БАЛҚАШ КӨЛІНІҢ ФИЗИКА-ГЕОГРАФИЯЛЫҚ СИПАТТАМАСЫ

0
7017
Ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттаудың тәрбиелік мәні.

Кіріспе

«Қазақстан-2030» стратегиясының мақсаттарының бірі Қазақстан Республикасының су ресурстарын тиімді пайдалану және қорғау болып  табылады. Қазақстанның 66% территориясы шөлейт және шөлді аймақтарда орналасқан және су ресурстарына өте тапшы. Жеке адам басына суды пайдалану бойынша Қазақстан Евразия құрлығында соңғы орындардың бірінен орын алады.

Іле-Балқаш алабы Қазақстан үшін су ресурстарының, балық шаруашылығының маңызды көзінің бірі болып саналады, әрі көптеген фауна мен флоранаың өсіп-өнетін тіршілік ортасы, түрлі ландшафтың тараған жері және аймақтың климатын реттеуде аса маңызды рөл атқарады.

Балқаш көлі жер шарындағы ірі табиғи су қоймаларының қатарына жатады.  Ол Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жамбыл аумақтарын қамти орналасқан. Мұнда кеме қатынасы, балық аулау шаруашылығы жақсы дамыған. Сондай-ақ көл суы егістік суаруға және өнеркәсіпте (Балқаш көлінің жағасында Республикадағы ірі «Балқашмыс» металлургиялық комбинаты орналасқан) кеңінен қолданылады. Іле өзенінің Балқашқа құяр атырауында күріш өсіру, ондатр шаруашылығы дамыған, әрі мұнда қамыс құрағының мол қоры бар. Жалпы алғанда Балқаш көлінің Қазақстан Республикасының халық шарушылығындағы маңызы өте жоғары болып саналады.

Су деңгейінің және су теңдестігінің көпжылдар, жыл және маусым ішінде тербелу амплитудасы көлдің морфометриялық және гидрологиялық сипаттамаларын елеулі өзгертіп отыр. Балқаш көлінің орташа тереңдігі 6 м болып келетін таяз су қоймасы болғандықтан су деңгейінің тербелісі мұнда тұратын халықтың шаруашылығына, қоршаған ортаның экологиясына әсері жылдам байқалады.

Соңғы жылдары Балқаш көлі проблемасы өзекті мәселеге айналып отыр. Ол негізінен өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, энергетикада және шаруашылықтың т.б. салаларында қайтарымсыз пайдалануға алынатын және тазаланбаған ақаба сулардың көлемінің өсуінен, көл деңгейінің күрт төмендеуінен туындап отыр. Қапшағай СЭС-і тұрғызылғаннан кейін әр жылда қайталанып отыратын тасқындардың атырауда жайылуы жойылды, көлге құятын су көлемі азайды, көлдегі су деңгейі төмен түсіп, көл жағаларының бірқатар ауданы құрғап қалды, құрғаған көл табанындарынан тұздардың, құмның және шаң-тозаңның  көшуі орын алып отыр. Іле өзені атырауындағы бұрынғы 15 көл жүйесінен 4-5-і ғана қалды. Қалған көлдердің тұздылығы артып, әсіресе пестицид пен ауыр металлдардың су асты шөгінділерінде, фито-зоопланктон және балықтар ағзаларында байқалып  отыр. Балықтың өнеркәсіптік түрлерінің қоры төмендеп кетті, көлдің жалпы минералдылығы өсумен қатар оның ақаба сулармен, тұрмыстық қалдықтармен, мұнай өнімдерімен және ауыр улы металлдармен ластануы өсіп отыр. Химиялық және бактериялық ластану негізінен Іле өзені суымен, сондай-ақ ҚХР жағынан келіп түсуде.

Көл суының өнеркәсіп орындарынан шыққан қалдықтармен ластануы одан әрі өсу түсуде. Көлдің ең ластанған ауданы – Біртіс қойнауында мыстың шектік концентрациясы (ПДК – предельно допустимая концентрация) нормадан 10 есе, мырыш 4 еседен асады. Мыс қорыту зауытының және басқа өнеркәсіп орындары ақаба суларымен мұнда тәулігіне 75 тонна зиянды химиялық қалдықтар құйылады [3].

Іле-Балқаш экожүйесінің бұзылуы қарастырылып отырған аймақта қоршаған орта жағдайының  нашарлауына әкеліп соқтырып отыр. Соңғы кезде Балқаш көлінің күйіне және жалпы Балқаш алабы жағдайына Іле алабының КХР аумағында суды пайдалану көлемінің өсуі және климаттың антропогендік өзгеруі әсерін тигізіп отыр. Сондықтан, Балқаш көліне Арал тағдырындай жағдай қайталанбасын десек, жылдам түрде тиісті шаралар қабылдануы тиіс.

  1. Балқаш көлінің Физика-географиялық сипаттамасы

1.1 Табиғи жағдайы

Балқаш көлі Оңтүстік-Шығыс және Орталық Қазақстан шөлейттерінің орталығындағы тектоникалық қозғалыстан пайда болған қазаншұңқырда орналасқан. Ол соңғы төрттік мұздану кезеңіндегі ертедегі Балқаш-Алакөл су қоймасының бір бөлігін қамтиды. Соңғы геологиялық периодта оның батыс және  солтүстік-батыс жағалауының біртіндеп төмен түсуі, ал солтүстік-шығыс жағалауының көтерілуі байқалады. Соған байланысты  көлдің батыс және  солтүстік-батыс жағалауы ингрессиондық, ал солтүстік-шығыс бөлігінің жағалауы регрессиондық сипатта болып келеді.

Балқаш көлі үш табиғи ауданмен шекараласады. Көлге солтүстігінен Қазақтың ұсақ шоқысы және  Орталық Қазақстан жазықтығы, оңтүстігінен Оңтүстік-Шығыс Қазақстанның құмды жазықтығы келіп тіреледі.

Балқаш көлінің су жинау алабының ауданы 413 мың км2. Алаптың көп бөлігі (353 мың км2) Қазақстанда орналасқан, Іле өзенінің жоғарғы бөлігі Қытай Халық Республикасында жатыр. Алакөл жүйесі көлдерінен бөліп тұратын су айрығы сызығы биіктігі 400 м болып келетін Балқаш және Сасықкөл көлдерінің арасынан өтеді.

Балқаш көліне негізінен  5 өзен құяды, олар: Іле, Қаратал, Ақсу, Лепсі және Аягөз. Бұлардың ішінде Іле, Қаратал, Ақсу және Лепсі өзендері сулары Тянь-Шан тауларынан, ал  Аягөз өзені Тарбағатайдан және Шыңғыз тауынан қалыптасады. Іле Батыс Балқашқа, ал қалғандары Шығыс Балқашқа құяды.

Солтүстіктен Балқашқа Мойынты, Тоқырауын және Бақанас өзендері жақындайды, бірақ көлге жақындағанда сулары тартылып қалады. Тек Тоқырауын жекелеген суы мол жылдары біршама суын Балқаш көліне жеткізеді. Басқа қалған кішігірім құрғап қалатын өзендер Балқаштың оңтүстік-батыс және батыс жағалауына құяды.

Балқаштың ең ірі саласы – Іле өзені, оның үлесіне жалпы алаптың 70%-ы және алаптың жиынтық беттік ағындысының 80%-ы тиесілі. Іле өзені Балқашқа құярда ауданы 8000 км2 болатын үлкен атырау жасайды. Атырау Бақанас елді мекенінен 70 км төмен өзен үш тармаққа бөлінетін, яғни Топар, Іле және Жиделі тармақтарына бөлінетін жерден басталады.

Балқаш ойпатының территориясы құрғақ, тым континентальді. Жылдық жауын-шашын мөлшері орташа есеппен 150-200 мм-ден аспайды. Өсімдігі шөлейтті аймаққа тән болып келеді.

Солтүстік Балқаш өзендері (Мойынты, Жәмші, Тоқырауын, Бақанас, Аягөз) қар суымен қоректенетін өзендер типіне жатады. Тянь-Шан тауларынан басталатын өзендер (Іле, Қаратал, Ақсу, Лепсі) қар-мұз және жаңбыр суларымен қоректенеді.

Балқаш көлінің географиялық орнының ерекшелігі оның тым континентальді және құрғақ климатты болып келуінде.

1.2 Балқаш көлінің деңгейлік режимі

Балқаш көлінің су деңгейіне үзіліссіз бақылау жүргізілген негізгі төрт бекет мәліметтері гидрологиялық жылнамаларда келтірілген, ол бекеттер: ст.Шығанақ, Балқаш қ., Алғазы аралы және Қарашаған қойнауы. Қарашаған қойнауында Балқаш көлі деңгейіне 1912–1918 жылдарда бақылау жүргізілген мәліметтер бар. 1932 жылдан бастап Балқаш қаласында тұрақты бақылау жүргізіле басталды. 1954 жылдан бастап үзіліссіз тұрақты бақылау жұмыстары жоғарыда аталған ст.Шығанақ, Балқаш қ., Алғазы аралы және Қарашаған қойнауы бекеттерінде жүргізілді (1-сурет)

1-сурет. Балқаш көліндегі гидрологиялық бететтердің орналасу сұлбасы.

Қазіргі кезде Балқаш көлініңің циклдік тербелісінің келесі ритмдерін атап айтуға болады:

¾ қысқапериодтік көпжылдық (3-7 жыл),

¾ ғасырішілік (20-30 жыл),

¾ ғасырлық (60-200 жыл),

¾ көпғасырлық (1800-1900 жыл).

XVIII-XI ғасырлардағы Балқаш көлінің деңгейінің тербелісінің жалпы сұлбасын келесі түрде көрсетуге болады:

1810-1840 жж. – минимумы шамамен 1840-1845 жылдарға келетін деңгейдің төмен түсуі;

1845-1852 жж. – максимумы шамамен 1850-1852 жылдарға сәйкес келетін деңгейдің жоғары көтерілуі;

1853-1885 жж. – минимумы 1884-1885 жылдарға сәйкес келетін су деңгейінің төмен түсуі;

1886-1910 жж. – максимумы 1908-1910 жылдары байқалған су деңгейінің көтерілуі;

1912-1946 жж. минимумы 1946 ж. байқалған көл деңгейінің төмен түсуі;

1947-1961 жж. –максимумы 1961 ж. болған деңгейдің көтерілуі;

1962-1974 жылдарға дейін жалпы алғанда деңгейдің төмен түсу тенденциясы байқалғанмен, бірақ деңгейдің жоғары отметкада тұрақтануы байқалды;

1975-1987 жж. – минимумы 1987 ж. байқалған деңгейдің төмен түсуі;

1988 жылдан бастап осы кезге дейін көл деңгейінің біртіндеп көтерілу тенденциясы сақталуда.

1970 жыл Іле өзенінде Қапшағай су бөгені салынғаннан кейін Балқаш көлінің деңгейі негізінен Қапшағай бөгетінен жіберілетін су мөлшеріне тәуелді болып отыр. Іле алабынан қайтарымсыз алынатын су мөлшерінің өсуі Іле өзенінің атырауы ауданын қысқартып, Балқашқа жеткізетін су көлемін кемітті. Оның үстіне соңғы кезде Іле өзені суының 80%-қалыптасатын ҚХР-да солтүстік аймақтарды қарқынды игеру және ауыларуашылығын дамыту үшін Іле алабынан алынатын су мөлшерін бірнеше есе өсіріу мақсатында жаңа каналдар тартылып, су қоймалары салынуда [2]. Есептелген мәліметтер бойынша Іле өзенінің ағындысы соңғы жылдары 5% -ға дейін кеміген. Соңғы ақпараттарға қарағанда ҚХР аумағында  Іле өзенінен Эби-Нур көліне тартылатын канал және Іле суынның бір бөлігін Тарим өзені алабына бұру жобаланған. Алынатын су мөлшері жылына Іле ағындысының 15-40%-ын (шамамен 1,5-4,0 км3) құрайды [2].

2-сурет. Балқаш көлі деңгейінің өзгеру графигі.

  1. Балқаш көлінің экологиялық жағдайы

2.1 Балқаш көлі суының құрамындағы ауыр металлдар

Балқаш көлінің суында көптеген микроэлементтер саналады, соның ішінде ауыр металлдар алдыңғы қатарда орын алады. Олар көлдің жағалауларында орналасқан өнеркәсіп орындарынан жіберілген ақаба сулармен кліп түседі және түтінмен шыққан улы заттардың аспаннан су бетіне түсуінен құралады. Блқаш маңы топырағы құрамындағы ауыр металлдар  1-кестеде келтірілген. Салыстыру үшін Жердің граниттік қабатындағы ауыр металлдардың құрамы қатар келтірілген.

1-кесте

Балқаш маңы топырағы құрамында және көл түбінің түптік

шөгінділерінде ауыр металлдардың құрамы, мг/кг

Элемент Құрамы Көпжылдық орташа мәні 2001ж. Біртіс қойнауы
Жердің граниттік қабатында топырақта Батыс Балқаш Шығыс Балқаш 1992ж. 2001ж.
Титан 3300 3630 2880 4000
Марганец 700 117 800 640 394 800 580
    600          
Барий 600 880 700 530
Стронций 230 740 690 470
Ванадий 76 80-85 64 53 80
Мырыш 51 27-53 130 53 53,3 67 578
Хром 34 70-90 56 42 48,1 33 64
Никель 26 20-39 35 32 23,6 27 38
Мыс 22 8-40 100 68 47 1070 311
Қорғасын 16 112 41 39 113 639
Бор 10 31-54 63 66 50
Кобальт 7,3 4,4-8,5 11 12 12
Қалайы 2,7 4,0 2,8 4,3
Молибден 1,3 1-1,26 4,3 4,2 3,7
Кадмий 0,16 1,0 2,0 0,66

1-кестеден көріп отырғандай, көлдік түптік шөгінділерінде және Біртіс қойнауында  көптеген элементтердің – титан, марганец, барий, ванадий, хром, никель, молибден және кобальт Жердің граниттік қабатындағы құрамындағы концентрациясына жақын. Стронций, мыс, қорғасын, молибден сынды металлдар фондық құрамынан біршама есе жоғары, бұл жағдай антропогендік факторлардың өсуімен түсіндіріледі. Бірқатар элементтердің – мырыш, мыс, қорғасын сияқты элементтердің Біртіс қойнауы топырағы құрамында өте жоғары  концентрацияда болуын ерекше атап өткен жөн. Оның себебі 50 жылдан астам уақыт бойы Балқаш тау-металлургиялық комбинатының (БТМК) ақаба сулары осында жіберіліп отыруымен түсіндіріледі. Батыс Балқаш пен Біртіс қойнауында қалайының ондық концентрациядан біршама жоғары екендігі анықталып отыр, ал кадмийдің құрамы өткен жылдары тек жекелеген учаскелерде кездесіп отыр, сондықтан оның концентрациясының өсуі туралы айту әлі ертерек.

Ауыр металлдардың көл суында таралуы біршама басқаша болып келген. (2-кесте). Зерттеулер көрсеткендей микроэлементтердің құрамы жылдан-жылға және жылдың ішінде өзгеріп отыратыны анықталды. Осы жағдаймен әртүрлі авторлардың алған нәтижелерінің бір-бірінен өзгешеленетіндігі түсіндіріледі.

2-кесте

Балқаш көлі суындағы ауыр металлдардың құрамы, мкг/дм3

Элемент Көпжылдық орташа мәні 2001 ж. Біртіс қойнауы ПДК
Батыс Балқаш Шығыс Балқаш   1992 ж. 2001 ж.  
Титан 2250 1990 524 100
Марганец 203 167 42,5 95 34 100
Барий 437 392 402 50
Стронций 452 295 587 2000
Ванадий 45 41,6 36,8 100
Мырыш 37 40,9 35,0 69,0 70 10
Хром 34 25,2 199 22,1 220 500
Никель 11 7,6 39,2 22,4 52 10
Мыс 34,7 32,0 11,0 24,7 35 1
Қорғасын 21,5 28,4 81,7 9,25 80 100
Бор 84,3 91,8 71,0 17
Кобальт 10,0 10,0 8,6 10
Қалайы 4,5 8,4 3,63 2000
Молибден 6,9 17,6 8,8 500
Кадмий 30,6 7,1 5

Кестеден көріп отырғандай алдыңғы жылдары марганец, мыс, мырыш, барий, титан, бор концентрациясы төмендеу болып келсе, ал 2001 жылы никельдің, мырыштың және кадмийдің шектік концентрациясы (ПДК) жоғары болып келген. Алдыңғы жылдарға қарағанда марганец пен мыстың концентрациясы шамалы төмендеген, ал хром, никель және кадмий концентрациясы өскен.

Балқаш суының өнеркәсіптен шығатын ақаба және тұрмыстық қалдық суларымен ластануы жоғары болып отыр. Таранғалық қойнауында ТКК-ының қалдықтар сақтау орнынан келіп түскен мыс концентрациясы 35-300, фенол мен мұнай өнімдерінің концентрациясы 4-6  ШРК (ПДК) құрап отыр.

Көлдің ең ластанған бөлігі Балқаш қаласына жақын орналасқан Біртіс қойнауында мыстың ШРК-сы 10 есе, мырыштікі 2ШРК-ға жетіп отыр.Бұл жерге сонымен қатар мыс қорыту зауыдынан күніне 75 тонна зиянды химиялық заттар төгіліп отырғаны мәлім болып отыр (Электрохимия институнының мәліметтері бойынша).

Дегенмен аса зиян шектіріп отырған жағдай көлдің және қоршаған ортанаң ауадан ластануы болып отыр. Яғни, комбинат мұржаларынын жылына 9 мың тонна әртүрлі зиянды (улы) химиялық заттар көл айдынына түседі екен.

ҚР ҰҒА мәліметтері бойынша бірқатар ауыр металлдар тұздарының ШРК –сы 3,3-тен 106-ға дейін өсіп отырғаны белгілі. Бұл жағдай соңғы 20 жыл ішінде фиторланктонның 2,5 есеге төмендеуіне әкеліп соқтырды.

ҚР БжҒМ мәліметтеріне сүйенсек, көлге жыл сайын Балқашмыс зауыдынан 90 млн тонна ақаба су құйылады, ал олармен бірге көлге 300 кг-нан артық мыс, қорғасын және күшала (мышъяк) келіп түседі екен.

2.2 Ауылшаруашылық қалдықтарымен ластану

Балқаш ауданының күріш өсіретін аумағында сульфатты тыңайтқыштарды қолдану Іле өзеніне қайтарым суларында суьфат мөлшерін 74-90-нан 235 мг/л-ге өсірді, ал Іленің ескі арнасында  108-219 мг/л-ге жетіп отыр. Ақдала күріш массивінен пайдаланған сулар негізінен екі канал бойынша жіберіледі, олар: арнайы қазылған канал және Іленің ескі арналары. Бұл суларда нитрид, органикалық қосылыстар мен металлдар ионы ШРК нормасынан бірнеше есе асып отыр. Күріш алқаптарындағы ластанған сулар жер асты суларын (грунт суларын) ластап отырғаны анықталды. Ал ол сулар өз кезегінде Балқаш көліне жетіп, көлдің ластануына өз үлестерін қосуда. Іле өзеніне гербицид пен пестицид тыңайтқыштарының жіберілуі орын алып келеді. Ақдала және Қаратал массивтерінен коллекторлы-дренаж сулардың Балқаш көліне түсуін тоқтату керек.

2.3 Биологиялық алуан түрдің қысқаруы

Биологиялық алуан түрдің қысқаруы барлық деңгейде жүріп жатыр. Іле өзені атырауындағы көптеген көлдер құрғап кетті, су-батпақты тоғайдың 2/3 бөлігі жоғалып кетті. Қамыс құрағының ауданы қысқарып, мұнда өмір сүретін жан-жануарлар саны мен түрлері де азайып отыр.

Әсіресе сүтқоректілер – жайран, тау қошқары (тау ешкісі) каракал, құм мысығы, персид камшаты (выдра), түркістан сілеусіні, ал құстардың ішінде дуадақ, көкқұтан, сұңқар, бірқазан т.б. құстардың саны күрт төмендеп кетті.

Тянь-Шанның далалы белдемінде және тау етегінде тың жерлерді игеруде, пестицид тыңайтқыштарын қолдану нәтижесінде өсімдіктердің көптеген түрі кейбір жерлерде жоғалып кетті, кейбір жерлерде қайта тұзданған жерлер орын алып отыр.

Әсіресе Іле өзені жағалауындағы және атыраудағы сексеуіл тоғайларының жоғалу қаупі жоғары болып отыр. Олармен бірге тырналар, ақ және қара ләйлек (аист) саны азайып кетті. Жалпы алғанда Іле-Балқаш экожүйесін жылдам қалпына келтіру шараларын жасамаса ертеңгі ұрпаққа қалдыратын байлығымыздан айырыламыз және экологиялық зардптарға ұшырайтынымыз анық.

Қорытынды

Балқаш көлі әлемдегі материкішілік ірі су қоймаларының қатарына жата отырып, аумағында адам өмір сүруге қолайлы климат қалыптастырады, елді мекендердің шаруашылық жүргізуін қамтамасыз етеді, әрі елімізде атқаратын стратегиялық маңызы жоғары болып табылады. Көлдің табиғи байлығымен бірге бұл ауданда бұрыннан қолданылып келе жатқан минералдық шикізаттың мол қоры бар. Сондықтан Балқаш көлін сақтап қалу тек мемлекеттік проблема болып қоймай барлық әлемнің негізгі міндеті болуы тиіс. Бұл аймақта Арал теңізінің тағдыры қайталанбауы тиіс. Ол үшін аумақта бүгінігі таңда қалыптасып отырған гидрологиялық жағдайға  дұрыс баға берілуі керек.

Курстық жұмыста Балқаш көлінің экологиялық жағдайы зерттеліп, аймақта қалыптасып отырған экологиялық жайттарға баға берілді. Климаттық жағдайдан басқа Қапшағай бөгенін толтыруға, егістік алқапты суаруға және басқа шаруашылық қажеттер үшін жұмсалған су көлемі өзендер ағындысын кемітіп, Балқаш көліне құятын су көлемін кемітіп отырғаны анықталды.

Балқаш көлінің тарихи деңгейлік режимі оқылып, қазіргі қалыптасып отырған гидрологиялық режимге баға берілді. Өткен тарихи кезеңде климаттың біржақты өзгермегендігі ескеріліп, Балқаш көлінің деңгейіне алапта  қайтарымсыз пайдаланған су көлемінің артуы көл деңгейінің күрт төмен түсуіне әкеліп соқтырып отырғаны анықталды.

Балқаш көліне қоятын ең суы мол Іле өзені (көлге құятын барлық су көлемінің 80%-н береді) трансшекаралық өзен болып табылады. Оның негізгі ағындысы қалыптасатын жоғарғы бөлігі ҚХР-да орналасқан. Сондықтан ҚХР-мен келісім жүргізуде Іле өзенінің санитарлық ағындысы, яғни Балқаш көлінің деңгейін 341 м-ден төмен түспеуге мүмкіндік беретін шамадағы су көлемін жіберіп отыруға қол жеткізу керек.

Алаптың су қоймалары мен өзен суларының сапасын жақсарту үшін бірнеше шарттар орындалуы тиіс:

— шаруашылықтық-тұрмыстық және өндірістік ақаба сулардың тазарту имараттарының құрылысының біртіндеп көбеюімен жасанды-биологиялық тазартуға көшу;

— суды айналымдық және қайталанып қолдану жүйесін өндірісте орындарында дамыту;

— ақаба суларды ЗПО қолдану бойынша жүйелер құру;

— түсті және қара металлургия, құрылыс индустриясы мекемелерінде газ, шаң және т.б. ластағыш заттарды тастауда (сыртқа шығарда) тазарту жүйесінен өткізу, ол үшін тазарту қондырғыларын орнату;

— қала серіктерін, ірі елді мекендерді канализация (ақаба жүйесіне) жүйесіне қосу;

— мал шаруашылығында, құс фабрикаларында, ауыл шаруашылығында лас суларды табии су көздеріне жібермей тазартудан өткізу арқылы айналмалы түрде қайта қолдануды іске асыру.

Балқаш көлінің суын және жалпы Іле-Балқаш алабының экологиялық жағдайын бақылап отыру үшін мониторинг жүргізетін бөлімдер санын көбейту керек.

Қолданылған әдебиеттер тізімі

  1. Ресурсы поверхностных вод СССР. Гидрологическая изученность, т.13, Центральный и Южный Казахстан, вып. 2, Бассейн оз.Балхаш, Алматы, 1996. С.283-336.
  2. Проблемы гидроэкологической устойяивости в бассейне озера Балхаш. Под редакцией А.Б. Самаковой. Изд. «Каганат», Алматы, 2003. С.3-171.
  3. Современное экологическое состояние бассейна озера Балхаш. Под редакцией кандидата геолог-минералогических наук Т.К. Кудекова. Изд. «Каганат», Алматы 2002. С.71-114.
  4. Джусупбеков Д.К. Вероятностный прогноз уровня и минерализации воды озера Балхаш. Автореф. на соискание ученой степени кандидата географических наук. Изд. «Қазақ университеті»- Алматы, 2002. 26 с.
  5. Давлетгалиев С.К., Джусупбеков Д.К.. Статистические характеристики колебаний уровня озера Балхаш //Вестник КазГУ, сер.географ., Алматы, КазГУ, 1997. С. 66-73.
  6. Гидрологические и водхозяйственные аспекты Или-Балхашской проблемы. Под ред. А.А. Соколова, Л., Гидрометеоиздат, 1989. С.207-298.
  7. Актуальные проблемы гидрометеорологии озера Балхаш и Прибалхашья. Под ред. И.И. Скоцеляса. С-П., Гидрометеоиздат, 1995.
  8. Абдрасилов С.А. Русловые процессы и формирование внутриконтинетальных дельт (на примере реки Или).- Алматы, Рауан, 1994. С192-205.
Басқа да материалдар Мұғалімдерге Ашық сабақтар Сабақ Жспарлары Оқушыларға Рефераттар ҰБТ Шығармалар СӨЖ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ