Қалам мен қаруды қатар ұстаған — Қасым Аманжоловқа 110 жыл!

0
4216

Бұл өмірде артында жақсы ісі, өрелі өнегесі, сүбелі сөзі қалса, онда олар туралы «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген қанатты қағида еш уақытта өзінің мәнмазмұнын жоғалтқан емес. Міне, осындай қасиетке ие, ұлтымыздың бір туар ұлағатты ұлы, қазақ поэзиясының өкілі, халқымыздың дарынды ақыны, аузын ашса ақ жалын ақтарылып, әр сөзінің жалыны бет шарпып тұратын, қазақ халқының маңдайына біткен дара тұлғасы Қасым Аманжоловтың өмірден өткеніне биылғы жылы 110 жыл болыпты.

Қасым Аманжолов 1911 жылы қараша айының 10 жұлдызында қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Қызыл ауылында дүние есігін ашқан. Ата-анасынан жастай жетім қалып, ағасының қолында өседі. Алғашында жаңадан ашылған ауыл мектебінде оқып, сауатын ашады. Одан соң, 1924 жылы, ағасы Қасымды Семей қаласындағы интернатқа орналастырады. Қасым мұнда 1927 жылға дейін тәрбиеленіп, одан әрі қарай үш жыл Семей мал дәрігерлік техникумында оқиды. 1930 жылдан бастап журналистика саласында – «Лениншіл жас» Республикалық жастар газетінің редакциясында жұмыс істейді. 1931 жылы Ленинградтағы орман шаруашылығы институтына түседі. Бірақ, денсаулығына байланысты және түскен оқуы өзіне ұнамағандықтан, бірер жылдан кейін елге оралады. Елге келгеннен кейін, Орал қаласында «Екпінді құрылыс» деген газетке қызметке орналасады. Жас ақынның көптеген өлеңдері осы газетте жарық көреді. Елінде жүріп, 1933 жылы Отан алдындағы борышын өтеп, әскерге барып қайтады.

Қасымның арынды ақын ретінде қалыптасуына Орал қаласының тигізген әсері зор. Осы өңірде жүріп ол ең алғашқы алаулаған махаббат туралы, жалынды жастық жайындағы жырларын дүниеге әкелді. 1935 жылы Оралдың театр группасын ұйымдастырады. Әншілік, әртістік өнерге бейім, бірсыпыра музыкалық аспаптарда еркін ойнайтын, ақ көңіл, жайдарлы жүзді «Ерке Қасымның» театрда қызмет еткен кезі өміріндегі ең бір қызықты, қымбат шағы болып қалады. Оның бойындағы туа бітті зор таланты да осында белгі беріп, ақындық жолына біржолата бет бұрады. 1938 жылы тұңғыш өлеңдер жинағы «Өмір сыры» деген атпен жарық көреді. Ол жас кезінен осылайша ел көзіне түсіп, аға буын өкілдерінің, қатарлас қаламгерлердің ыстық ықыласына бөленеді. Қасым туралы ақын, жазушы, әдебиет сыншысы Тәкен Әлімқұлов: «Қасым поэзиясынан халық жанының батырлығын, жомарттығын, бауырмалдығын, мархабаттылығын, алғырлығын мол табамыз. Бұл поэзияның тәрбиелік күші де көбінесе осы жағында. Қасымның мейлінше жағымды, лепті, күйлі, сыршыл поэзиясы – әр ұрпақтың да көңіл серігі бола алатын, ұзақ жасайтын поэзия. Қасым халықтың жанына үңіліп, оның шаттығына бірге шаттанады, мұңына бірге мұңаяды… Қасым поэзиясы домбыраның сағағынан күмбірлеп сорғалаған қоңыр күйге ұқсайды. Бұл күйден көңілінің санасы барлар әрқашанда мол ләззат, нәр алып, кең тыныс табады. Қаншама тыңдасаң да жалықтырмайтын өміршіл күй бұл! Сезіміңді тереңдетіп, мейіріміңді молайтып, қиялыңа қанат қақтыратын, жаныңды шабыттандыратын Қасым поэзиясы жаңарған өмірге әржақты жараса бермек.» — деп, Қасым ақынның ерекше жан екенін сөз етті.

Қ. Аманжоловтың шығармашылық өмірбаянында Ұлы Отан соғысы жылдары өте ерекше орын алды. Ол 1941 жылы армия қатарына шақырылады. Соғыс кезінде Қиыр Шығыста біраз уақыт қызмет етіп, кейін майданға ауыстырылады. Содан соғыс аяқталғанға дейін «қанды-қырғын мен қып-қызыл өрттің ішінде» болады. Ақынның ең керемет өлеңдері майданда болған кезінде жазылған. Намыскер, өжет, қайсар Қасым жауынгерлік міндетін жан аямай атқарады. Қиыр Шығыс пен батыстағы майдан аралығындағы ұзақ сапар, Қазақстанды қақ жарып өтетін жол әсершіл, ұшқыр қиялды ақын жанын қатты тебірентеді. Соның нәтижесінде «Сарыарқа», «Орал», «Байкал», «Өтіп бара жатырмын» тәрізді тек Қасымның ғана емес, сол кездегі бүкіл қазақ поэзиясының жетістігі болып саналатын өлеңдері дүниеге келді. Ақын рухының қуатты серпілісі майдан жырларына ұласып, мазмұн, тақырып, ой мен сезім тереңдігі жағынан жаңа сапа тауып, биік белестерден көрінді. «Елге хат»,  «Ұлы күтіс»,  «Подполковник Әлпинге», «Ғалиға жауап», «Сен фашиссің, мен қазақпын», «Дариға, сол қыз» сияқты хрестоматиялық өлеңдері мен әйгілі «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы – соның айғағы.

Аманжол – Рақымжанның Қасымымын,

Мен қалған бір атаның ғасырымын.

Біреуге жұртта қалған жасығымын,

Біреуге аспандағы асылымын.

Қорытындылай келе, Қасым Аманжолов 1955 жылы шығармашылық өмірінде қайтыс болды. Ол қайтыс болғаннан кейін оның шығармалары үш томда жарық көрді, 1958 жылы Мәскеуде ақынның таңдаулы өлеңдері мен шығармалар жинағы жарық көрді. Қасым өзінің аққан жұлдыздай жарқ етіп өткен қысқа ғұмырында халқына, туған жері мен еліне баға жетпес мұраларын қалдырып кетті. Мақаламызды ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Серік Қирабаевтың: «Поэзиядағы ой-пікірдің байлығы мен сезімнің шыншылдығы, өлең сөздің тапқырлығы қатар келетін Қ. Аманжоловтың өлеңдері талай ұрпақпен сырласып, оның жанын тебіренте алары сөзсіз» деген ойларымен бітіруді жөн көрдік.

Болат САЙЛАН, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, т.ғ.д.

Әлия Төлегенова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің 1-курс студенті


ПІКІР ҚАЛДЫРУ