Қазақтың батыр қызы Әлия – 95 жаста

0
1639

Биыл, Кеңес Одағының батыры, қазақ халқының аңызға айналған қызы, қан майданда кеудесін жау оғына тосқан – Әлия Молдағұлова апамыз 95 жасқа толып отыр.

Әлия Молдағұлова 1925 жылы 25 қазанда Ақтөбе облысының Қобда ауданы, Бұлақ ауылында дүниеге келген. Әлия жастайынан анасынан айрылды. Бұл уақыт ауыр кезең болатын, сондықтан әкесі  Нұрмұхаммед қызын әжесінің тәрбиесіне беруге мәжбүр болды.

Осылайша, Әлия нағашы ағасы Әбубәкір Молдағұловтың отбасында өмір сүріп, балалық шағы өзімен қатарлас туысы Сапурамен бірге өтті. Сегіз жасынан бастап Әлия Алматыда тұрды. Бала кезінен бастап ол мақсатшыл және берік мінезімен ерекшеленді.

1935 жылы Молдағұловтар отбасы Мәскеуге, ал кейінірек соғыс алдында Ленинградқа (бұрынғы атауы) көшеді. Отбасылық жағдайға байланысты ағайы Әлияны №46 қалалық балалар үйіне береді.

1938-1942 жылдары Ленинград балалар үйінде тәрбиеленді. 1941 жылы маусымда Ұлы Отан соғысы басталған кезде ағасының отбасы эвакуацияланды, ал Әлия Ленинградта қалды. 1941 жылы 8 қыркүйекте Ленинградты қоршау басталды. 1942 жылы наурызда балалар үйімен бірге Әлияны қоршаудағы Ленинградтан Ярославль облысының Вятск ауылына алып кетті.

1942 жылы 1 қазанда Вятск орта мектебінің 7-сыныбын аяқтағаннан кейін Әлия Рыбинск авиациялық техникумына оқуға қабылданды. Ол ұшуды армандады, бірақ «суық металды өңдеу» мамандығына түсті. Үш айдан кейін ол Қызыл Армияға майданға жіберу туралы өтінішпен жүгінді.

1942 жылы 20 наурызда КСРО Халық қорғаныс комиссариатының бұйрығымен әскери дайындыққа үйретіп оқытатын мергендер нұсқаушылары мектебі құрылды. Әлия осы мергендер мектебінің бірінші жиынтығына кірді, Мәскеудің жанындағы Вешняки ауылында курсант қыздар тұратын казармалар құрылды.

1943 жылы 23 ақпанда Әлия тобының курсанттары әскери ант қабылдады, ал 1943 жылы шілдеде Әлияны өзінің курстастарымен бірге 22-армияның 54-атқыштар бригадасына жіберді. Ленинград-Новгород операциясы кезінде 1944 жылдың қаңтар айының басында 54-атқыштар бригадасы майдан бойымен Новосокольники қаласына қарай жүріп өтті, ол жерде қарсылас қорғанысын бұзып өтіп, қаланың солтүстігіне қарай жылжыды.

Мерген Ә.Молдағұлова қызмет еткен 4-батальонның саяси нұсқаушысы Г.В. Варшавскийдің естеліктері бойынша бригаданың кейбір құрамы Насва станциясындағы теміржолға жетіп, сол жерде жау оларды атқылаумен қарсы алды. Шабуылдың бастапқы сызықтарын түнде иемденген кеңес жауынгерлері 1944 жылы 14 қаңтарда таңертең шабуылға шықты.

Мергендермен жасақталған батальонға Насва станциясы аймағындағы Новосокольники-Дно темір жолын кесіп, Казачиха ауылын басып алу міндеті қойылды. Бірінші қорғаныс шебі сәтті бұзылғанына қарамастан, кеңестік шабуыл неміс қорғанысының қатты жауап қайтаруымен тұншықтырылды.

Соғыстың аты соғыс. Жауыңның көзін сен жоймасаң, ол сенің көзіңді жояды. Соғыс заңы солай. Ертесі күнгі шайқас Ә.Молдағұлова үшін ерекше әрі жанын қиған ауыр шайқас болды. Келесі күні таң атқанда шабуылға шыққан кеңестік жауынгерлерді неміс пулеметшілері атқылай бастады. Әлия оны граната лақтырып үнін өшірді. Жау бекіністерінің алғашқы шебі басып алынды. Жеңі жыртылған шинельмен қарда жатып Ә.Молдағұлова жауға мергендігімен қырғидай тиді. Осы шайқас барысында тар ордан неміс офицері шыға келіп, Әлияны бас салды.

Алайда, Әлия шімірікпестен күші бірдей болмаса да, неміс солдатымен жекпе-жекке түсті. Сонда Әлия айласын тауып, жерде жатқан мылтықты шапшаң көтеріп тұра қалды. Мылтық даусы бір мезгілде шықты. Өкінішке орай, жаудың атқан оғы батыл патриот қыздың кеудесіне тиіп, бірнеше сағаттан кейін Әлия Молдағұлова қайтыс болды.

Бұл 1944 жылы 15 қаңтарда Калинин облысы, Локнянский ауданы, Казачихи ауылының маңында болған айқас еді. Қазір осы жерде қазақ халқының ержүрек қызының мәйіті жатыр. Әлия ақырғы демі таусылғанша Отан үшін жанқиярлық ерлік көрсетті. Осылайша, өз қалауымен 18 жасында майданға аттанған батыл қазақ қызы 85-ден 91-ге дейін немістің көзін жойды.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1944 жылғы 4 маусымдағы Жарлығымен неміс басқыншыларына қарсы майданда жауынгерлік тапсырмаларды өжет орындағаны және көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін ефрейтор Молдағұлова Әлия Нұрмұхамбетқызына қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының батыры атағы берілді.

Әлия Молдағұлованың қаһармандығы туралы «Әлия» деректі фильмі және «Мергендер» көркем фильмі түсірілді. Ол қаза тапқан Псков облысының Новосокольники қаласында мемориалдық кешен орнатылды. Аты аңызға айналған қазақтың мерген қызының атына Қазақстан мен Ресейде көше аттары беріліп, ескерткіштер орнатылды.

18 жасар қазақ қызы Әлия Молдағұлованың қан майданда жанын қиған жанқиярлығы мен ержүрек ерлігі еліміздің жадында мәңгі сақталады дегіміз келеді.

Болат САЙЛАН,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, т.ғ.д.
Айнұр Ғалымжанова, 1-курс студенті


ПІКІР ҚАЛДЫРУ