Әзілхан Нұршайықовтың жастарға айтқан өсиеті

0
4178

1. Жазғы салқыннан жаныңды аяма.
2. Ешқашанда ешкімді жамандама. Ең жаман деген адамның да өз жақсылығы болады.
3. Қыз көйлегінің етегі тізеден жоғары шықпауы керек, себебі қыздың жалаңаш жеріне көп көзінің құрты түскіш келеді. Ал халықта: “Есті қыз етегін қымтап ұстар” деген мақал бар.
Әйелдің жалаңаш денесі еркектің құмарлығын қоздырады. Ақылмен бөгеп, сабырмен тұсалмаған құмарлық таудан төңкерілген сең сияқты: жолындағының бәрін ұйпа-тұйпа етіп, жайпап жойып кетеді. Сондықтан әйелдің еркек құмарлығын қоздыратын ашық-шашық жерді көбейтпей жауып, жария етпей қымтап ұстауы абзал. Әсіресе етекті қара санға дейін көтермеу, кеудені жалаңаштамау жөн. Сонда еркек елеңдемейді, әйел алаңдамайды, адалдық бұзылмайды.
4. Ешкіммен барқылдап ұрыспа, бағыңды жоясың.
5. Қарқылдап күлу, тарқылдап сөйлеу – дарақылық белгісі.
6. Кемшіліксіз кісі болмайды, оны көрудің оңайы жоқ. Кісі кемшілігін тез көруге емес, тез түзеуге көмектес.
7. Қызға қатты күлудің қажеті жоқ, жігітке оның жымиғаны да жетіп жатыр.
8. Ауыз екі шешендік әркімде болады. Әсіресе қыздың аузы сүйреңдеп көп сөйлемегені абзал. Өйткені қыздың күлкісі, жымиуы, бас изеуі көзқарасы, жүріс-тұрысы – барі де сайрап тұрған сөз. Сондықтан оның аз сөйлеп, айналасына ақылмен танылғаны дұрыс.
9. Шошаңдаған қыз шешесінің атына кір келтіреді.
10. Баласы арақ ішсе, шешесі у ішеді. Маскүнем жаман бала жақсы ананы ажалынан бұрын көрге кіргізеді.
11. Жаман туыс тістеуік, жақсы жолдас үйірсек.
12. Үміт күткен ұлы оңбаған болып кетсе – әке сорлы; қызы күйеуге өтпесе – шеше сорлы; сұлу деп алғаны сүйкімсіз болып шықса – жігіт сорлы; қыран деп тигені жапалақ болып шықса – жар сорлы.
13. Ақ көңіл мен адал ниеттен туған іс әсем болмаса да сүйкімді. Айла мен арамдықтан туған іс, әдемі болса да – жиіркенішті.
14. Қыздың жақсы жігітке шығуы, жігіттің жақсы жар таңдап алуы жеңіспен пара-пар. Алдымен жеңіске жету қымбат, ал жеткен жеңісті баянды ету – одан да қымбат!
15. Көшеде көлденең тұра қылып бірінің ернін бірі жұлып жердей боп жалмап, жұрт көзінше сүйісіп жатқан қыз бен жігітте ар да, ұят та болмайды. Ондай әдеттен без, ондай құрбыдан аулақ бол.
16. Кей адам кілт етпе келеді. Бірақ ол жас балаға, сұлу әйелге және ұлы адамға ғана жарасады. Бұл үшеуінен басқаға біткен қыңырлық – қырсықпен тең.
17. Махаббат барша байлықтан күшті. Бірақ күштіге де көмек керек. Сол сияқты махаббат өзін байлық пен барлықтың қоса қолдауын ұнатады.
18. Екі адамның бір-біріне шын ықылас пен қалтқысыз қызмет етуі, не араларындағы адал махаббаттың, не асыл достықтың арқасы.
19. Еркекке жүрек керек, әйелге тірек керек.
20. Ел силарлық бағаң болмаса, елге аға болдым деме.
21. Жақсы адам – магнит. Магниттің бірнеше темір шегені өзіне тартып ала алатыны сияқты, жақсы адамның да жанына жұрт көп үйіріледі.
22. Өзің жақсы болсаң – айналаңда досың көп; жаман болсаң- жалғыз жүресің; орташа болсаң- сенде бір жақсының жанын жағалайсың.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ