ҒАЖАП ҒҰМЫР

0
1267
Ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттаудың тәрбиелік мәні.

ҒАЖАП ҒҰМЫР

Мұқан Төлебаев туралы көп нәрсені еске алуға болады. Бірақ еске алудың да екі түрі бар. Бірі — кәдімгі күнделікті отбасы, ошақ қасындағы әңгіме де, бірі – сол айтайын деп отырған адамның тарихтағы, өнердегі, мәдениеттегі орны, рөлі туралы әңгіме. Мұқанның 80 жылдығы үстінде ол үй жағдайында, жора – жолдас арасында, ортада қандай еді дегенді әңгімелеудің қажеттілігі болмас. Өйткені, ол жәй отбасылық қана әңгіменің адамы емес. Ол – елдің біртуар ұлдарының бірі.

Биыл көптеген мереке-тойлар болмақшы. Төле бидің – 330, Бұқар жыраудың -325, Мағжан мен Сұлтанмахмұттың -100, Құрмағазынның – 170, Қалибек Қуанышбаевтің – 100, Ақан серінің 150 жылдығы. Сол шоқтағы биік тұрған қазақтың ұлы перзенттерінің қатарында Мұқанның да есімі үлкен инабаттылықпен, қамқорлықпен аталады. Мұқан, көзі тірісінде сексен түгіл, елі жылдығын атауды жазбаған. Ол 1960 жылы сәурдің 2-сі күні дүниеден қайтты. Құжаттағы жасы бойынша қырықтын қырқасына жаңадан шыға берген кезінде көз жұмды.

Мұқан жас кетті. Мұқанның халқына бергені де, берері де аз емес еді. Енді міне, онымен қатар жүргенде, тірі жүргенде біріміз аға, біріміз іні болып жүргенде Мұқан кім еді деп ойламаған екенбіз. Бірақ Брусиловский, Жубанов, Хамиди, Төлебаев, Байқадамов, Мусин сияқты ағаларды қазақтың кейінгі өркениетті елдің өнеріне бет бұрған кездегі алғаш қадам басып оған жас ұрпақты баулып, білім алып,  алдыңғы қатарлы азаматтары болған деп қарайтынбыз. Бұлардың барлығы қазір қазақ музыка өнерінің классиктеріне айналды.

Мұқан Төлебаев сонау 1934 жылы Бөрлітөбе ауданының орталығы кішігірім бір мекемеде есепші-бухгалтер болып істеп жүрген жерінен сол жылғы Қазақстанның ел арасында көп тараған өнерпаздарының алғашқы слеті болып соған келді. Әуелі әнші болып келді. Әп-әдемі қоңыр-тенор даусы болушы еді. Сол әншілігімен көзге түсіп, құйтағандай бала жігіт Мәскеуге оқуға жіберілді. Ол уақытта осы күнгі Чайковский атындағыМәскеу консерваториясының жанында ұлттық республкалардың үш жылдық студиясы болатын еді. Музыка мектебін, училищесін бітірмеген, музыка өнеріне бала күннен тәрбиеленбеген жастар сол жерде білім алып, кейін консерваторияға түседі. Мұқан соған барып оқуға түсті. Кейін дауысы қарлығатын болып, әншіліктен композиторлық оқуға ауысуға мәжбүр болды. Орыстың Мясковский, Шехтер сынды белгілі композиторларынан дәріс алды, үйренді.

Соғыс басталғанда ол өз бетімен Мәскеу түбіндегі халық қорғаушылардың қатарына кіріп, үлкен шайқасқа қатысып, сол арада өкпесіне аздап суық тиіп, елге қайтып оралды. 42-ші жылдың басында елге келген Мұқан алғашқы кезде Құрманғазы атындағы оркестрде дирижер болып қызмет істеді. 1944 жылы «Абай» операсын жазды, 1946 жылы Қ.Жұмалиевтің либреттосына жазған Төлебаевтың «Біржан — Сара» операсы сахнада жарық көрді. Шынайы опера деңгейіне көтерілген дүниелердің алғашқысы сол «Абай» мен «Біржан – Сара» еді.

«Біржан — Сараны» 46-шы жылы сахнаға Құрманбек Жандарбеков қойды. Әнуарбек Үмбекбаев, Байғали Досымжанов, Күләш Байсейітова, Шабал Байсеков – осы екі топ қазақтың аса дарынды ұл мен қыздары сол операны жарыққа шығарды. Столяров дирижерлық етті. Ненашев сахнаны безендірді. Осы опера талантты қойылым болып көрініп, 48-ші жылы ғой деймін, Мәскеуден бір топ комиссия келіп, Сталиндік сыйлықтың лауреаттығына лайық деп бағалап кетті. Сол жылы расында қазақ музыка өнерінің бағы жанып, алғаш рет «Біржан-Сара» операсы Сталиндік сыйлықтың лауреаты болды. Кейін Сталин өлгеннен кейін бұны Мемлекеттік сыйлық деп өзгертті. Жағдайдың өзгеруіне, әрі-беріден соң қоғамдық жүйенің өзгеруіне байланысты не нәрсені болсын, тарихи атауын бүркемелеп, басқаша айтуды тоқтату керек сияқты. Сталиннің атындағы сыйлық па, солай аталсын. Бұл біреуге ұнар, біреуге ұнамас.

Міне, мұқым қазақтың өнерінің шаңырағын биіктету, шыққан белесін жарқырату осы тұстан басталады. Елуінші жылдары Мұқан соғыстың қаулап тұрған кезінде жағдайы келіп оқи алмаған консерваториясына қайтадан барып, бітіріп қайтты. Ал енді бұл Мұқанға ғана тән ерекше қасиет еді. Өйткені, Сталиндік сыйлықтың лауреаты болған адам консерваторияға қайтадан барып түсіп, білімімді көтеремін деу ол уақыт түгіл қазіргі заманда өте сирек кездесетін жағдай. Кейін қайтып келген соң, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» операсына кірісті. Осы екі ортада Мұқан екі рет Қазақстанның Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланды. 1958 жылы онкүндікке барғанда Кеңестер Одағының халық әртісі болды. Ол депутаттыққа өзінің туған ауылы Талдықорған облысының Берлітөбе ауданынан сайланды. Елуінші жылдың орта кезі болатын. Бір күні Мұқан мені үйіне шақырып алды. «Мен Берлітөбеге барайын деп жатырмын. Мені халқым депутат сайлаймыз деді. Сен маған атқосшы боп барып қайтсаң қайтеді» деді. «Мұқа-ау, сіздің бұндай қызметіңізге жарайтын болсам болғаным дұрыс қой. Бірақ ондайда шешен, көсем сөйлейтін, көреген адам керек. Мен осыған жарар ма екенмін дедім». Сосын қалжыңға басып «Мен жарайсың деген соң, жарайсың ғой» деп сол жолы өзімен  бірге Бөрлітөбеге алып кетті. Сонда есімде қалғаны – ол кейбіреулерге ұқсап қарқылдап күліп, не болмаса артық сөйлеп, көп уәде беріп, көпіртіп айтып, артынан пойызға қайта мінгеннен кейін бәрі артта қалды ғой деп кететін кісі болмайтын. Ақырындап қана сөйлеп, ақырындап миығынан ғана күлетін.

«Үлгі» колхозындағы біз оқыған мектепте сөйлеген сөзі есімде: «Сендерге депутат болғаннан кейін осы «Үлгінің» құмын көшіріп тастаймын, үй салып беремін, осы араны гүлстанға айналдырамын деп айта алмаймын. Егер сайлаған депутатымыз «Үлгінің» белес құмдарын көшіріп тастайды екен десеңдер, алдын-ала айтып қояйын, сайламай-ақ қойыңдар» деп күлген еді, жарықтық!…

Былайша айтқанда, бұл кісі реалист еді. Орнатылмай жатқан коммунизімді қолдан орнатып беремін деп ешкімге бос уәде бермейтін. Соғыс кезінде мектепте оқып жүрген кезімізде, әлі есімде, Мұқан «Үлгі» колхозына келді. Содан ауыл сыртында бір шақырым жерде ақшағыл құм болатын. Басқа жерге қарағанда құмның беті ерте қызады ғой. Көктем кезі еді. Сонда, балалық-ай десеңшң, үзіліске шыққан бойда ағамыздың не істеп жүргенін сыртай андыймыз келіп. Қолында домбырасы, алдында жайып қойған жолақ-жолақ қағазы бар Мұқан теріс қарап отырып бірдеңені күтеді. Бірде ыңылдайды, қағазына қайта шұқшияды. Содан кейін Балқаш көлінің жағасына кеме тоқтайтын бір бұғаз болушы еді. Сонда ертеректе Бөрлітөбе ауданының орталығы болған. Кейін Лепсіге ауысты ғой. Сол арада ерте заманнан келе жатқан күйсандық боушы еді. Ол кезде баламыз, күйсандық дегенді білеміз бе, тәйірі. Соны Қарашығанға кемемен алып келіп, сол арадан түсіріп, өгіз арбамен жеткізгенін өз көзімізбен көргенбіз. Соны әкеліп біздің мектепке қойды. Бұл соғыстын әлі бітпеген кезі еді. Күйсандықты Мұқан ағамыз күмбірлетіп ойнайды. Біз үзілісте тыңдаймыз. Өзімізше ләзаттаймыз. Содан Мұқан шығып кетсе, қара күйсандыққа жабылып кеп қаламыз. Ол бізге қызық көрінеді. Сөйтсек, кейін білдік, сол қырық төртінші жылы Мұқан елге келіп, шағын құмның үстінде домбырамен теріс қарап ыңылдап отырғанда, ақ тер, көк тер болып жүрген «Біржан-Сара» операсының бірінші бөлімі сол «Үлгі» колхозының ақшағыл құмының жылы табымен жазылған.

Кейін «Козы Көрпеш – Баян Сұлуды» Ғабит Мүсреповпен бірігіп жаза бастады. Бұл кісі либреттоның көбін өзі жазып еді. Қандай бір майталман жазушы, майталман ақын болсын, операның либреттосын жазғанда, онда операны жазып отырған композитордай сезім болмайды. Олар сахнаның заңын дәл композитордай сезінбейді. Мен де төрт опера жаздым: «Қамар сұлу», «Алпамыс», «Тың тынысы», «Дала оттары». Сонда либреттоның кейбір жерін өзіміз айтып, тіпті орашолақ ақындыққа үйлесе бермейтін тілімізбен өзіміз қосып жазып, буындарын түсіріп беріп, араласатын кезіміз болды.

Мұқан дүниеден озған соң, архивіне бір топ адам болып кірдік. Өзінің қолымен жазған сол либреттоның қойын дәптері әлі күнге архивінде сақтаулы. Бірақ өкінішке орай, ол кісі екі жылдан астам еркін тұра алмай, жіңішке ауру жанын жегі құрттай жеп, «Қозы Көрпештің» бір актіге жетер- жетпестей бөлігі ғана жазылды. Бірақ дегенмен де, ерте ме, кеш пе сол «Козы Көрпеш – Баян сұлуды» Мұқанның әруағы үшін, кешегі Ғабиттің әруғы үшін сахнаға қайта көтеріп шығарса, дұрыс болар еді. Мүмкін мен жазармын, мүмкін басқа бір талантты жастардың бірі жазар. Түбі бір сазнаға шығатыны даусыз. Ал енді «Біржан – Сара», «Қозы Көрпеш – Баян сұлудан» басқа, одан бұрын Брусиловскиймен бірігіп жазған «Амангелді» дейтін операсы бар. Оны біреулер біледі, біреулер білмейді. Бұл – сол Мұқанның тырнақалды дүниелерінің бірі. Бұны сол замандағы Қазан төңкерісінің идеологиясын дәріптейтін дүние деп айтуға болмайды. Бұл Амангелдінің, кешегі Кете батырдың ерлігін айтатын дүние. Опера әлі күнге сахнадан түсе қойған жоқ. Жиі жүріп жатпағанмен де, осындай қажетті жағдай юолғанда сахнаға қайта оралып отырады.

Мұқанның жазған ән-романстары өз алдына бір төбе. Халықтың білетін «Май күні» әні, Абайдың «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» өлеңіне жазған романсы бар. Соғыс кезінде шыққан «Тос мені, тос», «Кестелі орамал» дейтін әйгілі әндері бар. Кейінгі уақытта шыққан «Ақмарал сұлу еркем-айы» бар. Біздің жас кезімізде солардың ішінен «Тос мені, тос» «Кестелі орамалы» көбірек орындалушы еді. Бұлар майданда жүрген азаматтардың ауылда қалған қаракөз қарындастарына жазған хаты тәрізді, берген уәдесі секілді, махаббатының шырқырап шыққан әнұраны сияқты болып естілетін. Қазір «Тос мені, тосты» да, «Кестелі орамалды» да осы күнгі әншілердің көбі айта алмайды, айта білмейді, айтып та жүрген жоқ. Бұл Рамазан Елеубаевтың «Жас қазағы» сияқты.

Әрбір қоғамның ағымы өз тұсында өз өнеріне тақырып тауып береді, айтатын, айтқызатын дүниелері болады. Мысалы, Ұлы Отан соғысы болмаса, Төлеген Тоқтаров Рамазан Елеубаевтың көз алдында қаза таппаса, «Жас қазақ» тауар ма еді? Қазақ халқында ежелден қалыптасып қалған жанр бар. Кейде осындай бір аяулы азаматымыз қайтыс болса, Шопеннің, не болмаса Чайковскийдің, яки Бетховеннің симфонияларынан алып ойнап жатамыз. Анда-санда «Біржан – Сарадағы» Аналықтың Біржанға арнаған жоқтауын айтамыз. Сонымен жоқтау — әбден қалыптасқан жанр деп айтуға халқымыз бар. Оның ішінде ең әйгілісі – «Елім-ай». Бұл баяғы, «Ақтабан шұбырындының» тұсында туған. Оның ішінде  ең әйгілісі – Мұхиттың «Зәуреші». Оның ішінде ең әйгілісі – Кененнің «Базарым-ай – Назарым-ай». Сосын осы Рамазан Елебаевтың «Жас қазағы». Алтынбек Қоразбаевтың «Қара кемпір» деп аталатын әні де осы тектес. Ал «Тос мені, тоста» мұндай жылау-сықтау жоқ. Бірақ майдайда жүрген жауынгердің сүйген жарын көре алмай, құштар болып, бір жағы қайтіп ораламын ба, оралмаймын ба, бұл дүниеде бармын ба, жоқпын ба деп жүрген сағыныш сазы бар. Осылардың бәрін жіпке тізгендей қарасаңыз, қазақ ұлттық өнерінде жоқтау жанрының әжептәуір қалыптасқанын көруге болады. Бұның алды 1720 жылдан басталады. Соңы соғыс жылдарымен, әрі-беріден соң Алтынбектің әлгі бейбіт кезінде шығарған «Қара кемпірі» әнімен жалғасады.

Сонымен «Тос мені тос» та, «Кестелі орамал» да. «Мен көрдім ұзын кайың құлағанын» да қуаттылығыәсерлігі жағынан үлкен бір профессионалдық өнердің шоқтығы биік шығармалары.

Мұқан «Коммунизм оттары» дейтін кантата жазған. Бұған қазір кейбіреулер жымиып күлкімен қарайтын шығар. Мен өз басым 1977 жылы Кеңестер Одағының негізгі заңы қабылданғанда Жамбыл бабаның сөзін жаңғыртып, сталиндік конституциясының сөзіне  қайтадан кантата жазған адаммын. Және оған ұялмаймын. Өйткені қазан айында сол конституция сол конституция қабылданған кезде Үлкен театрдың сахнасында 600-дан астам күрделі хор оркестрі соны шырқағанда мұқым ел болып мақтаныш еткенбіз. Сол өткен өмірге өз басым қорланбаймын. Біздің заманымыз солай болды. Біз коммунизмнің идеологиясына шынайы қалпымызбен сендік. Бүгінгідей заман болады деп ойлаған жоқпыз. Ал, Қазақстанның егемен, тәуелсіздік алғанына бір адам қуанса, мендей-ақ қуансын. Өйткені, мен қазақтың мың жылдық тарихын білемін. Сол мың жыдлық тарихтың ішінде 300-400 жыл қазақ осы бостандық үшін күресті. Бірақ сол бостандық бүгін қолымызға тиді екен деп кешегі өткен өмірді сызып тастаудан, тарихтық тепкілеуден аулақ адаммын. Сол секілді заманында Мұқан да «Коммунизи оттары» деген кантата жазған. Онда кешегі Жарылғапберлінің, Иса Байзақовтың айтатын термелері мен желдірмелерінің желісі табылады. Бұл солардың рухымен жазылған. Меніңше, мәселе туындының тақырыбында емес, оның ұлттық бояунда. «Коммунизм оттарына» Мұқан ұлттық бояу беріп, желдірме арқылы келтіріп, тарихты қазақтың ұлттық өнері арқылы дәлелдейді. Халықтың үмітін сол коммунизм оттарымен көрсетеді. Оны енді мүлде кетуге болмайды.

Сонымен бірге оның хорлары, сюиталары, кино мен театрларға жазған музыкасы көп. бірақ Мұқаңның жазғандарын санап отырсаң, сан жағынан көп болмауы мүмкін. Кейде біздің композторлар, ақындар пәлен жинақ, түген кітап шығардық деп айтады. Онысы жақсы ғой, әрине. Ішінде құнарлы, құнды дүниелер болуы мүмкін. Бірақ менің ойымша өнердің өлшемі санында емес. Он тоғыз том кітапты үйіп қоюға болады. Бірақ кейде соның ішінен он тоғыз ауыз сөз шықпауы ықтимал. Ал Мұқаңның бір ғана «Біржан — Сарасы» неге тұрады?! Қазақтың кешегі айтыс өнерін, дүлдүл ұлы мен қызының айтысын, олардың махаббатын, теңсіздік өмірде ғұмыр кешкенін, осының бәрін жырлап кету Мұқаңның ғана қолынан келді. Басқа түк жазбаса да, осынысымен-ақ Мұқан Мұқан болып өалар еді.

Содан кейінгі елеулі бір дүние – кешегі Әнұранның сол қалпында қайтадан қабылдануы. Енді ол туралы әңгіме болуы мүмкін емес. Солай болып шешіледі.

Мұқан консерваторияда сабақ берді. Бірақ онда алтын уақытын жоғалтқан жоқ. Ол уақытты босқа өткізуден гөрі, өзінің жазып жүрген музыкасының басы-қасында ойлануды жөн көрді. Жаратылысында тұйықтау адам болатын. Композиторлар одағын басқарды. Қайтыс болғанға дейін осы қызметте болды. Мен Мұқан қайтыс болғаннан бері қарай оның рухани өміріне ат салысып келе жатқан азаматтын бірімін. Және Мұқаң өлгеннен бері архівін жинап, дүниелерін реттеп, әкесінің мұрасындай сақтап келе жатқан Алтын Кетегенова дейтін өнер зерттеушісі бар. Ол Мұқан туралы орысша-қазақша монография жазды. Бір кездері оны Мәскеуден шығармақ болдық, реті келмеді. Алматыдан шығармақ болдық, сәті болмады. Енді Мұқаңның 80 жылдығына байланысты Талдықорған облысы сол дүниелердің басын құрастырып, игілікті қолға алып жатыр. Бұл шықса, жақсы болар еді.

Мұқаңның елу жылдығын өткізуге атсалыстық. Алпыс жылдығында да, жетпіс жылдығында да қызу дайындық болды. Осы уақытқа дейін есімде: сол кездегі Композиторлар одағының бастығы Горький қаласына іссапармен кетіп қалған еді. Сонда жиналысқа келмей қала ма деп екі күн поезбен жүріп Горькийге жетіп, оны үлгеріп алып келгенбіз. Оған Әлиев, Демичев қатысты. Ол уақытта заман солай болатын. Неғұрлым үкімет басындағы, биік-биік лауазымды қызметте жүрген адамдар қатысса, соғұрлым біз өзіміз атап отырған азаматымыздың абыройын көтереміз деп есептейтінбіз. Жиналыстарды бұлай өткізіп жүргеніміз 47 жасында о дүниелік болып кеткен Мұқаңның әруағы қолдасын деген шаруа бар.

Қазір халық көне мәдениетке, көне өнерге бет бұрды. Менің түсінігімде бұл дұрыс нәрсе. Тарихын білмеген халық келешегіне құлаш сермей алмайды. «Біздің өнеріміз баяғыда осылай болатын, осыдан артық өнердің қажеті жоқ» десек, тағы да кешеуілдеп қаламыз. Сондықтан жетпіс жыл бойы Еуропаның өркениетіне бет бұрған өнерімізді тоқтатып алмай, екі қазынаны қатар алып жүрсек, түптің түбінде алдыңғы қатарлы өскен елдермен тереземіз теңеседі. Сол кейіңгі қалыптасқан өнеріміз бен тарихи тереңнен ьасталатын өнерімізді қатар өрбітіп жүрсек, Құрманғазы мен Тәттімбеті, Біржан мен Ақанды айтып қоймай, кешегі Бруссиловский, Төлебаев, Жұбановтарды, одан кейінгі Ғазиза, Сыдық, Құдыстарды, кейінгі толқын жастарымызды айта жүрсек деймін. Алтынбек домбырасымен ән шырқап тұрған жерде неге Ермек Серкебаев, немесе Әлібек Дінішев ариясын айтып тұрмасқа. Осының бәрі халық өнерін байыта түспесе, жүдетпейді.

Қазақ музыкасының кейінгі дәуірдегі классиктерінің бірі ретінде Мұқан Төлебаевтың аты әбден бекіп, орныққан деп айтуға болады. Мұқан қайтыс болғаннан кейін өзі туып өскен Берлітөбе ауданының бір шаруашылығы соның атымен аталады. Сондай-ақ Семейдің музыкалық училищесі, Талдықорған облыстық филармониясы Мұқаң есімімен аталады. Балқаш көлінің суын шарып Мұқан Төлебаев атындағы теплоход жүріп жатыр. Екі он жылдық, үш сегіз жылдық мектеп бар. Алматының қақ ортасын жарып жатқан көше бар. Мұқан Төлебаев атында стипендия бар. Лепсі стансасында мұражай салынып жатыр. Бұл станса алдағы уақытта Мұқан Төлебаев атымен аталады деген әңгіме қозғалды. Сол жерде оның ескерткіші салынуда. Биыл амандық болса, шілде айының аяғына таман алдымен Бөрлітөбеде, сосын Талдықорғанда, кейін Алматыда Мұқан Төлебаевтың 80 жылдығына байланысты мәдени шара өткізіледі.

Алматы жай қала емес, экономика, мәдениет ғылым мен өнердің астанасы. Сондықтан да Мұқаңның атымен аталатың көшенің басында, не қақ жүрегінде оған арнап ескерткіш қойылса, бұл тек Мұқан Төлебаевтың еңбегін ескеріп қойылған ескерткіш емес, музыка мен өнерімізге деген ілтипат белгісі болар еді.

Мұқаңның атын жай ғана композитор ретінде атау жеткіліксіз. Оны артына асыл мұра етіп қалдырған қыруар қазынасы арқылы дәріптей беруіміз керек. менің ол туралы көкейімде жүрген бір шоғыр ойлар осылар.

Ол әлі зерттеле береді. Мұқаңның қазынасына терең бойлау қиын да күрделі…

Әуен әлеміндегі жарық жұлдыз Композитор Мұқан Төлебаевтың туғанына 80 жыл.

Мұқан Төлебаев! Бұл есім қазақтың профессионалды музыка өнері, ұлттық операмыздың қалыптасуы мен өркендеуі әуен әлеміндегі нұрлы ағыстар туралы әңгіме болған кезде әрдайым алдымен аталады. Оның үлкен себебі де бар. Біз кезінде  қазақтың «500 әнін» және «1000 әнін» нотаға түсіріп, одан соң: «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді»,- деген А. Затаевичке тек қана рақмет айтамыз. Ал ұлттық әдебиет тек қана фольклормен, ауыз ауыз әдебиетімен асқарға шыға алмайтыны сияқты, ұлттық музыканың да өрлеу сатылары профессионалдық жоғары деңгейімен бағаланады. Бұл орайда көрнекті қазақ композиторы Мұқан Төлебаевқа көрсетілетін құрмет өзгеше болуы заңды да. Оның музыканы әр түрлі жанрларын кең қамтыған танысты шығармалары — әндерінен операларына, камералық шығармаларынан симфонияларына дейін туған халқының тағдырымен жұптасып, махаббатына бөленіп, одан соң шет елдердегі музыка сүйер қауымның да талғамынан шықты. М. Төлебаев шығармашылығындағы айтулы шың – 1946 жылы дүниеге келген «Біржан-Сара» операсы. Содан бері жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де бұл операға деген құштар арта түспесе, кемитін емес. Мұның сыры неде? «Операны түсінбеймін»,- дейтіндердің өзі «Біржан-Сара» операсынан үзінді тыңдаған кезде көздері жайнап кетеді. «Егер кімде кім Бах пен Моцарттың, Бетховен мен Шопеннің, Чайковский мен Мусоргскийдің музыкасының рухани қуаты мен сұлулығын өмір бойы сезіне алмайтын болса, бұдан не Бах не Моцарт, не Бетховен, не Шопен, не Чайковский, не Мусоргский кішірейіп қалмайды. Олар әрқашанда ұлы және құдіретті қалпында қала береді. Сондықтан бұларды өмірде елемеген және олардың өнеріне жанаса алмаған адам көп нәрседен құралақан қалып, өте көп нәрсе жоғалтатыны анық»,- депті бір дуалы ауыз. Осыған орайластырып айтар болсақ М.Төлебаев тәлімі де әрбір қазақ үшін тылсым да терең, бай қазына.

Ермек СЕРКЕБАЕВ, халық әртисі, Еңбек Ері: — Мұқаң қазақ өнерінің тарихында қалған үлкен азамат, белгілі композитор. Жасы кіші болса да мен ол кісімен жақсы жолдас болдым, бір үйде көрші тұрдық. Мені өзі өте жақсы көруші еді. Радиода бірге қызмет істедік. Доктор болып жүргенімде менің даусыма қатты көңіл аударып, болашағымды болжап, опера театрына алып келген өзі еді. Өнердің адамы ғой. Өмірде мінезі өте қызық еді. Әкімшілік жұмысқа онша қыры жоқ болатын. Әрі ақын, әрі әкім боламын деу бекершілік. Талант көп қырлылықты, жан-жақтылықты жақтырмайды. Мұны өз басыма да қатысты айтар едім. Талай рет маған театрға, тағы да басқа мекемелерге басшылық жаса деген кездерде тізгін тартып жүрдім. Мұқан да таза өнер үшін жаратылған жан боатын. Тіпті, опера театрына директор болған кезінде шаруашылық жайын көп ойламайтын. «Бала, тауға барып, таза ауа жұтып қайтайықшы!» — деп аңсары басқа жаққа ауа беретін. Жақын тұтқан жанындағы адамдарға еркелейтін. Дариға жеңгейімізді түнгі 11-12-лерде жұмыс орнында қалдырған партитурасын алып келуге жұмсап қинайтын.

Шығармашылық жөні бөлек. Бородин жалғыз «Князь Игорь» операсымен тарихта қалғаны сияқты, Мұқан Төлебаев, басқа туындыларын былай қойғанда, жалғыз «Біржан-Сара» операсымен өнер тарихымызда өшпейтін ескерткіш тұрғызады. Осыдан басқа ештеңе жазбаса да жұлдызы жоғары болар еді. Оның халқына берген негізгі туындысы осы. Басқаларын санамалап жатпай-ақ қояйын.

Өз басып көп уақыт Мұқаңның тәрбиесінде болдым. Өнегесін алдым. Бәлкім, бүгінгі шыққан биігім үшін сүйемелдеушілерімнің алдында қарыздар болсам, сол қарызымды өтеп жүрген болсам, ең алдымен Мұқаңды ауызға аламын.

Байғали ДОСЫМЖАНОВ, халық артисі: — Туған халқына көп шығарма жазып, аз еңбек сіңіретіндер бар, аз шығарма жазым, көп еңбек сіңіретіндер бар. Мұқан Төлебаев — аз жазса да саз жазған ұлы композитор.

Мен Мұқанмен Мәскеу консерваториясында бірге оқыдым. 1941 жылы соғыс басталғанда мен майданға аттандым да, ол денсаулығына байланысты Алматыға қайты. Соғыстан жарақат алып, мен де Алматыға оралған соң екеуіміз тығыз қарым-қатынаста болдық. Қиналған кездерімде қолымнан келгенше жәрдемімді беріп тұрдым. Ол «Біржан – Сара» операсын сол бір ауыр күндерде жаза бастаған еді. Осы үлкен шығармамен қатар ол өзінің «Кестелі орамал», «Майданан хат», «Соқ, барабан», «Жорық», «Тос, мені тос», т.б. ән-романстарын жазу арқылы замандастарының көңіл күйін білдірді, жігерлендірді және өзі де өнердегі жанрлық түрлі ізденістерге барып жүрді.

«Біржан — Сара» операсын жазу кезінде Мұқан менімен көп ақылдасатын. Өйткені Біржан партиясын иірім-қайырымдарын игеруге менің дауысымның мүмкіндігін мұқият қадағалады. Көптеген композиторлар әншінің қарым – қабілетімен есептейді. Ал әншіге өлшеусіз салмақ түсірген кезде, мүмкіндігін ескермегенде, опера ойдағыдай шықпайды.

Мұқан бұл операны әуелде «Біржан» деп атаған еді. 1945 жылы театрға тапсырды. Комиссия қабылдаған кезде Сара рөлінде ойнайтын Күләштің өтініші бойынша және басқа да жолдастардың ұсынысымен «Біржан – Сара» аталды. Бұл біздің өнеріміздің тарихында қазақ композиторының жеке жазған тұңғыш операсы еді. Ал оның музыка мамандары тарапынан, халық санынан өтіп, әділ бағасын алуы тек тұңғыш болғандығынан ғана емес. Бұл өзі итальяндық опералардың үлгісіндегі дүние. Алғашқы қойылымнан бастап-ақ «Біржан – Сара» операсының айы оңынан туды. 1949 жылы операның авторы М.Төлебаевқа, қоюшы-режиссеры Қ.Жандарбековке, Біржан рөліндегі — Ә.Үмбетбаев пен маған, Сара бейнесін сомдаған – К.Байсейітова мен Ш.Бейсековаға, суретшісі А.Ненашевқа Мемлекеттік сыйлық берілді. Опера қазақ өнерінің зор табысы ретінде бағаланды. Содан бері сахнадан түспей келеді. Кезінде «Біржан – Сара» операсын Мәскеуден Үлкен театрында қоймақ болып, либреттосын аударып жатқандар жазықсыз жазаға ұшырап, қойылмай қалған еді. Кейінен бұл операны Башқұрт театры сахнаға шығарды. 1974 жылы мен бұл операны театрда қайта қойып шықтым. Бұрын 4 актілі еді, кейін 2 бөлімді операға айналды. Дүние жүзіндегі кез келген ел итальян операларын қойюға тырысады. Ал әуенділігі, әсерлілігі жағынан «Біржан – Сара» да кез-келген елдің сахнасына лайық дер едім.

М.Төлебаев республикамыздың қазіргі Әнұранының авторы. Қасына екі адамды қосып жазғанмен, шын мәніндегі авторы жалғыз, ол – Мұқан. Бұл да уақыт сынынан өтіп, лайықты бағасын  алды деуімізге болады. Сондай-ақ оның «Коммунизм оттары» дейтін кантатасы (қазір басқаша аталуда) өте үлкен шығарма. Бұл шығармасы биылғы мерейтойы кезінде орындалатын болатын.

1958 жылы Мәскеудегі қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігін «Біржан-Сара» операсымен ашқанбыз. Біржан рөлінде-мен, Сара рөлінде – Роза Жаманова ойнаған еді.

М.Төлебаев өте еңбекқор композитор болатын. Әр жазғанына қатал сын көзімен қарайтын. Жүрекке жеткізіп жазатын. Шығармашылыққа жүрдім-бардым, қалай болса солай қарамаймын.

Мен өзімнің Мұқанға деген жолдастық парызымды өтеп жүрмін. «Біржан-Сараны» Германияға апарып қойғанымызды да жақсы бағаланды. Консерваториядағы ұстаздық қызметімде де шәкірттеріме көп айтамын, көп үйретемін.

Бір арман – ол «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» операсын қолға алып, жазу үстінде, аяқтай алмай  кетті. Қағазға түскені – Қодардың бір ариясы, әйелдер хорының бір үзіндісі содан соң Жантық пен Қарабайдың бір кішкене диалогы – бары сол. Тірі болғанда, халқына берері көп еді. Бір тәубе етеріміз, оның мұрасы халқының жадында, жүрегінде.

Базарбай ЖҰМАНИЯЗОВ, Қазақстан Композиторлар одағының бірінші хатшысы: — 1939 жылы біздің шығармашылық Одақтың іргетасы қаланыпты. Бұрынғы ауызша, әуесқой, суырып-салма, жыршы-жыраулық дәстүрлер енді жаңа арнаға көшіп, кәсіптік шеберліктің  қыр-сыры игеріле бастайды. Соған барлық күш-жігерін жұмсаған, өзінің қомақты үлесін, баға жеткісіз туындысын қосқан Мұқан ағамыздың еңбегі ешуақытта ұмтылмайды. М.Төлебаев, А.Жұбанов, Л.Хамиди, Е.Брусиловскийлер бастаған біздің профессионалдық музыка өнерінің көкжиегін кеңейте түсуіміз керек.Тек қана домбыра мен қобызды үйретумен шектелмей, музыка мектептерінде скрипканы, фортепианоны, т.б. меңгертуге тырысуымыздың бір сыры осында. М.Төлебаев тағылымы дала әуендерін еуропалық әуездермен әдемі үйлестіре білудің, үйлесімін таба білудің үлгісі. Әншілікке де, актерлікке де, режиссерлікке де жоғары кәсіби білім алу қажет. Сол арқылы мамандықтың құпия қалтарыстарына бойлап, жарқыратып жаңа қырларын ашуға болады.

Мұқан ағамыздың мерейтойын биыл ең алдымен жаз шыға туған жері – Талдықорған облысында атап өту, одан соң күзге қарай Алматыда өткізу көзделуде. Нарық экономикасының қиыншылықтарына қарамастан, халқымыздың өнеріне өлшеусіз еңбегі сіңген адамдарды еске алу, соңында қалдырған мұраларын жас ұрпаққа, жаңа ұрпаққа насихаттап, таныстырып отыруымыз басты парызымыз. Біздің Одақ та Мәдениет министрлігімен, Консерваториямен, Опера және балет театрымен, т.б. шығармашылық атқаруды көздейді. Демеушілер тауып, М.Төлебаевтың шығармашылығын зерттеген өнертанушы мамандардың кітабын шығарсақ дейміз. Жаңа концерттік бағдарламалар әзірленбек. Композитордың  тойына өнер сүйер қауым, туған халқы түгелдей атсалысуы керек. Талант – тәңірден болғанмен, перзент — халықтікі.

Жақында Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулысымен Талдықорған облыстық филармониясына аса көрнекті композитор Мұқан Төлебаевтың есімі берілгенін біліп, қуандық. Алматыдағы Мұқаңның – Мұқтар Әуезовтің, Сәбеңнің – Сәбит Мұқановтың музей-үйлері орналасқан ең бір тыныш көше бұрыннан М. Төлебаев атында. «Өнер» баспасы бұдан бірнеше жыл бұрын «Нұрлы жүрек» атты естеліктер кітабын шығарған-тұғын. Композитордың  өз шығармаларының толық жинағы мерейтойы қарсаңында қайта басылып жатса  құба-құп.

Оның әуендері ұлттық шеңберге сыймайды, ұлтаралық кеңістікке арналған деген өнертанушы маманның сөзі мені қатты ойландырған. Рас, ұлы әуен, сырлы саз аудармашыны қажет етпейді. Бірақ бұл әуеннің ұлттық тамыры жоқ деген сөз емес қой. Егер М. Төлебаев қазақ перзенті  болмаса «Біржан-Сараның» дәл қазіргідей құдіретті опера болып дүниеге келуі екіталай. Бұл әр әуеннің де өз топырағы  болады дегенге саяды. Ал жалпыға бірдей түсінікті болуы – ұлы өнердің табиғатына тән қасиет. Ұлы шығарманы жұрттың бәрі де бірдей түсінбеуі де мүмкін ғой… Бұл ішкі  қарама-қайшылық емес. Ұлттық тамыры жоқ өнердің өрісі тар. Ал М.Төлебаев шығармалары – туған елінің тағдырымен тамырлас туындылар.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ