Қазақ жеріндегі тұңғыш мектептер

0
1969
Ұлттық қолөнер - эстетикалық тәрбиенің негізі
Қазақ жеріндегі тұңғыш мектептер
Жоспар
  1. Патша өкіметінің халық ағарту саясаты.
2. Қазақ жеріндегі тұңғыш мектептер.
1. Патша өкіметінің қазақ халқының халық ағарту саласындағы саясаты.
ХҮІІІ ғасырда көшпелі қазақ қоғамы қарама қайшылықтардың шиеленіскен, патриархарлық-рулық құрылыстың көлеңкелі тұстарының ерекше өріс алған жағдайында қарсылады. Қазақстан экономикасы және мәдениеті артта қалған ел болды. Қазақ халқының негізгі шаруашылығы мал шаруашылығы болғандықтан, осымен байланысты көшпелі тұрмыс, патриархалдық-феодалдық қарым-қатынас, осы жағдайлардың себептерінен экономикасы мен мәдениеті артта қалды.
Қазақ жері бытыраңқы жағдайда үш жүзге бөлінді, әрқайсысын өз хандары басқарды, хандардың өзара ауыз бірлігі болмады. Осындай жағдайды сыртқы жауларымыз кеңінен пайдаланды. Жоңғар феодалдары 1723 жылы кенеттен қазақ жеріне шабуыл жасап, оның көп бөлігін жаулап алды. Кейбір мәліметтер бойынша, шетел басқыншыларының шабуылы соншама нәтижесінде қазақтар халқының үштің екі бөлігінен айырылды.
Бұл қазақ халқы үшін қиын кезеңді халқымыз «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деп атады, халықтың санасында ерекше із қалдырды. Шетел шапқыншыларына қарсы тұру мақсатында қазақтар өз Отаны үшін жанқиярлықпен күресті. 1728-1730 жж. барлық үш жүздің біріккен күштері жоңғар басқыншыларына ойсырата қатты соққы берді. Бірақ шетел басқыншыларының тарапынан қауып-қатер әлі де сақталған болатын-ды. Осындай қиын кезеңде қазақ қоғамының өкілдері өз жерін сақтаудың жолдарын іздестірді. Олар осындай қорғауды және көмекті өзінің мықты көршісі орыс мемлекетінен сұрады. Кіші Орданы басқарған Әбілхайыр хан 1731 жылы бірінші болып, Ресей қоластына бағынғандығы туралы ант қабылдады.
Қазақ жүздерінің қалған жерлерінің Ресейге қосылу үрдісі жүз жылға тарта уақыт жалғасты.
Қазақстанның Ресейге қосылуы олардың арасында жан-жақты байланысты орнатты, патша өкіметінің отарлау саясатына қарамастан, қазақ халқының тарихында түбірлі шығыс хандықтарының езгісі қаупынан құтқаруға көмектесті. Қазақ халқы үшін саяси-экономикалық, қоғамдық-мәдени өрлеудің жаңа мүмкіншіліктері, болашағы ашылды.
Әлеуметтік қатынастарда ерекше өзгерістер іске асты, ауылдарда таптық жіктілеу үрдісі тездетілді, қазақ кедейлерінің өздерін ғасырлар бойы қанап келген үстем тап өкілдеріне таптық күресі кеңінен құлаш жайды.
Қазақ феодалдары, сұлтандары және билері қолданып отырған патша үкіметінің отарлау саясаты қоғамдық, таптық қайшылықтардың шиеленісуіне алып келді. Қазақ кедейлері орыс шаруаларымен жақындаса түсті.
Орыс-қазақ хандарының езілген бөлігінің таптық мүддесінің көрінуі Е.И.Пугачев бастаған 1773-1775 жж.шаруалар көтерілісі болып табылады, көтеріліске қазақ-шаруа кедейлері де қатысты. 1783-1797 жж. Кіші жүзде Сырым Датов басшылығымен феодалдық езгіге қарсы бағытталған қазақ шаруаларының көтерілісі басталды.
Бұл барлық тарихи оқиғалардың қазақ халқының өмірінде ерекше роль атқарды.
Патша өкіметі өзінің отарлау саясатын іске асыруда бір жағынан, отарлау аппаратына сүйенсе, екінші жағынан, жергілікті феодалдық топтарға арқа сүйеді, қазақ халқы екі жақты езгіге түсті. Бірақ патша өкіметі мен жергілікті үстем таптың қысымына қарамастан, орыс және қазақ халықтарының экономикалық, мәдени-ағарту саласындағы өзара қарым-қатынастары дами түсті.
Қазақстанның Ресейге қосылуы ХІХ ғасырдың орта шенінде аяқталды. Патша өкіметінің сол кездегі шет аймақтардың бірі Қазақстанда отарлау саясатын іске асырғанына қарамастан, бұл қосылу үрдісінің прогрессивтік мәні болды. Осыған байланысты Ф.Энгельстің мынадай бір айтқан пікірі еріксіз ойға түседі: «Ресей, шынында да, Шығыс жөнінде прогессивтік роль атқарады… Ресейдің үстемдігі Қара теңіз бен Каспий үшін өркениеттік роль атқарады»1,-деп жазған болатынды. Демек, бұл айтылған ойлардың қазақ халқы үшін де тікелей қатысы бар деп есептейміз.
Қазақстанның Ресейге қосылуының маңызды нәтижелерінің бірі-қазақ еңбекшілерінің орыс халқының оқыз демократиялық бағыттағы мәдениетімен және білімімен, сол арқылы прогрессивті әлемдік мәдениетпен жақындасуы.
Қазақстанның Ресейге қосылуының қазақ халқының саяси-экономикалық және мәдени өмірінде елеулі оқиға болды. Бұл үрдіс бірден-бір Қазақстанға озат экономика мен өндірістің қатынастардың дамуына мүмкіншілік жасады. Сонымен қатар Қазақстанның Ресейге қосылуын бүгінгі уақыт талабына орай дұрыс бағалайтын болсақ, бұл үрдістің бастан аяғына дейін ерікті болмағандығын, бұл жерде еркіндік пен басып алудың, отарлау мен игерушіліктің орын алғандығын ескеруіміз керек.
Қазақ жерінің Ресей империясының құрамына қосылуының тек прогрессивтік мәні болды, әйтпесе, қазақтың тоз-тозы шығып, қаңғып кетер еді, дербес өмір сүре алмайтыны айдан анық болған, сауаттылығы екі пайызға жуық қараңғы ел патриархалды-феодалдық өмір шырмауынан құтылмас еді дейтін ұшқары да, бір жақты пікірді сан рет естіп келдік. Осыдан, қазақ халқының өткен ғасырдағы тарихы сыншылдықпен, объективтік тұрғыдан айтылмады. Отаршылдық саясаты өз ерікімен қосылудың көлеңкесінде қалдырылды.
Патша өкіметінің өзінен кейінгі қалдырған ауыр мұрасының бірі еңбекшілердің білім беру ісі мен мәдениет саласында қараңғы қапаста шектен тыс тоналғандығы бірден-бір белгілі.
Әсіресе, Қазан төңкерісіне дейін Ресейді мекендеген орыс емес ұлттардың жағдайы өте ауыр халде болды. Жоғары дәрежелі бір чиновниктің қазақтар туралы Орынбор әскери генерал-губернаторы, граф Сухоленге жазған хаты осы саясатты дәлелдей түскендей. Онда былай делінген: «Мен қырғыздардың (қазақтардың) қамын жеп, олардың көзін ашып, оларды еуропалық халықтардың дәрежесіне жеткізбек болатын филантроптардың мәңгі-бақи көшіп жүретін малшылар болып қалуын, олардың еш уақытта егін екпеуін, ғылымды ғана емес, қолөнерін де білмеуін шын жүректен тілеймін».
Патша өкіметі қазақ даласында халық ағарту ісін дамытуға, жаңа мектептер ашуға бөгет жасады. Осы орайда айта кететін жәйт: төңкеріске дейінгі қазақ халқының сауатсыз болғаны рас, ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін шындық, ал қазақтар жаппайға дерлік сауатсыз болды делініп келген тезисті бүгінгі таңда қайта қараудың қажеттігі уақыт талабы екендігін ескере кеткен жөн.
Патша өкіметі амалсыздан қазақ ақсүйектері мен байлардың балаларына біраз білім беріп, олар үшін орыс-қазақ мектептерін ашуға мәжбүр болды.
Қазақ жеріндегі алғашқы мектептер.
Орыс қазақ мәдени қатынастары Қазақстанның Ресейге қосылуының басталуымен байланысты. Осы тарихи оқиғамен қазақ халқының арасында діни емес білім берудің тарауының алғашқы қадамдары байланысты болып табылады.
ХҮІІІ ғ.орыс дворяндарының жағдайының артуымен осы таптың мақсаты үшін білім беру саласында көптеген шараларды іске асырғаны белігілі. Мәселен, 1741 жылы құрылған әскери кадет корпусы жабық сословиелік-дворяндық оқу орындарының бастамасы болды. Олар дворян балаларын әскери және азаматтық борышын өтеуге даярлауды қамтамасыз ету қажет болды.
Дворян мәдениетінің орталықтарының бірі бола отырып, кадет корпустары Ресейдің ұлттық шет аймақтарында, оның ішінде Қазақстанда, ағарту ісін таратуда белгілі әсер етті.
1744 жылы Орынборда татар мектебі ашылды, онда әскери лауазымды адамдардың балалары оқыды. Бұл мектепті бітіргеннен кейін кеңсе қызметкерлері, кеден ісі чиновниктері және аудармашылар мамандықтары бойынша қызмет атқарады.
Осы мақсатта 1786 жылы Омбыда «азиялық мектептің» негізі қаланды. 1836 жылы «азиялық мектеп» жабылып қазақ балалары үшін мұсылман мектебі ашылды. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақстан қалаларында әскери училищелер ұйымдасты, оған қазақ ақсүйектері мен байларының балалары қабылданды.
1813 жылы Омбыда Сібір казактарының әскери училищесі ашылды, ал 1927 жылы Орынборда-Неплюев әскери училищесі жұмыс істеді.
Сөз жоқ, осындай әскери училищелердің құрылуы белгілі мақсатты көздеген болатын-ды. Патша өкіметі ең алдымен ақсүйек сұлтандардың, байлардың және әкімшілік аппаратының чиновниктерінің және әскери мекемелердің Қазақстанда патша өкіметінің отарлау саясатын жүргізуге қабілетті балаларынан даярлауға ұмтылды.
Орынбор және Омбы әскери училищелері қазақтардың үстем тап өкілдерінің арасында орыс мектебіне және орыс біліміне деген қызығушылық арта түсті. Орынбордағы Неплюев әскери училищесі Омбыдағы Сібір казактарының әскери училищесі кейіннен Орынбор Неплюев және Омбы кадет корпустарын құруға негіз болды. Олар Қазақстанда орыс білімін таратуда ерекше роль атқарды.
Орынбордағы Неплюев атындағы кадет корпусы 1844 жылы ашылса, Омбы кадет корпусы 1847 жылы ашылған болатын-ды. Әскери училищелерді кадет корпустарына айналдырудың негізгі себебі «құрметті қазақтардың» арасынан Ресейге қосылған қазақ даласын басқару үшін сауатты, оқыған адамдарға деген қажеттіліктің артуына байланысты болып табылады.
Бөкей Ордасын зерттеуші ғалымдар А.Харузин, А.Евренов, Г.С.Карелин, В.Ф.Шахматов, А.Е.Алекторов, С.М.Граменицкий және т.б.өз еңбектерінде осы өлкенің халық ағарту ісін дамыту тарихы туралы көптеген бай материалдар береді.
Бөкeй ордасында Ресеймен экономикалық және саяси байланыстың күшеюі де сауатты адамдарды көптеп қажет етті. Бөкей ордасының ханы Жәңгір ел басқару ісіне білімді жастарды кеңінен қатыстыра отырып, ескі рулық, старшиналық, сұлтандық басқару жүйесінің түп тамарына балта шабуды ойлады. Сондықтан да ол өз саясатын жүзеге асыруды білімді жастарға арқа сүйеуді қажет деп тапты.
Бөкей Ордасының білім беру тарихын зерттеген белігілі қазақстандық ғалымдар Т.Тәжібаев, С.Зиманов, Г.М.Храпченков, А.И.Сембаев, Қ.Б.Бержанов және т.б. негізінен, Қазақстанның Ресейге қосылуы прогрессивті және ерікті үрдіс ретінде көзқарас тұрғысынан қарастырылып, аймақтағы білім беру мәселесі біржақты зерттелді. Сонымен қатар көптеген тарихи мәселелер бұрмаланып түсіндірілді, әсіресе тарихи тұлғалардың алатын орнын, еңбектерін бағалауда ескі идеологияға негізделеген көзқарасқа және әдіснамаға сүйенілді.
Тарихи тұлғалар ел билеген хандар мен билерді қолына қару алып ел қорғаған батырларды, еліне білім мен нәрін себуде ерекше еңбек сіңірген ойшылдар мен ағартушыларды атап айтқанда, Жәңгір ханның, Мақаш Бекмұхамедовтың жеке басы, халыққа білім берудегі сіңірген еңбектері ескерілмей біржақты бұрмаланып, таптық тұрғыдан баға берілді.
Батыс өңірінде, оның ішінде Бөкей Ордасында, белгілі қоғам қайраткері, ағартушы демократ жан-жақты ғұлама ғалым.
Мақаш та Шоқан сияқты қазақ халқының тарихында өз елінің болашағын дұрыс болжап, сеніммен алға қараған, езілушілердің мүддесін қорғаған тұңғыш ағартушы-демократтардың бірі болды. Олардың білім алған ортасы мен өмір сүрген кезеңі бір мезгіл. Егер Шоқан 1846-1853 жылдары Омбы кадет корпусының алғашқы түлегі болса, ал Мақаш 1844 ашылған Орынбор кадет корпусында 1844-1851 жылдары оқып бітірген, осы оқу орнын алғаш бітірген 7 қазақ баласының бірі болды.
Орынбор кадет корпусын тәмәмдағандардың ішінде кейін белгілі ғалым, қоғам қайраткері аз болған жоқ. Кадет корпусында Мақаш Бекмұхамедовпен бірге Мұхамбет-Салық Бабажанов, Бөкейханов Арыстангерей, Сұлтанмахмұт Жантөрин, Мырзағали Саңғырықов, Жүсіп Ниязов, Зұлқарнай Нұрлыханов сияқты қазақ халқының белгілі перзенттері оқыды.
Мақаш Бекмұхамбетов пен Мұхамед-Салық Бабажанов екеуі корпусты үздік бітірді.
Қазақ даласында қазақ мектептерін ашу туралы бастама тек ғана отарлау саясатын көздеген патша өкіметі тарапынан шыққан жоқ, сонымен қатар қазақтың белгілі атқа мінерлері, ру басылары, орысша оқыған, білім алған өкілдерінен шыққан болатын-ды.
Мәселен, өзі орысша білім алған, Ішкі Орданың ханы Жәңгір Бөкеевтің тікелей араласуымен 1841 жылы Хан Ордасында, Ордада екі сыныптық бастауыш мектеп ашылды. Алғашында мектеп 25 балаға арнап салынған болатынды. 1848 жылға дейін мектеп Жәңгір ханның қаражатының есебінен жұмыс істеді. Ел ішінде бұл мектеп «Жәңгір мектебі» деп аталған. 1848 жылдан бастап, бұл мектеп Халық ағарту министрлігінің қаражатына көшіріліп, екі сыныптық училище дәрежесіне теңестірілді.
Мектептің негізгі міндеті – мектептің қазақ балаларын Орынбор Неплюев кадет корпусына, гимназияларға және басқа да оқу орындарына түсу үшін даярлау.
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында осы мектеп бағасында республикада алғаш рет өтпелі дәуірдегі жоғары оқу орны- Бөкей халық ағарту институты жұмыс істейді. Бірақ бұл институттың ғұмыры ұзаққа бармады, жаңа өкіметтің оған қажетті маман, керекті қаражат жағынан дұрыс көңіл бөлмеуі салдарынан ол жылдан соң, 1923 жылдан бастап педагогика техникумы, педагогикалық курс болып қайта құрылды. Кейіннен мектеп жалпыға бірдей орта білім беретін орта мектеп болып, өз білімін жалғастыра берді.
Хан Ордасында 1841 жылы Жәңгір ханның ұйымдастыруымен қазақ даласында бірінші ашылған жаңа типтегі, ескі мұсылман мектептері мен медреселерінен ерекше екі сыныпты орыс-қазақ мектебінің төңкеріске дейін және одан кейін алғашқы ұлт кадрларын даярлауда ролі ерекше. Мектеп Жәңгір ханның қаражатына салынды. Жәңгір хан ұйымдастырған мектептің 165 жылға тарта тарихы бар. Жәңгір хан мектебінің түлектерінің ішінде қазақ халқының көрнекті ғалымдары, ағартушы-демократтары, белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, белгілі өнер адамдарын көптеп кездестіруге болады.
Атап айтқанда, ХІХ ғ.екінші жартысында өмір сүрген қазақтың көрнекті ғалымдары, ағартушы-демократтары Мақаш Бекмухамедовті, Мұхамед-Салық Бабажановты, Санкт-Петербург университетінің шығыс тілдері факультетін бітірген Бақтыгерей Құлмановты, Сәлімгерей Жантуринді, ағай ынды Батырқайыр, Әбділкәрім Ниязовтарды, Тарту универитетінің түлегі Сәлімгерей Нұралихановты, Қазан университетінің заң факультетін бітірген Уәлихан Танашевті, Қазан, Саратов университетінің медицина факультетін тамамдаған Мажит Шомбаловты, Махмұт Шолтыровты, белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері Сейтқали Меңдешевті, Алма Оразбаеваны, халқымыздың алғашқы инженер қызы Мәдина Бегалиеваны, көрнекті ақындар Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш және есімдері кеңес өкіметі емес, патшалық Ресей тұсында да танымал болған тұңғыш қазақ генералдары Ғұбайдолла Жәңгіров пен Рамазан Құрманалиевті, Шәкір Жексенбаевты осы Ордадағы Жәңгір мектебінің түлегі екендігін мақтан етеміз.
Сонымен, бірінші қазақ мектебі сабақ орыс тілінде жүрген 1841 жылы Хан Ордасында ашылса, екінші қазақ мектебі 9 жылдан кейін, 1850 жылы Орынборда шекара комиссиясының жанынан үстем тап, яғни сұлтандардың, билердің және ауқатты қазақтардың балаларынан хат жүргізушілерді және аудармашыларды дайындау мақсатында ашылды.
Қазақ халықының тұңғыш педагогы, ағартушы-демократы, ақын-жазушысы Ыбырай Алтынсарин осы мектепті бітірген. Балғожа би (Ыбырайдың атасы) немересі Ыбырайды 1850 жылы Орынбор шекаралық комиссиясы жанынан қазақ балалары үшін ашылған жетіжылдық мектепке оқуға береді. Оны Ыбырай 1857 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. Сөйтіп, ол математика, физика, биология, жағырафия, тарих, әсіресе орыс тілінен өз заманына сай терең де жан-жақты білім алады. Орынборда жас Ыбырайдың көрнекті ғалым, шығыстанушы, шекаралық комиссияның төрағасы В.В.Григорьевпен танысуы және оның тығыз қарым-қатынаста болуы Ыбырайдың дүниетанымы мен педагогикалық-ағартушылық көзқарасының қалыптасуына ерекше ықпал етті.
Басқа материалдар

ПІКІР ҚАЛДЫРУ