Әсет Найманбайұлының «Салиха-Сәмен» поэмасы мен ғашықтық жырларындағы жігіт сипатын талдап жазыңыз!

0
17997
Өз тұстастарымен жыр бәйгесіне түскен Әсет ақын шығыс әдебиетінің озық шығармаларымен түпнұсқасы арқылы танысып, классикалық шығармаларын өлеңмен қисса-дастан етіп жырлады. Жазба әдебиет үлгісіндегі «Сәлиха-Сәмен», «Кешубай» дастандары ақынның өмірге көзқарасының, білім, талғам дәрежесінің артқандығын, жаңа арна, бағытқа бет бұрғандығын аңғартады. Ақын дастандарының өзіндік бір ерекшелігі – оның көбінесе басқа ақындар жырламаған тың тақырыптарды таңдауында. Оған «Ағаш ат», «Үш жетім қыз», «Барат қыз» қиссаларының сюжеті дәлел. Әсет Найманбайұлының адамгершілік, адалдық, имандылық секілді қасиеттерді дәріптей жырлауы – гуманистік ой-пікірлерінің жемісі.

«Салиха — Сәмен» поэмасы Ақылбай, Мағауия поэмаларының үлгісінде жазылған лирикалы – романтикалық поэма. Салиха мен Сәмен де бас бостандығы үшін, махаббат жолында құрбан болған жандар. Поэмада Алтай тауын мекендеген монғолдың Ясукей деген ханының асқан сұлу қызы Салиха сипатталады. Ханның қолындағы батыры Сәмен мен Салиха көңіл қосады.

Хан сезіп, халық білсе мұндай сырды,

Ажалдан қыз бен жігіт қалмайды аман.

Екеуін еркіменен қоспайтұғын,

Қатыгез хан қаһары өзіне аян, —

дейді ақын. Салиха мен Сәмен ешкімнен жәрдем күтпейді. Олар бір қиын құзды тауып алып, сол жерге бекініп, жан сауғалауға бел байлайды.
Хан қызының жоғалуы елді дүрліктіреді. Хан «қызымды азғырғандарды дарға асып, қыздың басын кесем»,- деп жарлық етіп, еліне іздеп табуды бұйырады. Ақыры қалың қол Салиха мен Сәменді тауып алады. Сәмен қалың қолға қарсы шығып, қансырап, естен танып құлап қалады. Қызды хан қолына табыс етеді.
Хан қолы Сәменді өлді деп тастап кеткен. Сәмен есін жияды. Ол тауда үш ай жасырынып жатып, Көкше дейтін әулиені іздеп Тянь–Шань тауына тартады. Әулие оған жәрдем көрсетудің орнына атын тартып алып, өзін жаяу қалдырады. Сәмен Салиханы іздеп зар тұтып Ұланға қайта оралады.

Ақын енді Салиха жайын баяндайды. Ол қапа мен қайғыға душар болып, гүлдей солады. Салиханың көңілі дүниеден Сәменсіз тиянақ таппай, «жолыңа жаным құрбан болсын» деп уәдесін бұзбай:

… Зар жылап осылайша қылды налыс,

Ай мен күн дәт айтуға тұрсың алыс.

Куә бол тәңірі алдында сен екеуің,

Ғаламсың көпке бірдей тура қалыс.

… Соны айтып салды қанжар жүрегіне

Жан шығып тез жетуге тілегіне…

Сөйтіп қаза болған жарының басына Сәмен де келіп, сол қанжарды қолына алып:

Жас жаным Салихамен болсын бірге,

Маржандай қызыл қаным жерге тамып.

Қара жер, мейірімді анам, аш қойныңды,

Саяңа келіп тұрмын Сәмен ғарып, —

деп ол да өзін — өзі өлтіреді.

«Салиха — Сәмен» поэмасының мазмұны осы.
Поэманың идеялық мазмұны хандық дәуірде адамның жеке басының ерікті болуына еш мүмкіндік жоқ екенін көрсетеді.Мұндағы жағымды екі кейіпкер – Салиха мен Сәмен нағыз романтикалық геройлар. Екеуінің де ерлік мінезі мен ерлік ісі, махаббат жолындағы қайсар күресі, айтқан серттен айнымай шығысып, бір қанжармен тағдырын шешу – осының бәрі өршіл романтизмнің белгілері.
Салиха мен Сәмен өлгенде жеңіліп, бас иіп өлмейді. Ғашықтық уәделеріне жеткеніне разы болып, тәкаппарлықпен өледі. Бұл екі кейіпкер де бір сезімге берік берілген. Ол сезім – махаббат. Поэманың оқиға түйіні, тартыс желісі сол махаббат жолындағы күреске құрылған.
Ақын поэмасында махаббатты ешбір күш жеңіп бағындыра алмайды деген қорытындыға келеді. Сәмен өлерде:
Қош айтам тау мен тас, дария көлге,
Жат бауыр өсіп — өнген біздің елге.
Сайрандап көк аспан мен тұрған жұлдыз,
Сәуле бер біздің жатқан сары белге, -деп жұлдыз сәулесінің ғашықтар қабіріне түсіп тұруын тілейді.
Салиха да, Сәмен де өлерде жеке адамға кінә қойып, қарғыс айтпайды. Өйткені, бүкіл әлеуметтік өмір, хандық дәуір, тар заман бұлардың өліміне кінәлі.
Әсет Найманбайұлы поэманың романтикалық сарынына сай оқиғаның ширап өрбуін асқақтаған суреттермен, табиғаттың айбынды тұлғасының құшағында береді. Әсет ақын поэмасының тіл көркемдігі, сөз образдары жағынан да Абай үлгісі, Абай өнегесі айқын көрініп тұрады.

Салиханы суреттегенде:

Тамағы ақ торғындай үлбіреген,

Сүйріктей он саусақтың бір саласы, —

деген сипаттау Абайдың:

Жұп – жұмыр ақ торғындай мойыны бар,

Үлбіреген тамағын күн шалмайды, —

деген суретін еске түсіргендей.

Темірдей қара жартас сұрғылт түсті,

Қабағын қаһар көзін қарс түйіп, -деген суреттер Ақылбайдың «Дағыстан» поэмасындағы, не Лермонтовтағы Кавказ тауының бейнесін көз алдыңызға әкеледі.

Мұңлы тау аспанменен бой теңескен,
Тұрғандай бейне мүлгіп басын иіп, -деген сияқты метафоралар, «Ақырған аждаһадай тасқынды өзен» деген жолдар Әсет Найманбайұлының бұл поэмасында анық мәдениетті, жазба ақынның салтын сақтағанын көрсетеді.
Сонымен, «Салиха — Сәмен» лирикалы – романтикалық көркем поэмалардың бірі, Әсет ақын поэзиясының құнды мұрасы.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ