Қазақ киносының тарихы

0
4199
Иллюстрация: Freepik.com

Ұлы Қазан көтерілісінен кейінгі кезеңде қоғамдағы аласапыран өзгерістер ұлт өміріне әсер етпей қоймады. Сондықтан  ұлттық киноның даму тарихын «көпұлтты кеңес киносы» деген ұғыммен тығыз байланыста қарастырмасқа болмайды.

Еліміздің кино өндірісі жиырмасыншы жылдар соңында жолға қойыла бастады. Қазақ киносының тарихын бірнеше  кезеңге бөліп қарастыруға болады.

Алғашқы кезең –1910–1927 жылдар аралығы – Қазақстан  аумағын кинофикациялау кезеңі. Бұл кезде қазақ көрермені  алғаш рет экрандық шығармамен танысты, киноның құдіретін көрді, оған аса қызықты. Кинематограф ұшқыны 1910 жылы Верный (қазіргі Алматы) қаласында ашылған тұңғыш кинотеатр қызметінен басталғаны тарихи деректерден белгілі.

Екінші кезең – 1928–1938 жылдар аралығы – қазақ жерінде алғашқы хроникалық сюжетті киноөндірісінің пайда бола бастаған тұсы. Бұл кезде бүкіл әлемдік кино өнерінде дыбыссыз кезең өтіп, киноға «тіл бітті», монтаж теориясы жүйеленді. Кеңес киносы да құлашын кең жайып, Қазақстанда «Востоккино» тресінің бір бөлімі ашылды. Техникалық мүмкіндіктің шектеулі болғанына қарамастан, ел өмірінен хроникалық сюжеттер көптеп түсіріле бастады.

Үшінші кезең – 1938–1944 жылдар аралығы – ұлттық  кино өнеріміздің қалыптасуына алғышарттар тудырған  кезең. Алматы киностудиясы құрылды, киносценарийлер
конкурсы ұйымдастырылды, кино саласына жазушылар бет  бұра бастады. Қазақ киносының алғашқы толықметражды  көркем фильмі – «Амангелді» (реж. Марк Левин) түсірілді. Соғыс жылдары Алматыда шоғырланған «Мосфильм», «Ленфильм» сияқты ірі киностудиялардың қызметі ұлттық киноөнеріміздің қалыптасуына тікелей әсерін тигізеді.

Ұлттық кино өнеріміздің өркендей бастаған тұсы – төртінші кезең – 1945–1960 жылдар аралығы. Осы жылдары  Алматы киностудиясының көркемсуретті фильмдері өндіріске жіберілді. Ұлттық режиссура мектебі өріс алады. Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев, Сұлтан Қожықовтардың кинематографиялық, шығармашылық жолдары қалыптаса бастады. Кино саласында кәсіби деңгейде  мамандар даярлау мүмкіндігі айқындалды.

Бесінші кезең, 1960–1970 жылдар арасы, ұлттық киномыздың өрлеу жылдары болып есептеледі. Бұл кезеңде өмір  шындығы, кейіпкер психологиясы сияқты терең мазмұнды құбылыстар экрандық көркем шығарма тақырыбына айналды.

Кино өнері мен ұлттық әдебиет арасындағы байланыс күшейе  түсті, нәтижесінде «Қилы кезең», «Атамекен», «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа», «Тұлпардың ізі», «Тақиялы періште», «Алдар көсе» сияқты кинотуындылар экранға шықты.

Алтыншы кезең, 70–80-жылдары, әдеби шығарманы  экрандаудың жаңа сатысы киноға театр режиссерлерінің  келуіне ұласады. Бұл жылдары классикалық әдеби шығармалар желісімен көптеген фильмдер экранға шығады.

Атап айтсақ: Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» (1973 ж., реж. Т.Өкеев),  Дулат Исабековтің «Гауһартас» (1975 ж., реж. Ш.Бейсембаев), Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» (1978 ж., реж. Ә.Мәмбетов), Әнуар Әлімжановтың «Жаушы» (1980 ж., реж.
Ә.Мәмбетов) шығармалары көрерменге жол тартты.

Қазақ киносының тарихындағы жетінші кезең – «жаңа толқын» кезеңі. ығармашылық ізденістер қазақ киносын тағы бір деңгейге көтерді, жас режиссерлерімізді әлем тани  бастады.

Соңғы жылдары түсірілген фильмдеріміз халықаралық кинофестивальдарда жоғары бағаланып жүр. Бұл, сөзсіз, ұлттық кино өнерінің зор жетістігі болып есептеледі.

Дереккөз:

  1. Қазақ тілі: жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының қоғамдық-гуманитарлық бағытына арналған оқулық. / Т.Н.Ермекова,
    Г.М.Найманбаева, Б.М.Найманбаева
  2. «Қазақ киносының тарихы» оқулығынан

Басқа да ақпараттар: 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ