сайраған.
Жүректе от жансын деп,
Елге күйін арнаған — дегендей 9«В» сынып оқушысың орындауында «Әлқисса» күйін тамашалаңыздар.

2 — жүргізуші:
Мың алғыс, миллион алғыс аналарға!
Аты да, өзі де ұлы тұрар алда.
Отанмен, туған жермен теңесесің,
Нәр алған аналардан даналар да.
Тірлікке бастаусыңдар тұнық бұлақ,
Таң шапақ сәулесіңдер жарық шырақ.
Жүз көрер айнасыңдар шаң қонбаған,
Жайдары жаз күніндей жанға шуақ.

1 — жүргізуші:
Ана — әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы, ақ сүтін емізіп аялаған, жанын да аямаған ардақтысы. Мен ана деген сөзді қанша айтсам да жалықпаймын. Өйткені ол дүниедегі ең ардақты жан. Ана баланы тоғыз ай көтеріп, толғатып, дүниеге келтіріп қана қоймайды, оны көзінің қарашығындай қорғап, аялап өсіріп аяғынан тік тұрғызады. Өмір есігін жаңа ашқан баланың бойына елінің рухын сіңіретін, жылауын қойғызатын ана. Ана баланың амандығын, бақытты, абыройлы болуын тілейді. Бойымыздағы ең жақсы қасиеттер бізге алдымен анадан тарайды.

2 — жүргізуші:
Қайран ана, өз перзентін әдемі не ұсқынсыз, ақылды не ақымақ, мейірімді не рақымсыз, кесір — қырсық болса да бәрібір шексіз сүйеді. Дүниеде ананың көз жасынан салмақты, одан ауыр таразы басын басатын ештеңе жоқ. Өйткені ананың көз жасы өзінің киесімен ауыр. Алайда «Ананың көңілі — балада, баланың көңілі — далада» демекші, өзінің перзенттік борышын ұмытқан, сөйтіп ата — анасын сыйламайтын адамдарды да өмірден кездестіруге болады. Ана — тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. Анасы жоқ балалар да аз емес. Олар ананың мейірімін, аялағанын ешқашан сезген емес. Ендеше, анамызды сыйлап, құрметтейікші!

1 — жүргізуші:
Бүгінгі ризашылық күнін және алдағы келе жатқан 8 — наурыз халықаралық аналар мерекесін пайдаланып аналарымызға да басымызды иіп, рахметімізді айтамыз!

2 — жүргізуші:
Құлақтан кіріп бойды алар
Әсем ән мен тәтті күй
Көңілге түрлі ой салар
Әнді сүйсең, менше сүй — деп, келесі кезекті ана туралы әнге берсек. 4 «А» сынып оқушысы өнерін тамашалаңыздар.
Ән: «Ана»

1 — жүргізуші:
Бүгінгі күн — нұрлы күн,
Жарық шашқан әлемге.
Ескеретін күн бүгін —
Ризашылық қой әр елде — дей келе, енді 5 — сынып оқушыларының алғыс өлеңдеріне кезек берелік.

1. Анама алғыс! 5 «Ә» сынып оқушысы
Жанарымды жайнатқан жөргектегі елде.
Еңсесі түзу жан болар ма едім?
Құба талды бесігін тербетпегенде.
Түн ұйқысын тәркі етіп тынымсыздыққа
Қуанышы тасыған еңбектегенде.

2. Әкеме алғыс! 5 «Ә» сынып оқушысы
Ұл болсын деп тілеген Ер Түрігімдей.
Өмірімде бөрідей болуға баулып
Қойынына басатын бөлтірігіндей.
Бақытым болар жырымды жария етсем
Әуелеген әкемнің еркін үніндей.

3. Ағаға алғыс! 5 «Ә» сынып оқушысы
Ұзай кетсем ойлайтын қамымды менің.
Бір бәлеге тап болса құрдастарым
Қапсырмалап, қысатын жанымды демім.
Бауырларым болмаса тірегім болған
Осыншама айбатты, арынды ма едім?!

4. Әпкеге алғыс! 5 «А» сынып оқушысы
Нұсқауымен көрсеткен кәделіні ұқтым.
Анамыздан айнымай туылғаннан ақ
Иесіне айналған әдемі үміттің.
Өшірмейтін жарығын мына әлемдегі
Белгісі болып жаралған әдеміліктің.

5. Ініге алғыс! 5 «А» сынып оқушысы
Жалғасы болып өмірдің тұратын күліп.
Деп жүреді:”Ардақтап көтеремін мен
Атамыздың аманат, мұратын биік”
Қиындыққа кезіксе соққы болатын
Менің жаным ол үшін тынатын күйіп.

6. Ұстазға алғыс! 5 «А» сынып оқушысы
Бағым жанып, батылмен бел асқаныма.
Төзіндіріп өмірдің талаптарына
Ниеттеген арманның ең асқағына.
Арқасында ұстаздың даналар баққан
Ой — өрісім бұл күнде тең аспаныма.

7. Досыма алғыс! 6«Б» сынып оқушысы
Бірге қарсы шығатын қиындықтарға.
Ең бақытты ер болып жүретін едім
Қысылғанда достарым күйімді ұққанда.
Көтеретін еңсемді егіліп, талсам
Жақсылықты жамандық зұлым жыққанда.

8. Еліме алғыс! 6«Б» сынып оқушысы
Балаң едім батаңмен жанатын бағы.
Нәтижесі тілектің өзіңнен туған
Мына ұлыңның ақын болып жаратылғаны.
Қол жеткізіп еліме тарту етемін
Биіктікті қыранның қанатындағы.

9. Өмірге алғыс! 6 «Б» сынып оқушысы
Өнегеңді түсіндім бар күшімменен.
Айналайын, тағдырым, қасиетіңнен
Келіп тұрар бетіме қарлы шыңменен.
Шабыттанған жаныма жауап қатқайсың
Ей, өмірім, алғысқа — алғысыңменен!!

2 — жүргізуші: Қазақ қызы күлімдер күн көзіндей,
Дөңгеленіп билейді ай жүзіндей.
Жұлдыздардай өрнекті аспандағы,
Биші қыздар бұрала билейді би.
«Қамажай» биі

1 — жүргізуші: Алғыс айту күні – күрделі заманды иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстан құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарының бір — біріне құрмет білдіретін күн. Осы күн тағдыр тоғыстырған Қазақстанның көп этносты халқының ортақ тарихын құрметтеу, қайырымдылық дәстүрін, әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдау күні болады.

2 — жүргізуші: Қазақстан халқы мәңгілікке біріктіруге бағытталған «Мәңгілік Ел» жалпы ұлттық патриоттық идеясының, қазақстандық бірегейлік негізгі арқауы – еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын Қазақстан халқы Ассамблеясының күні.

1 — жүргізуші:
Бірлігі мен ынтымағы халықтың,
Көгімізде жарқырайды жарық күн,
Ырыс, дәулет, бақыт үшін халықтың,
Жайнай берсін, жайнай берсін жарық күн!

Көрініс: «Қырғыз бен грузин айтысы»
Грузин: Дамир
Қырғыз: Амир
Қазақ қызы: Қарақат
Дамир: Қырғызға таңырқай қараған грузин қырғыздан.
— Сенің ұлтың кім?
Амир:- Қырғыз.
Дамир:- Сен қырғыз болсаң өз еліңе неге бармайсың?
Амир:- Менің өз елім – Қазақстан.
Дамир:- Жоқ сен Қырғызстанда тұруың керек!
Амир:- О не дегенің! Мен Қазақстанда тұрамын. Мен Қазақстанды өз Отаным деп білемін.
Дамир:- Сен өз еліңе қалайда кетуің керек.
Амир:- Ал сен грузинсің ғой! Сен мұнда не істеп жүрсің?
— Сен де өз еліңе бар! (осылай дауласып жатқанда, қазақ қызы келеді)
Қарақат: — Балалар, осыншама неге дауласып, жатырсыңдар? Менің білгім келеді.
(Екеуі қосарлана) Біз әрқайсымызды өз еліне баруың керек деп жатырмыз. Қайсымыздың кетерімізді білмейміз.
Қарақат: О не дегендерің! Біздің Отанымыз Қазақстан көп ұлт мекендейтін мемлекет емес пе? Мұнда қырғыз да, грузин де, орыс та тағы басқа да ұлттар тұра береді. Тұрғанда тату – тәтті тұрып жатыр, ал сендер дауласасыңдар келіп. Олай болса, бізге неге дос болмасқа! Қане салыңдар қолдарыңды!
(Бірге қосылып) Біз доспыз, әрқашан біргеміз. «Ынтымақ бар жерде бірлік, достық, татулық бар» Ендеше ынтымағымыз әрқашанда жараса берсін.

Қарақат:
Кім білмес қазағымның қою шайын,
Жал — жая, қазы — қарта, құрт пен майын.
Ақ тілекпен әрбір келген қонағына,
Құрметпен шығаратын төрі дайын.
Келіңіз ұсынамын төрден орын,
«Досым» деген адамға міне қолым.
Әр қазақтың жүрегінде осы тілек,
Адамзат, оң сапарда болсын жолың.

Хормен:
Ақпыз, қара, сарымыз,
Ағайынбыз бәріміз.
Ортақ болсын асар тау,
Жеміс толы бақша — бау.
Болсын жер мен су ортақ,
Болсын бізге ну ортақ.
Ақпыз, қара, сарымыз,
Ағайынбыз бәріміз

2 — жүргізуші Айнұр: Біздің Қазақстан жерінде 130 дан астам ұлт өкілдері тұрады. Бүгін осында татар, орыс, тәжік, өзбек, әзербайжан, кәріс ұлт өкілдерінен біздің мектебімізде оқитын оқушылары бүгінгі іс — шарамызға өз ризашылықтарын білдіру келіпті. Осы ұлт өкілдеріне қошеметтеп қол шапалақтап қояйық.

1 — жүргізуші:

1. Тыңда, тыңда, тыңда мені,
Ұлы жұртым орыс халқым.
Сен тербетіп өсіргенсің,
Сенің даңқын, менің даңқым – деп, орыс халқының өкілдерін шақырамыз.

2 — жүргізуші:
2. Кім сүймейді ет жақынын, туысын,
Әзірбайжан туысымның бірісің.
Тұрды биік туымыздай бұл достық,
Ел басына төнгенде де ұлы сын — әзірбайжан халқын ортаға шақырамыз.

1 — жүргізуші:
3. Жолым түсіп, тағдыр талап,
Кәріспен болдым дос қонақ,
Қазағымдай кең пейілің,
Дастарханды жайдың мол — ақ – дегендей кәріс ұлтын шақырамыз

2 — жүргізуші:

4. Серт берісіп туыс болып қалуға
Нәубеттерден аман жеттік дамуға,
Байтақ елдің биік ұстап байрағын
Біздің достық мәңгі болып қалуда – мордвин ұлтын шақырамыз

1 — жүргізуші:
5. Айналам бақыт, кең жатыр.
Бірімен — бірі туысқан,
Қол ұстасқан ел жатыр Тәжік деген

Терезесі тең жатыр.
Бақыттың әні асқақтап,
Құлаққа даусы кеп жатыр – тәжік ұлтын шақырамыз.

2 — жүргізуші:
6. Бұралып гөзал билегенде
Өзбектің асқақ әні тербегенде
Қол соқпай дәті шыдап тұра алар,
Құрбылар айтыңдаршы қандай пенде. — өз биімен өзбек жерлесімізді ортаға шақырайық

1 — жүргізуші:
7. Ұлыстармыз тамыр болған ежелден,
Кімдер қашсын қазақтайын ер елден
Достығымыз ғасырларға жарасқан
Туған елім, шарықтай бер кемелден! – татар ұлтын шақырамыз

2 — жүргізуші:
Ортақ мекен жер шары,
Төбемізде тұр аспан.
Барлық ұлттың баласы,
Достығымыз жарасқан.

1 — жүргізуші:
Ортақ бізге бір Отан.
Ортақ жердің байлығы.
Еңбек ортақ, жыр ортақ,
Ортақ бізге барлығы — дегендей өздеріңіздің бүгінгі алғыс айту күнінде елімізге айтар алғыс — тілектеріңіз болса айтып өтсеңіздер.

1. Орыс ұлтынан 11 «Б» сынып оқушысы:

Алматы облысына қарасты Орыс мәдени орталығы 1992 жылы құрылған еді. Содан бергі кезеңде біздің орталық өлке жұршылығының баянды тірлік құруы үшін аз еңбек сіңірген жоқ. Әрине негізгі мақсатымыз — славян мәдениетін дамытуға, орыс тілін оқытуға ұлттық салт — дәстүрімізді насихаттауға бағытталған. Біз елімізде ешқандай қақтығыс, төңкерістің болмағанын қалаймыз. Қазақстан қашанда осындай тұрақты қалыпта болып, төбемізден күн күліп тұрса екен дейміз. Басқа біге түк керек емес. Барлық мерекелерде басқа халықтармен бірге өзіміздің өнерімізді көрсетіп, ән салып, би билеп, той тойлаймыз. Біз үшін басты мәселе өзара түсіністігімізді дамыту. Қазақстан еліне алғысым шексіз, Қазақ елі жасасын!

2 — оқушы орыс ұлтынан 10 «Б» сынып оқушысы:

Республикам Менің!
Республикам Менің!
Абатым!
Көркіңді көрсе — мейірі көздің қанатын!
Қуат бар сен де лапылдап от боп жанатын,
Шуақ бар сен де достасып бірге табатын!

Республикам менің!
Республикам менің!
Келбеттім!
Кең бесігіңді кемел еліңді тербеттің!
Кіндігі сенің қазағым үшін жер, көктің!
Алғысын айтам ақ жүрегімнен мен көптің

3 — оқушы. Орыс ұлтынан :

Асқарлы қарлы шың,
Аялаған ән құсым.
Туған жер армысың,
Саған мың алғысым!

2 — жүргізуші: Ендігі сөз кезегін әзірбайжан ұлтына берейік.

4 — оқушы. 10«Б» сынып оқушысы:

Жетісу, Сарыарқа жерінде ата — бабаларымыз қалай келіп тұрақтап қалғаны тарихтан мәлім. Қазақтардың кеңдігі мен бауырмалдылығының арқасында біздің әзірбайжан халқы да өсіп — өніп жақсы тіршілік кешуде. Мына біздің аталарымыз, көптеген қиын жағдайларда бастарынан өткерді. Олардың біраз ұрпақтары қонақжай қазақ халқының жерінде тұрақтап қалды. Қазақстанды өз Отаны санайды. Еліміз табиғи ресурстарға өте бай. Ал, байлықтың ең үлкені – халықтар достығы. Біз осы достықты нығайта білуіміз керек, бір — бірімізді құрметтеп, еліміздің ертеңі үшін қызмет етуіміз керек. Жасасын, жүрегі бауырмал қазақ елі!

1 — жүргізуші: Ендігі сөзді кәріс ағайынымызға берейік.
5 — оқушы 6«Б» сынып оқушысы:

Мүмкіндікті пайдалана отырып, баршаңызға айтарым, қашанда жүзіміз жарқын, көңіліміз шат болып тұру үшін ұлтаралық ынтымақтастықты нығайту, жалған айтпай, берген уәдені орындау басты парызымыз екенін ұмытпайық. Құдайға шүкір, Конституциялық құқығымыз да ел қатарлы қорғалуда. Біз қазақстандықтар бейбіт өмірде, жақсы тұрмыста адамша өмір сүргенді қалаймыз. Ешкім де, ешқашан да ұрыс — керіс, жанжал, айқай шумен жақсы тұрмыс жасай алмайды. Жасасын достықты жақтаған Қазақ елі!

2 — жүргізуші: Келесі сөз кезегін мордвин халқына берейік.

6 — оқушы: 3«Б» сынып оқушысы:

Халқым айтқан жер көтерер ел даңқын,
Елім айтқан ел көтерер жер даңқын.
Президентім, елбасы, аман болғай,
Мәңгі жаса, жас қазағым, өр халқым! –

1 — жүргізуші: Келесі сөз кезегін тәжік ұлтына берейік.

8 — оқушы 4 «Б» сынып оқушысы:
Қуаныштан желпілдейді түндігім,
Шын ниетпен алғыс айтар күн бүгін.
Халқым мәңгі ғұмыр кешсін бақытты,
Бір тамырмен байлап қойған кіндігін.

2 — жүргізуші: Келесі сөз кезегін көршілес мемлекетіміз өзбек халқына берейік.

9 — оқушы 1 «Б» сынып оқушысы:
Своих детей храни, земля,
Пусть ночи будут мирными
У нас на всех одна, одна земля.
Своих детей люби, Земля
Мы вместе будем сильными,
Ведь Родина унас на всех одна.

1 — жүргізуші: Келесі сөзді татар елінің өкілдеріне берейік.
10 — оқушы 3 «Б» сынып оқушысы:
Біз қазақ халқының шексіз дарқандығын айтқымыз келеді. Бүгінде бүкіл әлем Қазақстаннан үлгі алуына болады. Өйткені достығы, бірлігі мықты ел қашанда дараланып тұрады. Қазақстан Республикасында тұратын мақтан тұтатын ұлттың бірі — біздер татарлар. Дініміз бөлек болса да, түркі тіліміз бір болғандықтан қазақ тілін үйренуге дайынбыз. Қазақ жеріндегі жақсы тұрмысымыз туралы сырттағы бауырларымыздың аузынан естіп төбем көкке бір елі жетпейді. Жасасын Қазақстан! Баршаңызға мың алғыс!

11 — оқушы 1 «Б» сынып оқушысы:
Ризашылық өлеңі
Ризамын бүгінге,
Ризамын бүгінге,
Ризамын қазірге!
Ризамын, ризамын, ризамын бүгінге,
Ризамын, ризамын, ризамын бәріңе.

Оқушы өз әнін шырқайды.

Тілектеріңізге көп — көп рахмет!

1 — жүргізуші: Осындағы түрлі ұлттан шыққан бауырларымызға қазақ балаларының да айтары бар екен. Ендеше, тыңдап көрелік.

1 — оқушы:
Ақ қара деп алдымен,
Елім бөлмес адамды.
Дәстүр, өнер, салтымен
Таңқалдырған ғаламды.
Жырласа қазақ, түркімен,
Молдаван, тәжік үн қосқан.
Дос жүректер біріккен,
Мейірлер жарасқан.

2 — оқушы: 6 «Б» сынып оқушысы
Қадірменді бір досымыз – өзбегім,
Қалтқысы жоқ демің бейне өз демім
Өз сөзімдей жанға жайлы сөздерің,
Өз көзімдей күлімдейді көздерің
Дәм — тұзымыз араласпыз әріден,
Дастарқандар жайылады сәнімен.
Палауыңмен басбармағым сыбайлас,
Кезек жейміз алма, өрік дәміңнен.

3 — оқушы: 6 «Б» сынып оқушысы
Қазақ – қырғыз туыссыңдар, доссыңдар,
Бір тамырдан сендер өскен қос шынар.
Дос туыстар көп болса да дүниеде,
Нақ сендердей нағыз туыс жоқ шығар.

2 — жүргізуші: Бейбітшілік жасасын!
1 — жүргізуші: Ынтымақтастық жасасын!
2 — жүргізуші: Қазақстан жасасын!
1 — жүргізуші: Қазақстан халықтарының бірлігі жасасын!

2 — жүргізуші: Иә, Егемен ел бесігі жыл өткен сайын еңсесін биіктетіп келеді. Осы тәуелсіз мемлекетімізді уақыт талабына сай салиқалы ақылмен, терең парасат — пайыммен басқарған Н. Назарбаев сынды ерен елбасын қалай мақтап, мадақтасақ та жарасады.
Көп ұлтты халықтың арасында «ши» шығармай бірлік пен ынтымақтың ұйтқысы болып, дер кезінде республикадағы ұлттардың Ассамблеясының жұмысын жандандырып, олардың тілін, әдет — ғұрпын насихаттауға мүмкіндік жасалуын қадағалап келеді. Осылайша ел басқарудың ауыр міндетін қайыспай көтеруде.

1 — жүргізуші:
Көңіліміз әсем әнге бір толсын,
Халқымызға қыдыр дарып, бақ қонсын.
Көңіл қойып тыңдаңыз көрермендер,
Есте қалар кештердің бірі болсын — 9 «Ә» сынып оқушысы Құдайберген Жанардың орындауында «Туған жер» атты әнді қабыл алыңыздар.

Ән: «Туған жер»

2 — жүргізуші:

Отан! – деген сөзім қандай әдемі!
Көзге елестер бүкіл қазақ әлемі.
Таңдандырды жан — жағымды — бай өлке,
Қарапайым, кең дастархан, әдебі.

1 — жүргізуші:
Атам қазақ аңсағаны еркіндік,
Сақтау үшін азаттықты бекіндік,
«Қастығы жоқ қазақ» деген аңыз бар,
«Татулықтың символымыз» сертім нық — дей келе еліміз туралы айтылған тамаша өлең жолдарына кезек берейікші.

1 — оқушы: 9 «Ә» сынып оқушысы:
Нәсілдерге нәсіл болсын нұрлы күн,
Ынтымақтың шертсем деймін бір жырын.
Татулығын жырға қосам ұлттардың,
Мақтан қылып ұлыстардың бірлігін.
Достық тапса діндер менен ділімді,
Салт — дәстүрлер сыйға ұласты бүгінгі.
Бір туғандай ұлтаралық келісім
Бір көтерген басқа түскен жүгімді.
Серт берісіп туыс болып қалуға,
Нәубеттерден аман жеттік дамуға.
Байтақ елдің биік ұстап байрағын,
Біздің достық мәңгі болып қалуда.

2 — оқушы: 9«Ә» сынып оқушысы:

Тілі бөлек болғанымен тілек бір,
Ұлы достық мәпелеген жүрек гүл.
Қазақстан бар ұлысқа шаңырақ,
Шайқалмастан шаттығымыз тіреп тұр.
Қазақ жері достықтың гүлстаны,
Дархан өлкем мерейлі ырыс бағы.
Күрестерде, еңбекте, мерекеде,
Мұнда сан ұлт қолдасып ту ұстады.

2 — жүргізуші:
Ұсынарын ұрпаққа біледі ізгі ел,
Сол ізгі елдің ұрпағы мына біздер.
Кеш өткізген іні — қарындастарға,
Шын жүректен ақ бата беріңіздер.
Біздер биылғы бітіруші түлек ағаларымыздың ақ тілектерін тыңдасақ дейміз.

11 «Ә» сынып оқушысы:

Күндерің шуағы мол нұрлы болсын,
Түндерің жарық, тыныш, сырлы болсын!
Жерімнің қойнауы – ырыс, құтты болсын,
Елімнің ынтымағы мықты болсын!
Отаның отбасыңа қорған болсын,
Отауың берекеге толған болсын!
Қыздарың инабатты епті болсын,
Ұлдарың ер жүректі, текті болсын!
Қорада төрт түлігің сайлы болсын,
Еңбегің еселі де жайлы болсын!
Иманың жүрегіңе берік болсын,
Адалдық, абыройың серік болсын!
Баянды болашағың алда болсын,
Қолдаушың – Жаратушы Алла болсын! Әумин

1 — жүргізуші:
Құрметті оқушылар, жылы сөз, қайрымды іс, жақсы ой, кіршіксіз сезімдеріңізді ешкімнен ешқашан аямаңыздар, «Рахмет» деген қасиетті сөзді жиі айтыңыздар. Адам алғыс пен ризашылықты естіген сайын, жақсылық жасағысы келіп тұратынын естеріңде сақтаңыздар. Өмірдің әрбір сәтін бағалай білуге үйреніңіздер және Табиғат – Анаға мейірімді күні үшін, көңілді жаңбыры мен ақ қары үшін, жұмсақ ұлпа бұлты үшін, жақын адамдарға қайырымдылығы мен риясыз махаббаты үшін алғыс айтуды ұмытпаңыздар.

2 — жүргізуші:
Осымен «Алғысым шексіз!» атты Ризашылық күніне арналған мерекелік концертімізді аяқтаймыз, келіп тамашалағандарыңыз үшін көп — көп рахмет!

1 — жүргізуші:
Демеңіз біз өнерді аяп қалды,
Мезгіл де біраз жерге таяп қалды.
Қош болып тұрыңыздар көріскенше,
Осымен концертіміз аяқталды.

2 — жүргізуші:
Еңбегіңіз еленіп жанып жатыр,
Қалаулы деп халқыңыз танып жатыр.
Тарқамасын қызықтың шағы қызған,
Арта берсін бақ артып бағыңыздан.
Құрметпенен ұсындық сізге сөзді,
Ақтарылып көріңіз ағыңыздан,- деп сөз кезегін директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына береміз!

Ұқсас материалдар:

  1. 1 наурыз –Алғыс айту күні. Тәрбие сағат
  2. «Алғыс айту – парызым!» атты тәрбие сағаты
  3. Ашық сабақ: Наурыз — Ұлыстың ұлы күні
  4. «Наурыз – думан!» (Мерекелік ертеңгіліктің сценарийі)
  5. «Күлімде, Наурыз күлімде» атты балабақшаға арналған мерекелік сценарий
  6. Ризашылық пен алғыс. Алғыс  айту күніне арналған мерекелік кеш

ПІКІР ҚАЛДЫРУ