Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы

0
2767

30 жыл бұрын Тәуелсіздік жолында алғашқы қадамдарын жасаған жас мемлекет – Қазақстанның сыртқы саясатында маңызды элементі беделді халықаралық ұйымдармен тұрақты байланыстар орнату жөніндегі жұмыс болды.

Республиканың халықаралық қоғамдастыққа кезең-кезеңмен кіруі туралы айта отырып, біз, әдетте, Қазақстанды осы ұйымға мүшелікке енгізу туралы 46-сессияда БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарын қабылдаудан бастаймыз. Сонымен бірге, сол жылдың 30 қаңтарында біздің еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына – ЕҚЫҰ-ға кірді.

ЕҚЫҰ – қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын әлемдегі ең ірі өңірлік ұйым. Ол Солтүстік Америкада, Еуропада және Орталық Азияда орналасқан 57 елді біріктіреді. Осы халықаралық құрылымда Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ-ның төрағасы болып, Қазақстан – ТМД, Азия, мұсылман және түркітілдес әлем елдері арасында тұңғыш рет Еуразия кеңістігіндегі ең беделді ұйымдардың бірі ретінде ЕҚЫҰ-ның төрағасы болды.

Қазақстан Республикасының 2010 жылы төрағалық етуі ЕҚЫҰ ұйымның дамуындағы маңызды кезеңді – Ванкуверден Владивостокқа дейінгі ЕҚЫҰ-ға қатысушы барлық мемлекеттердің тең құқылы екенін көрсететін қағидатын іске асыруды білдіреді. Басқаша айтқанда, Қазақстанның төрағалығымен «Шығыс және Батыс» қарым-қатынасында жаңа кезең басталды деп айтуға да болады. Сол жылы жарық көрген «ЕҚЫҰ-ның тағдыры мен болашағы» мақаласында Елбасы ЕҚЫҰ-ның бірқатар негізгі геосаяси проблемаларын атап өтті.

Олардың арасында экстремизм мен халықаралық терроризм қаупі, ядролық қаруды таратпау туралы шарт режимінің әлсіреуі және ЕҚЫҰ аймағындағы әскери-саяси тепе-теңдіктің өзгеруі сияқты мәселелер атап өтілді. Қаржы-экономикалық дағдарыс және жаңа, әділ және болжамды әлемдік тәртіпті құру қажеттілігі туралы жазылды.

Қазақстанның төрағалық етуінің қорытынды оқиғасы болып, 2010 жылы 1-2 желтоқсанда болған, 10 жылдан астам үзілістен кейін өткізілген ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті болды. Соңғы рет бұндай деңгейдегі кездесу Стамбулда (1999 жылы) өткен болатын. Саммитке 56 мемлекеттен үкімет және мемлекет басшылары, ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің шенеуніктері және басқа да  беделді халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Осы саммитте қозғалған негізгі тақырыптар – Еуроатлантикалық және Еуразиялық кеңістіктердегі қауіпсіздік мәселелері, Ауғанстандағы мәселе болды. Форумға қатысушылардың алдында сөйлеген Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа жолын – 4 мұхит шекарасында ынтымақтастықтың бірыңғай кеңістігін қалыптастыруға көшу қажеттігі туралы мәлімдеді. Кездесудің соңында Астана декларациясы қабылданған болатын. Онда саммитке қатысушылар Хельсинки актісінде және жаңа Еуропаға арналған Париж Хартиясында және ұйымның тағы да басқа құжаттарында бекітілген ЕҚЫҰ міндеттемелері мен қағидаттарын растады.

Астана Декларациясын қабылдау соның қорытынды оқиғасы болды. Қабылданған Астана декларациясы Қазақстанның жоғары халықаралық беделіне негізделетін отандық дипломатияның аса ірі жетістігі болды. Мемлекет пен үкімет басшылары ортақ және бөлінбейтін Еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік қоғамдастығы идеясына өздерінің бейілділігін растады.

Елордамыздағы Саммит делегация басшылары тарапынан жақсы баға алды. Тіптен еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі екі күндік саммитті «ЕҚЫҰ-ның бүкіл қоғамдастығы үшін тарихи оқиға» деген мәлімдеме жасай отырып, бұл самиттің маңыздылығын айтты.

Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға ТМД, Азия, мұсылман және түркітілдес әлем елдері арасында бірінші болып төрағалық етуі, Қазақстан тарихындағы дипломатиямыздың елеулі еңбегін көрсеткен үлкен жетістік болды.

Болат САЙЛАН
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры,т.ғ.д.
Жанболат ҒАЛЫМОВ
1-курс студенті


ПІКІР ҚАЛДЫРУ