Қарттар күніне арналған концерттік бағдарламаның сценарийі

0
17914

«Қарттарын қадірлеген ел ардақты»

1-қазан Қарттар күніне арналған концерттік бағдарламаның сценарийі

 (Фанфар. Жүргізушілер ортада)

1-жүргізуші: Армысыз ауылымның асылдары,

Жайналсын көңілдердің жасыл бағы.

Сіздер үшін ән мен күй, өлең мен би,

Сіздер үшін мереке шашулары.

2-жүргізуші: Қош келдіңіз ақ жаулықты аналар,

Ақыл кенін арқалаған аталар.

Алдарыңда жауқазындай құлпырған,

Біз алаңсыз балғын шақты балалар.

1-жүргізуші: Қымбатты ақылдың кенін арқалаған айбынды аталар! Ақ жаулықты аналар! Барлықтарыңызды қазан айының алғашқы мерекелері қарттар күнімен құттықтаймыз дей отырып ортаға Гульдария мен Альбинанын орындауында «Мерекелеріңізбен» әнін қабыл алыңыздар!

2-жүргізуші:    Аппақ шашың күн сайын қылаңдаған,

Зейнет емес бейнеттен арылмаған.

Тәңірімдей табынып өтем мәңгі,

Қариялар өзіңді ел сыйлаған.

1-жүргізуші: Ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгі ізіне ерген інілеріне ізеттігін аямайтын, ізінен ерген ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір қауымға бас-көз бола білген ауыл қарттарының орны ерекше.

2-жүргізуші: Олай болса, әр халықтың бойында ықылам заманнан бері қалыптасып оны өзгелерден даралап тұратын, тек өзіне ғана тән қасиеттері болады. Біздің халқымыздың сондай ерешеліктерінің бірі – үлкенді сыйлау, оның сөзіне құлақ асу.

1-жүргізуші:   Қазақ қарты жасына лайық ауызы дуалы, сөзі берекелі, ісі тыңғылықты, ойы терең, ақылы тілегей теңіз болып келеді. Міне, осындай теңеуге лайық қарияларды жылына бір рет келетін 1-қазан Қарттар күнімен құттықтай отырып «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты кешімізге қош келдіңіздер дегім келеді. (пауза). Кешімізді бастамас бұрын сөз кезегін мектеп директоры Рамазанов Талғат Сәкенұлына береміз.

Балабақша балалары: Тақпақтар:

1:Әжем ұйықтар алдында

Ертегі айтып береді.

Еркелеп ойнап жатқанда

Ылғи ұйықтап қаламын.

2:Әжем өрнек тереді,

Сырмақ отыр оюлап.

Басы ауыра береді,

Шай ішпесе, қоюлап.

3:Әжем менің асыл жан

 Жақсылыққа үйретіп,

Жамандықтан шектейді.

Әжеме ешкім жетпейді!
4. Жанымда, өзің бар да,

Қуаныш сезем,​​​​​​​​​

Жетелеп, жүрсің алға,

Аяулы әжем.

2-жүргізуші:    Алдында ақыл берер қария ғой,

Жақсылар жақсылыққа жария ғой.

Жастарға ол парасатты кеңес берер,

Сөзге бай ағып тұрған дария ғой.

Ауылымыздың ардагері ______________________________________ сөз кезегін береміз.

Ән: «Асыл әжем». Орындайтын:Айғаным

1-жүргізуші:  Халқымыздың тәлім-тәрбиесі ананың ақ сүтімен, әже өнегесімен, аталар ақылымен берісіп, өзіндік қасиетімізді қалыптастыру көзделген.

Тақпақтар: 1-сынып

Айнұра:
Менің әжем, ақ әжем,
Ұл мен қыздың бағы әжем.
Ертегі айтып бер десем,
Айтып береді тағы әжем.
Ержігіт:
Менің әжем, гүл әжем,
Алтын әжем, нұр әжем.
Анам үшін, мен үшін,
Нағыз әжем, тіл әжем.
Аяна:
Менің әжем, жыр әжем,
Шуағы мол нұр әжем.
Ақ таяққа сүйеніп,
Аман — есен жүр әжем.
Дәулет:
Көп жасаған қария,

Ақылы теңіз дария.

Көп өнеге сөзі бар,

Сөзі-соқпақ, сөзі-нәр.

 

Айтолқын:

Ата отыр кәріміз,

Қуат берер дәріміз.

Әулиедей аялап,

Ардақтаймыз бәріміз!

1-жүргізуші:    Той деп бүгін шашу шашады

Той деп бүгін әлем сырын ашады

Қарттар күні мейрамына арналған

Бишілер өнерлерін шашады.

Мектебіміздің биші қыздарын сіздердің қошеметтеріңізбен ортамызға шақырайық!

Қамажай биі:

2-жүргізуші:             Асқар тауым, ақылгөйім, ғұлама,

Аспанымдай мәңгі жаса, құлама

Ер жетсем де еркелігім қалмайды,

Көз алдымда сен тұрғанда ұлы Ана!

Тақпақ 2-сынып

Алина:
Болашақ күшін бәріне шыдаған
Көз жасын көрсетпеген ешқашан
Шаршамаймын сіздерді мен мақтауға
Жолдарыңыз ашық болсын әрқашан

Айтолқын:

Әжем менің асыл жан

Жақсылыққа үйретіп,

Жамандықтан шектейді.

Әжеме ешкім жетпейді!

1-жүргізуші: Ата ардақты тұлға. «Әкеден ұл тусайшы, ата жолын қусайшы» деп халық ұрпаққа атаның мұрасын жалғастыруды уағыздайды. Ата ұрпағының қайырымды, мейірімді, ақылды, іскер болуын тілеп сол үшін қамқорлық іс-әрекеттерін жерге жеткенше дамыта береді, өнеге көрсетеді, өсиет айтады.

2-жүргізуші: Қарттарды құрметтейтін, олардың алдындағы перзенттік парызын үлкен ынтамен орындайтын, әдептілік, кішіпейілділік, сергек сезімталдық көрсету сынды қасиеттер қанына сіңіп, жүрегіне ұяламаған ұрпақтан не опа, не қайыр?!

Көрініс: Бір үйде төрт адам. Ата, бала, келін, немере. Кәрі кісі тәрелкені сындырып алады деп, келіні атасына тамақты ағаш табақпен береді. Бір күні шалдың немересі ағаш жоныпты.

Әке-шешесі:
-Балам, не істеп отырсың?- деп сұрайды.
— Ертең сендер қартайып, атам сияқты болғанда тамақ ішетін ағаш табақ жасап отырмын, — депті баласы. «Әкесін сыйламағанды, баласы сыйламайды»,- деген бар емес пе? Ата-анаға қатыгездік жасаған адам дүниедегі ең күнәсі көп, адамдық ардан безген жан болып саналады. Қазақ халқында ондай пенделер қатаң жазаға, қатты қарғысқа ұшыраған.
Алайда, «Ананың көңілі – балада, баланың көңілі – далада», — демекші, өзінің перзенттік борышын түсінбеген, сөйтіп, ата-анасын жерге қаратып, көкіректерін қарс айырғандар бұрын да болған, қазір де жоқ емес.

1-жүргізуші:    Тұра-тұршы есейгенде ұл-қызың,

Жүре тұршы жалғанғанда үзігің.

Маған бақыт неге керек, ақ әже-ау?!

Өзің бірге көре алмасаң қызығын.

Сіздердің құрметтеріңізге Ата-әже әнін 5-сынып оқушысы Мадина қабыл алыңыздар!

2-жүргізуші: Адамның өмірінің мәні мен сұлулығы, адамның келешегіне сенімділігі – ол баланың ата-анасын ардақ тұтып, өзінің перзенттік қарызын бір сәтке де есінен шығармауында. Қарт кісіні құт-береке деп танысақ – ол ұрпақ көрегендігі.

1-жүргізуші: Ұрпағы құрметтеген ата-ана әр кезде де бақытты.

Күй шашу биі

1-жүргізуші: Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатырған салтымыз. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім-тағылымдарыңыздың біз үшін орны бөлек. Талай жасты тәрбиелеп, ізбасарларыңызды өсірдіңіздер.

2-жүргізуші:    Сіздерсіздер бүгінгі ұлықпандар,

Мың жасаған ұрпақпен ұлық жандар.

Қарттар тарих, қазына, ел қазығы,

Ей, адамзат, осыны ұмытпаңдар!

«Ата-әже» әнін 3-сынып оқушысы Аңсар қабыл алыңыздар!

1-жүргізуші:             Абырой амандығың арта берсін,

Бақ дәулет қызығымен қатар берсін.

Ұрпағың жақсы көрген жиі келіп,

Таусылмас дәм-тұзыңды тата берсін.

Қара жорға биі

2-жүргізуші:             Тыныштық елімізге бере берсін,

Молшылық жерімізге ене берсін.

Соғыстан ел жұртымыз аман болып,

Қызығын бейбіт өмір көре берсін.

1-жүргізуші:             Алатаудай кейпі биік қашанда,

Таң сызылып, күлер нұр шашарда

Бата бер деп бар адамдар жаяр қол,

Бір биіктен бір биікке асарда.

Сіздерден бата берулеріңізді сұраймыз!  (Бата).

1-жүргізуші:  Бүгінгі «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты кешіміз осымен аяқталды. 

2-жүргізуші:  Келіп тамашалағандарыңыз үшін көп-көп рақмет!

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ