А.Байтұрсынұлының әдістемелік мұраларын заманауи оқыту жүйесі

0
3991

 XX ғасырдың басында ұлт жұмысын арымен атқарған Ахмет Байтұсынұлынан қалған мұра, болашақ қазақ ұрпағына мәңгі азық боларын кім білген? Тіпті, қазақ ұлтының ғана емес, түркі әлемінің мақтанышына айналған А.Байтұрсынұлы шығармашылық мұрасына ғылыми тұрғыдан зерттеу жүргізу – ұлт тіліне мәртебе аларлықтай игі іс десек артық кетпеспіз. Ұлт ұстазының 50 жылдық мерейтойында замандас әрі рухани інісі Мұхтар Әуезов: « …қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайратын біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайды. Ахаңның қызметі қазақтың ұзын-ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет. Істеген ісімен өзіне орнатылған ескерткіші – мәңгілік екерткіш» деген екен. Қазіргі таңда «Алаш мұрасы һәм заманауи оқыту жүйесі» деген түсінік те қалыптасып барады. Ақиқатында, мұндай пікірдің алғашқы болуы қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымы саласында ұлт тілін «пән» ретінде қарастырып, оқы оқытуда басты мақсат етіп, ғылыми жүйеде қалыптастыру арқылы негіздеген – Ахмет Байтұрсынұлы. Жалпы, тіл үйретуде, оның жаңаша заңдылықтарын ашуда Міржақып Дулатұлы, Халел Досмұхамедұлы, Телжан Шонанұлы, Қошке Кемеңгерұлы т.б. ғалымдардың ой-пікірлері белгілі нысан ретінде қалыптасып келеді. \r\n\r\nА.Байтұрсынұлының қазақ тілін оқыту, үйрету, дамыту тұрғысындағы «Оқу құралы», «Тіл құрал», «Методика мәселелері», «Баяншы», «Тіл – жұмсар» сынды толып жатқан мұрасын бүгінгі күн талабына сай, жаңартылған үлгіде толығынан пайдалануға әбден болады. Ғалым қазақ тілінің грамматикасы – фонетика, морфология, синтаксис салаларын бүтін бірлікте алып, ұлттық тіл ғылымын жасағанын ұмытпаған жөн. Әлбетте, ғалымның өзі айтқандай, тілдің әуелі грамматикалық ілімін жинақтап, содан соң грамматикалық құрылымын зерттеп-зерделеуден басталған. Мұны замандастары «Ақаң түрлеген ана тілі», «Ақаң салған әдебиеттегі асыл сөз» деп мәлімет берсе, бүгінгі ғалымдар «Байтұрсынұлы бастаулары» деп айтып жүр. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіл білімінің негізгі теориялық тұғырын жасап, оның алғашқы жобаларын жасады. Біріншіден, «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі» — дей келе тілді адам санасындағы ойдың күрделі иірімдері мен әр түрлі құбылыстар арқылы қабылданатын ақпарттардың күрделі таңбалық көрініс ретінде қарастырып, негізін жасады. Жаңа бағытта лингвистика теориясының аса күрделі мәселелерін соның ішінде тіл мен ойлаудың өзара байланыстылығын ара жігіни аса суреттей айтқан. Екіншіден, Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуы арқылы ұлт сауатын ашып, газет-журналдарын шығар бастағаны, 1929-40 жылдар арасында латын таңбасын енгізгені, 1938-дің қырғын-зобалаңынан соң, елдің еңсесін көтертпей, соғыс басталар алдында, заманауи апақ-сапақта кирилл таңбасын зорлап таңғаны да бүгінгіге тарих болғанымен, сол уақыттың шындығы еді. Сонымен қатар А.Байтұрсынұлының жазу мен оқу екеуін қабат үйретуді баса назарға алып, оқуды жазу рқылы үйрету керектігін айтады. Өйткені бұл әдісті қолдаушылар оқуды үйретуді оқудан бастаған дұрыс емес, жазудан бастаған дұрыс дейді. «Жазу жоқ кезде оқу жоқ. Оқудан жазу дүниеге бұрын келген. Оқуды жазу тудырған» деп, өз ойымен нақты айтқан. Оқу білмейтін адамды үйреткенде, жазу мен оқудың пайда болған жолымен жүру керек дейді. Бұл әдіс дүниеге көп жайылмағанымен, өзге жайылған әдістерді түзетуге болады. Осы арқылы «Жазу-оқу» әдісі шыққан кейінде дәл сондай тәсіл қолданылып жүр. А.Байтұрсынұлы қазақ әдебиетінің даму кезеңдерін ғылыми негізде топтап берген. «Әдебиет танытқыш» – сан-салалы әдебиет табиғатын жан-жақты ашып, талдап-түсіндірген ғылыми зерттеді. Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқышымен» қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салды. Сондай-ақ ол – әдебиет тарихының мұрасын, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаған зерттеуші ғалым. Көркемдігі айрықша «Ер Сайын» жыры мен қазақ тарихының төрт жүз жылын қамтитын «23 жоқтау» жинағын кітап етіп шығарды. Халық мұрасына үлкен жанашырлықпен қараған Ахмет Байтұрсынұлы «әдебиет тіліне негіз етіп ел аузындағы тіл алынбаса, оның адасып кететіндігін» айтты. Байтұрсынұлы – қазақ кәсіби журналистикасын қалыптастырған ірі қайраткер. Ол қазақ халқына, зиялы қауымға газеттің қоғамдық қызметін ұғындырып, баспасөздің өркениетті, тәуелсіз елге аса қажет нәрсе екенін жанкешті іс-әрекетімен көрсетті. Байтұрсынұлы ұйымдастырып, бас редактор болған «Қазақ» газеті қоғамдық ойға ірі қозғалыс, рухани санаға сілкініс әкелді. «Қазақ» газеті халықтың рухын сергіткен ірі құбылысқа айналды. Байтұрсынұлы – әлеуметтік мәселелерге, қоғамдық ой-пікірге ықпал жасаған публицист. Оның мақалалары ғылыми байыптауымен, өткір ойларымен сол кезеңнің шындығынан хабар береді. Абайдың қоғам өмірінің демократиялық  құрылысы туралы ойларын дамытып, саяси-әлеум. жағдай, оқу-ағарту, халықтың тұрмыс-тіршілігі туралы мәселелерді қозғады. Қазақ зиялыларының жан-жақты білімдар әрі саяси күресте шыңдалған легін қалыптастыруда А.Байтұрсынұлының публицист, баспасөз ұйымдастырушы ретіндегі еңбегі ұшантеңіз. Ол – қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби жасап, жаңа үлгі ұсынған реформатор. А.Байтұрсынұлы қазақ тіл білімін XX ғасырдың бас кезінде қалыптастырып, оның ірге тасын қалағандардың бірі. Ара графикасына негізделген қазақ жазуының реформаторы ретінде қалыптасты. Оған қоса қазақ халқының рухани көсемі, ұлт ұстазы, ақын, публицист, қоғам қайраткері санатында жасаған барлық еңбегі, тартқан қорлық, көрген азабы болашққа сенген үміт-арманы туған халқы үшін қасықтай қаны қалғанша қалтқысыз қызмет етуге арналған. Ахметтің қай әдістемелік құралын алсақ та халықтығы басым, тәлім-тәрбиеге толы. Ұлы Ахметтің қазақ өмірінің қай кезеңіне де дәл келмейтін сөзі бар ма?! Мына жолдар бүгінгі жас ұрпаққа білдіргелі отырған зиялылар мен қазақ ұлтының қасиет тұтар қазынасы болып табылады. Дәл осындай қасиетті қазынаны дәріптеп, асқақта та көтеру біздің қолымызда деп білемін! \r\n\r\nОспанова Шынар\r\n\r\n Жылуфизика және техникалық, физика кафедрасының аға оқытушысы PhD


ПІКІР ҚАЛДЫРУ