ҚАЗАҚТЫҢ ТІЛДІК САНАСЫНДАҒЫ «ҚОНАҚЖАЙЛЫҚ» КОНЦЕПТІСІ

0
2655
Әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны

Аңдатпа

Қонақжайлық  қазақ халқының санасындағы басты моральдік норма ретінде ғасырлар бойы қазақ мәдениетінің қалыптасуына өзіндік үлес қосты. Бұл мақалада  қазақтың ұлттық санасындағы «қонақжайлық» концептісінің алатын орны мен мәні талданып жазылды. Ұлттық санада «қонақжайлық» ұғымының алғаш қандай мәнге ие болғаны және қазіргі таңда қандай мәнде қолданылатыны талданды. Сондай-ақ мақалада ұлттық салт-дәстүрдің фразеологизмдерде көрініс табуы қарастырылды. Яғни «қонақжайлық» концептісін ашатын бірнеше фразеологизмдер жинақталып, топтастырылды. «Қонақжайлықтың» қазіргі қазақ халқының санасындағы орны мен мағынасы ассоциациялық эксперимент арқылы анықталды.

Кілт сөздер: сана, ұлттық сана, тілдік сана, қонақжайлық, концепт, фразеологизм

Когнитивті лингвистика ғылымының басты категориясы саналатын «концептілер» арқылы тіл мен сананың байланысы жүзеге асырылады. Концепт – сананың тілдегі көрінісін айқындайтын тілдік бірлік. Ол  жеке адамның ғана емес, жалпы бір ұлттың дүниетанымын, санасын, ойлау ерекшелігін  бейнелейді. Бұл жайлы ғалым А. Ислам былай дейді: «Концепт дегеніміз – ұлттық дүниетанымның ықшам да,терең мағыналы дүниетаным құндылықтарын айқындайтын тілде көрініс тапқан күрделі бірлігі. Әр ұлттың концептілер жүйесін дүниетаным құндылықтары құрайды. Концептілер бір-бірімен тығыз байланыста болып, бір-бірінен туындап отырады. Әр қоғамның даму кезеңдерге сәйкес тіл мен мәдениет иелерінің абстрактілі концептілерді танып түсінуінде өзгерістер болғанымен, негізгі мәдени, дүниетанымдық мәні өзгеріссіз ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады» [1; 136]

А.Б. Әмірбекова да өзінің анықтамасында концептінің белгілі бір ұлттың менталитетін таныта алатындығын атап өтеді. Ол: «Концепт дүниенің құндылықтарын танытады; санадағы дүниенің мәнін бейнелейді; тіл арқылы объективтенеді; субъектінің біліми деңгейін танытады; белгілі бір ұлттың мәдени деңгейі мен менталитетін көрсетеді; әрбір ұлттың танымдық белгілерінің мазмұнын ажыратады; тұлғаның өзіндік танымдық стилін айқындайды; концепт – адам тәжірибесіндегі идеалды түсініктің ең кішкене бірлігі; білімді тарату, сақтау және оны өңдеудің негізгі бірлігі; белгілі бір мәдени болмыстың негізгі ұясы»,- дейді [2; 48].

Ғалымдардың пікіріне сүйенсек «концепті» арқылы біз ұлттық тілдік сананы танып, айқындауымызға болады. Қазақ халқының ұлттық санасын бейнелейтін бірнеше концептілер бар. Мысалы: «қонақжайлық» концептісі, «отбасы» концептісі, «тек» концептісі және т.б. Бұл концептілер қазақ халқының күнделікті тұрмысында ерекше орынға ие және қазақ халқын өзге елден ерекшелейтін ұлттық спецификаға бай ұғымдар.

Қазақ халқының санасында бұрыннан қалыптасқан маңызды  ұғымдардың бірі – «қонақжайлық» концептісі. Ол – халықтың этникалық санасын, мінезін, ерекшелігін, тұлғасын бейнелейтін негізгі концептілердің бірі. «Қонақжайлық» концептісі – жалпы барлық ұлтта кездесетін, әмбебап, жалпыға түсінікті ұғым. Бірақ бұл концепті әр ұлттың санасы мен ойлауының ерекшелігін танытады. Мәселен, қазақ халқында коллективизм басым болса, ағылшындықтардың санасында индивидуализм басым, ал орыс халқында салыстырмалы индивидуализм басым келеді екен. Сол себепті ағылшындықтардың көркем әдебиеттерінде «to conduct the ladies to their rooms» (қонақтарды қонақ бөлмесіне шығарып салу); «all day long she stayed in her own room, her door bolted within» (ол күні бойы есікті құлыптап, өз бөлмесінен шықпады) және т.б. мысалдарды кездестіруге болады [3; 344]. Ал қазақ халқына ұжымдық сана тән болғандықтан, қонақтан жөн сұрап, қонақпен әңгіме-дүкен құру және т.б. қонақ күтудің маңызды үдерісі болып табылады.

Қонақжайлылық ұғымын түсінудегі мәдени айырмашылықтар мәдениетаралық коммуникацияда елеулі кедергіге ұшыратады [4; 75]. Мәселен,  қазіргі заманғы француз қоғамындағы қонақжайлылық либералдық демократия принциптеріне негізделген жеке және мемлекеттік заңдармен реттеледі. Олар «қонақ» деп босқындарды (саяси, заңсыз, мигранттар) айтады. Көші-қонға қатысты мемлекеттік саясат босқындардың өз аумағында олардың азаматтық алуына дейін ұзақ өмір сүруін қамтамасыз етеді, сондай-ақ жұмыспен қамту және өмір сүру үшін материалдық жабдықтар беруді көздейді. Қабылдаушы тарап келген қонаққа материалдық жағдай мен көмек көрсеткенмен, олар қонақтармен коммуникативтік байланысқа түспейді. Үй иесі немесе қабылдаушы жақ қонақпен мәдениетаралық қарым-қатынасқа түспегендіктен, қоныстанушы да қоғамының этникалық нормалары бойынша ризашылық білдіру қажеттілігін сезінбейді [5, 325]. Бұл ситуациядан қонақжайлық пен қонақ ұғымдарының әр ұлтта өзіндік ерекшелігін байқауға болады. Сондай-ақ, бұндай қонақ күту мен құрмет көрсетуде әр елдің ұстанған принциптерін түсіне білу маңыздылығы туады.  Осындай қоғамда болып жатқан ситуациялар мен өзгерістер «Қонақжайлық» ұғымын қарастыруды өзектендіре түседі.

Ең алғаш қонақжайлық ұғымы саналы адам «Homo Sapiens» пайда болған кезде туындайды (https://ru.wikipedia.org/wiki/Гостеприимство). Ондағы қонақжайлықтың мақсаты тобыр арасында азық-түлік үшін болатын таласты болдырмау. Сол себепті адамдар табылған азық-түлікті ортақ бөлісіп, бірге пайдалану үрдісі пайда болды. Яғни «қонақжайлық» ұғымы  алғашқы кезде «табылған тамақ пен азық-түлікті бірге бөлісіп жеу» деген мағынаға ие болған.

Уақыт өте келе адам санасының жетілуі мен қоғамда діннің пайда болуы өмірге деген көзқарас пен оны қабылдауға өз әсерін тигізді. Яғни адам санасында «қонақжайлық» ұғымы рухани сипат алып, түрленді. Дін адамдарды қонақжай болуға үндеді. Яғни дінде «қонақжайлық» ұғымы жаныңдағыға көмек көрсету, мұқтаж жандарды үйге шақырып тамақтандыру, олардың қайғы-қасіретін жеңілдету, алыс сапардан келе жатқан жолаушыға ас ұсынып, оларға қуаныш сыйлау және т.б. мәнге ие болды.

Б.Нұрдәулетова қазақ халқының санасындағы «қонақжайлық» жайлы былай дейді: «Қазақ халқының когнитивтік ойлауында қонақ көптеген халықта кездесе бермейтін ерекше танымға ие. Оған «құтты қонақ келсе, қой егіз табады», «қонақ өз несібесімен келеді», «қырықтың бірі – Қыдыр» тәрізді мақал-мәтелдер дәлел болады. «Атаңнан қонақ ұлы», «қонағы ыразы болса, Құдай ыразы» афоризмдеріне негіз болып тұрған ұлттық аялық білімді былайша жүйелеуге болады: «адам баласының мақсаты Құдайды ыразы ету, Құдайға жазықты болып қалмау, егер қонақты ыразы қылсаң, Құдай да саған ыразы» немесе «адам баласы үшін өзін дүниеге әкеліп, бағып-қаққан ата-анадан құрметті адам жоқ. Құранда: «алдымен ата-анаңды, сосын тағы да ата-анаңды сыйла» деген. Ал қонақ ата-анаңнан да құрметті, ұлы». Осы түсініктің өзі қонақтың қазақ халқының лингвомәдени санасында қаншалықты маңызды орын алатынын көрсетеді» [6; 136].

Қазіргі қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «Қонақжайлық» мағынасын былай түсіндіреді: «Қонағуарлық – қонақжайлық, меймандостық. Қазақ семьясына ерекше тән абзал қасиеттердің бірі – ежелден бері келе жатқан қонағуарлық» [7; 359].

«Қонақжайлық» сөзі қазақтың «қонақ» сөзінен шыққандығын ескерсек, «қонақ» сөзіне түсіндірме сөздікте екі анықтама береді. Ол: 1. жолаушылап келе жатып үйге түскен адам, мейман; 2. сый-сияпат көрсету үшін үйге, елге арнайы шақырылған адам [8; 517].  Сөздікте бірінші анықтама «қонақ» сөзінің шығу төркінін айқындап тұр. Яғни «қонақ» сөзі «қон» деген етістіктен жасалып,  үйге қонып шығатын адамды атап тұр. Көшпелі халықтарда жолаушыларға арналған арнайы қонақ үйдің болмауынан, жолда кезіккен үйге қону қалыпты саналған. Ал бір түнеп кететін жолаушыны  адамдар «қонақ» деп атап кеткен.

Әр ұлт дүние, әлем туралы түсініктерін түрлі тілдік фактілер арқылы ана тілінде кесіп-пішеді, түйіндейді. Сондай тілдік бірліктердің бірі – фразеологизмдер. Фразеологиялық бірліктерде қоғамның ұлттық танымы мен құндылықтары көрініс табады. Қазақ тілінің сөздік қорында «қонақжайлық» ұғымына қатысты  бірнеше фразеологизмдерді кездестіруге болады. Олардың өзі қонақ шақыру, қонақ күту, қонаққа ас беру, қонақты қарсы алу, қонаққа сый-сияпат көрсету мағынасындағы фразеологизмдер болса, тағы біреуі қонақ пен үй иесіне қаратылып айтылған тұрақты сөз тіркестер. Мысалы:

  1. Қонаққа шақыру мәнді фразеологизмдер : Дәм-ауыз тигізу (қонаққа шақырды, дәм татты), есік [төр] көрсету (қонаққа шақырды, дәм ауыз тигізді), қазан үстінен тамаққа шақыру (арнап аспаған тамаққа шақыру туралы айтылады), сыбаға тарту (еншісіне, үлесіне ие болды), сый-сияпат көрсету (аса жоғары құрметтеп күту);
  2. Қонақты қарсы алу, шығарып салу мәнді фразеологизмдер: амандасып қауышты құшақтасты (қоштасып көрісті), қош алды күтті (қарсы алды), қош болды (риза болды, көңілі толды), қошемет көрсетті [қылды, етті] қош тұтты (шашбауын көтерді; сый-құрмет жасады; құрметтеді), құшағын ашу [жайып қарсы алды] (шын ықыласы түсіп, кеңпейілмен қарсы алды), сәлем берді (амандасты, саулық сұрады), шүйіркелесіп амандасты [сөйлесті](өз ара әңгімеге кірісті, сырласа жәй күй сұрасты);
  3. Қонақ күту мәнді фразеологизмдер : ас қайырды (тамақтан соң, не бұрын бата қылды), асқа бақауыл болды (тамақ бөлуші болды), ауылдың алты аузы (қонақ алдында ауыл адамының әуелі ән бастап беру салты), аяғынан тік тұрды (құрмет көрсетті, төбесінен тік тұрып қарсы алды), қонағын атқарды (мейман күтті), қонақкәде [кәдесін] істеді [қылды] (жатар мезгілде, төсек салынар шақта қонақ орнынан тұрып, жай босатып, сыртқа шығатын салтын жасады), шай-суын ала жүгірді (шын пейілмен қызмет етті,күтті), шылбырына оралды (күту, қызмет көрсету);
  4. Қонаққа сый-сияпат жасау, сыйлау мәнді фразеологизмдер: қонақ кәде (үй иесінің, ауылдық көрсеткен сый-құрметін лайық ереуіне қаруы етіп, қонақтың өз өнерін көрсету салты), сый тартты (құрметтеп тарту жасады), тарту тартты, тарту таралғы тартты (сый берді, сый-сияпат көрсетті), шапан жапты (сыйлады), ізет етті   (ибалық жасап, әдеп сақтап, құрмет білдірді);
  5. Қонаққа қатысты айтылатын фразеологизмдер: аузының салуы [салымы] бар (бұл фраза, көбіне, тамақ үстіне келген кісіге айтылады), қадамы құтты [қайырлы] болды (келісі қуаныш әкелді), қонағым, өз үйіңді де ойлай отыр (өзіңнің әл-шамаңды байқа, өзіңді ескер; өз халіңді, шама-шарқыңды еске ала отыр деген мағынады), құдайы қонақ (жол-жөнекей түскен қонақ, кездейсоқ келіп қалған жолаушы);
  6. Үй иесіне қатысты айтылатын фразеологизмдер: алып ұшқан (желікпе көңілмен елпілдеген), ас иесімен тәтті (үй иесімен бірге тамақ жеу мағынасында айтылып тұр), кең қолтық, кең есік (кең пейіл, бауырмал жан), кең пейіл (ашық көңіл; қолы ашық, мырза, сараңдығы жоқ (адам)), көңілін қимады (сөзін жерге тастамады, меселін қайтармады), қонағуар адам (дастарқаны мол, жомарт кісі), қош алушы (қошеметпен күтуші);
  7. Қонаққа жайылған дастарханға қатысты айтылатын фразеологизмдер: ас [дәм, тамақ] ауыз тиді (дәм татты, азғана тамақ ішті), аузын қу шөппен сүртті (бардың өзін жоқ деп, жоқты да жоқ деп, тып-типыл етті), қара ет (нансыз, басқа қосымшасыз таза ет), қонақ асы (мейманға әзірленген тамақ), құр ауыз кетті (дәм татпады,ештеңе ішпеді), пышақ ұшынан [үстінен] ауыз тиді          (жайғасып отырып жұртпен бірге жемей, табаққа салуға дайындап жатқан тамақтан жүре жеп кетті), сорпаны қыдыртты (қонаққа сорпа ұсынды), табақ тартты        (табаққа салып тамақ әкелді);
  8. Метафораланған фразеологизмдер: дүниеге мейман (адамның дүниеде уақытша өмір сүретінін айтып тұр), сөзге қонақ бермеу (басқаның сөзін тыңдамай, бой бермей, өзі сөйлей беру), табақтас болды (дастархандас болды, қонақта бірге болды);

И.А.Стернин тілдік сананы когнитивті сананың бөлшегі деп есептейді. Ғалым тілдік сананы зерттеудің жалғыз объективті әдісі ретінде ассоциативті экспериментті ұсынады. Оның көмегімен тілдік бірліктерді санада қайта жаңғыртуға және олардың жұмыс істеу процесінің (ақпаратты түсіну,сақтау және т.б.) сипатын анықтауға болатынын айтады [9; 26]. Осы тұжырымды негізге ала отырып, Алматы облысы, Талдықорған қаласының тұрғындарынан «қонақжайлық» ұғымына ассоцияциялық эксперимент жүргізілді. Экспериментке 19 бен 35 жас аралығындағы 38 адам қатысты, оның 18-і ер адам, ал 20-сы әйел адам. Қатысушылар «Қонақжайлық деген ұғымды бір сөзбен қалай түсіндірер едің?» деген сауалға 3 түрлі ассоцияциясын жазды. Олар төмендегі кестеде көрсетілген:

1-кесте. Талдықорған қаласының тұрғындарының «Қонақжайлық» ұғымына ассоциациясы.

Дереккөзі: Автордың құрастыруымен

«Қонақжайлық»  сөзіне ассоциациялар ер әйел барлығы
1 Мол дастархан, ақ дастархан, жайылған дастархан, дастархан жаю 6 10 16
2 Қазаққа тән басты қасиет; қазақ халқының құндылығы, қазақ халқының рухани мәдениеті, қазақ халқының болмысы. 6 9 15
3 Құрмет, сыйластық 10 5 15
4 Кеңпейілдік, кеңдік, дархан көңіл, дархандық 2 8 10
5 Қонақ, мейман, қонақ күту 2 3 7
6 Мейрімділік, жанашырлық, ақ көңілділік 6 1 7
7 Әңгімелесу, танысу 4 1 5
8 Күлімдеп қарсы алу, жылы лебіз, жайдар мінез 3 2 5
9 Қонақ дәм, бешбармақ, бауырсақ 3 1 4
10 Сый-сияпат, сарқыт, қонақ сый 1 3 4
11 Достық, бірлік 2 2 4
12 Қолы ашық, жомарт 0 3 3
13 Жайлылық 1 2 3
14 Қуаныш, жақсылық 1 1 2
15 Қонақ бөлме, қонақ үй 0 2 2
16 Көрісу, бас қосу 1 1 2
17 Молшылық 0 2 2
18 Ауыл 2 0 2
19 Күту, тосу, кешігу 2 0 2
20 Сәнді киім 1 0 1
21 Ағайын 1 0 1
22 Көпшілік 0 1 1
23 Қарапайымдылық 1 0 1
24 Қарсы алу 0 1 1

 

Эксперименттің нәтижесінде көп таралған ассоциациялар:  «мол дастархан», «қазақ халқына тән басты қасиет», «құрмет», «кеңпейілдік», «қонақ», «мейірімділік» және т.б. Әр ассоцияция адамның санасында сақталған ақпараттармен байланысты. Мәселен, «мол дастархан» тіркесі санада «қонақжайлық» ұғымының ең бастапқы түсіндірмесімен, яғни «тамақты бірігіп, бөлісіп қолдану» мағынасында сақталған.  Сол себепті «дастархан» «қонақжайлық» ұғымының айрылмас маңызды бөлігі.

«Құрмет» –  ассоцияциясы «қонақжайлық» концептісінің жаңа мәнге иеленгендігін көрсетеді. Яғни «қонаққа шақыру», «қонақ күту», «қонақ болу» ол үлкен құрметтің белгісі болып саналады. Қазақ халқының санасында адамдар қонаққа өздері сыйлайтын, құрметтейтін адамды қонақ етіп арнайы шақырады. Қонаққа шақыру үй иесінің мейманға көрсеткен жылы лебізі және құрмет белгісі болып табылады.

Талдықорған қаласының тұрғындарының санасында кеңпейілдік қонақ шақырып отырған үй иесіне қатысты айтылатын сөз және оған тән қасиет екені көрсетіледі. Көңілі кең адамдар қонағуар келетінін де атап өтеді.

«Қонақ», «мейман» ассоцияциясы – синоним сөздер. Олар – «қонақжайлық» концептісін ашатын ең маңызды микроконцепті.

«Мейірімділік» ассоциясы санада қалған діни түсініктермен байланысты. Қазақтың тілінде «құдайы қонақ» сөз тіркесі бар. Ол – аяқ-асты алыс жолдан жолаушылап келген қонақ. Оны қазақтар Құдай айдап алып келген деп сеніп, оған мейірімділік көрсетіп, тамақтандырып, шөлін басып, көмектесіп күткен. Алынған ассоцияция арқылы бұл діни түсінік біздің санамызда әлі күнге дейін сақтталғанын байқауға болады.

«Қонақжайлылық» концептісін ашатын тағы бір  ассоцияция –  «қазақ халқына тән басты қасиет». Бұл ассоцияция ұлттық санада «қонақжайлық» ұғымының маңыздылығын дәлелдейді. Себебі көшпелі қазақ халқының түсінігінде «қонақжайлық», «қонақ күту», «қонақты сыйлау» және т.б. ұғымдар маңызды роль атқарып, әлі күнге дейін ұлттық ерекшелікті бейнелеп тұр. Қазақтың қонақжайлығы оның мол дастарханымен, үй иесінің қонаққа деген шексіз мейрімділігімен, кең көңлімен, асқан құрметімен көрініс табады.

Сонымен эксперименттің нәтижесінде, қазіргі қазақ халқының санасында «қонақжайлық» ұғымы ең алғашқы мағынасын сақтап және жаңа мәнге ие болып, түрленген деп қорытындылауға болады. «Қонақжайлық» уақыт пен адам санасындағы өзгерістер арқылы жаңа сипатқа ие болған. Санадағы өзгерістер адам тілінде де, сөзінде  де көрініс тауып тұр.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

  1. Ислам А. Ұлттық мәдениет контексіндегі дүниенің тілдік суреті: Фил.ғыл.док.дис. – Алматы, 2004 . – 340 б.
  2. Әмірбекова А.Б. Концептілік құрылымдардың поэтикалық мәтіндегі вербалдану ерекшеліктері. Филол. ғыл. канд. дис. – Алматы, 2006. – 125 б.
  3. Альжанова А.О. Концепт «гостеприимство» как социолингвокультурный феномен. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ хабаршысы № 1 (92) 2013
  4. Афинская З.Н. Сопоставительный анализ культурно мотивированных понятий. Intellectual potential of the XXI century. – 10-22 November 2015
  5. Moro R. Heidenreich F. «La maigreur de l’hospitalité contemporaine», L’Autre 3/2016 (Volume 4), p. 450.
  6. Нұрдәулетова Б.И. Когнитивтік лингвистика. –Алматы: Асыл кітап, 2010.
  7. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі/Б.Қалиев.-Алматы: Мемлекеттік тілді дамыту институты, 2014.-728 б.
  8. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі/ Т.Жанұзақов. – Алматы: Дайк-Пресс, 2008.- 968 б.
  9. И.А. Стернин (и др.) Языковое сознание жителей Воронежа: Монография.- Воронеж, 2010 г. – 250 стр.
  10. Чжан Мянь. Этнокультурные константы концепта «гостеприимство» в русской и китайской фразеологии. Вестник Башкирского университета. 2015. Т. 20. №4, 1400 стр.
  11. https://ru.wikipedia.org/wiki/Гостеприимство
  12. Славянская концептосфера в сопоставительном освещении: лексикон/ под ред. Е.Е Стефанского. – Самара: Самар. гуманит. акад., 2011. – 458 с.

 

А.Ж. Галымова 

Ғылыми жетекшісі  А.М Рахимова. PhD

І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, Талдықорған қаласы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ