Қасым Аманжолов

0
3102
Қасым Аманжолов

Қасым Аманжолов

(1911 – 1955)

Қасым — мәңгілік. Халқы бар жерде Қасым бар. Оның өлеңдері әлі талай елді қанаттандырады. Нағыз өлең, нағыз жыр періштенің үні десек, соның бір мысалы Қасым Аманжолов.

Уақыт өткен сайын биіктеп асқақтайды, құпия сыры одан сайын көрініп айқындалады. Тереңге көз салған ұрпақтар телегей теңіз поэзия құдіретін аңғарып сүйсінері ақиқат.

Біздің ақындық қиялымызды түгел билеген, өзіне еліктеткен, ертеңімізге жол ашқан аса сүйікті ақынымыз Қасым Аманжолов қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында, 1911 жылы дүниеге келген. Ол жастай жетім қалып, Семей қаласындағы балалар үйіне орналастырып, сонда бастауыш білім алған. Семейдегі малдәрігерлік техникумға түсіп, оны 1930 жылы бітірді. 1931 жылдан Ленинградтағы Орман шаруашылығы институтына түседі, бірақ денсаулығына байланысты оқи алмай қайтып оралады. 1931- 1941 жылдары «Лениншіл жас», Орал облысындағы «Екпінді құрылыс» газеттері редакцияларында істеді. Оның алғашқы өлеңі 1931 жылы осы газетте жарық көреді.

Қасым Аманжолов алғашқы кезде фольклорлық үлгілерге бой ұрған. Әйтсе де талапты ақын өзінің табиғи дарынының қуатын іштей сезініп, жаңа ізденістерге, сонылыққа құлаш сермеді. Қазақтың бай ауыз әдебиетін Абай поэзиясының құдіретін жете түсінумен бірге, орыстың және шығыстың классик ақындарының шығармаларын ана тіліне аударып, өз творчествосына нәр алды.

Аманжолов жаратылысты, табиғат көрінісін көлденең көзбен көруші болып жырламайды. Дәуірді, отанды айта ма, ауыр күндер мен сын сағатты айта ма, қуана ма, киіне ме – соның бәрінде ақын табиғат суреттері мен мінезін өз суретіне, өз мінезіне айналдырады.

1930 жылдардың аяқ шені мен Ұлы Отан Соғысы кезеңі – Қасым Аманжолов ақындығының анық бой көрсеткен шағы. Оның бұл кездегі өлеңдері ойы айқын, өрнегі нақышты болып келеді.Көңіл- күйінің әр алуан сезім- толқыныстарын бір публицистік леппен, бірде сыршылдықпен жырлайды. Тез түйсік алып, тез тұтанатын сезіміне ойының батылдығы, поэзиясының үнділігі, бейнелеулерінің тапқырлығы, тілінің байлығы қосылғанда, Аманжолов ақындығының тегеурінді қуаты анық сезіледі. Махаббатт, достықты, жаратылысты жырлаған, ұлы адамдарға көптеген өлеңдерін арнаған Аманжолов ел өміріндегі жаңалықтарға үнемі үн қосып отырды.

Әлеуметтік тақырыпты да мол жырлады. Өмірдің мәнін, ез тірліктен ерлік өлімнің қасиеттілігін көркем образ арқылы бейнелеген.

Қасым Аманжолов білікті аудармашы ақын. Ол аударған Пушкин, Руставелли, Маяковский, Тарас Шевченко өлеңдері – қазақ әдебиетінің аударма өнері саласындағы елеулі табыстары.

Қасым Аманжолов қабіріне қойылған ескерткіште ақынның “Өзім туралы” өлеңінің :

“Өкінбен менде бір күн өлемін деп,

Өкінем ұқсата алмай келемін деп,

Күніне жүз ойланып, мың толғанам,

Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп, — деген шумағы тасқа ойылып жазылған.

Поэзияға қояр эстетикалық талабын әр кез айқын танытып отырған талантты ақынның өзіне де, өзгеге де айтары осы.

Қасым Аманжолов шығармалары қазақ, орыс және басқа да туысқан халықтар тілдеріне аударылды. Оның творчествасы әдебиет шыңынан берік орын алды. Қасым Аманжолов туралы замандастары естеліктер жазды, ақындар оған өлеңдерін арнады.

Қазақ әдебиеті тарауына Қасым Аманжолов творчествасы арнайы тарау болып енді.

Қасым Аманжолов жоқшылық, жетімдікті сәби шағынан басынан өткізеді. Қой- қозы бағады, тезек тереді, кісі есігінде де телміреді. Содан да болар ол жалт еткен найзағайдай өткір тілді, қажырлы, қайратты, тік мінезді.

Өзі айтқандай, Қасым “жасық өлең емес, асыл өлең” жазуды өмірінің бар мақсаты етті.

Аманжолов Қасым Рақымжанұлы 1955 жылы 17 қаңтарда дүниеден өтті.

Қасым өмірді мейлінше сүйген ақын.

Ақынның адал, шыншыл мінезі өзімен бірге өлген жоқ, тамаша өлеңдерінде жүр” деп Т. Ахтанов айтқандай, Қасым өлеңдерімен бірге арамызда деп сенеміз.

Басқа да материалдар Мұғалімдерге Ашық сабақтар Сабақ Жспарлары Оқушыларға Рефераттар ҰБТ Шығармалар СӨЖ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ