Қазақстандағы «youtube» әлемі

2
1564

Youtube – әлемдегі ең көп қолданылатын видеохостинг. Youtube – тың берер мүмкіндіктері мен пайдасы күннен — күнге артып келеді. Оған дәлел көптеген қолданбалары.

Авторларға, ойыншыларға, музыканы сүйетіндерге, теледидар жанкүйерлеріне, тіпті балаларға арналған қолданба түрлері бар. Мысалы: YouTube Premium, YouTube TV, YouTube Go, YouTube Music, YouTube Kids, YouTube Gaming, YouTube Studio т.б «YouTube Premium» — сізді шаршататын жарнамадан арылуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар видеоларды сақтап, интернетсіз кез – келген жерде сақталған видеоларды көруіңізге жағдай жасайды.

Ал «YouTube TV» — көңіл көтеру, жаңалықтар, спорттық және басқа да 85-тен астам үздік арналарды назарыңызға ұсынады. Ешқандай кабельсіз, ешқандай келісімшартсыз онлайн төлем жасау арқылы 85-тен астам арнаны тамашай аласыз. Ал «YouTube Kids» — кішкентай іздемпаз, зерттеуші балаларға арналып жасалған. Тегін, пайдалануға жеңіл және отбасына жарамды бейнелерге толы қолданба ретінде танымал.

Енді Қазақстанда қандай мазмұндағы видеолар трендте екеніне шолу жасасақ. Пандемия қазақстандық авторларды айтарлықтай байқатты. Мысалы, Қарапайым Қайрат веб-сериалы үш апта ішінде 100000 жазылушы жинады. Бұл жазбадағы рекордты Жахан Отарғалиевтың «Мен үйленем» сериалы бұзды — авторлар бір бөлімнің өзінен аптасына 100 мың жазылушы жинап отырды. Сондықтан Қазақстанда «веб-сериал» форматы өте танымал болып келеді. Қазақстандық аудитория пандемия уақытында веб – сериалдарды түгелімен көріп, қызығына батқан. Сонымен қатар бір қуантарлық жайт қазақша мазмұндағы видео контент жасау көбеюде. Бұл дегеніміз қазақ тілінің белгілі бір дәрежеде мәртебесінің көтерілгендігі.

Youtube тек қана видео тамашалап, уақыт өткізетін қосымша ғана емес, контент жасаушылар үшін ақша көзі десекте болады. Ешқандай қосымша жарнамасыз және интеграциясыз қазақстандық ютуберлер          монетизациядан қанша қаражат табатынын бірге анықтайық. Бізге бұндай мүмкіндікті «узнать бабло» сайты ұсынып отыр.

  • Қазақстандық ең танымал арналардың бірі, көрермен көзайымына айналған, халықтың сүйіктісі «Аминка Витаминка» арнасы. Амина өзінің танымалдығы үшін YouTube-тен күміс батырма алып, миллиондаған көрермен жинауда. Аминаның жасы небәрі тоғызда болса да қазіргі таңда айтарлықтай ақша тауып отыр. Арна мазмұны челлендждерден, влогтардан және вайндардан тұрады. Сценарий авторы, режиссер, оператор сынды жұмыстарды Аминаның ата – анасы Арай мен Рамазан атқарады. Қазіргі таңда «Аминка Витаминка» арнасында 32 миллион жазылушы бар. Барлық видеоларының қаралым саны үш миллиардтан асып кеткен. Ал монетизациядан тапқан ақшасы 110 миллион теңгеден асып жығылады.
  • Келесі танымал арна «Ekaterina Saibel» деп аталады. Арна мазмұны әртүрлі бағыттағы влогтардан тұрады. Атап айтатын болсақ денсаулық күтімі, қалай жақсы ата – ана болу керектігі жайлы, тамақтану, дене күтімі жайлы бағыттарды қамтыған. Бұл арна отбасылық арна деп ауыз толтырып айта аламыз. Себебі тұрақты кейіпкерлер отбасы мүшелері, анасы, әкесі, үлкен ұлы, кіші ұлы арасындағы күнделікті қарым-қатынасты тамашалай аласыздар. Қазіргі таңда «Ekaterina Saibel» арнасында 36 миллион жазылушы бар. Барлық видеоларының қаралым саны жуықтап алғанда 650 миллионды құрайды. Ал монетизациядан тапқан ақшасы 223 миллион теңге.
  • «YouTube Gaming» қосымшасын кеңінен қолданып жүрген ойыншының бірі. «GTA 5» және де басқа қызықты ойындардың жанкүйерлеріне өте таныс арналардың бірі «АJIuKZ». «АJIuKZ» арнасының мазмұны Алик есімді жігіттің видео ойындар ойнап, болып жатқан оқиғаларға түсініктеме беруінде. Бұл контент жас балалардың арасында өте үлкен танымалдылыққа ие. Қазіргі таңда «AJIuKZ» арнасында 28 миллион жазылушы бар. Барлық видеоларының қаралым саны шамалап алғанда 160 миллионды құрайды. Ал монетизациядан тапқан ақшасы 74 миллион теңге.

Жоғарыдағы ұсынылған арналардан нені байқадыңыз? «Ekaterina Saibel» және «Аминка Витаминка» арнасының жазылушы санын салыстырсаңыздар екеуінің арасы жер мен көктей. Бірақ «Ekaterina Saibel» арнасының табысы Аминаның арнасына қарағанда екі есе көп табыс табады.

YouTube табысының негізгі көрсеткіші жазылушылар саны емес екендігі айқындала түскендей. Жазылушылар саны аз болса да видео контент жасауды тоқтатпаған абзал. Сапалы, пайдасы мол, қазақ тілді ақпарат беретін арналар көбейсе нұр үстіне нұр болар еді. Қазақ тілінің мәртебесі көтеріліп, әлемге әйгілі ел болар едік.

Мәлік Мади Арманұлы

Тұран университеті


2 ПІКІРЛЕР

  1. Мақалаңызға үлкен рақмет! Оқып шыққаныма өкінбедім! Пайдалы ақпараттар жаза беріңіз!

  2. Өте пайдалы ақпарат!барлығы түсінікті жазылған, жасай бер✊

ПІКІР ҚАЛДЫРУ