Әлемжеттік әлегі

0
3868

Соңғы кездері мектеп жасындағы бүлдіршіндер өз-өзіне қол жұмсап, бесіктен белі шықпай ажал құшқандар саны күн санап артып отыр. Өмірлерін енді ғана бастаған жас ұрпақтың осылай оп-оңай жарық дүниемен қоштасуларына не себеп? Бүгінде балаларды теледидар мен компьютер тәрбиелеп жатыр десек қателеспейміз. Өйткені зорлық-зомбылықты насихаттайтын түрлі фильмдер мен электронды ойындарға құмары қанбайтын жастар көп-ақ. Тіпті, кішкентай бүлдіршіндердің тамашалайтын мультфильмдерінің өзі бірін-бірі ұрып соғу мен дөрекі сөздерге толы. Мәселен, америкалық зерттеушілердің пікірінше, балалар мен жасөспірімдер телеаудиторияның ең белсенді көрушілері екен. Әрбір бала, шамамен, өз уақытының 30 пайызға жуығын экранның алдында өткізеді.

Ғалымдар жас бүлдіршіндердің мектепке барғанша орта есеппен 5 мың сағат, мектеп бітіргенше 19 мың сағат теледидар алдында отыратынын дәлелдеген. Яғни, бір күнде балаларымыз орта есеппен 17 өлім, 37 мейірімсіздікке толы көріністерді көреді екен. Мұндай хабарлар балалардың дүниетанымының, логикасы мен психикасының қалыптасуына теріс әсерін тигізері сөзсіз. Соңғы уақытта мектептегі әлімжеттік әрекеттері жиілеп кетті. Рас, әлімжеттік ертеден-ақ бар. Десе де, дәл бүгінгідей жауыздыққа, қатігездікке бара қоймайтын. Қазақта жақсы сөз бар: «Қызға қырық үйден тыйым, ұлға отыз үйден тыйым» дейді. Халқымыздың тәрбиелік құралдарының күнделікті қолданылатын үлгі, өнеге түрлерінің бірі – тыйым емес пе? Бұл балалар мен жастарды жаман әдеттерден сақтандырып, жақсылыққа бейімдеуден бастау алған халықтық педагогикалық ұғым болса керек. Алайда бүгіндері сол атадан қалған баталы сөздің ешқандай мәні қалмағаны айқын сезілуде. Бүгінде, оқушылардың арасындағы кикілжіңдер мен адам шошитын әрекеттерді көргенде жағаңды ұстайсың. Мектеп қабырғасындағы әлімжеттіктің туындау себебі неде? Оған кім кінәлі? Қалай оның алдын алуға болады? Әрине, бұл сұрақтардың жауабы бала тәрбиесінде. Қоғамның назарына ілігіп, ата-аналарды елеңдетіп отырған өзекті түйіннің шешімін табу оңай болмай отыр. Мектеп басшылары болған жағдайларды жасырып, мектептің, қала берді өздерінің тыныштығын ойлайды «Ауруын жасырған өледі» демекші, бүгінгі дерт меңдеп, күрмеуі қиын мәселеге айналды. Кез келген ата-ана баласын қиын білім ордасына, болашағын бағамдайтын ұстаздарға сеніп тапсырып, үлкен үміт күтеді. Алайда ұстаздардың, оның ішінде мектеп басшыларының өзекті мәселелерді жасырып, өздерінің абыройларын ойлап, баланың болашағына бұлыңғыр қарағанын қалай түсінеміз? Осы әлімжеттіктің мектеп табалдырығында орын алуына мектеп басшылары мен мұғалімдер кінәлі деуге болады. Жеткіншектер мектеп қабырғасына келе сала әлеуметтік теңсіздікпен қарсы ұшырасады. Айталық, ата-анасы шенеунік, қалтасы қалыңдардың бәрі оқу озаты. Бала мектеп

табалдырығын аттағаннан бастап өзінің қай топқа жататынын айқын сезеді. Қазіргі таңда қоғам үш топқа бөлінген-бай, орташа, кедей. Бұл жағдай мектеп қабырғасында да орын алған. Олай дейтініміз, кейбір мұғалімдер оқушының ата-анасының әлеуметтік жағдайына қарап баға қояды. Әлбетте, үнемі мұғалімнің қолдауында жүрген байдың балалары өздерінен кейінгі сатыда тұрған балаларға менсінбеушілікпен, кемсітушілікпен қарайды. Соның салдарынан оқушылар арасында түрлі қылмыстар мен бопсалау әрекеттері кең етек алуда. Мұғалімнің бай баласына иіп тұратынын көрген оқушының ішінде реніш, өкпе туындайтыны сөзсіз. Көкейдегісін жасыра алмайтын періште-көңіл ақыры эмоциясын сыртқа шығарады. Ақ пейіліне жасалған қиянатқа жауап қайтару және өзінің ешкімнен кем еместігін дәлелдеу үшін сәби жүрегі сергелдеңге түседі. Ал «сасқан үйрек артымен сүңгидінің» күйін кешкен кейбір мектеп басшылары болса, «бұндай оқиғалар әлімсақтан болып келеді, оны шу, дабыра етудің қажеті жоқ» деумен әлек. Нақты мысалдар келтірер болсақ, Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы №163 орта мектептің жоғарғы сынып оқушылары төменгі сынып оқушыларын ұрып-соғып, ақша бопсалаған. Ал талап еткен ақшаны уақытында төлей алмаған балаларды «счетчикке» отырғызып, үстемемен ақша алған. Тіпті, ақша бере алмаған 6 сынып оқушысына суық қару жұмсап, соның салдарынан ол бала аурухана төсегіне таңылған. Мұндай жайттарды санамалап шығудың өзі бекершілік. Себебі, күніне қаншама әлімжеттік әрекеттер жасалынып жатыр. Бірақ осы жәйттарды қадағалап, орнына қойып жатқан ешкім жоқ. Әрбір оқу орнында қалыптасқан бір жүйе бар-бір мектеп, екінші мектептен кем түспеу керек. Егер бір мектеп басқа мектептерден қалып қойса, оның бұған дейінгі жиған абыройының, қалыптастырған беделінің бір сәтте көкке ұшқаны деп санайды. Мектептің тағдыры сол жердегі аймаққа немесе мемлекеттік қызметтегі яғни білім саласын басқарып отырған шенділерге кесірін тигізетін көрінеді. Ал бүлдіршіндердің тағдыры олардың абыройларының алдында түк емес. Осыған қарап, бұрын болмаған дерттің бүгінде айықпас індетке айналғанын сезесің. Қазақстандық қай мектептепті алып қарасаң да, әлімжеттік пен суицид фактілері өршіп тұр. Мысалы, өткен жылы 340 оқушы өз-өзіне қол жұмсаған. Осы тұрғыдан психологтар жаппай келген нәубетке көбіне мектептегі бопсалау фактілері себеп болатынын айтады. Әрине, әлімжеттіктен, күнделікті бопсалаудан мезі болған бала амалсыз өзіне қол жұмсайды. Онымен қоса, білім беру жүйесіндегі бағалауда балалардың суицидке ұшырауының басты себептерінің біріне айналды. Мектеп бітірушілер арасында неге өз-өзіне қол жұмсады деген сауалнама жүргізіп көрсеңіз, нақты жауап ала аласыз. Соңғы кезде еліміздің барлық аймақтарында оқушылардың мектепке суық қару, электрошокер, атыс қаруларын әкеліп, зорлық-зомбылық, әлімжеттік жасау оқиғалары жиілеп кетті. Сонымен қатар, тесттен өте алмай өзіне қол жұмсағандар жетіп артылады. Соңғы 1-2 жылда қайткен күнде жақсы баға алып, мектеп көрсеткішін көтеру керек деп

балаларға психологиялық салмақ артып қойды. Соның салдарынан бұл мәселе ушығып, үлкен соққыға айналып үлгерді. Айталық, Түркістан қаласында үлгерімі жақсы оқушы жыл соңында өз-өзіне қол жұмсап, қыршын кеткен. Себебі, біріңғай ұлттық тестті тапсырып, өз деңгейіндегі бағаны ала алмағаны үшін ызаланған. Қалтасы қалыңдар мен байдың білімсіз балалары бағаны сатып алып, қалаған оқуына түсіп, тақияларын аспанға лақтырып жүргені өз білімі өзгелерден жоғары бола тұра, жақсы көрсеткішке жете алмаған бала қандай күйде болады? Иә, білімі бола тұра бағаны сатып алуға шамасы келмейтіндер бақилық болды. Жалпы, мұндай оқиғалар өте көп. Өткен жылғы есеп бойынша елімізде 237 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаған. Бұл көрсеткіш тек құзырлы органдарда тіркелген ресми мәлімет қана. Сондай-ақ, жария етілмей қалған жұмбақ өлімдердің аз емес екені тағы бар. Әсіресе, сол аймақтардағы қызметкерлер орны толмас қасіретті жабық жағдайда қалдыруға барын салады. Өкінішке қарай, шырқау шегіне жетіп, асқынып бара жатқан осы дерттің емі әзірге табылмай отыр. Ертеңімізге үрке қарап, «қайда барамыз, кім боламыз?» деген сұрақтың төңірегінде еріксіз ойлануға мәжбүр етіп отырған атышулы мәселеге көз жұма қарауға болмас. Егер артымызда бұғанасы берік, қанаты қатайған және елім дегенде еміренетін ұрпақ қалсын десек, нақты іс-әрекетке көшейік. Мектеп табалдырығын аттаған жас бала-ертеңгі ел еңсесін көтеретін тұтқа десек, оларды парасатты, саналы азамат етіп тәрбиелеу – әрбір ұстаздың борышы. Мұғалім мектеп оқушыларына тек білім беріп қана қоймай, оларды халықтық педагогиканың нәрлі қайнарымен сусындатып, олардың кітап оқуын көп талап етсе артық болмайды. Әрбір оқушының бойына ұлттық мінез-құлық пен адамгершілік қасиеттерді сіңіру жолында ұстаздың атқарар еңбегі ұшан теңіз. Ал үйде ата-аналар бала тәрбиесіне бей-жәй қарамай, жіті назарда ұстап, қадағаласа, балалар арасындағы әлімжеттік пен кикілжіңдердің алдын алу жолында жан аямай еңбек етсе құба-құп.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ