Әлем және қазақ әдебиетіндегі сентиментализм

0
4401

Өткен ғасырлар үлесіндегі әлем әдебиетінде көптеген әдеби ағымдардың болғаны баршаға аян. Сол ағымдардың ішіндегі 18-ғасыр дың екінші жартысы мен 19-ғасырдың басында дамыған ағым – сентиментализм. Сентиментализм (французша сезім, сезімталдық деген сөздерден алынған ). Бұл көркем әдебиеттегі ағым Ағылшын және басқа Еуропа халықтарының әдебиетінде кеңінен өріс алған. Ағылшын әдебиетінде сентиментализмді орнықтырған жазушы Л.Стерн. Оның «Франция мен Италияға сентименталдық сапар» атты романы Еуропа елдерінде кең қанат жайды, орыс тілінде аудармасы да жарық көрді. Сентиментализм жеке адамдардың жан дүниесін, көңіл — күйін суреттеуге ерекше мән береді. Бұл бағыттағы қаламгерлердің шығармаларында жанұялық тұрмысты, күнделікті тіршіліктің жеке көріністерін баяндауға, ұсақ және орта буржуазия, қолөнершілер өмірін сипаттауға көп орын береді. Әдебиетте психологиялық роман, повесть, естелік, сапарнама секілді жанрлық түрлер көбірек қолданылатын болды. Шығармалардың комппозициялық өрнегін, сюжетін құрғанда да жазушы баяндалатын оқиға-жайларды адамға қаншалықты әсер етіп, қандай сезім туғызатынын алдымен ескереді. Яғни жазушы әр түрлі өзара тікелей байланысы жоқ оқиға-жайларды, егер соларға ерекше мән берген болса, бір-біріне жанастырып, еркін баяндап отырады. Айтылып отырған оқиғаға табиғат суреттерін, жазушылардың өзінің әр түрлі сезім-әсерін және сондай басқа жанама жайларды қосарлап береді. Орыс әдебиетіндегі сентиментализмнің ең көрнекті өкілі Н.М Карамзин болды. Карамзиннің «Бедная Лиза» атты повесінен сентиментализмнің негізгі сипат-өзгешеліктерін көреміз. Жазушы өз еңбегімен күнелткен кедей қызды жан ашырлық сезіммен суреттеп оның жан дүниесінің нәзіктігін, тереңдігін бейнелейді. Төменгі таптың өкілі қарапайым адамды былай суреттеудің өз дәуірінде қоғамдық рөлі зор болғаны сөзсіз. Алайда осы шығармадан сентиментализмнің осал тұстарын да көреміз. Карамзиннің төменгі тап өкілдерін суреттегенде олардың ауыр халін, қатты қанау, қыспақ көріп отырғанын дұрыс ашып көрсетпейді. Мұны егер Карамзин шығармаларын сол кездегі патша үкіметінің озбырлығын әшкерелеп көсететін төңкерісшіл жазушы Радищевтің шығармаларымен салыстырсақ анық аңғарамыз. Көркем әдебиеттегі сентиментализм ағымына өз үлесін қосқан қазақ ақын-жазушылары мен сал-серілерінің туындылары нағыз ішкі сезімнен туған шығармалар екенін байқау қиын емес. Солардың ішінде Ақан сері Қорамсаұлы, Біржан сал Қожағұлұлы сынды тағы да басқа сал-серілер мен ақын-жыраулардың туындыларын сентиментализм ағымына жатқызуға болады.
Қазақ әдебиетінің 20-ғасырдағы даму жолы халқымыздың сол тұстағы тарихи-әлеуметтік жағдайына байланысты болды. Бұл ғасырда қазақ қоғамы бұрынғы дәуірлерге қарағанда біраз өзгерістерді басынан өткеріп, ілгері өрлеуге бет бұрған-ды. Халыққа Еуропалық өнердің есігі ашылып оқу, өнер-білім самалы қазақ даласына жайылды.
Қазақ ақын-жазушыларының шеберлігі бұл тұста арта түсті. Олар ұлттық әдебиеттің дәстүрлі жетістіктерін жете игеріп қана қоймай, ілгері іздене берді. Батыс пен Шығыс поэзиясына қолдары жетіп өрісін ұзартты. Қазақ поэзиясы бұрынғы өсиет өлең, арнау, толғау, жыр сияқты басым болып келген ескі жанр түрлеріне жаңалықтар қосты. Қазақ лирикасының өзі сан түрлі жаңа жүйелермен байи түсті. Лириканың бұрын дидактикалық сарыны басым болса, енді оның суретті, пейзажистік, образдылық жақтары бой ала бастады. Адамның арақатынасы, махаббат сезімдері, ішкі психологиялық дүниесі нәзік лиризммен әсерлі бейнеленіп, адамның іші мен сырты бірдей әдемі, жоғары адамгершілікпен ұштасуы көкселді. Адам өмірі жан-жақты жырланып, қоғамдық сана,философиялық ой-тұжырымдары, дәуір жаңалықтары кеңінен жырға қосылды.
Ұлы Абай қазақ поэзиясында жаңалық жыршысы болып, оның реалистік бетін ашса, музыка өнерінің қазақ топырағындағы жаңа бағытын Біржан мен Ақан бастап берді. Бұлардың өнерімізді дамытудағы әсерлері, олардың өскен орталары, алған өнегелері, творчестволарының қайнар көзі-бәрі сабақтас. Қазақтың сал-серілері атанған Біржан мен Ақан шығармашылығы біз тілге тиек етіп отырған сентиментализмнің озық үлгілері десек те болады. Олар өзінің дер шағындағы талант табыстарын түгел дерлік жас ұрпаққа арнап, солардың жүректерін тебірентер тамаша туындылар жасады. Жоғары адамгершілік идеяларға толы өміршең поэзия, асқақ та әсемән әуендерін қалдырды. Жастық дәуреннің кеудені кернеген армандарын, басына түскен мұңын, адамның жан сұлулығы, мөлдір махаббат сезімдерін жылуы мол жалынды жырмен толғап, әсем әуенмен аспандата әндетті. Көптеген сазды, сәнді лирикалар қалдырды. Мәселен Біржан өлеңді ән үшін, әнді өлең үшін шығарған. Сондықтан олар өзара біте қайнасып, бірігіп кеткен туындылар. Ғашықтық лирикаларындағы нәзік сезім дүниелерін ол асқан ақындық шабытпен жүрек тебіренте жырлап берді. Жастар жүрегінің қылын шертіп, іштегі жасырын сырларын ақтара ашады. Махаббат күйігіне душар болғандар характері, олардың эмоциялық сезім-серпіндері қоғамдық-әлеуметтік шындықтарға байланыстырылып, биік идеялы сатыға көтеріледі… Осылайша, лирикалы реалды өмірден туып, әлеуметтік қорытынды жасайды. Адамгершілік ақылдар ұстанады.
Біржанның ақындық құдіретін жете танытқан оның айтыстары. Әсіресе, Сарамен айтысы. ХІХ ғасырдағы қазақ ақындары айтыстары ішінде бұл айтыстың алатын орны ерекше. Өзінің идеялық мазмұны жағынан да, көркемдік, образдық сипаттармен де, ол нағыз әдеби шығарма. Осы айтыста Біржан мен Сара қазақ қоғамындағы келеңсіз жайттарды, кереғар пікірлерді сынға алады. Әлеуметтік мәселелерді көтереді. Білімді, дана ақындардың әр сөзінде қазақ өлкелерінің байлығы, тарихи адамдары, қоныс мекендері, әр елге тән әдет-жоралғылары білгірлікпен баяндалады. Қазақтың ескі өміріндегі жағымсыз салттарға құрбан болған арулардың аянышты тағдырына жоқшы болып, оның тамырына балта шабар кездің жақын қалғанын Арқаның дауылпазындай Біржан Алатау алқабына жарлап жыр төкті. Ешкімнен қорықпастан қазақтың үз жүзін жалғыз аралап, махаббат азаттығын, әйел жұртының еркіндігін талап етіп, алты қырдан асыра асқақ ән шырқады. Әйел затының азаттығын көксеп өтті. Адамгершілікке, адал достық, таза махаббатқа үндеді. Аруды есекке қосақтамай, азғынға қор қылмай, теңіне қосып, күңдіктен құтқаруды талап етті. Ақынның бұл ниеттері – оынң талай аруларға арналған жырларынан да, Сара қызбен айтысынан да айқын көрінетін өзекті идеялары, асқақ армандары. Осы арада қазақтың ақыны, композиторы Біржан сал мен орыстың жазушысы Н.М. Карамзиннің шығармаларында біршама ұқсастықтар бар. Жаңағы айтып отырған Біржан салдың көтерген мәселелері, арман-ойлары Карамзин туындыларында да ұшырасып қалады…


ПІКІР ҚАЛДЫРУ