«Қарттарым – асыл қазыналарым» (сценарий)

0
10123
ұйымдастырылған оқу қызметінің конспектісі

Тақырыбы: «Қарттарым – асыл қазыналарым»

Мақсаты: Жас жеткіншектердің бойына үлкенді сыйлап тыңдай білуге, халқының салт – дәстүрінен нәр алуға, инабаттылық пен мейірімділікке тәрбиелеу.

Жүргізуші: 

Көп жасаған қария-

Ақылы теңіз дария.

Көп өнеге сөзі бар,

Сөзі – соқпақ, сөзі – нәр.

Ата салты ардақты,

Әрбір сөзі салмақты.

Сол сөздерді ұқпасаң,

Тістерсің бір күн бармақты.

Құрметті ұстаздар мен оқушылар!

Зымыраған сағат тілінің шексіз тықылдап соғуына мән бермеген біз уақыттың қалай жылдам өтіп кеткенін сезбей қалыппыз. Енді міне, алдымызда 1- қазан қарттар күні мерекесі жақындап қалды. Неткен шіркін уақыт десеңші, осылайша ортамызда жүрген қарияларымыздың бір кезде елі, халқы, келешек ұрпағы үшін жасаған игі істері ерекше орын алады. Қазіргі кезде біздің мемлекетімізде қарттарға үлкен мән беріп, көңіл аударып, жан- жақты үкімет тарапынан қамқорлық жасалуда. Қазақстанның өсіп- өркендеуіне, еліміздің бейбітшілік тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыздың арқасы деп есептейміз. Міне, енді қарттар күні саналы ғұмырларын Отан деп, тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан алдыңғы буын аға- апаларымыздың төл мерекесі. Олардың өмір жолдары бүгінгі ұрпаққа табылмас қазына.

Қарттар – біздің асыл қазынамыз. Бүгін мектебімізде қарттар күніне орай «» атты кеш өткізгелі отырмыз. Олай болса осында отырған аталарымыз бен апаларымыздың мейрамы құтты болсын! Кешімізді бастамас бұрын сөз кезегін мектебіміздің директоры Жанасбаев Жиренбай ағайға береміз.

Жүргізуші:

Адамдар арасындағы қарым-қатынаста адамгершілік, әдеп, инабат үрдістерінің қаншалықты кең жайылып, терең тамырлануы, ең алдымен, олардың жекелеген отбасында өркен жаюына, яғни баланың ата-анасын жан-жүрек қалауымен, саналы түрде ардақтап, инабат тағылымымен үлкендерге деген  қарым-қатынастарында оны мүлтіксіз жүзеге асырылуына байланысты. Қарттарды құрметтемейтін, олардың алдындағы перзенттік парызын үлкен ынтамен орындамайтын, әдептілік, кішіпейілділік, сергек сезімталдық көрсетпейтін, бұл қасиеттер қанына сіңіп, жүрегіне ұяламаған ұрпақтан не опа, не қайыр?! Өз отбасынан жылу таппаған қаншама қарттарымыз қарттар үйлерінде өмірлерін жалғастыруда. Қарттар үйі – жасы ұлғайып, қараусыз қалған қарттарымызды қамқорлыққа алатын, әлеуметтік қорғау нысандарының бірі болып табылады және ол мемлекеттік мекеме. Біз асыл қазынамызды көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек, ол біздің басты міндетіміз! Ендігі кезекті №3 мектептің оқушыларына кезек берейік…

 Ән: «Қазақстаным» орындайтын: Өтешбаев Мадияр

1-оқушы:  Сән еңкейген нұр жүзінен әл тайып,

Қуат кетіп бара жатыр қартайып.

Отбасында, бала – шаға қасында

Жетпістер мен сексендер жүр қалқайып.

Көңіл жетім болмаған соң сыңары,

Жас баладай жаутаңдаған жанары,

Қайта – қайта қарағың кеп тұрады,

Қағыс естіп қалбақтайды баладай

Мәпелеңдер қарт біткенді аялап

Ниеті ақ, көңілі кең даладай,

Кімге болсын қарттық жетер аяңдап.

2-оқушы: Ақиқатты айқындап жариялар

Бара жатыр азайып қариялар.

Дауыл тұрса бүлк етіп толқымайтын

Бара жатыр сарқылып дариялар.

Неменеңе жетістің, бала батыр,

Қариялар азайып бара жатыр.

Бірі мініп келместің кемесіне,

Бірі күтіп әнеки жағада тұр.

Ақыл айтып жүрмесе қасымызда,

Сонда орнайды жетімдік басымызға.

Жалаңашқа шекпенін шешіп беріп,

Бір күлшесін бөліскен ашымызға.

Неменеңе жетістің, бала батыр,

Қариялар азайып бара жатыр…

Жүргізуші: Бабалар сөзі – кешегі өткен қариялардан, ғұлама ойшылдар мен шешен – билерден, ақын — жыраулар мен сал – серілерден мұра, мирас болып қалған ұлы тәрбие құралы. Біздің ата – бабаларымыздан бізге жеткен көптеген ұлағатты, ғибрат аларлықтай тамаша тәлім – тәрбие берерліктей өсиет сөздер бар.

Ән: «Тойға тілек» орындайтын: Қуанғали  Еркебұлан

Жүргізуші: Оқушылар үлкендерді құрметтеуге арналған қандай мақал – мәтел білесіңдер?

Оқушылар жауабы тыңдалады.

1-оқушы: Үлкенге үнемі сәлем бер.

2-оқушы: Үлкенге қарсы шықпа

3-оқушы: Үлкеннің батасын қабыл ал.

4-оқушы: Атаға бөлінгендер адыра қалады, Көпті қорлаған көмусіз қалады.

5-оқушы: Үлкен кісіні ренжітпе.

6-оқушы: Ауылыңда қария болса, Жазып қойған хатпен тең.

7-оқушы: Кәрі келсе асқа, Жас келсе іске.

8-оқушы: Кәрі, кәрінің сөзі – дәрі.

9-оқушы: Ақылды қария – ағып жатқан дария.

10-оқушы: Кәріліктің алды, жігіттіктің соңы.

Мақалбай ата: Ал, балаларым, жарайсыңдар! Енді өздеріңе ақ батамды берейін.

Жүргізуші:

Үлкендіктен ешкім құтыла алмаған. Бірақ кәріліктің өзінің сәні – мәні бар. Ұлықпан  Хакім мың   жасаған   дейді,  ешкім   мың  жасамайды, тек өсіп-өнген,

тәрбиелі   ұрпағымен   мың   жасайды. Ия, ұрпағының  өсіп,  жетіліп, айналасына

үйіріп отырған көреген қарияда не арман бар? Қазақтың  басқа  халықтардан  айырмашылығы – “Ұрпағым”  деп  шыр-пыр

болатыны. Ол   үшін   көзсіз   көбелектей   отқа   түсетіні. Бұл- біздің ең   ұлы

ұлттық қасиеттеріміздің    бірі. Ал   ұрпақтың  ата-ана   алдындағы  борышын

өтеу үшін жасап жатқан  ынта-жігері мемлекеттік деңгейде қолдау тауып,

зейнеткерлерге жағдай  жасау.  Президентіміздің  жыл   сайынғы  халыққа

жолдауында   арнайы қаралып, оларға қамкорлық ел эканомикасының өсімімен

қатар өсіп келеді.

Ән: «Әсем ән» орындайтын: Утебаева Әсел

4-оқушы: 

Атам менің әманда,

Әдепті жан бол деген

Атам сөзі санамда,

Жасы үлкенге жол берем.

Алдын орап кісінің,

Кесіп өтпе көлденең

Ізетімен кішінің

Сәлемдесіп қол берем

Атам менің әманда,

Кішіпейіл бол деген

Ата сөзі санамда

Мақтанбауды жөн көрем.

Қалдыратын ұлтқа

Жалған сөзге төзбеймін.

Жеткізеді мұратқа,

Тек шындықты көздеймін.

5-оқушы:

Атам менің әманда

Әділетті бол деген,

Ата сөзі санамда

Жүрмін тура жолменен

Ей, тәкаппар дүние

Маған да бір қарашы

Танимысың сен мені?

Мен қазақтың баласы

Атаң болса анаңмен

Алтыннан соққан қорғанмын

Санаң болса ақылды,

Ешкімнен кем болмадың

Інің болса мақалшы

Семсер қылыш білегің

Ақылды қыз, ақылды ұл-

Өкпе, бауыр, жүрегің.

6-оқушы:

Құттықтаймыз мейрамыңмен аталар!

Әр күлгенің бізге бақыт саналар

Еңбегіңді еш етпейтін өмірде

Елің, жұртың, ұл мен қызың бағалар

Ана мейір күн көзімен пара-пар

Тұла бойға қуат болып таралар

Өміріме шуақ шашып әрқашан

Көп жасаңдар аталар мен аналар!

Ән: «Әке — ана»   орындайтын:Ерикова Асыл

Жүргізуші:

Жас ұлғайып, кәрілік кезеңге аяқ аттау – қазақ қауымын қай уақытта да

ойлантып, толғандырған. Өзі де  дәулетті  әулеттен, не  ішем, не  кием  деп бас

қатырмай ән қанатына тербелген Біржан сал:

«Әудем жер баса алмаймын аяғымнан,

Ұстаймын екі қолдап таяғымнан.

Кәрілік келіп қалдың қай жағынан?»-деп жырласа, Абай атамыз да: «Қартайдық,

қайғы ойладық, ұлғайды арман», —  деп күңіренген.

Ащы айқайымен Сыр бойын ұйқыдан оятқан ер Нартай да:

«Қартайдым, елім, қартайдым,

Келе де береді жантайғым»,- демеп пе еді.

Ия, кәрілік дегенің, бажайлап көрсең, қуанышы аз кезең сыңайлы. Дегенмен өлі

арыстаннан тірі  тышқан  артық дегендей, бір- бірімізге  ұзақ  ғұмыр  тілеп,

«жүз  жаса», «жағың түскенше, жаманшылық  көрме», «шөбереңнің  алақанынан

су  іш»  деп  жатамыз.

7-оқушы:

Қазақтар – « Төріңнен қарт кетпесін» деп тілеген халық. Жасы үлкенге құрмет ету, қарттың бүгілген беліне сүйеу болу – біздің ата дәстүріміз.
Өзіңді өмірге келтірген, тіршілігіңе нәр берген ата-ананың алдында адамның парыз-міндеті өлшеусіз. Қазақ ғұрпындағы ата-ананың алған ерекше биік орны, қадір — қасиеті ше! Ананың ақ сүтін, әкенің адал күшін ақтау — өз болашағыңды сақтау.
Ата-анаға не істесең, алдыңа сол қайтады. Дүние кезек. Сен өмір бойы жас болып тұрмайсың. Сен ата-анаңды сыйласаң, сенің балаларың да қартайғанда өзіңді аялап күтіп, бағып-қағатын болады.

8-оқушы:

Орыс жазушысы Лев Толстойдың «Қарт пен немере» мысалы естеріңде ме? Бір үйде төрт адам. Ата, бала, келін, немере. Кәрі кісі тәрелкені сындырып алады деп, келіні атасына тамақты темір табақпен береді. Бір күні шалдың немересі ағаш жоныпты.

Әке-шешесі:
-Балам, не істеп отырсың?- деп сұрайды.
— Ертең сендер қартайып, атам сияқты болғанда тамақ ішетін ағаш астау жасап отырмын, — депті баласы. «Әкесін сыйламағанды, баласы сыйламайды»,- деген бар емес пе? Ата-анаға қатыгездік жасаған адам дүниедегі ең күнәсі көп, адамдық ардан безген жан болып саналады. Қазақ халқында ондай пенделер қатаң жазаға, қатты қарғысқа ұшыраған.
Алайда, «Ананың көңілі – балада, баланың көңілі – далада», — демекші, өзінің перзенттік борышын түсінбеген, сөйтіп, ата-анасын жерге қаратып, көкіректерін қарс айырғандар бұрын да болған, қазір де жоқ емес.
9-оқушы:

Бүгінде кейбір жастар ата-анаға ақша жағынан қарасуды өздерінің перзенттік борышын өтегендік деп біледі. Мұны әке-шешесін аңыратып, ат ізін салмай кеткендер мен жалғыз басты қарттарын кәрілер үйіне тапсыруға дәті барған жүзіқараларға қарағанда адамшылыққа баласақ та, оның да оңып тұрмаған қате түсінік екені айқын.
Ата-анаға қажетті — баласынан күтері жалғыз материалдық жәрдем бе екен? Қайта, ата-анасы баласымен бірге тұруға болмаған күнде, жиі-жиі көрісіп, жүзбе-жүз отырып әңгімелесіп, мейірін қандыруды, баласын, келіні мен немерелерін көріп, көңілдері көншуін, олардың сый-құрметін көріп, тәңірге шүкіршілік етуді аңсамай ма?! Дүниеге бала әкеліп, оны азаптанып өсіріп, енді соның қызығын, қызметін көре алмай, тірідей суынып, қайырылмай кеткен баласын аңсай-аңсай, дүниеден өткен кәрі әке-шеше қайғысынан артық қайғы бар ма?!

Жүргізуші:

«Бабаларым, рахмет сендерге!

Балаларым болмасын деп бос кеуде,

Қобызыңмен қосып ән мен тіл бердің,

Өмірге мен мылқау болып енгенде

Бабаларым, рахмет сендерге!»,- деп Мұқағали Мақатаев атамыз айтқандай міне, балалар, біз өзіміздің ата-әжелеріміз алдында қарыздармыз. Ол қарызымызды тек жақсы тәрбие арқылы, адамгершілігі мол, мейірімді болу арқылы ғана, оларды көрген жерде құрметтеп сыйлау арқылы ғана қайтара аламыз.

Қарттарымызды ардақтап өтейік! Оларды сыйлаңдар, қадірлеңдер!

Басқа материалдар

ПІКІР ҚАЛДЫРУ