Қазақ зиялыларының педагогикалық мұраларын оқыту жолдары

0
3207
Ұлттық қолөнер - эстетикалық тәрбиенің негізі

Жоспары:

  1. Кіріспе.
  2. Негізгі бөлім.
  3. Қазақ зиялыларының мұраларын оқу – тәрбие процесінде жүргізудің әдіс – тәсілдері.
  4. Қазақ зиялыларының педагогикалық еңбектері.
  5. Қорытынды.
  6. Пайдаланылған әдебиеттер.

Ғасырдың басында тарихи сахнаға ағартушылардың , педагогтер мен жазушылардың жаңа буыны шықты (А.Байтұрсынов, М.Дулатов , М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Х.Досмұхамедұлы және т.б.). Олардың шығармашылық мұралары тек тәуелсіздік алғаннан кейін халқымызға қайтарылып, осы бағытта диссертациялар қорғалып, кітаптар жарық көре бастады. Әрбір халықтың тарихи жадында сақталатын адам-символдар және оқиға — символдар бар болатыны баршаға мәлім. Адамдар арасындағы ондай тұлғалар дара жандар болған, тарихи үрдісте де мұндай оқиғалар сирек кездеседі. Тұлға символдары мен оқиға символдар халық тарихындағы бір кезең Әбу — Насыр әл Фараби,Я. Коменский, Л. Толстой, К. Ушинский, А. Құнанбаев, олардың барлығы әрқайсысы өз жолын таңдап, адамзаттың дамуына септігін тигізген.

Ресейдің академигі А. Пискуновтың ойын басшылыққа алатын болсақ, тарихи педагогикалық жұмыстардың құндылығы, ең алдымен, нәтижеде олардың оқыту мен тәрбиелеу теориясына қалайша септігін тигізетінімен анықталады . Біз ғалымның ең бірінші кезекте ғылым феномендерінің генезисі, дамуы мен трансформациясын зерттеу,деген көзқарасымен келісеміз. Қазақстан үшін жаңа ғасыр талаптары мен сұраныстарына сай келетін тұлғалық универсумды қалыптастырудың жалпы адамзаттық мәселесі айрықша өзектілікке ие,себебі еліміз Шығыс пен Батыс, Еуропа мен Азия мәдениетін сіңіріп, көптеген халықтардың тарихи тағдырларының тоғысында орналасқан және де қуатты әрі тұрақты өзегін қазақтардың дәстүрлі мәдениеті құрайтын көпмәдениетті, көпконфессионалды мемлекет болып табылады.

Осындай алғышарттары бар қазақ жерінде Қазақстан түгіл жалпы адамзаттың тарихында өшпес ізін қалдырған зиялы буынның өсуі заңды құбылыс. Бұл кезеңге адамзат мәдениетінің екі тарихи үлгісі тән Батыстық және Шығыстық Білім беру феноменінің өзара байланысқан, бірақ ұйқаспайтын екі сипаттамасы айқындалады бір жағынан, өзін өзі рухани адамгершілік тұрғысынан тану (Шығыс), ал екінші жағынан,ағартушылық тәжірибені тарату, әлеуметтену, мәдени кодтар мен алгоритмдерді салаландыру (Батыс). Яғни білім беру күрделі әлеуметтік – мәдени құбылыс ретінде эллипстің екі: руханилық және ағартушылық полюстерін қамтиды.Және де әр түрлі полюстің болуыбайқалады.

Қазақ зиялыларының жұлдыздар шоғыры арасында әйгілі журналист, дарынды публицист, әдебиеттанушы, тарихшы әрі педагог Міржақып Дулатов көзге ерекше түседі.Оның көзқарастарының кеңдігі замандастарын таң қалдырған. Өз дәуірінде өзінің ішкі рухани дүниесін сыртқы әлемге бейнелеп, керісінше, дүние жүзі тарихының оқиғалары оның өмірінде көрініс табады, яғни М. Дулатовтың шығармашылық жолын өзін — өзі танудан оның идеяларының түниетанымдық көзқарасына трансфомациялануына дейінгі жол арқылы қарастыруымызға болады.

Оның публицистикалық және әдеби қызметін Қазақстан, Жапония, Украинаның әйгілі ғалымдары: Г.Дулатова, М. Әбсеметов, Ж. Ысмағұлов, Р. Нұрғалиев, А. Крымский, Уямо Томихико зерттеген. Сонымен халықтың тарихи мәдениетін өркендету және педагогика тарихы дамуының келешегін айқындау көрнекті ғалым — педагог М. Дулатовтың шығармашылыған әрі жүйелеудің, оның идеяларын Қазақстанның педагогика саласындағы болашақ маман үшін қуатты, тәрбиелейтін, білім беретінәрі дамытатын әлеумет болып табылады.

Нақты болмысты анық түсініп бағалаған, ұлттың өзіндік сана мен қазақтың ділін ұстанған М. Дулатов ірі көрнекті ғалым – педагог және гуманист ретінде қалыптасқан.Міржақып қазақ педагогикасында алғаш рет қазақ оқушыларының гигиена мен әдеп, мінез – құлықтары жөніндегі шарттарды жазды. Өзінің « Қирағат » оқулығының «Денсаулық жайынан» атты тарауы осы мәселелерге арналған. 1914 жылы «Қирағат» оқулығы екінші рет басылып шығады. Кітаптың алғы сөзінде М. Дулатұлы былай жазады: « Сүйікті қазақ мұғалімдері, міне, сол сіздер керексінген қазақ тіліндегі оқу кітабының бірі осы кітап. Кемшілігі болса, көрсеткендеріңізге шын көңілмен рақмет айтамын».

Одан әрі ол мұғалімдердің назарын бастауыш мектептің маңызына аударады: « яғни балаларды оқыту өз алдына бір ғылым – педагогика. Орыста учительский институт, учительская семинария, педагогический курстар көп. Сондықтан орыс учительдері көп жапа шекпейді. Біздің қазақ, ноғай мұғалімдері өздерінің тырысуымен тәжірибе қылып жүр. Мектеп бағдарламасында бірінші орын алған нәрсе қирағат, баяндап оқыту. Оқудан мақсат жалғыз құрғақ білім үйрету емес, біліммен бірге жақсы тәрбиені қоса беру. Тәрбие беру үшін қирағат кітабын оқытқанда құр қарасын ғана оқытпай, жоғарыда айтқанымыз секілді ішкі мағынасын да түсіндіру тиіс. Баяндап оқытудың мәнісін білмеген тәжірибесіз жас мұғалімдер қирағат оқытудың мақсат харфін танып, көрмей оқып кету деп кетеді».

Міржақып өз ұстазы Ыбырай дәстүрін осылайша жемісті жалғастыра білді. Міржақып өзінің әдістемелік нұсқауларында бастауыш сыныптағы білім беру жүйесінің ерекшеліктерін аша келіп, миссионерлердің, ұлы державалық шовинистердің неден аса сақтанғандығын да батыл ашып көрсетіп, болашақ мұғалімдерге кеңес береді. « Қирағат» оқулығы өзінің құрылысы жағынан бастауыш сынып оқушыларына жеңіл, түсінікті тілде, табиғатпен байланысты әңгімелерден жылдың төрт мезгілі, ел өмірі, тұрмыс – тіршілігі, т.б. тұрады, мұнда биология, экология, салт – дәстүрден хабар берген. Екінші бөлімде балаларды талаптылыққа, еңбек етуге, адамгершілікке баулитын әңгімелер топтап берілген.

Мысалы, « Оқымысты бала» деген әңгімеде қаладан оқып келген баланың ауылға келген соң, еріншектік жасап, тырнауыштың сабын басып оны маңдайына соғып алып, « тырнауышты аяқ астына тастаған қандай ақымақ екен» деп ашулануын сықақ етеді. «Қонақ кәде» атты әңгімеде қазақтың әдет – ғұрпын сөз етсе, « Күлмеңіздер кәріге» әңгімесінде әке тілін алмай, өлшемі шал –кемпірді мазақтайтын әдепсіз балалардың қылығы айтылады.

М.Дулатұлының істі болу тарихын бейнелейтін материалдар жинақтап,өмірбаяндық деректер жазған жазушы Д.Досжановтың Абақты атты әдеби- көркем туындысының орны ерекше.Ал Міржақыптанушы ғалым М.Әбсеметов оның өмірі мен әдеби шығармашылығы туралы кандидаттық диссертациясын қорғап,ғылыми еңбектер жазды және ол бұрынғы Ақтеңіз-Балтық концлагеріндегі М.Дулатұлының қабірін тапты.

Қорыта келгенде,ғалымның еңбектері көбінесе саяси,тарихи,әдеби жағынан зерттеху болғанымен,педагогикалық қызметі,оған жасаған ұшан-теңіз еңбектері әлі де өз зерттеушісін күтуде. Әдебиеттің барлық жанрында бірдей қалам тартқан қаламгер,қоғамдық-әлеуметтік іске жанын салып араласқан қайраткер М.Дулатұлының өмірлік мақсатының биік нысанасы,тапжылмас темірқазығы-біркүндік даңқ,өтпелі дәулет,баянсыз шен емес,туған халқының бостандығы болғандығы күмәнсіз.

Астаң-кестең ауыр, бірақ ерекше қуатты да қызық, әлеуметтік төңкерістер,ұлы өзгерістер заманында өмір сүрген Жүсіпбек Аймауытов өзінің осы қысқа ғұмырында аса бай, бағалы әдеби, ғылыми мұра қалдырып үлгерді. Мұның бәрі Жүсіпбек Аймауытовтың жаңа өмірді орнықтыру жолындағы күрес жолын, өмір белестерін көрсетеді. Ол В. Шекспир, В.Гюго, Г.Мопассан,А.С.Пушкин Л.М.Толстой шығармаларын, бірқатар ғылыми еңбектерді аударды, педагогика, психология, методика, тәрбие туралы зерттеулер тудырды, әдебиет, эстетика, сын саласына араласты, сан қилы проблемалық мақалалар жазды.

Көне оқыту жүйесі -өз кезең, уақытында маңызды міндеттер атқарды. Ж.Аймауытовтың «Комплекспен оқыту жолдары» еңбегі педагогикалық курс, техникумдарға арналғанымен, білім жүйесінің маңызды, күрделі қырларын қарастырады. Әсіресе жаратылыс, еңбек, қоғам мүшелері ерекше еске алынып, оқу-білімнің негізгі нысанасы етіледі. Оқу бағдарламасы бойынша оның әлгіндей үш арна – бағыттың бөліп алып, жас ұрпақ тәрбиесі мен білім негізі етуі мәнді шыққан.

Автор оқу жүйесін шәкірттердің таным-талғамымен байланыстырады, жас ерекшеліктері мен эстетикалық әсеріне де көп көңіл бөледі. Нәтижесінде- ұлттық ерекшеліктер, таным-білік мәселесі, тәлім-тәрбие өнегесі, ықпалы айрықша маңызға ие болады. Бұл реттен алғанда тәлімгер-ұстаздың жалпы адамзатқа, жас ұрпаққа қаратып айтқан Ізденіп талаптанса, қолдан жасалмайтын шарт жоқ.Құнттамаған, ізденбеген, соңына түспеген адамның жұмысы еш уақытта берекелі болмақ емес-дегенойлары өткеннің өнегесін, тағлымын танытумен қоса халық педагогикасының терең тамырларынан сыр тартады, ұлттық рух пен психологиямыздың алуан қырынан ой қозғайды, ақыл-парасатты үлгі етеді.

Мұның өзі халық даналығына айналған Ескірген ескісін сақтайды, немесе Ақылды ұрпақ өсірсең, алып шығар құлдықтан-деген жүйелі ой мен сөзді, өмір-тәрбие тағылымдарын еске түсіреді.Кітаптың мақсат-мұратын айқындағанда «Комплекспен оқыту» — сабақты қазіргі әңгімемен өткізу емес, баланың өзін еңбектендіріп, өз бетімен білім тапқандай қылу екенін ашық көрсетеді. Кітап авторы бағдарламамен оқыту ісіне қатысты мәселелерді жүзеге асыру үшін –комплексті оқыту ісіне кеңінен тоқталады. Комплекс деген не деген сұраққа Өмірдегі құбылыстарды, нәрселерді бір тақырып пен бір пікірдің төңірегіне жинап, қосып, түйдектеп біріктіріп оқыту.

Автор комплекс жүйе ме, әдіс пе? деген сұраққа орыс оқымыстыларының көзқарастарын кеңінен пайдаланады. Қазақы көзқарас, танымға барлау жасалынады. Нәтижесінде-комплекс жүйесіне табан тірейді. Оның өзі пән жүйесімен салыстырылып, айырмасы, ерекшеліктері көрсетіледі. Бұл бағыттағы автор ойлары төмендегідей Комплексте бала өмірді, құбылысты бақылайды, сезінеді, тәжірибе қылады. Оқуды заманға тіреп, заманмен байланыстырып оқиды. Пәндерді бөлшектеп оқыту баланың жан жүйесіне жақсы. Бала нәрсені тұтас түрінде, іске пайдалы жағынан қарап оқып, біледі. Бөлшегін, тарауын, қимылын елемейді. Комплекс тұтас, түйдек ұқтырады. Баланың жан жүйесіне тура… Комплексте –сабақ үздіксіз, бірінен –бірі туып, біріне-бірі жалғасып отырады. Бір сағатта бітпеген нәрсе екінші сағатта зерттеледі…

Комплекс жүйесі- кешенді оқыту, жас ұрпаққа, таным дүниесіне қажетті дерек көздерін жүйелі жеткізу болып табылады. Бұл жүйенің еңбек тақырыбы төмендегіше түзіліс құрайды.

-оқудың бас қызығы еңбек болмақ;

-мектеп өмірінің, мектеп ұйымының бір басты бөлімі еңбек болмақ;

-өмірді зерттеуде басты әдістің бірі еңбек болмақ т.б. Бұл тұста автор оқу жүйесін, оған қатысты компоненттердің барлық үлгілерін- еңбек тақырыбымен байланыстырады;

-еңбек айрықша мәнге, құрметті орынға ие болатындығы кеңінен қарастырылады;

Ал комплекс тақырыптары орыс мектептеріндегі үлгілерімен салыстырыла беріледі. Сонымен бірге бір-екі жылдық тақырыптар, басты мәселелер т.б. кең көлемде орын берілген. Кітаптың басты тақырыптарының бірі- мұғалім мен шәкірт арасындағы байланыс. Нақтырақ айтқанда, мектеп баланың денесін,ақылын, сезімін тәрбиелейтін болса, мұғалім міндеті-бала оқыту, тәрбиелеу.Автор сөзімен айтса, жас балаға мектеп:

-дене тәрбиесін;

-әлеумет тәрбиесін;

-ауыл тәрбиесін беру керектігі баса көрсетіледі. Бала әлеумет мүшесі болғандықтан, оның оқуы, тәрбиесі жеке дара емес,көппен бірге болу қажеттілігі негізгі назарда болады.Жаңа бағдарламаның үш тірегі- қоғам, өмір, адам шындықтарымен байланысты өрбиді. Мұның көрінісі: «өмір сүрудің мәнісі неде Ол үшін адам не істеу қажет Жаратылыс сыры қандай Еңбек етудің маңызы неде т.б. сұрақтар төңірегіндежауап ізделіп, бір-бірімен байланыстылығы терең танылады. Нәтижесінде –мектеп бағдарламаларында бұған дейін орын алған екі кемшілік:

— әр мектепте пәннің бағдарламалары бір-бірімен байланыспайтын әрі үйлеспейтін ;

— әрбір бағдарлама өмір-тұрмыспен дара тұратыны сын ретінде еске алынады. Ендігі жерде – жаңа бағдарлама – барлық пәндерді өзара ортақ тақырып аясына топтап, мектептерді бір бағытқа жұмылдырып, « бірегей еңбек мектебіне» айналдыру мақсат етіледі.

Кітапта жоғарыда сөз еткен мәселелерден өзге «Бір мұғалім көп сыныпты оқыту жолдары», «Сұрауларға жауап », «Комплексті қалай жұмсау керек » сияқты тақырыптар да бар. Оқытудың ескі жүйелері комплекс ісімен салыстырылып, кейінгісінің тиімді, ықпалдығы жан-жақты көрсетіледі.

Ж.Аймауытовтың тағы бір ғылыми еңбегі -«Тәрбиеші-жетекші» шығармасы. Бұл еңбекте ғалым «Баланы оқытудың ерекше заңдарын баяндайтын, оқытудың дұрыс жүйесін тауып, білімге тез жету шарттарын көрсететін педагогиканың негізгі бөлімі –дидактикаға ғылыми анықтама берген. Оның пікірінше, мұғалімнің айналысатыны-үнемі қозғалып, өзгеріп өсетін, өркендейтін тірі адам болғандықтан, біркелкі әдістентабан аумай шектеліп қалуға болмайды… Сабақ беру- үйреншікті жәй шеберлік емес, ол үнемі жаңадан жаңаны табатын өнер…Дидактика мұғалімге жалпы жол-жобакөрсетіп, жетекшілік етеді… сыннан өткен тиімді деген жолдарды ғана нұсқайды»,-деп, оқыту, білім беру әдісінің қатып-семіп қалған догма емес, үнемі ізденуден туатын іс-әрекет екенін дұрыс атап өтеді.

Ж.Аймауытовтың бұл пікірі-қазіргі қазақ мектептеріндегі оқытудың мазмұнын қайта құру жөніндегі жалпы орта білім беру тұжырымдамасында айтылған педагогикалық процестің сапасын көтерудің маңызды бағыты-сабақты өткізу тәсілдерін балаларды оқыту мен тәрбиелеуді жетілдіру үшін мұғалімнің ұстаздық шеберлігі жоғары болуы үшін және оның профессионалдық еркіндікке ие болуы керек-деген идеямен астарласып жатқанын байқау қиын емес. Автор білім алуды күнделікті өмір тәжірибесімен ұштастыра білудің қажеттігін, мектепте алған білімнің келешек өмірдегі мамандыққа қазық болатынын жақсы айтқан.

Автор адамның жан қуатының өсіп-жетілуінде тарих пәнінің алатын орны былайша сипаттайды осы заманғы ғылымның көбі тарихпен байланыста жатыр. Тарихты оқып-білу арқылы шәкірттерге қазіргі өмір мен өткен заманғы байланыс заңдылықтарын ажырата білерлік сана туғызамыз,-дейді Ж.Аймауытов тарихты оқытуды қай сыныптардан бастау керек деген мәселе талдау жасап, тарихи мағлұматтар балалар әр тарауды біліп алып, әзірленгеннен кейін, жазуға, оқуға әбден төселген соң, тарихи жеңіл әңгімелерді ұғынып білерлік дәрежеге жеткен кезде, төңіректегі тұрмыс пен табиғаттан, жағрафиядан едәуір білім алғаннан кейін үйретілетін болсын дейді.

Осы пәнді тарихи әңгімелер есебінде 4-сыныптан бастап оқыту дұрыс деген тұжырымды қуаттайды. Автор мектепте Қандай тарихтың түрін оқытудың алғаш қолға алу керек? : -деген мәселені сөз етеді. «Бірден жалпы тарихта немесе КСРО тарихын оқытудан гөрі алдымен балалардың өздеріне күнделікті өмірден жақсы таныс өз жұртының тұрмыс-салты, тұрмыс-тіршілігіне байланысты тарихын оқытудан бастаған жөн, басқа жұрттың тарихынан жергілікті тарихқа керекті, һәм қазіргі заманға қатысы бар жерлерін ғана алу керек» -деп тұжырымдайды.

Ол көшпелі жұрттың өткендегі салт-сана, әдет-ғұрпы, шаруашылық кәсібі және мәдени өмірінен хабардар болуы үшін 4-сыныпта әдебиетті, тарихты және жағрафияны біріктіріп, яғни интеграциялап, «Біздің Отан» деген атпен оқыту қажет деген пікір ұсынады. Ж. Аймауытовтың бұдан 70 жыл бұрын айтқан пікірлері бүгінгі жалпы орта білім жүйесіне терең өзгерістер енгізуді ұсынып отырған ұлт мектептерінің тұжырымдамасында айтылғандай, білімді әрмен кіріктіріп, оны гуманизм идеясымен нәрлендіре берудің принципіне дәлме — дәл келіп отыр.

Әрбір мұғалім сабақ беру процеінде қызықты мағлұматтармен балаларды шабыттандырып, олардын ынта – ықыласын, зейін – зердесін, білімді меңгеруге бағыттау үшін төмендегі шарттарды орындау тиіс: жаңа білімді баланың білетін мағлұматтарымен ұштастыру, жаңа білімді таныстыру арқылы сабақтың мазмұнына оқушылардын ынта – ықыласын аудару, оқушыларды жана білімді меңгеруге бағыттайтын сұрақтар қою арқылы олардың ынта-ықыласын ой еңбегіне, қажетсіз мағлұматтарды айтудан сақтану, салыстыру, теңеу, ұқсату сияқты тәсілдерді жандандыра алмастыра қолдану, арқылы балалардың білімге деген құштарлығын арттыру, т.б. деп,оқу –тәрбиелеу ісінің ғылыми — әдістемелік, дидактикалық әдіс — тәсілдерін де жан –жақты сөз етеді.

Сөйтіп, ол психология, педагогика, методика ғылымдарына сүбелі үлнес қосушылардың бірі болып, Қазақстан тарихында өшпес із қалдырды. Үстіміздегі ғасырдың алғашқы ширегінде туған халқына қалтқысыз қызмет еткен алыптар шоғырының көрнекті өкілі, қазақ елінің тәуелсіздігі жолында күрес майданына шыққан Алаш қозғалысының көшбасшыларының бірі, ғалым, ұлағаты мол ұстаз, аса білгір ағартушы, қоғам қайраткері Халел Досмұхамедұлының артына мол мұра қалдырғаны белгілі. Х.Досмұхамедұлы мамандығы дәрігер бола отырып, тек медицина, гигиена салалары бойынша ғана емес, жалпы табиғаттану, анатомия, физиология, тіл, әдебиет,тарих білім ғылымдары бойынша көлемді-көлемді кітаптар менірілі-ұсақтымақалалар жариялаған. Х.Досмұхамедұлы Қазақстан білім ордасы қабылдаған пәндік сөздерді келтіре отырып,жүз отыз ғылыми терминнің аудармасын жасап берген.

Тағы да қазақ зиялыларының көрнекті өкілі, педагогика ғылымына үлес қосушылардың бірі- Мағжан Жұмабаев. Оның Педагогика оқулығы -әрі оқулық,әрі әдістемелік тұрғыдағы автордың көзі тірісінде екі мәрте жарық көрген. Бірі-1922жылы Орынборда, екіншісі-1923жылы Ташкентте басылған.

Мағжанның Педагогика оқулығы 15 бөлімнен тұрады. Онда рухани жан тәрбие мен дене тәрбиесі жан-жақты терең қамтыған Жұмабаев кітабының Орынборда шыққан нұсқасына М.Жолдыбаевтың қазаққа Педагогика кітабы қажетті де ғажап дүние, тұңғыш оқулық деуінің маңызы үлкен.

Мағжанның пайымдауынща, бұл кітап, баланың бесікке салғаннан бастап, тәй-тәй басқанәр қадамына елжірей көз салуы, қайтсе ол нағыз жігіт, азамат болады, осы заманғы өркениет өресіне қол артады- деп толғануы ғажап пікір, нағыз педагогикалық толғаныс таза шешім. Кітапта тәрбие деген не?-деп сұрақ қойып анықтама беріледі. Педагогиканың қандай пән екеніне түсінік беріле отырып, жалпы педагогика, оның ішінде дене тәрбиесіне жан-жақты талдау жасалады. Тәрбие бөлімдері туралы да нақты әдістемелік материалдар бар. М.Жұмабаев өз мақалаларында оқу-білімнің түп мәні туралы өз пікірін айтады. Яғни, оқу материалдарын жылдан-жылға өзгертіп,жаңарту қажет.Тек сонда ғана білім, тәрбие деңгейін жоғары сатыға көтеруге болатыны белгілі.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қазақстан мектебі журналы, 1996 жыл, №1 62 -69 бет.
  2. Қазақстан мектебі журналы, 2001 – жыл, №4 71 -73бет.
  3. Бастауыш мектеп журналы, 1999 жыл, №5 15 – 17 бет.
  4. Тәрбие құралы журналы, 2003жыл, №5 18 – 19 бет.
  5. Егемен Қазақстан газеті,2003 жыл, 31 қаңтар.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ