Әз -Наурыз: мейрам туралы деректер мен зерттеулер

0
3248
Наурыз қазақ пен оған бауырлас шығыс халықтарының ықылым замандарда отқа, күнге, айға, суға табынған кездерінде пайда болған, яғни табиғаттың қойнынан, күн мен түннің теңелуінен шыққан маусымдық мейрамы.Зороастризм дінін, оның негізі жазылған үндіеуропа тілдерінің түп қазығы болып табылатын «Авестаны» ұзақ зерттеген ағылшын шығыстану­шысы Мэри Бойстың пікірінше «Ең үлкен зороастрлық наурыз мерекесін Зәрдөштің өзі жасаған». Сондай-ақ ол «Зәрдөш көне дәуірде өмір сүрген, оның жолын ұстаушылардың өзі оның қашан, қайда пайда болғанын ұмытқан, бұрын әртүрлі ирандық тайпалар Заратуштраны өз отандарында болған деп көрсетуге тырысты. Көпке дейін ол Иранның солтүстік-батысында, Әзірбайжанда өмір сүрген деп те көрсетілді. Шын мәнінде ол Азия даласында, Еділдің шығыс жағында өмір сүргені анықталды» – деп тұжырымдайды. Ал ғалым Е.Э.Бертельс «Зәрдөш б.з.д. VI ғасырдың аяғында өмір сүрген» – деп нақтылай түседі. Әз -Наурыз: мейрам туралы деректер мен зерттеулер:

Қазақ шежірелеріне қарағанда, «Наурыз бен Алаш бірге туған адамдар»:
Қазақтан – Наурыз, Алаш екі ұл туған,
Наурыздың деп айтады үлкен жасын.
Ұрпақсыз өлген Наурыз жазғытұры,
Келер жыл көктемде оның беріпті асын.
Қазақтың балалары сонан бері,
«Наурыз» деп қойыпты атап
жылдың басын.
Наурыздың қазақ қоғамындағы рөлі кез келген астан, тойдан, басқа да шаралардан жоғары. Абай «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» деген қара сөзінде Наурыз тарихын көшпелі халықтардың «хибағи», «хұзағи» деп аталған заманына дейін апарып, «Ол күнде Наурыз бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп, тамаша қылады екен. Сол күнін «ұлыстың ұлы күні» дейді екен» – деп жазады. Ақын Наурыз тойын дінге жалғастырмай, көктем мерекесі екенін ашық айта келе, «ұлыстың ұлы күні» деген сөздің өз заманында алғашқы мәнін өзгертіп, Құрбан айтқа байланысты айтыла бастағанын былай деп ескертеді:
Жаз жіберіп жан берген қара жерге,
Рақметіне Алланың көңіл сенер,
Мал семірер, ақ пенен ас көбейер,
Адамзаттың көңілі өсіп көтерілер.

Қазір біраз жұрт Наурыз мейрамы басталғалы бері «Наурыз парсы тілінде жаңа күн» деген ұғымды білдірсе, «бұл өзі бізге парсыдан, шығыстан келген мейрам екен ғой» дейді. Шын мәнінде солай ма? Біздің ойымызша, XVIII ғасырдың басында қазақтар жоңғардан шегініп, ата-жұртын тас­тап, Бұхара, Самарқан, Жиделібай­сын­ға барып, ел-жұрт азат болған соң ата қо­ны­сына қайта оралғанда «Наурыз» сөзін ала келген. Бұған дейін қазақ халқы бұл мейрамды «Ұлыс», «Ұлыстың ұлы күні» деп, соңынан «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» деп айтатын болған. Шәкәрім бұл үрдісті ай­қын ашып көрсетеді: «Наурыз – парсы тілі: Жаңа күн деген сөз. Мұны қазақтар Бұқар, тәшкендік қожалардан үйренген. Ескі қазақта (ескі түрікте) Жаңа жылғы күннің аты – Ұлыс». Қожа-молдалар «ескі әдетті қалдырамыз» деп Құрбан, Ораза айттарын Ұлыс күні дегізіп, Ұлысты Наурыз дегізген. Жыл басының Ұлыс екенінің тағы бір дәлелі мынау: Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар, Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы болар».
Наурыз — қазақтың ұлттық мейрамы, төл мерекесі екеніне Алаш арыстары да қалам тербеген.
Ахмет Байтұрсынұлы: «Наурыз – қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде һәр елде наурыз туғанда мейрам қылып бас асып, қазан-қазан көже істеп, ауылдан-ауылға, үйден-үйге жүріп, кәрі-жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып, көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді, құтты наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында һәр түрлі сөйленеді. Біреулер наурыз марттың бірінде, екіншілері тоғызында келеді деседі, һәр жұрттың белгілі күнде жаңа жылы туады. Ескі жыл бітіп, жаңа жыл басталғанда: «Жаңа жыл қайырлы болсын! Жаңа бақыт кәсіп болсын!» деп құттықтасады, ол күнді мейрам қылып шаттықпен өткізеді».
Міржақып Дулатов «Орыста мейрам көп, қазақта айран көп» деген мәтелді тілге тиек ете келе былай деп жазады: «Мұсылман жұрттарына ортақ, жылына екі рет келетін Ораза, Құрбан айттарын есепке алмағанда, бізде жалғыз мейрам бар, ол – Наурыз.
Наурыз – қазақтың шын мағынасын­дағы ұлт мейрамы… Наурызды біздің қазақтың мейрам етуі – айырықша сыйымды, артықша дәлелді. Неге десеңіз, наурыз (марттың) ескіше 9-да, жаңаша 22-інде күн мен түн теңеледі, қыс өтіп, жаз жетіп, шаруа кенеледі. Қыс бойы ақ кебінін жамылып өлім төсегінде жатқан табиғаттың, жанды-жансыздың тірілуі кімнің болса да көңіліне шаттық беретіні анық болса, тіршілік жағынан қыстың өтуіне, жаздың жетуіне қазақтан артық тілектес, қазақтан артық қуанатын ел жоқ деуге сияды».
Наурыз ұлан-байтақ қазақ жерінің ауа райына байланысты әр түрлі кезеңде атап өтілген.
Киіз үйдің есігінен күн түссе мұны «үт» деген. Бұл ақпанның 19-ы мен наурыздың 20-сы аралығында болады. Осыған байланысты Сыр қазақтарында «Үйге үт кірді, егіншінің көкейіне құт кірді» деген мәтел бар. Оңтүстік өңірде «Жыл басы жылқышы торғайдың ұшып келуімен» орайластыра мерекеленеді. Батыс Қазақстанда 14–15-ші наурызда «көрісу» дәстүрі бар, бұл күн: олар туған-туыс, дос-жаранға қонаққа барып, әртүрлі тарту жасайды. Ал Орталық Қазақстан тұрғындары жаңа жылды Үркердің аспанның батыс бөлігіндегі жас Аймен тоғысуына қарап, кешірек қарсы алады.
Екі батыр соғысты,
Үркер мен Айдай тоғысты, —
дейді халық ауыз әдебиетінде, себебі, Сәуір (Үркер) жұлдызы Наурыз айына дәл келеді. «Сәуір болмай, тәуір болмайды» – деген мәтел көктемгі күн мен түн теңелген тұстағы, Айдың жаңа орағының алдындағы Сәуір (Өгіз) жұлдызының тоғысына байланысты айтылған. Бірақ қазақ Сәуір мен Ай тоғысты демейді, Ай мен Үркер тоғысты дейді. Бұл тұрғыдан келген сәуір (Өгіз) – жұл­дыздың аты және амал. Сондықтан апрель айын «сәуір» демей «көкек» деп атаған дұрыс.
Қазақ есепшілерінің тәжірибесіне сүйенсек, Үркер күздің басында шығыстан, қыстың басында төбеден, ал көктем басында аспан етегінен көрініп, жазға қарай мүлдем батып кетеді. «Үркердің жерге түсуі» делінетін осы кезеңге 40 күн жазғы шілде сәйкес келеді. Бұл кезеңде Үркердің көкжиектен көрінбеу себебі – Күн жолы наурыз айында дәл соның үстінен өтеді. Қазақстанның кейбір жерлерінде ғана, мәселен, Орталық өңірлерде осы кезде Үркердің қос жұлдызы, бұқаның мүйізі секілді, батқан күн жолының екі жағынан қылтиып көрінеді. Аспан көгіндегі дәл осы көріністі Қазақстан жартастарына шимайлаған петроглифтерден — мүйізімен Күн көтеріп тұрған алып Көк өгіздердің суреттерінен көруге болады. Біздіңше, бұл сахна арқылы ежелгі түркілер аспан белдеуіндегі Күннің жолы мен Жерге келген Жаңа жылдың символын бейнелеген.
Наурызда өгізді құрбандыққа шалу олардың қадым замандардан келе жатқан астрономиялық түсініктерімен байланыс­ты, ал жас балалардың маңдайына қанмен дөңгелек салу дәстүрі – Күнді құрметтеуден туған көне ырым (культ).
Ертедегі Шығыс астрономдары мен жұлдызнамашылары Наурыздың аптаның қай күні кіретіне қарай, бүкіл жылдың сипаттамасын берген. Қожа Әли Термизидің (859–932) «Наурызнамасында» Наурыз сәрсенбі күні кірсе өте қиын жыл (қымбатшылық, апат, ашаршылық, т.б.) сонымен қатар жұма, сенбі күндері кірген жылдар жақсы болмайтынын көрсетеді, ал аптаның басқа күндері «жақсылық жылдары» деп есептелінеді. 80-нен аса тарих, пәлсафа, дін, діни наным-сенімдер туралы жазған шығыс ғұламасының бұл еңбегі Наурыз тарихын зерттеушілерге таптырмайтын жәдігер.
Наурызды мейрамдаудың дәстүрлі белгілерімен (көрісу, көже, ұйқыашар, самалық айту, дір еткізер, селт еткізер, т.б.) қатар әр аймақта өзіндік сахналық рәсімдер өткізілген. Мысалы: Шыңжаң қазақтарында он екі бала әр жылдың атына бөлініп: тыш­қан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз болып бетперде жасап, жылан болып ысқырып, ит болып ұлып, сиырша мөңіреп, қойша маңырап, жылқыша кісінеп, әр жыл бір-бірімен айтысқан (жалпы, қазақта: ата-тек айтыс, тау айтыс, өзен айтыс, жыл айтыс, т.б. айтыс түрлері болған – А.Т.).
Сиыр жылы мен Жылқы жылының айтысы:
Емшегім – сүт, терім – бұйым,
денем – ет,
Сен, Жылқы, мен тұрғанда адамға шет.
Әрбір үйдің әрдайым мен қасында,
Сен бір безбе, кісендеулі қашанда, – дегенде, жылқы бүркеншігіне жасырынған бала:
Жау келгенде жұртта қалдың сен сасып,
Жақсы болсаң кетер едің бел асып.
Қымыз барда сүт қазаққа тамақ па?!
Сенің құның татымайды жармаққа, – деп кісінеген болады. Тегінде осы жыл айтысының әр жылға арнап ақындар мәтінін жазып, оқу-ағарту саласына таратса, Наурыздың мазмұны байи түсер еді. Халқымызда дастарқан батасы, мал батасы, жан батасы, жорық батасы, аң батасы секілді Наурыздың өз батасы бар. Әр үйде көже жасалып, ел аттылы-жаяу, ілгерінді-кейінді, мәз-мейрам болып үйлерге кіріп, көп көжеге бата қылады.
«Жаз періште» – «Әз» кепті,
Әзден үркіп қар кетті.
Ақ қар, көк мұз жұтатқан
Наурыз келіп, жаз кірді.
«Жаз періште» – «Әз» кірді,
Күнеске тосып арқасын
Жан біткенге наз кірді, – деп басталады, одан әрі елді-жерді пәле-жаладан, апаттан қорғап, аяғында тілектер айтылады:
Көже істеген келіндер,
Көпке жаққан елшіл бол,
Бозторғайдай төлшіл бол,
Кірсе байқар көзді бол,
Ағайынға тұрар сөзді бол!
Қыстан қысыр аладық,
Жаздағыдай жадырамадық…
Өткен күн өзімен кетіп,
Келген күн жарылқасын!
Күнікей – наурыз жарылқасын!
Аллаһу әкбар!
Қазақта сонымен қатар Ұлыстың ұлы күні — Наурызды «Ұзын сары» деп те атайды. Мұндайда Наурыз келгенде – «Ұзын сары келді» дейді.
Қазақ ауылдарында ертеде тайқазан, нарқазан деп аталатын үлкен қазандар болған. Қазан – сонау скиф-сақ, ғұн заманынан келе жатқан «жеті қазынаның бірі», ғұрыптық тамақ пісіретін ыдыс. Қожа Ахмет Иасауи кесенесіндегі тайқазан – көшпенділердегі береке мен бірліктің символы. Сондай-ақ, көне ертегі-жырларымызда алтын қазан іздеу салты кездеседі:
Сөз тыңда, құлақ салып, балам, маган,
Астында дарияның алтын қазан.
Әкелсең сол қазанды ерлік қылып,
Беремін Күнсұлуды қосып саған.
(«Құламерген»).
Ертеректе Наурыз мейрамында ауылдың тайқазанына әр үй өзінің 7 түрлі тағам қосып пісіріп әкелген көжелерін құятын, сонда 30–50 тамақ қоспасынан жасалған «наурыз көже» немесе «көп көже» болып шығады. Бұл аспаздық жұмыстың бәрін елге қадірлі, ауылға белгілі әйел – бәйбіше басқарады. Қазанды иесіне қайтарғанда әбден жуып, түбіне міндетті түрде піскен тамақ (бауырсақ, тоқаш, ет) салып, құлағына ақтық байлап қайтарады, өйтпесе «қазан өкпелейді», «қазан шамданады» деп ырым қылады. Қазақ арасында екі адам ренжіскенде «өкпесі қазандай», «өкпесі қара қазандай» деп айтылатын сөз тіркестері осыдан шыққан. «Қара қазан, сар баланың қамы үшін», «Қара қазан сар бала, жылап жатыр көп бала» дегеніміз – халық, бұқара халық дегеннің баламасы. Атадан мирас болып келе жатқан қазаннан айырылу – құт-береке, байлықтан айырылу, оны біреу тартып алса, масқарашылық саналатын. Абылай хан 1780 ж. шамасында Ботаханды тірідей жерге көміп өлтіргенде, Олжабай бастаған батырлар ханның ауылына ат ойнатып, ата-бабасынан келе жатқан қазанын алып кетеді.
Түрік армиясының янычарлары сұлтанға қарсы болғанда асханадағы үлкен қазанды төңкеріп тастайтын, қазақта да бір адам екінші адамға ашуланғанда «қазаныңды төңкеріп кетейін» деп айбат шегеді. Қазан да шаңырақ сияқты бүтіндіктің белгісі, қазан толы, тоқ болса, ел де мықты.
Наурыз күнінің бір ерекшелігі — «көрісу».
– Амансыз ба?
Ұлыс оң болсын,
Қайда барса жол болсын!
– Ұлыс бақты болсын,
Төрт түлік ақты болсын!
– Ұлыс береке берсін,
Бәле-жала жерге кірсін! – деп құшақта­сып көріседі.
Бозбалалар мен қыздар да Ұлыстың ұлы күні емін-еркін бас қосып, ауылды, елді той-думанға бөлегенін мына өлең жолдарынан көреміз:
Есік алды қара су бойлағаным,
Жалғанның қызығына тоймағаным.
Көмілсем де кетер ме көкейімнен,
Қалқаммен Ұлыс күні ойнағаным.
Ауыл қыздары өздері жақсы көрген жігіттерге арнап, соғымның қалған етін уызға салып пісіріп, «ұйқыашар» деп аталатын тамақ дайындайды.
Осы арада бір айта кететін жайт, наурыздың қазақ халқының тамақтану мәдениетіне тікелей қатынасы бар. Наурызда соғымның қалған-құтқаны көжемен, сыбағамен бітеді, халық жаппай «қызылдан – аққа», яғни сүтті тағамдарға (айран, қымыз, құрт, ірімшік, т.б.) көшеді. Жаздың шіліңгір ыстығында қойдан – бағлан, байлар жылқыдан – тай, кедейлер ешкіден – лақ жеген, бұл төлдердің еті қара күзге, күздік сойғанға дейін адам ағзасына жеңіл болған, мұны маусымдық тамақтану жүйесі, яғни маусымдық диета деуге болады.
Жігіттер мен бозбалалар қыздарға арнап «селт еткізер», «дір еткізер» деген сыйлықтарын ұсынады. Бұл сыйлыққа айна, тарақ, иісмай, күміс жүзік жатады. Айна – пәктік пен жастықтың, тарақ – әдемілік мен сұлулықтың, иісмай – бүршігін жаңа жарған жауқазынның, күміс жүзік – тазалықтың белгісі.
Халықтың мифологиялық түсінігінде 21-ші наурыз түні даланы, үй-үйді Қызыр аралайды, сондықтан «Қызыр түні» деп аталады. Қызыр үй іші, қора-қопсысы, ауласы және киген киімі мен ішкен тамағы таза адамдарға қонады. Сол себепті ауыл-үй түгел Наурыздың алдында кір-қоңдарын жуып, таза киімдерін киіп, үй ішін, қора-қопсысын тазалайды. «Қызыр бас бармағы былқылдап тұратын, ақ сақалды қария екен, амандасқанда бармағынан білуге болады» деп жатады.
Қызыр ата табиғатты аралап жүріп, назары жерге түссе, қыстың тоң-мұзын ерітіп жібереді, ал тасқа түссе тас та балқиды екен. Самарқанның көк тасы еріген күн Наурыздың басталуы екен. Наурызды қарсы алудың бірінші нышаны – үлкендердің балаларға сұрау салуы:
Самалық, самалық,
Көк құс көзін ашты ма?
Аяғын жерге басты ма?
Самалық, самалық,
Самарқанның көк тасы
Жібіді ме, көрдің бе?
Самалық, самалық,
Қап тауының көк құсы
Жүгірді ме, көрдің бе?
Қазақтардың астрономиялық түсінігі бойынша, Жаңа жылда Күннің көзі көрінген уақыттан кейінгі екі сағат уақыт «күн сәті» деп саналады. Егер кімде-кім Ұлыс күнінің күн сәтінде күн шұғыласын маңдайымен тосып қарсы алса, оған Наурыз құты дариды деген дәстүрлі ұғымға сай, Жаңа күнді қарсы алу салты қалыптасқан. Күлімдеп көрінген Күнге иіліп сәлем беріп, «құт дарысын» деп, айнала төңірекке ақ бүркіп тарасады.
Жаңа жылдың бірінші күнінде күннің қалай атқаны, оның түр-түсі есепшілердің үнемі назарында болады. Жұлдызшылардың тәжірибесіне сүйенсек, күн бұл таңда төрт түрлі болып атуы мүмкін екен: 1) Күн егер жанған оттай қызарып, қанқызыл болып шықса, ол жылы өлім-жітім, өрт көп болады, соғыс, қантөгістер де болуы мүмкін; 2) Егер күн түсі сары қызыл тартып, ыстық леп бір­ден бетке ұрып, шақырайып шықса, ол жылы құрғақшылық болады. Таулы аймақтарда жиі-жиі тасқын болып, шалғынды далада жиі-жиі өрт шығады; 3) Күннің түсі күңгірт тартып, қораланып, солғын көрінсе, ол жылы жауын-шашын ерекше көп болады; 4) Күн сәулесі жан-жаққа шашырап, шапағын төге рауандап шықса, ол жылы жанға жайлы молшылық болады.
Наурыз күні таңертең ертемен ерлер қолдарына күрек, кетпен, ал қыз-келіншек­тер құрт, ірімшік, сүт, піскен ет алып далаға шығады. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп қаумаласқан жігіттер айнала төңіректсгі бастаулардың көзін ашса, «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын!», «Бір тал кессең, он тал ек!» деген қариялар бұлақ басына тал егеді. Әйелдер атып келе жатқан Күнге тәу етіп, «Армысың, қайырымды Күн-ана!» деп иіліп сәлем береді, «Кеудесі түкті Жер-ана, құт дарыт, жарылқа!» деп ашылған бұлақ көзіне май құйып, жаңа егілген ағаштарға ақ бүркеді.
Ақ түйенің қарны жарылған бұл күні ха­лық ішіндегі жас ерекшелігіне қарай қалып­тас­қан дәстүрлі ілтипат, ізеттер біршама жұмсарады. Тіптен, келіні қайын атасымен, күйеу баласы қайын енесімен әзілдесуіне болады. Наурыз күні бұндай іс көзге сөлекет көрінбейді. «Ұлыс күні қариялармен көріссем, батасын алсам, болашақ ұрпағыма олардың күш-қуаты дариды» деген сенім бойынша, бұл күні жас келіндер көп жасаған, балалы-шағалы, шежіре қарттармен көбірек көрісуге тырысады.
Жаңа жыл Наурызды мерекелеумен қатар, төрт түлік мал өсірген халқымыз, әсіресе қолы жеткендер, ата-бабаларына, аруақтарға міндетті түрде еркек мал сойып құдайы тамақ берген. Мысалы, Шақшақ Жәнібек кенже қызын бір досының баласына берген. Жәнібек өлгенде сол қызы келіп, әкесін жоқтаған мына өкпе-назынан осыны көруге болады:
Айналайын әке-кем!
Неге бердің кедейге?
Қанша ақылды десең де,
Кедейді кедей демей ме?
Байға берсең әке-кем,
Қазысы қарыс айғырды,
Сүбесі сүйем қошқарды,
Ұлыс күні соймас па ем?
Тамам сорлы тоймас па еді?
Ұлыс сайын басыңа
Жұп шырақ жағып қоймас па ем…
Қызыр түні Жаңа жыл табалдырық ат­­тап, үйге енгенде «Жалғыз шала сәуле бол­мас» деп төрге қос шырақ жағылады.
Ұлыс күнінде сәлемдесудің қалыптасқан дәстүрі бар, ер адамдар қос қолдасып төс соғыстырады, әйелдер болса құшақтасады, ерлер мен әйелдер кездессе құшақ айқастырады. Қос қолдап амандасып, төс соғыстыру «өмір тірегім – төсім, тіршілік көзім – екі қолым аман-сау болсын» дегенді білдіреді.
Наурызда әр үйдің есігі ашық, дастарқа­ны жаюлы тұрады. Дәстүр бойынша әр адам міндетті түрде қырық үйге кіріп дәм татқаны дұрыс деген тәмсіл бар.
Ұлыс күні кәр-жас
Құшақтасып көріскен,
Жаңа ағытқан қозыдай
Жамырасып өрістен.
Шалдар бата беріскен:
Сақтай көр деп терістен,
Кел, таза Бақ, кел десіп,
Ием, тілек бер десіп,
Көш, Қайрақан, көш десіп,
Көз көрмеске өш десіп…
Қайрақан – қазақтың исламға дейінгі пантеонында жаманшылық иесі. Бұл туралы М.Әуезов былай дейді: «… Мұнда баяғы заманда, Ұлыстың ұлы күні қалың елдің жаңа тілек тілейтіні көрінеді. Жұп шырақ жағу, кетік аяқ, кетік шөміш сындыру, көріскенде «Таза бақ кел» деп, «Көш, Қайрақан көш» аластау – барлығы да сол заманның тілегі».
Ежелгі түркілердің мифологиялық көне түсінігі бойынша да жақсылық жаршысы – аспан шамшырағы, Күн бейнелі Ұмай ана. Сондықтан да қазақ елі жаңа түскен келінді табал­дырықтан оң аяғымен аттата сала, «От-ана! Май-ана! Жарылқа! Жарылқа!» деп, отқа май құйғызады. Осы ізгі ниетті ақ тілеудегі «От-ана» – қазақтардың мифологиялық кейіпкері Үт бикеш те, ал «Май-анамыз» – Ұмай ана.
Ата-бабаларымыздың ұғымынша, «Күн», «Ана», «Құт-береке», «Молшы­лық», «Мейірім» – барлығы да бір ұғымға саятын­дықтан, қыз бен жігіт тартысында Жаңа жылдың, қасиетті Күннің құрметіне қыз баланың жеңгенін мақұл көрген.
Қазақтардың Жаңа жылда алғаш шапақ атқан күнді қарсы алып, оған иіліп сәлем етуі немесе қымызмұрындық тойында алғашқы қымызды Күнге иіліп, тәжім етіп ішуі секілді көне дәстүрлері олардың ежелден-ақ Күнге табынған сақ жұртының жұрағаты екенін дәлелдей түседі.
Аузы дуалы қариялар мен ел басқарған көсемдер Наурыз мейрамы үстінде ұрпақта­ры ұмытпай айта жүретін аталы, ұлағатты бір сөз артына қалдыратын дәстүр болған екен. Бір күн ойланып, ойлы сөз таппаған адамды көп алдында айыптап, тіптен ағынды өзенге лақтыратын да болған. «Осындай сынға ұшырап, қанша ойланса да жүйелі сөз айта алмаған бір батыр суға лақтырылар тұста аузынан «Көп қорқытады, терең батырады» деген сөз шығып, жазадан аман қалыпты-мыс» деген ел аузында әңгіме де бар.
Наурыздың бір мәні – теңдік күні ұлылық пен кішілік жасалатын, бай мен жарлы жарасатұғын күн. Хан қарашаның халін ұғып, қараша ханның төріне шығатын күн. Тіпті шығыс елдерінде патша наурыз күні тағынан түсіп, құлды таққа отырғызған уақиғалар болған.
Наурыз күні адамдар бақай есеп, пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ұжданы алдында арылуы керек. «Ұлыс күні алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «Жақсылықка жақсылық – жай адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер жігіттің ісі», «Тас атқанға – ас ат» секілді нақылдарды өзек етіп, ту көтерген билер, ақсақалдар ат құйрығын кесісіп, араға жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған, осылайша ел бірлігін күшейткен.
Отбасын тентіретіп жібергендерді қайта қосып, жалғыз-жарым жетімдерді үйлендіріп, жеке отау қылған. «Сүйекке дақ, етке таңба болмасын» деп кембағал, мүгедектерді жақын туыстарының қарауына арнайы міндеттеп тапсырған. Ауылда, елде отырып қалған қыз, үйленбей жүрген жігіт болса елбасылары – ақсақалдар кеңесіп, басқа ауылда сондай адамдар болса қосып, жанұя қылатын. Әсіресе, «отырып қалған қыздың кесірі тиеді» деп теңін тауып береді.
XX ғасырдың басында қазақ ағартушы-ойшылдары жаңа ғасырдан жаңа үміт күтіп, отарлық езгіден, көшпенділік тұрмыстан қалжыраған халқының ұлыстың ұлы күніне балаша қуанып, өздерінің жүрек жарды өлеңдерін арнаған.
Ұлыстың ұлы күнінде
Бай шығады балбырап,
Қасында жас жеткіншек
Тұлымшағы салбырап.
Бәйбіше шығар балпиып,
Күндіктері қайқиып.
Келіншек шығар керіліп,
Немесе:
Сәукелесі саудырап.
Қыз шығады қылтиып,
Екі көзі жаудырап.
Бозбала шығар бұрқырап,
Ақбөкендей сырқырап.
(Шәкәрім)
Немесе:
Аспанда күннің нұры,
Мақпалдай жердің түрі.
Қуаныш – мал мен жанда,
Қыс шыққан өлмей тірі.
(М. Дулатов)
Мейрамдар – ұлттық сананың бір көрінісі, керек десеңіз, ұлттық идеямен сарындас, сол себепті де Алаш арыстары Наурыз­ды барынша насихаттап, елін езгіден алып шығып, ұлтының рухын көтермекші болды. Енді егеменді ел болғанда, Ұлыстың ұлы күнінің халық жадынан ұмтылған сырлары мен қырларын қайта жаңғырту – бүгінгі күннің талабы.
Қазақстанда Ұлыс күнін тойлау асыра сіл­теушіліктің салдарынан 1926 жылдан кейін тоқтап қалды. Одан кейінгі жылдарда Наурыз мерекесінің бағы ашылды деп айта қою қиын. Ол бірде «діни мейрам», бірде «ескіліктің сарқыншағы» деген жалған жала мен қуғынға ұшырады. Халық жадында еміс-еміс, үзік-үзік болып сақталған Наурыз Қазақстанның кейбір өңірлерінде жасырын тойланып келсе, кейбір аймақтарында ұмытыла бастады. Бір халыққа тиесілі ұлттық мереке ғана емес, жалпы халықтың интернационалдық мейрамы – Наурыздың қайта тіріліп, жаңғырып, халқымен қауышуына бүгінгі тәуелсіздік салтанаты ғана мүмкіндік алып берді. Қоғамдық пікірге көңіл қойған үкімет орындарының тікелей басшылығымен 1988 жылғы көктемде Алматы қаласы мен астаналық облыстың кейбір аудандарында 62 жылдан соң өз мәнінде Наурыз тойы тойланды. Осыдан бас­тап ежелгі Күн мейрамы – Жыл басы тойын жалпы халық болып қарсы ала бастады.
Наурыз мерекесімен қауышқалы 23 жыл уақыт болған екен, бұл аз емес. Наурыз, біріншіден, Еуразия кеңістігіндегі көптеген шығыс елдерінің Жаңа жылы. Біз әлі күнге дейін 1-қаңтарды Жаңа жыл басы деп, оған ерекше дайындалып, зор құрметпен атап өтеміз. Сондағы бар жетіскеніміз – Христостың туған күнін атап өтіп, мәз болады екенбіз. Келешекте біздің елімізде Наурыз мейрамының қадір-қасиеті, мейрамдалу дәрежесі 1-қаңтар – Жаңа жылдан мәртебесі жоғары тұруы керек. Сондықтан 3000 жылға жуық тарихы бар және ешқандай дінге қатысы жоқ, табиғаттың өз қойнынан туған Наурыз тойымыздың маңызы мен мәнін түсініп, аспандата берейік.

Ахмет Тоқтабай,
тарих ғылымдарының докторы

Наурыз туралы басқа да жазбаларды көру


ПІКІР ҚАЛДЫРУ