Бүкіл ұлттың Мұраты. Мұрат Мөңкеұлы туралы

0
1957
Ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттаудың тәрбиелік мәні.

Бүкіл ұлттың Мұраты

Кеңес кезінде “зар заман” ақындарының ішінде жеткіліксіз зерттеген ақындардың бірі – Мұрат Мөңкеұлы. 1940-50 жылдар арасында жарық көрген мектеп оқулықтарында енгізіліп жүрген Мұрат ақын 1947 жылғы атышулы қаулыдан кейін зерттеу объектісінен мүлде түсіп қалды десе де болады. Тіпті 1959 жылғы конференцияда Мұрат туралы арнайы баяндама болған жоқ. Осы конференцияның ұсыныстарында Мұраттың шығармашылығын орта мектепте оқыту қажетсіз деп саналсын, ал жоғары оқу орындарында әдебиеттің қайшылықта дамығанын көрсету үшін ғана аталсын деп айтылды. Соның салдарынан Мұрат Мөңкеұлы 6 кітаптан тұратын әдебиет тарихынан да орын таба алмады. Оның шығармалары М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты 1962 жылы шығарған “XVІІІ-XІX ғасырлардағы қазақ ақындары шығармаларының жинағына” да енбеді.

Тек жинақтың “Кіріспесіндегі” шолуға Ы.Дүйсенбаев ақынның атын атап, оған бірнеше жол арнайды, және оған берген мінездемесі 1959 жылғы конференцияда айтылған бағамен үндес. Осы бір “әттеген-айын” түзейін деген болу керек, Ысқақ Тәкімұлы Мұрат ақынның төрт шығармасын өзі құрастырып, алғы сөзін жазған “Үш ғасыр жырлайды”  деген жинаққа енгізген [74, Б.266-286]. Алайда, алғы сөзінде Мұратқа берген ескі бағасын қайталайды, бірақ шығармаларының алдында берген қысқаша мәліметінде былай деп жазады: “Мұрат жас кезінен жиын тойға үнемі араласып, өлең айтуға машықтана бастайды, ел ішінде: “шешен, тапқыр бала» атанып жүреді. Көп ұзамай ол айтысқа да түседі.

Мұрат айтыстың асқан шебері болумен қатар үлкен эпик ақын. Оның шығармаларындағы қайшылықтары мен қателіктеріне байланысты дарынды ақынның творчествосы соңғы кезде жөнді бағаланбай келді” [74, Б.206-207].

Міне, өзі көрсеткен осы олқылықты Ы.Дүйсенбаев өзінің докторлық диссертациясында, кейінірек шыққан “Ғасырлар сыры” кітабында біршама толтырды десек болады. Еңбегінің 20 бетін түгелімен Мұрат ақынға арнап, Ысқақ Тәкімұлы оның шығармашылығын тұңғыш рет мол қамтып, кең түрде, жан-жақты талдаған. Ең әуелі ғалым ақынның ғұмыры жөнінде бірсыпыра жаңа деректер келтіреді, оның ақын ретінде қалыптасқан ортасын көрсетеді, жекелеген адамдар туралы баян етеді. Сөйтіп, Ысқақ Тәкімұлы ақынның жастай өлеңге үйір, тапқырлығы мен өскен ортасын, көзқарас-танымының қалыптасу, кемелдену кезеңдерін сөз етеді. Артына елеулі әлеуметтік мәні зор мұра қалдырған ірі тұлғаның екі түрлі мәселеге орай кейінгі кезге дейін орынсыз ауызға алынбай, зерттелмей келгенін айтады.

Зерттеушінің пікірінше, оның біріншісі — патша үкіметінің қазақ даласындағы отарлау саясатының күшеюі әсерінен кейбір шығармаларындағы жалпы орысқа деген қарсылығы болса, екіншісі- ірі туындыларының дені әйгілі Едіге ұрпақтарына байланысты  болуы – делінеді. Ы.Дүйсенбаев Едіге туралы теріс түсінік тарихшылардың жаңсақ бағасынан екенін айта келіп, былайша тұжырым жасайды: “Соның өзінде ақынға көзқарасың теріс екен деп, оны үзілді-кесілді тарихтан шығарып тастауға болмайды, оның үстіне  Мұрат ақынды жан түңілерлік құбыжық, тұрған бойымен қап-қара, бастан-аяқ кертартпа деп қараудың өзі шындықтан мүлде алшақ жатыр.

Сонан соң, орыс халқы мен қазақ халқының ежелден келе жатқан достық қарым-қатынасын сөз еткенде, біз әдетте тарихшылардың осы мәселе жөнінде қалыптасып үлгірген сыңар жақ, кейде қате тұжырымдарына еріп кетеміз… Өзіміз тексеріп, зерттеп отырған дәуірдің ерекшеліктерін яғни ондағы қайшылықтар мен игі нышандарды тереңірек тануға, дұрысырақ ұғынуға үнемі бара бермейміз .. ал, мұның ақыры неге апарып соғатыны айтпаса да белгілі … Ал, енді Едігеге келсек, ақиқатта тіпті басқаша, құр Едіге деген аты болмаса, қазақ жырында мүлде бір өзге жанның бейнесі беріледі емес пе? Қалай болғанда, қазақ фольклорының ең бір бай саласынан Едіге мен оның ұрпақтарына бола безіп, мансұқ ету, зерттемей тастау дұрыс па? Ендеше, осы тақырыпты азды-көпті қамтитын Мұрат ақынның шығармаларындағы қайшылықтар мен кемшіліктерді әділ көрсете отырып,  оларға ғылыми талдау жасауымыз қажет, онсыз ақынның творчествосына толық баға беру өте қиын” [75, Б.66-67].

Осылайша өзіндік бағыт ұстанған зерттеуші Мұрат ақынның өлең, толғауларына, атап айтсақ, “Үш қиян”, “Сарыарқа”, “Қарасай-Қази” поэмалары мен “Байұлы Байбақты Ғұмар Қазыұлына Мұрат ақынның айтқаны” секілді өлеңдеріне, әр кездегі айтыстарына тоқталады. Мұрат ақынның шығармаларын Ысқақ Дүйсенбаев тұңғыш рет жүйелеп, үш салаға бөліп қарастырады. Біріншісі — ақынның өлеңдері мен толғаулары, екіншісі — дастандары (“Үш қиян”, “Сарыарқа”, “Қарасай-Қази”), үшіншісі — ақынның айтыстары. Біз де зерттеушінің ізімен жүруді жөн көрдік. Өлең, жырлары онша көп емес, бар болғаны 15 шақты  ғана жыр, соған қарағанда, қысқа өлеңдері бізге түгел жете қоймаған тәрізді. Ақын Қаражанға, Есентемір, Тұрабай, Есенғалиға арнаған өлеңдерінде (Қазиға, Бегалыға арнауларында) оларды жер-көкке сыйғызбай мақтаса, қалған өлеңдерінде болыстықпен кеудесіне нан піскендерді сын садағына алады,- дей келе, зерттеуші бұған Қашқыншы Қаражан Құлбас баласын мақташы дегенде айтқан ақын сынын айқын дәлелге келтіреді. Мұрат тек Құлбас баласы Қаражанды ғана емес, болыс болып елді жеген, ел-жұртқа сонысымен ылаң салған кісілерді аяусыз сынап, кесірлі-кесапат мінезділерді тезге  салып жөндеуді көздейді.

Ақынның әлеуметтік өмір туралы, сондағы адамдар қарым-қатынасы, өткен даналар мен бүгінгі жастардың бірлік-байланысы, әсіресе, ер жігіттің халық алдындағы міндет-борышы мен ең ақыры, ақындық өнер жайындағы ой-толғаныстары да аса елеулі.

Ақын өткен өмірге қарағанда, бұрынғы даналардың халық қамы үшін еткен іс-әрекеттерін кейінгілерге  үлгі ете сөйлеп:

Дүниенің төрт бұрышын

Қорқыт атаң шайқады

Ажалға айла таба алмай,

Қайта айналып келді деп,

Бұрынғылар айтады.

Заманның болар тәрізін

Асан қайғы әулие

Көзі көрмей байқады,

Қанша дәулет бітсе де,

Басыңнан  аумас бақытың

Алпыс күн асқан дария

Алты күнде қайтады – [74, Б.71-72]

деп дүниенің баянсыздығына орай айтқан ақын ойының байыптылығына көңіл аударады. Мұраттың сөз өнерінің сұлу сиқырлығы мен әсемдігін көркем бейнелеген мына бір жыры да жоғарыдағы пікірімізге дәлел болғандай:

Жылы қылып сөйлейін,

Ақ теңгенің мөріндей.

Шалқақтатып сөйлейін,

Айдынның шалқар көліндей.

Асыл қылып сөйлейін,

Базардың алтын беріндей

Жабыстырып сөйлейін,

Тұтқыр сары желімдей.

Сұлу қылып сөйлейін,

Қос жорғаны мініп ап,

Түскен жаңа келіндей ! [75, 72 б.]

Мұрат шығармаларының екінші саласына жататын  шоқтығы биік – “Үш қиян” дастаны. Мұнда оның ел тағдырына байланысты көкейтесті ойлары: халықтың тұрмыс-тіршілігі, өкініші мен күдігі, арманы мен үміті, жұрт бақыты мен ертеңі, жер, қоныс туралы толғаныстары үлкен күңіреніспен сипатталады. Ақын пайымдауынша, ел болашағы барынша бұлдыр, мұнартқан сағым секілді болып көрінеді, сол себепті ол өткенді ойлап, соның қаймағы бұзылмай қайта оралуын көксейді. Бұл жырлар Шортанбай, Дулат шығармаларымен терең үндесіп өзара астасып отырады. Дәл осы сарынды Мұраттың “Сарыарқа” туындысына да   тән деген жөн. Мұнда да “Үш қияндағы” секілді Ресей империясының қанау-тонау саясаты туралы ой ашып айтылады.

«Еділді тартып алғаны –

Етекке қолды салғаны.

Жайықты тартып алғаны –

Жағаға қолды салғаны.

Ойылды тартып алғаны –

Ойындағысы болғаны»,

Ақынның көлемді де көркем шығармасы -“Қарасай-Қази” дастаны. Бұл туындыда күрделі де шытырман оқиға жоқ, өзімізде бұрыннан бар батырлар жырындағы тәсілдер; диалогтың молдығы, аттың адамша сөйлеуі, түс көру, аян беру секілді жәйттар кеңінен қолданылады. Жыр арасында батырлар жырында жиі кездесетін қара сөзді пайдалануға да орын берілген. Жырдың қысқаша фабуласы: Мұса бидің Мамайы мен Орағы бірі би, бірі батыр болып елді билесе, қалған 28 ұлының бір тобы бұларды күндейді. Орақтың есігінің алдына өзінің алмас қылышын құрып қойып, жылқыны дүсірлетіп қуып, “жау келді, Орақ, шық” деп айқайлайды. Орақ есіктегі қылышқа түсіп қалып, жараланып қайтыс болады. Оның шешесі Қараүлек, әйелі, Қарасай, Қази деген екі баласы артында қалып, батыр болып жетіледі. Он жеті жастағы Қарасай мен он бестегі Қазидың өсіп ер жетуін негізгі оқиға етіп жырласа да, Орақтың ерлігі, Қарабатыр, Тілеке, Алшы, Смайыл, Тобаяқтардың зұлымдықтары диалог арқылы ашылып отырады. Әсіресе, Орақтың елі үшін жасаған сансыз ерлік істері досы Ақмырзаның, шешесі Қараүлектің сөздері, әйелінің жоқтауынан айқын көрініс тапқан. Ал, Орақтың өлуіне себеп болған бақастар тобы өз айыптарын өздері мойындап, “ақырында күндей, күндей жоғалттық” деуге мәжбүр болады. Ел шетіне жау келгенде, баяғы “бес батыр” қарсы аттанады да, Қарасай жорыққа бармай қалады. Қарасай шешесінің сөзінен кейін әкесінің асын беріп, өзіне лайық ат іздейді. Қарындасы Қибатты Ноғайлының қарт батыры Көкшеге бермекші болып, оның Көкбұйра атын мініп жауға аттанады. Қырық күн бұрын кеткен әскерді қуып жетеді. Жау қарасынан қорқып Қарабатыр, Тілекелер кейін қайтып, Қарасай мен Естерекұлы Ер Тарғын ғана қалады, кейін Қази келіп қосылады. Үш батыр жауды жеңіп, еліне оралады. Мұнда үш батырдың қажыр-қайраты, шексіз ерлігі әсем суреттеліп,  Қарабатыр тобының пасық-зұлымдығы, опасыздығы шебер сипатталады.

Зерттеуші Мұраттың айтыстағы шеберлігі мен тапқырлығын оның бес айтысын талдау арқылы  көрсете алған. Жылқышы, Бала Ораз, Кете Жаскелең ақындармен және әйел ақындар Жантолы, Тыныштықпен айтыстарының көбінде рулық сипат орын алса да, Мұраттың  айтыста төселген алғырлығы, сөз өрнегін келістіре білетін шешендігі зерттеуші тарапынан жоғары бағаланады. Ы.Дүйсенбаев өз ой-пікірлерін қорыта отырып, мынадай  тұжырым ұсынады: “Әдетте Мұрат шығармаларына баға бергенде, отаршылыққа қарсы реакция ретінде туған оның ащы сөздерінің парқына бармай бұлары жалпы орыс атаулыға айтылған наразылық деп танып келдік. Сонда Мұрат ақынды бастан-ақ ескішіл, әдебиетіміздің қорына қосқан ешбір үлесі жоқ деп кесіп айта аламыз ба? Ақынның ізгі ізденістері, туған халқының тағдыры туралы толғаныстары мен өмір шындығы екі арасындағы қабыспас қайшылықтардың себептерін неге ашпаймыз? Қайткен күнде де “кертартпа” деген ұғымды тым тар көлемде қарамай, бір жағы замана қайшылықтары ескерілсе. Қай ақынның болсын творчествосындағы барлық ерекшеліктерді түгелдей қамтып барып, терең топшылау, әділ қорытынды жасаған дұрыс” [75, 83 б.]. Бұл – шын мәнісінде әділ баға еді, себебі қашан да, қай ақын болса да әдебиетімізге қосқан өзіндік үлесімен,тың жаңалығымен  өлшенсе керек.

Мұрат Мөңкеұлы шығармалары халық аузынан, Ғылым академиясының қолжазба қорынан жинақталып, халыққа танылуына, оның шығармашылығының ғылыми айналымға түскеніне көп уақыт өткен жоқ. Қазір ол республика халқына танылды болады.

Совет үкіметі кезінде кертартпа ақын деп, шығармалары баспа орындарында жарияланбай, халық санасынан аластатылса, қазір оқу орындарының бағдарламаларына енгізіліп, толғаулары мен дастандары әртүрлі жинақтарда жариялануда.

Мұратты қаншама халыққа танылды дегенмен, Абай мен Махамбеттей, Ақтамберді мен Бұқардай мол орнығып, санаға сіңе қойған жоқ.

Махамбет жырлары халыққа Мұрат арқылы мәңгілік ғұмырға ие болды. «Қырымның қырық батырын», Ноғайлы жырауларының толғауларын, көптеген батырлар жырларын Мұрын жыраудың Мұрат ақыннан үйренгендігі шындық.

Қазақ елі ақынның я батырдың қай өлкеден екендігіне қарамастан, бәріне де ортақ болса, атақты ақындар да, батырлар да күллі қазақтың құрметтісі.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ