«Азаттық аңсаған Алаш арыстары» атты ашық тәрбие сағаты

0
2635
“Шығармалардағы әдіс –амалдарды жетілдіру” Ашық сабақ

Тақырыбы: «Азаттық аңсаған Алаш арыстары»
Мақсаты: Оқушыларға қазақ халқының ғасырлар бойы өткен қиыншылықтарын айта келіп, осы зұлмат жылдары елінің азаттығын аңсаған ұлт зиялыларына тоқталу, өз елін, жерін қорғайтын ұрпақ тәрбиелеу.
Көрнекілігі: «Алаш» атты кітап көрмесі», Алаш қайраткерлеріне арналған буклет, «Азаттықты аңсаған Алаш» атты газет, Алаш туралы жазылған сөздер.
Барысы
Ұйымдастыру кезеңі

1.Кіріспе.Бейнеролик «Алаш партиясы және Алаш қозғалысы»

2. «Алаш туы астында» Тұлғалардың өмірі мен қызметін айту

3. «Ұлт мүддесі жолында» Көрініс

4. «Тұлғаны таны» шығармашылық тапсырма.

5. ПОПС формуласы-кері байланыс

6. «Жасасын,Алаш,жасасын!» өлеңдер оқу

1.Мұғалімнің кіріспе сөзі
«XX ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани — зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққандар, әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал» деп елбасымыз Н. Ә. Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында айтып өтті. Өткен ХХ ғасыр қазақ халқының тарихында ұлы оқиғалармен есте қалады.

Сол оқиғалардың ішінде «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың басынан өткен 1930 — 1938 жылдар ауыр да азапты кезең болды.Егемен ел, тәуелсіз мемлекет болу жолында өмірін сарп еткен Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев сынды Алаш арыстары сұрқия саясаттың құрбандары болды.

2. «Алаш туы астында»

1-оқушы. Ахмет Байтұрсынов. Оның тағдыры — қиын, бірақ кісі қызығарлық тағдыр. Ғұмыры ащы арманға толы, алайда өнеге боларлық ғұмыр. Мақсат — мұратының мазмұны, кей тұста қайшылықтарға соқтырды десек те, өте терең. Ол 1872 жылы қаңтар айының 28 — де Торғай облысы, Торғай уезінің Тосын болысында Сарытүбек дейтін жерде дүниеге келді. Әкесі Байтұрсын қарапайым шаруа болғанымен мәрттігі, кісілігі басым, көзі ашық азамат болса керек. 1885 жылғы қазанның 12 — де ояз бастығы Яковлевтің басын жарғаны үшін інісі Ақтас екеуі 15 жылға сотталып, 17 жыл бойы “итжеккенде” айдауда болды. Ауыл молдасынан хат таныған Ахмет Торғайдағы екі жылдық орыс — қазақ училищесін тәмамдаған соң 1891 жылы керуеншілерге Орынборға барып сонда қырғыз (қазақ) мұғалімдер мектебіне оқуға түседі.
2-оқушы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан. Қарқаралы оязы, Әлтеке – Сырым облысы, Желтау баурайындағы Мырзатай қыстауында дүниеге келген. Қазіргі әкімшілік аймақтық атауы бойынша бұл елді – мекен Жезқазған облысы Ақтоғай ауданы, ”Қаратал “ совхозына қарайды. Қазақтың болашақ саяси көсемі, бір басында сан түрлі ғылым тоғысқан бірегей тұлғаның білім дариясынан сусындаған ілкі қадамы бұрынғы Мырзатай аталған, қазіргі Қасым қыстағында ауыл молдасынан сауат ашудан басталады. Ресейдегі жоғары дәрежелі амандар даярлайтын білім ордасының есігін 1888 жыл ашқан, ол 1892 жылы ойдағыдай бітіріп шықты.
3-оқушы Міржақып Дулатов (1885 — 1935) Ол 1885 жылы 25 қарашада бұрынғы Торғай облысы, Торғай уезіне қарасты Сарықопа болысында қазіргі Торғай облысының Жанкелдин ауданында “Қызбел” кеңшарында дүниеге келген. 1897 жылы Торғай қаласындағы Ы. Алтынсарин ашқан екі кластық орыс — қазақ мектебіне түсіп, 1902 жылы ойдағыдай бітіреді.

3. «Ұлт мүддесі жолында»

Көрініс: Алғыс,Досымжан,Жалғас,Мейірбек
Түрменің қапас бөлмесі. Бір орыс, бір қазақ тергеушісі Әлихан Бөкейхановтан жауап алып отыр.
Қазақ тергеушісі: Қалай Бөкейханов мырза, Қазақстанды Ресейден бөліп алмақ болған әрекетініңізді мойындайсыз ба?
Бөкейханов: Әрине мойындаймын. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құруға әрекеттену қылмыс емес шығар….
Орыс тергеушісі: Қылмыс емес?! (Столды періп періп қалды). Қалай қылмыс емес?! Егер Ресейге бағынып келген әрбір халық өз алдына мемлекет болып бөлініп шыға берсе, Ресейде не қалады?! Жо оқ. Бұл тек жаудың әрекеті.
Қазақ тергеушісі: Мә, мойындаңыз да қолыңызды қойыңыз. (қағаз қалам ұсынады)
Бөкейханов: (қағазға үңіліп) Мына қағазда халыққа қарсы әрекет етті делінген ғой. Бұған қол қоя алмаймын.

Орыс тергеушісі: «Жә, жетеді! Мен қазір басшыларға барып баяндаймын. Жендетке тапсыру керек. Мықты болса шыдап көрсін. Мен қазір келемін.
Қазақ тергеушісі: (Есікті барып қарап келеді) Ағатай ай, мен сізге не жақсылық жасай алам? Сізді қашыруға да шамам жетпейді. Бар билік осылардың қолында. Бізге де сенбейтінін сеземіз.
Бөкейханов: Сен қуыршақсың ғой, шырағым. Менде бәрін түсінем.
Қазақ тергеушісі: Ағатай ай бәрібірде мойындатпай қоймайды ғой. Азап шегіп қайтесіз. Одан да қол қоя салмайсыз ба?
Бөкейханов: Ей,шырағым-ай, артымда маған қарап қара орманым – халқым тұрған жоқ па? Мен өзімді алдасам да оны алдай алмаймын.
Қазақ тергеушісі: Сізді Ленин мен Мұстафа Шоқаймен кездескен дейді, сол рас па?
Бөкейханов: Ол түрменің әңгімесі емес шырағым, қайтесің.
Қазақ тергеушісі: «Ағатай, мен де еліме, халқыма пайдамды тигізсем деймін. Бірақ қалай? Білмеймін….
Бөкейханов: (күбірлеп) Бәрі алдамшы, бәрі жалған болғаны ма?
Қазақ тергеушісі: Ағай сізге не болған, Мә су ішіп жіберіңіз. Қазір жаңағы жан алғышта келіп қалар…. Құдайым ай соншама дәрменсіз етіп жаратармысың?! Келіп қалды бекем болыңыз.
Бөкейханов: Рахмет, мен үшін қам жеме, бауырым. (бөлмеге орыс тергеуші және жендет келеді)
Қазақ тергеушісі: (ұшып тұрып) Жолдас капитан айтқанынан қайтар емес.
Орыс тергеушісі: (мырс мырс күліп) Онда өз обалы өзіне. (Қасындағы жендетке алып кет деп белгі берді. Жендет сүйрей бастаған кезде Бөкейханов жендетті итеріп жібереді де былай дейді)

Ей, халқым,Еліміз үшін
Етегімізді түрген екенбіз,
Бар Алашқа ұран сап,
Елдікке шақырып жүрген екенбіз.
Шешінген судан тайынбас,
Ойымыз бір, мақсат бір,
Сорлы елімнің шіркін ай Жыртылған жағасын бүтіндеп.
Жығылған туын көтерсек.
Бар Алаштың ұрпағы болып қайтадан,
Ұрандап атқа қонсаң бір,
Дүние дүр сілкінер еді, деп айта алам
Сонда менің болмас еді ау арманым
Арнар едім, сол елімнің жолына
Мына қысқа ғұмырымның қалғанын.

4.«Тұлғаны таны» шығармашылық тапсырма

1.Әкесі оны бала күнінде Қарқаралыға алып барып, медресеге оқуға берген. Ол онда оқуды қанағат тұтпай, қаладағы үш сыныпты бастауыш мектепті оқып шығады. 1879-1886 жылдары Қарқаралыдағы қазақ балаларына арналған мектепте оқиды. 1886-1890 жылдары Омбыдағы техникалық училищеде оқып, «техник» мамандығын алып шығады. 1890-1894 жылдары Санкт-Петербургтегі Орман институтының экономика факультетінде оқиды. (Ә.Бөкейхан)

2. Ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы. Атасы Шошақ — мінезі салмақты, шындықты бетке айта білетін ақылды да беделді адам болған. Мырзалығы сондай, немересі дүниеге келгенде, құтты болсын айтқан адамдарға бір ат, бір түйеден сүйінші беріпті. Торғайда, Орынборда білім алғаннан кейін Ақтөбеде, Қостанайда, Қарқаралыда орыс-қазақ мектептерінде сабақ берген.Өзінің сенімді достары Ә.Бөкейханов, М.Дулатовпен бірге 1913 жылдан бастап ұлттық «Қазақ» газетін шығарып, оның жұмысына жетекшілік етті. (А.Байтұрсынұлы)

3. Кең даласында алаңсыз өмір сүріп, мал бағып жатқан бейқам халқын: «Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты» деп жырымен жұлқылап оятып, оларды білімге, ел үшін пайдалы іс әрекетке шақырады. Бүкіл халықтың еркіндікке жетуінің басты шарты түнек болып торлаған қараңғылық ұйқысынан ояну, дүр сілкініп, надандықтан арылу деп білген ол: «Оян, қазақ!» деп ұрандаудан танған жоқ. Сондықтан да оның үні қалың ұйқыдағы қазағын құлағының түбінен «маса» болып, маза бермей ызыңдап оятуды мұрат тұтқан өзінен он екі жас үлкен рухани ағасы Ахмет Байтұрсынұлының үнімен қатар естіліп, қазақ даласын қатар шарлады. (М.Дулатұлы)

4. Оның тарихи зор еңбегінің бірі — Қазақ автономиясы шекарасының біртұтастығын жанқиярлықпен қорғауы. Онда ол Қазақстанның шекарасы туралы мәселелерді қамтып, өктемшіл,отаршылдық пиғылдағы өкілдермен қызу айтысқа түсіп, өз пікірін тиянақты, жан-жақты, бұлтартпас дәлелдермен қорғап шығады. Оккупанттар өз кінәсін мойындап, нәтижесінде, кезінде қазақтардан тартып алынған Каспийдің теріскей жағалауындағы ені бір шақырымдық және Ертістің сол жағалауындағы он шақырымдық ұлан-ғайыр жер Лениннің тікелей қолдауымен Қазақ еліне қайтарылады. (Әлімхан Ермекұлы)

5. Ол В. Шекспир, В. Гюго, Г. Мопассан, А. С. Пушкин, Н. В. Гоголь, Л. Н. Толстой шығармаларын, «Интернационалды», бірқатар ғылыми еңбектерді аударды, педагогика, психология, методика, эстетик. тәрбие туралы зерттеулер тудырды; әдебиет, эстетика, сын саласына араласты; сан алуан публицистик. мақалалар жазды; «Қартқожа», «Күнекейдің жазығы», «Шернияз», «Ел қорғаны», «Мансапқорлар» пьесалары, «Комплексті оқыту жолдары», «Жан жүйесі», «Өнер таңдау», «Мағжанның ақындығы туралы» еңбектері — күрделі таланттың қазақ әдебиеті тарихындағы өлмейтін орны бар шығармалар. (Жүсіпбек Аймауытов)

6. Ол қазақтың көрнекті саяси және қоғам қайраткері, алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі, Алашорда үкіметінің мүшесі және оның төрағасының орынбасары, тарихшы-ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол қатынастарының инженері. 1900-1906 жж. Санкт-Петербург қаласындағы Императорлық жол қатынасы институтын бітіріп шыққан. Институтты бітірген соң инженер маман ретінде Орта Азия темір жол құрылысына қызметке жіберілді. 1907 жылы ол ІІ Мемлекеттік Думаға Жетісу облысынан депутат болып сайланды.(М.Тынышбаев)

7. Оның өмір жолы өнегеге толы болды. Бүкіл түркі әлемінің тарихи тұлғасына айналған ол 20 ғасыр кезеңінде адамзат баласының айтулы перзенті болды. Оның бойында біз біліп үлгірмеген, тарихымен таныспаған талай рухани қазыналар жатыр. Ол Түркістан халқын орыс диктатурасынан қорғауға күш салды, бірақ озық және адал ойлы славян халқының өкілдері Я.Газовский, И.Пильсудский, В.Чайкин, В.Наливкинге деген құрметі ерекше еді. Өмірлік жары Мария Яковқызы да орыс ұлтынан болатын.( Мұстафа Шоқай)

8. Мамандығы дәрігер бола тұрса да, қоғам өмірінің сан салалы мәселелеріне араласқан көп қырлы дарын: саяси және қоғам қайраткері, тарихшы, табиғаттанушы, тілтанушы, әдебиетші, ауыз әдебиетінің сирек үлгілерін жинап, насихаттаушы, шебер аудармашы. 1913-18 жылдары «Қазақ» газетінде «Тамыр дәрі хақында», «Сары кезік — сүзек», «Жұқпалы ауру хақында» сынды кәсіби, әлеуметтік-саяси тақырыптарда мақалалар жариялап, өзіндік ой-пікірін білдіріп тұрды. «Как бороться с чумой среди киргизского народа» (1916) деген кітабы өз кезеңінде оба індетіне қарсы күрестің әдіс-тәсілдерін түгел қамтыған еңбек болды. (Х.Досмұхамедов)

9. Ол қазақ халқының мүддесіне қайшы келетін Кеңес өкіметінің солақай саясатын сынға алып, балама жол ұсынған С.Сәдуақасов, Н.Нұрмақұлы, т.б. тобында болды. 1926 жылы 25 қаңтарда Қазақстан өлкелік комитетінің пленумында бұл топқа ұлтшылдар деп айып тағылып, қатал сынға ұшырады. Ф.Голощекиннің тапсырмасымен БК(б)П қазақ өлкелік комитетінің бақылау комиссиясы Мыңбаевтың үстінен іс қозғады. Мыңбаев ұлтшыл атанып, сынға ұшырады.Балық шаруашылығын жандандырды, бұл кәсіпшілікке қазақтардың тартылуына жол ашты. Гурьевте электрстанса құрылысын салу жұмысына тікелей басшылық етті. 1929 жылы ауыр науқастан көз жұмды. (Жалау Мыңбаев)

5. ПОПС (ПТМС) формуласы кері байланыс

Азаттық аңсаған Алаш арыстары

Бірінші  сөйлем. «Менің ойымша,…  »

Екінші сөйлем. «Себебі, мен оны былай түсіндіремін  … » 

Үшінші  сөйлем. «Оны мен мына  фактілермен, мысалдармен дәлелдей  аламын  … »

Соңғы сөйлем. «Осыған байланысты мен мынадай қорытынды шешімге келдім  … ».

6. «Жасасын,Алаш,жасасын!»

Ақбота Сұлтанмахмұт Торайғыров «Алаштың Әлиханы»:

«Ас-Салаумағалейкум, данышпаным,

Қамын жеп мұсылманның алысқаным.

Көп айдың көрмегелі жүзі болды,

Жүрмісің есен-аман, арыстаным!…

Заманда басқан аяқ кейін кеткен,

Жасымай Алашына қызмет еткен.

Болса да қалың тұман, қараңғы түн,

Туатын бақ жұлдызына көзі жеткен.

Түймеге жарқылдаған алданбаған,

Басқадай бір басы үшін жалданбаған.

«Қай кезде Алаш көркейер»-деген ойдан,

Басқа ойды өмірінде малданбаған…

Аида

Қазағым, қақтықпа, қамалма,

Ел болар халыңды амалда!

Кетті туы, атты таң, шықты күн,

Сал малды, сал жанды аянба!

Не көрсем де Алаш үшін көргенім,

Маған атақ ұлтым үшін өлгенім.

Мен өлсем де алаш өлмес көркейер,

Істей берсін қолдарынан келгенін

Досымжан

Енді бізге қайта оралды заңғарлар,
Сталиндік тозақтарда жанғандар.
Ахметтер, Жүсіпбектер, Сәкендер,
Ілиястар, Бейімбеттер, Мағжандар.

Әмина

Алаш туы астында

Біз-Алаштың баласы.

Қүніміз туып көгерді

Сарыарқаның даласы.

Құрт аурудай жайлаған,

Құртпаққа бізді ойлаған,

Қанымызға тоймаған,

Қолымызды байлаған,

Ерімізді айдаған,

Елімізді лайлаған,

Өшті залым қарасы.

Жасасын, Алаш, жасасын!

Жасасын, Алаш, жасасын!

Хормен: Жасасын, Алаш, жасасын!

Алаш туы астында

Күн сөнгенше сөнбейміз.

Енді ешкімнің алашты

Қорлығына бармейміз.

Адамдықтың жолына

Бастаған ерлер соңында

Басқаға көңіл бөлмейміз

Қандай шайтан келсе де,

Алдауына көнбейміз.

Өлер жерден кеттік біз,

Жасайды Алаш, өлмейміз.

Жасасын,Алаш, жасасын!

Хормен: Жасасын, Алаш, жасасын!

Хор: «Жаса,Қазақстан!»

Мұғалімнің қорытынды сөзі

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ