Әлемді жайлаған ақпарат

0
1844

К. Қабылғазина

Аңдатпа. Радио — қазіргі заманғы қуатты бұқаралық ақпарат құралдарының бірі, тұрмыста кеңінен қолданылатын, адамдардың өмір сүруіне, ақпарат алуына жәрдемдесетін қалыптасқан жүйе. Радионың бұқаралық ақпарат құралы ретінде мәні мен маңызы уақыт өткен сайын арта түсуде, қазіргі радиоэфир бір мезгілде миллиондаған адамдарға жетеді. Сөйтіп, радио техникалық құбылыстан бүгінде қоғамдық құбылысқа айналған. Ол миллиондардың санасына ықпал етіп, пікір тудырып, эмоционалды-экспрессивті ықпал ете алады. Ал қоғамдық дамудың демократиялық жолын таңдаған егемен Қазақстан жағдайында радиостанцияларда бәсекелестік күшейді, ақпараттық саясат көбіне тыңдарман ықыласына қарай өзгерді.Қандай да болмасын мемлекеттің тыныс- тіршілігінен хабардар етіп, өмір ортасына ақпар беріп, бүгінді ертеңмен жалғастырып отыратын бұқаралық ақпарат құралы болатыны ақиқат. Тамыры тереңнен тартқан, толғауы тоқсан, тарихы да тоқсан болып отырған Қазақ радиосы — халықтың үні, тынысы. Бүгінгі егемендік, тәуелсіздік жағдайында радионың мүмкіндігі шексіз артты, бәсекелестік күшейді, таңдау мүмкіндігі пайда болды, әр түрлі бағыт-бағдардағы, стиль мен мәнердегі радиостанциялар көбейді. Радиоарна өз қаржысын өзі тауып, дамитын жағдайға жетті, шығармашылық шексіз мүмкіндіктер ашылды. Радиожурналист эфирде еркін сөйлейтін, ойын бүкпесіз жеткізетін және оған өзі жауапкершілік жүктейтін жағдай туындады. Радио — қазіргі заманғы қуатты бұқаралық ақпарат құралдарының бірі, тұрмыста кеңінен қолданылатын, адамдардың өмір сүруіне, ақпарат алуына жәрдемдесетін қалыптасқан жүйе.Радионың бұқаралық ақпарат құралы ретінде мәні мен маңызы уақыт өткен сайын арта түсуде, қазіргі радиоэфир бір мезгілде миллиондаған адамдарға жетеді. Сөйтіп, радио техникалық құбылыстан бүгінде қоғамдық құбылысқа айналған. Ол миллиондардың сана-сына ықпал етіп, пікір тудырып, эмоционалды- экспрессивті ықпал ете алады. Радиожурналистиканың негізгі өнімі, шы- ғармашылық жемісі — әртүрлі дыбыс қабылда- ғыштарға жазылған материалдар. Ал жазылған хабарлар негізі — сөз. Адамзаттың тарихы сөзбен сомдалады, адамзат тағылымы сөзбен көрінеді. Қоғамды құрайтын адамдар болса, олардың асылы да, бірауыз сөзбен танылады. Сөз — адам-дардың тіл қатысуында қолданылатын негізгі құрал. Радиожурналистикада сөздің алатын орны ерекше. Мағжан Жұмабаев бұл жөнінде былай дейді: «Біз сөз арқылы ғана неше түрлі ойымызды сыртқа білдіре аламыз һәм басқа адамдардың ойларын біле аламыз. Сөз болмаса, адамда білім болмас еді. Атын атап, сөзбен бекітіп тастамасақ, жанды суреттер, ұғымдар тұрмас еді. Сөз болмаса, сөзбен адамзаттың бір- бірімен ұғысуы болмаса, жер жүзіндегі осы күнгі адамзат тұрмысы деген тұрмыс та болмас еді. Қысқасы, жан көріністерінің ең қымбаты — ой. Ой тілі — сөз». Ал Ахмет Байтұрсынов болса «бір нәрсе турасындағы пікірімізді, яки қиялымызды, яки көңіліміздің күйін сөз арқылы жақсылап айта білсек, сол сөз өнері болады. Ішіндегі пікірді, қиялды, көңілдің күйін тәртіптеп, қисынын, қырын, кестесін келтіріп сөз арқылы тысқа шығару — сөз шығару болады». Яғни радиожурналистер үшін сөз қадірін бірінші кезекте бағалау қажеттілігі осындай даналар ойлары арқылы әспеттеледі. Осы орайда, радиожурналистер міндетінің жауапты да қасиетті екені айқындалады. Тың-даушы адаммен емес, сөзбен бетпе-бет келеді. Телевизиялық хабарларда сюжет негізгі рөл атқарады да, сөз қосымша міндет өтейді. Ал радиода бүкіл әрекет, құбылыс, оқиға тек сөзбен өрбіп, тыңдарманның көз алдына бүкіл көрініс тек баяндаумен елестетіледі. Міне, сондықтан да радиожурналистердің шеберлігі ғана аудитория сұранысын өтей алады. Кеңестік кезеңде радио идеологиялық құрал ретінде басқарылып, қатаң бақылауда болды, белгілі бір ұстанымдар мен талаптар шеңберінде қусырылды. Дегенмен Қазақ радиосы қандай жағдайда да халқының мұң-мұқтажымен са-насып, рух беріп, ұлтының үнжариясы ретінде өмір сүріп келді. Осы ойларға Қазақ радиосының өткен ғасырдағы хабарлары куә бола алады. Журналистің «Біз Сталинге не үшін дауыс береміз?» деген хабарына [1] келген стахановшы жұмысшы: «Біріншіден, мен сіз айтқандай 2 мың сом жалақы алмаймын. Екіншіден, мен Сталин-ге емес, Оңдасыновқа дауыс беремін», — дейді. Микрофон алдындағы қонақтың күтпеген жауа-бынан кейін хабар эфирге өтпей қалады. Бұл мы-салдан сөз бостандығының көрінісін байқауға болады. Жүргізіліп отырған Кеңестер Одағының бүкіл саясаты «халықтар атасына» дауыс бе-руге үндеп жатқанында дауыс беруші белгілі ұлт қайраткеріне дауыс бергелі отырғандығын айтқандығы үшін хабар берілмей қалған. Келесі бір құжатта [2] Шакенов деген журналист «Неге біздің қазақ редакциясы хабарларының жақсы жағын айтпайсыздар?» -деп радио ұжымының жиналысында өз ренішін білдіреді, ал Ә. Жакетова болса, «Жастар ха-барлары жастарға тән пішінде емес, музыкалық көркемдігі нашар. Секретарьдың мәдениеті төмен. Редакторды шақырса, саусағымен көрсетеді немесе ысқырады», — деп сынайды. Ендігі бір мұрағаттық құжатта: «Бұқараның даусын аз тыңдаймыз. Музыка хабарлары редакциясының жұмысын жақсарту керек. «Ах, Самара, городок» пен Жамал Омарованың орындауындағы 5 әннен құлақ сарсыды. Бұлардан басқа да ән жоқ дегенге сенбеймін, редактор ізденбейді», — деп Әсімжанов деген қызметкер музыкалық хабарлар редакциясының атына сын айтады [3]. Уақыт зымырап өткен сайын, жылдар парағы да қатталып, өмір кітабы қалыңдай түсетіні белгілі. Соғыстан кейінгі қоғамның кезекті бір дүрбелең тұсы — 1946 жыл Жамбыл бабаның 100 жылдық мерей тойымен қабат келген екен. Қазақ радиосының және бүкіл сол тұстағы ақпарат құралдарының көптеген ма-териалдары сол айтулы күнге арналған. Ақиық ақынның лебізі эфир арқылы оқылған: [4]. «Мен 70 жасқа келгенде бақытты өмірге жеттім. Бүкіл әлем халықтарына шындықтың қайнар бұлағы ашылды. Мен Ленин батырдың атын естідім. Қызыл Армияның ұлы жеңістерін көзіммен көрдім. Бұрын түске ғана кіретін, өзім жырлаған бақытты өмірді енді өзім де көрдім. Жаңа күш бітті, домбырамды қайта қолға алдым. Жастық өмірім қайта келіп, өлеңдерім тау суындай та-сыды. Ата- бабам арман еткен, ақындар жыр ет-кен жаңа елді көзіммен көрдім, ол — Қазақстан. Мен білмейтін көп нәрселерді 80 жасқа келгенде көріп, біліп көзім ашылды. Мен қайта жасар-дым, өлеңді 25 жастағы жігіттердей өте ынта-мен қызып, шаттықпен қуанып айтатын болдым. Маған мұндай қайта өмір беріп, күш бітірген бүкіл халықтардың көсемі Сталин жолдас. Мен кәрілік шағымда бақыт нұрына бөлендім. Менің жасым 90 да болса да әлі өлгім келмейді, ұзақ өмір сүргім келеді». Осы тақырыптағы тағы бір ақпаратта: «Қа- зақтың Абай атындағы педагогикалық институ- тының қазақ тілі және әдебиет факультетінің күшімен қазақтың халық ақыны Ж. Жабаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған конференция болып өтті. Үш күнге созылған конферен-цияда 17 баяндама тыңдалды. Конференцияда аспирант Қадірбергенов Мұхаммед Жамбылдың жеке шығармалары туралы, студент Мұсабекова Фатима Жамбыл шығармаларындағы Ленин, Сталин бейнелері, Жамбылдың немересі Әбді-раимова Жамбылдың нақыл сөздері, студент Хасенов «Жамбыл — жастар туралы», студент Рабиға Құттыхожина — «Өтеген батыр» туралы баяндама жасады. Конференцияға Жамбыл туралы еңбек жазып жатқан ақын С. Бегалин, Жамбылдыңхатшылары — Жароков, Орманов, Әбішев жол-дастар қатысты. Конференцияға небары 500-ге тарта адам қатынасты» (авт.)» [5] деген хабар арқылы бүгінгі күні дала Гомерінің өміршеңдігін жоймағандығы дәлелденіп отыр. Ұлы Абайдың әдеби мұралары жөнінде де көптеген хабарлар беріліп, оған қалам ұстап, пікір айтып жүрген қазақ қаламгерлері тартылып отырылған. Абайдың шығармашылығы жөнінде айтылған мына бір пікірді айта кеткен жөн. «Абайдың әдеби жолына тереңірек қарасақ, 1882 жылғы «Бородиноны» аударғанға шейін Абай шығармалары ақындардың ықпалында келгенін көреміз. Бірақ ол Абайдың жырын байытуға рухани азық бола алмаған. Абай 40 жасына келгенше бар жазғаны 7-8 жырдан аспаған. Оның тең жарымы шығыс ақындарының әсерінен, тең жарымы қазақ халқының байырғы ақындарының ізімен жазылған. Абайдың көркем тілінде, мәдениетті мазмұнды шығармалар жазып, батыс жолына, жаңа жолға түсуіне орыс әдебиеті себеп болды. Оған Абайдың Лермонтовтың еңбектерімен танысып, «Бородиноны» аудар-ғаннан кейін бұрынғысына қарағанда 10 есе көп жазғандығы және өлең жырларының мазмұнына, түріне де, тақырыбына да жаңадан өң-ажар кіргендігі дәлел бола алады. Мысалы, Абай «Бородиноға» дейін жылына бір өлең жазса, ол жылдары «Шәріпке», «Абралыға» не болмаса «Әліпби» сықылды белгілі мазмұнға құрылмаған өлең жырлар болып келеді, ал «Бородинодан» кейін «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» сықылды шыншылдық реализм бағытында жырлар жазғанын көреміз. Енді бірер жылдан соң, Лермонтовтың шығармаларымен танысқаннан кейін бір жолата өлең- жыр жазумен шұғылданып, ыждахатпен кіріскенін байқаймыз. 1986 ж. 44 жасқа келгенде Абай біржолата өлең жазуға кіріседі, осы жылдардың ішінде бір қыста ірі-ірі 18 өлең жыр жазды», — деп сөйлеген эфирден тарих ғылымдарының кандидаты, Қаз-ГУ-дың аға оқытушысы (авт. Лекеров) [6] деп көрсетілген. Бұл пікірлер ғылыми жұмыстарда қалай көрсетілген? Назарға ілінбеген факті болуы да мүмкін. Осы тұстағы орыс, украин, белорусс әдебиеттерінде жеке басқа табынушылықтың кең етек ала бастаған кезінде, дамуымыз — ұлы орыс халқымен байланыстың ғана нәтижесі деген ұғымның дәріптелер тұсы дәл келген. Олай етпеуге Сталиннің идеялары мүмкіндік бермеген. Бұл жерде де біздің халқымыз «ерен интернационалистік» танытып, соның нәтижесінде өзінің ұлттық қадірін саналы түрде жоюға тырысқандығын көруге болады. Мына бір ақпарат жуырда ғана атақты панфиловшылар дивизиясына жала жапқандарға шындықтың бетін ашып бере алатын дерек. «Ұлы Отан соғысы күндерінде 12-14 июньде Қазақстанның астанасы Алматыда атқыштар дивизиясы құрылды. Бұған бүгін бес жыл. Дивизия атақты Чапаевтың үзеңгілесі генерал-майор Панфиловқа тапсырылды. Генерал дивизияға жауынгерлік тәрбие беріп, 18 августе майданға аттанды. Бауыржан Момышұлы сияқты командирлер тәрбиелеп өсірді. Политрук М. Ғабдуллин мен қызыл әскер Т. Тоқтаровқа Совет Одағы Батыры атағы берілді» деген хабар 1943 жылдың 13 шілдесінде ҚазТАГ-тан алынып берілген [7]. Басқа ел мәдениетімен республика мәде-ниетін салыстырған материалдар да көптеп кездеседі. Мысалы, Социалистік Еңбек Ері Иван Пантик дегеннің әңгімесі берілген: «Италия кинотеатрларының экраны қарақшылық, құнсыз картиналармен толып кеткен. Біз Италияда болған 20 күн ішінде бұл елдің еңбекшілерінің америкалықтардың қармағына түспейтінін көзімізбен көрдік» [8] — деген сөзін тыңдай отырып, қазіргі жағдайға ұқсамай ма деген пікірде қалдық.1950 жылдың 10 қаңтарында берілген осы хабардың актуальдылығы бүгінгі күнде де көрініп тұр. Шетелдік қарақшылық кинолар, арсыздыққа толы видеофильмдер кинотеатрларымыздың, теледидарларымыздың экранын жаулағалы қашан. Қандай да болмасын бір мемлекеттің жері жауланып аларда, алдымен, әдебиетін, мәдениетін жаулау тәсілі ежелден келе жатқан ақиқат екені рас. Осы тұрғыда да журналистеріміздің тер төккені зая кетпеген болар еді. Өз халқымыздың тілін, әдебиетін, мәдениетін т.б. халықтық төл қасиеттерін сақтауда еңбек ететін, қандай жағдайда болма-сын араша түсетіндер — журналистер. «Неше түрлі білімпаз, ғұлама, кемел ойшылдар сөйлеген кафедралар мен колледж, университет, институт аудиториялары көп қой. Бірақ ең ұлы аудитория — Жұмыр жер. Оның мінбесіне шығып, сөз сөйлеу екінің бірі, егіздің сыңарының маңдайына жазылмаған нәрсе. Мұса пайғамбар — Зауратын, Дәуіт-Забұрын, Ғайса-Інжілін, Мұхаммед-Құранын ұстап соған шықты. Жалғанды жалпағынан басқан Шыңғысхан, Наполеондар да сол мінбеге өлердей ұмтылған жоқ па? Жиырмасыншы ғасырдың рухани жыртқышы Гитлер де сол мінбеден «Майн кампф» деген шатпағын оқып бергісі келген. Адамның ақыл-ой парасатын қара күш қана билейді деп ойлаған. АҚШ президенті Трумэн де қолына атом бомбасын ұстап сол мінбеге ұмтылды ғой. Ақыры не болды, бәрі де кетті. Шекспир мен Толстой, Әуезов пен Хемингуэй, Габриэль Гарсия Маркестер қалды сол мінбеде»/9/, — дегендей қаншама оқиғалар, тарих деп аталатын ұлы кітаптың бетінде талай зор, әйгілі істер қалып жақтаны белгілі. Сондай ақтаңдақ шаралар қазақ әдебиетін, мәдениетін де айналып өтпегені белгілі. «Халық жауларын іздеу тек қана әлеуметтік белгілерге қарап қана емес, білімдік, кәсіби, ұлттық белгілерге де қарай бағытталды. Қазақстан қауіпсіздік органдары республиканың ең интеллектуалды деген ұлдары Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезов туралы материалдарды толық дайындап қойған еді. Одақта және автономиялы республикаларда олардың тарихы, ұлттық-мәдени мұраларын бұрмалайтын науқан арасына сәл үзіліс салып 1953-1954 жылдары қайтадан кең етек алды. 1954 жылы болған Қазақстан жазушыларының үшінші съезінде жазушы Т. Нұртазин: «Біздің сыншыларымыздың үлкен қателігі — Қазақ әдебиетінің тарихынан М. Әуезовті сызып тастағылары келгені болды. Сондай науқанның қармағында кеткен, «сызылып тасталған» көптеген дүниелері қайта қарауымыз керек» деді. «Ал жазушы Т. Әлімқұлов: «Бір уақыттарда бізде Абай мен Жамбылдан басқа ешкім де қалма-ған еді деп осы ойды сол жиында жалғастырған болатын», — дейді тарих ғылымдарының док-торы Леонид Гуревич [10]. Ал радиожурналистика майданының жауын- герлері өзінің осынау тарихында өз міндеттерін адал орындай алды деп бағалау орынды. Алайда ол тұста халқымыздың тарихын паш еткен хабарлардың өте аз болғандығын байқаймыз. «Дініңді, тіліңді, тарихыңды айтпа, жазба» деген арнаулы нұсқау болмағанмен де отарлық, саясаттың көп нәрсеге тосқауыл болғаны ақиқат. Дегенмен де тоталитарлық саясат кезінде де Қазақ радиосы өкілдерінің, жойқын репрессия күштеріне қарамастан там-тұмдап болса да рухани дүниелерімізді жарыққа шығарып, айтып отырғандықтары — бүгінгі егеменді ел болып отыруымызға қосқан үлкен үлестері, болашақтың бастаулары болғандығына бүгінде көз жетіп отыр. Міне, осындай аса күрделі кезеңде де қоғамда, саясатта болып жатқан оқиғалардан тыс қалмай, қаншалықты шек-теулі, нұсқаулы насихат болғанымен, Қазақ радиосы өзіндік үнін қосып, халықтың тарихын, мәдениетін, әдебиетін, салт- дәстүрін, дінін, ділін сақтауы үшін күресіп келді. Қазір де жергілікті ұлт өкілдерінің ұлттық үрдістерінің дамуына, әлемдік деңгейде танылуына үлкен үлес қосып отыр. Жаһандану мен нарық жағдайында адамдар тұрмыста болсын, жұмыс орнында болсын күрделі мәселелермен бетпе-бет кездеседі, әр түрлі қайшылықтарды тез шешуіне тура келеді, соның қатарында стрестік жағдайларды бастан өткізеді. Яғни әр адамның эмоционалды көңіл күйі мен күш- қайраты да өзгеріп отырады. Мы-салы, жұмыстан шаршаған адам үйіне жеткен-ше, көлік тауқыметін, жол нашарлығын, қала жағдайындағы кептелмелерді, қызмет көрсету мәдениетінің төмендігін көрді дейік. Үйде де бәрі қолайлы болмауы мүмкін. Бір сәт көңілін аулау үшін, теледидар қараса, онда да тосын оқиғалар, бітпейтін тауқыметтер, бет жыртысқан адамдар, көлгірсіген саясаткер мен жүйкеге тиер жарна-малар, қантөгіс фильмдер мен бітпес көбікті се-риалдар. Мұндай жағдайда адамның жүйкесіне үлкен салмақ түседі, сезімі тежеледі, көңіл хошы төмендейді, өмірге құштарлығы бәсеңсиді. Міне, осы көңіл ахуалын өзгерте алатын, эмоциялық тепе-теңдікке жеткізетін күштің бірі — радио. Радио табиғатынан агресшіл емес, керісінше, жұмсақ та жағымды, жайлы. Радиоақпарат көбіне оптимистік болып келеді, өмірлік жақсы тонус қалыптастырады. Әлеуметтік психолог-тар тосын қайғылы оқиғаның телевизиямен салыстырғанда радиодан естілгенде санаға жұмсақтау жететіндігіне назар аударған. Өйткені телеақпарат жүйкеге тікелей әсер етсе, радиодан естілген жаманат хабар психологиялық қорғаныс факторына тап келетін көрінеді. Мұның өзі радионың өзіндік табиғатын сақтай отырып, телевизия сияқты пәрменді құралмен қатар өмір сүре алатындығына көз жеткізеді. Диктордың, хабар жүргізушінің, корреспон- денттің, актердің сөз өнері, сөйлеу шеберлігіне байланысты интонациялық мүмкіншілік те өзгеріп отырады. Біраз зерттеушілердің пікірі информацияның 40 пайызға жуығын, тек сөздегі интонацияның өзі ғана жеткізе ала-ды дегенге саяды. Сондықтан бүгінгі радиожурналист эфирдегі бейнелеу құралдарының қыр-сырын жетік меңгеріп, өзгеше табиғаты — акустикалық ерекшелігіне қанық болуы аса қажет. Радиохабарлардың көпшілігіне тән олқылықтар осы ерекшелікті білместіктен, не-месе оған дұрыс мән бермегендіктен туады екен. Радиодан қызықты да мазмұнды тал-дамалық хабарларды кездестіреміз, жанды да жалынды портреттер мен әдеби көркем хабар-лар тыңдаймыз, радиокеңестерге құлақ аса-тындардың да қатары көп. Радионың айрықша бір бітімі музыкалық хабарлардан танылады. Жақсы ән мен әуенді танытуда радионың алдына ешбір ақпарат құралы шыға алмайды. Біреулер радио тыңдайды, қалаларда теледидарға көп назар аударылады, ал біреулер тек газет оқиды. Бәсекелестік пен пікір саналуандығы жағдайында бұл қалыпты құбылыс. Әлеуметтік ақпараттың еркін тасқыны БАҚ-тың қоғамдық жауапкершілігін арттырды, ақпарат биліктің маңызды тетігіне айналды. Әлемдік тәжірибеден Қазақстан да тыс қалған жоқ. Компьютерлік желідегі ақпарат тасымалының өсу үрдісі өте қарқынды болғандықтан болашағынан көп үміт күттіреді. Оның бәріне уақыт төреші, радио да уақыт ағымында қызмет атқарады. Мысалы, күні кешегі кеңестік кезеңде радионың дамуына айрықша мән берілді, ол ұжымдық насихатшы, үгітші және ұйымдастырушы деп бағаланып, ақпараттық саясаты осы мүдде тұрғысынан екшелді, цензура болды, сөз еркіндігі шектелді. Сөйтіп, идеологиялық қуатты қару радио мемлекеттік биліктің қатаң бақылауында бол-ды, қызметі жоғарыдан реттеліп отырды. Әлем елдерін идеология уысында ұстап отыруда элек- тронды БАҚ-тың маңыздылығы қандай екені бүгінгі заманда өте айқын. Тіпті Чилиде болған қарулы көтерілістен жеңіліс тапқан сол елдің Президенті Сальвадор Альенденің өкінішке толы «мен қолымдағы ең мықты қаруым теле-визия мен радиодан айырылып қалғаныма қатты өкінемін» деген сөзі тарихта сақталып қалған. Ал қоғамдық дамудың демократиялық жо-лын таңдаған егемен Қазақстан жағдайында радиостанциялар шынайы сөз бостандығын алды, цензура жойылды, жекеменшіктік қатынас орнықты, бәсекелестік күшейді, ақпараттық саясат көбіне тыңдарман ықыласына қарай өзгерді. Енді радионың ақпараттық, дема-лыстық міндеттері алдыңғы қатарға шығып, ағартушылық қыры бәсеңдеді. Адамның еркін ойлауы мен еркін жүріп тұруына, өз іс-әре-кетіне толық жауап беретін қоғамдық қарым- қатынастар орнықты және соны жетілдірудің жолдары қарастырылуда. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні — тоқсанның торқасына оранып отырған Қазақ радиосы жасай берсін, Қазақ ра- диосы бар жерде қазақ бар.
Әдебиеттер:
1 ҚРОМА. 1489-қор,2-парақ, 290-іс
2 Сонда
3 Сонда
4 ҚРОМА .1489-қор,1-парақ, 80-іс
5 Сонда
6 Сонда
7 Сонда
8 Сонда
9 Ақсұңқарұлы С. Ғасыр кардиограммасы // Орталық Қазақстан. — 1988. — 1.11.
10 Гурьевич Л. Последнее советское междуцарствие // Караван. — 1996. — 1.06-3.
11 Радиожурналистика, ұжымдық оқулық.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ