Қазақ тілі пәні бойынша глоссарий

0
3151
Freepik.com

Айшықтау – сөз тіркестерін дағдылы синтаксистік қалыптан гөрі өзгешелеу ораммен, айрықша айшықпен құру. Мақсат – сөздерге ерекше леп, екпін беру. Сөз айшықтары –
сөйлеудің әсемдігін, мәнерлілігін, экспрессивтік мәнін күшейтетін синтаксистік құрылымдардың формалары. Айшықтауға шендестіру, қайталау, параллелизм, риторикалық сұрақ, дауыс ырғағы т.б жатады.

Аудитория (лат. audio – «естимін») тікелей мағынасында «тыңдаушы топ» дегенді білдіреді. Мақсатты аудитория – тыңдаушылардың таңдап алынған белгілі тобы.

Бақас – алдау, қиянат жасау.

Босқындар – өз елін, жұртын қандай да бір келеңсіз жағдайға байланысты қалдырған адамдар, мысалы, соғыс, ашаршылық, жұт, стихиялық бәле және т.б.

Бөргез – қалың тікенекті өсімдік, «бөрікөз» деген сөзден шыққан.

Дәйексөз, цитата (латын. cіto – «келтіремін», «шақырамын») – түпнұсқадан сөзбе-сөз алынған үзінді. Автордың ойын беделді пікірлермен тиянақтау, біреудің пікіріне сын
айту, құнды дерек ретінде пайдалану үшін қолданылады.

Диаспора – ұлттың атажұртынан тысқары өмір сүретін бір бөлігі. «Диаспора» грек тілінде «шашырау, шашырай орналасу» деген мағынаны білдіреді7

Дивиденттер – компания акционерлерінің арасында акциялардың санына қарай бөлінетін пайдасының бөлігі.

Дуан – (көнерген сөз) бір уездік көлемдегі ауқымдық бекініс, аймақ. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы – 1992 жылы қыркүйекте құрылған халықаралық қоғамдық ұйым. Негізгі мақсаты – республикадан тысқары, шетелдерде жүрген қазақ
диаспорасымен жан-жақты байланыс орнату, мәдени және білім беру мәселелері жөнінен жәрдемдесу.

Жөбішенді – ірі, биік.

Иммиграция – көшіп келу.

Инверсия – 1) лингв. сөйлемдегі сөздердің дағдылы орын тәртібінің өзгеруі; 2) лог. ақиқат пікірден жалған пікір тууы, берілген шартты пікірді жаңаша құру амалы.

Инвестициялар (Investment) – пайда табу мақсатымен ел ішіндегі салаға немесе шетелге мемлекеттің немесе жеке капиталдың ұзақ мерзімге салынуы.

Индекс – экономикалық құбылыстар дамуының, мысалы, өндіріс көлемінің, өмір деңгейінің, бағалардың салыстырмалы көрсеткіші.

Инфляция (іnflation) – айналымдағы ақша массасының нақты ұсынылған тауар санынан артып кетуі. Бұл жағдай ақшаның сатып алу қабілетінің төмендеуіне және тауарлармен қызметтер бағаларының өсуіне әкеледі.

Ирредент (итал. irredento – «қайта бірікпеген») – ата-бабасының мұраға қалдырған жерінде отырған қазақтар. Ирреденттер – шетелдегі қазақтардың негізгі бөлігі.

Капитал – (лат. capіtalіs – «басты нәрсе»‚ «басты мүлік», «негізгі қаржы») табыс әкеле алатын нәрселердің бәрі немесе адамның тіршілік әрекеті барысында тауарлар‚ өнімдер т.б. өндіру‚ қызметтер көрсету үшін жасаған ресурстары.

Конвенция – халықаралық келісім, қандай да бір арнайы мәселемен мәмілеге келу.

Қор биржасы – бағалы қағаздардың бірқалыпты айналымы үшін қажетті жағдайлармен қамтамасыз ететін ұйым.

Мәнмәтін (контекст) – тілдік бірліктердің негізгі және қосымша мағыналарын ашуға көмегі тиетін мәтіннің ең шағын бөлігі, үзіндісі.

Миграция – халықтың қоныс аударуы, қозғалысы:
а) халықтың ел ішіндегі ішкі көші-қоны;
ә) халықтың бір елден екінші елге қозғалысы, яғни сыртқы көші-қоны.

Монография (грек. monos – «біртұтас», grapho – «жазу») – белгілі бір тақырыпты жан-жақты зерттейтін ғылыми еңбек.

Мұлахаза, мұхафаза – беріктік, басқарушылық.

Нарық – экономикалық проблемалардың тиімді шешуді қамтамасыз ететін тауар өндіру мен тауарға айырбастауда туындайтын экономикалық қатынастардың жиынтығы, шаруашылықты ұйымдастыру формалары.

Несие (кредит, қарыз) – ақшаны немесе тауарларды қайтарымдылық, ақылы және мерзімділік шарттарымен уақытша пайдалануға берген кезде әртүрлі заңды және жеке тұлғалар арасында туындайтын экономикалық қатынастар жүйесі.

Образды сөздер – суретті сөздер.

Оппонент – белгілі бір ғылыми зерттеулерге талдау жасап, баға беруші ғалым.

Оралмандар – Қазақстан егемендігін алмай тұрғанда өзге мемлекеттің аумағында тұрған, қазақ елінің азаматтығы жоқ, енді Қазақстан жеріне тұрғылықты тұру мақсатымен келген қандастар.

Өндіріс факторлары – өндірісте нақты әрекет жасауға жұмсалған ресурстар (жер, капитал, еңбек, кәсіпкерлік қабілет).

Патент – 1) өнертапқыштың белгілі бір ғылым, өнер саласында жаңалық ойлап тапқанын растайтын куәлік; 2) сауда жасауға, не болмаса кәсіп қылуға құқық беретін куәлік.

Перифраза – заттың, құбылыстың атын тура атамай, суреттеп көрсету. Мысалы: дәрігер – «ақ желеңді абзал жан», депутат – «халық қалаулысы», кітап – «жан азығы».

Мақсаты – сөзді бейнелі етіп сипаттау, оған эмоционалды-экспрессивті баға беру.

Пропонент – пікірталасқа қатысып, өз тезисін ұсынушы.

Репатриация – әскери тұтқындарды, босқындарды, эмигранттарды туған еліне қайтару.

Респондент – сауалнама немесе интервью барысында сұрақтарға жауап беретін адам.

Реферат – ғылыми еңбектің, мақаланың немесе баяндаманың қысқаша жазылған мазмұндамасы.

Салықтар – мемлекет бiржақты тәртiпте заңнамамен белгiлеген, қайтарымсыз және өтеусiз сипатта болатын бюджетке төленетiн мiндеттi ақшалай төлемдер.

Сарыкідір – орта жасқа келген кексе әйел.

Селекция – будандастыру арқылы малдың не өсімдіктің жаңа түрлерін шығару, жақсарту, сұрыптау әдісі.

Стейкхолдер – компанияның дамуына мүдделі, табысынан дәмелі, өніміне қызығушы тарап. Пиар маманы үнемі осы стейкхолдердің мүддесіне сәйкес жұмыс істейді.

Стиль – 1) заттың негізгі белгісі мен қасиетін білдіретін ерекше көрінісі; 2) белгілі бір ойды, идеяны білдіруде жалпыхалықтық тілдік құралдарды пайдалану амалдарының
жиынтығы.

Дереккөз: Қазақ тілі: жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының қоғамдық-гуманитарлық бағытына арналған оқулық. / Т.Н.Ермекова,
Г.М.Найманбаева, Б.М.Найманбаева

Ұқсас материал:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ