Балаға ойын арқылы тәрбиені сіңіре білуіміз керек

0
3343

«Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. Қазақ баласының тәрбиесі қазақ тұрмысына қабысуы керек,» — деген еді ұлы педагог Мағжан Жұмабаев.

Тәрбие – тал бесіктен жер бесікке дейін жалғасатын үрдіс. Бесікте ана әлдиімен  тәрбиеленген бала 2-3 жасынан бастап балабақшаға келеді. Бала жастайынан не үйренсе, соны дағдыға айналдырады. Үйінде ата – анасына еркелеп, тамағын өзі іше алмайтын балаға өз бетінше тамақ ішуді, оның  тәртібін үйрету, төкпей – шашпай ішіп – жеуін қадағалау тәрбиешінің міндеті. Тамақ ішіп болған соң, беті – қолын жуғызып, тазалыққа үйрету де маңызды.

Балабақшадағы кішкентай бүлдіршіндеріміздің жаны таза. Олар ақ қағаз сияқты. Ақ қағазға шимайламай, таза, түзу  жазу қажет. Яғни олардың жан дүниесіне  үңіліп, дұрыс тәрбие  бере білуіміз керек. Баланы ойын арқылы да тәрбиелеуге болады. Ұлы педагог  А.С. Макаренко айтқандай бала ойын кезінде қандай болса, кейін есейгенде жұмыс орнында дасондай болады. Сондықтан тәрбиеші ретінде балалардың ойынына ерекше көңіл аударамын…

Бала ойын ойнағанда  үлкендерден көргендерін қайталайды. Өйткені ойын кезіндегі іс – әрекеті, қимыл қозғалысы бәрі өз отбасында көрген – білгендерінің айқын дәлелі. Баланың ойыны арқылы отбасындағы беріп жатқан тәрбиенің қандай екенін аңғаруға болады және болашақта қандай мамандық иесі  болатынында  білуге болады. «Ойлы бала ойыннан белгілі» деген халық даналығы тегіннен – тегін айтылмаса керек-ті.

А.С. Сухомлинский «Ойынсыз ақыл – ойдың қалыпты дамуы да жоқ және болуы да мүмкін емес». Ойын дүниеге ашылған терезе іспетті, ол арқылы баланың рухани сезімі жасампаз өмірмен ұштасып, қоршалған дүие туралы  түсінік алады. Шынында да, бала үшін ойын – өмір сүрудің  белсенді формасы, сол арқылы олар үлкендерге еліктейді, олардың іс – әрекетін үйренеді, адамгершілік нормаларын игереді.

Балалардың шашылған ойыншықтарды өз орнына қойып жинастыруға үйрету, үсті – басын таза ұстау, киімдерін өз шкафтарына іліп, жинауды үйрету оларды ұқыптылыққа, тазалыққа, еңбек ете білуге  жетелейді. Баланың әрбір жасаған  ісін мадақтап: «Ой, жарайсың!», «Бәрекелді!»  деген сөздерді де жиі айтып отырамын. Бала бір марқайып  қалады.

Ертегі, әңгімелерді тыңдатып, ондағы кейіпкерлер арқылы адамгершілікке, мейірімділікке, үлкендерді құрметтеуге баулуға болады. Мысалы, «Бір уыс мақта», «Мақта қыз», «Қайдан келдің, бауырсақ» ертегілері арқылы барлық заттардың еңбекпен келетінін түсіндіруге болады.

«Жаста берген тәрбие – жас шыбықты игендей,» — деп Ы. Алтынсарин айтқандай, балабақшадағы баланың тәрбиесі үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Жас жеткіншектеріміздің бойына адалдық, тазалық, мейірімділік нұрын себе білсек, еңбек етудің алғы шарттарын қалыптастыра алсақ, бізден бақытты, бізден жақсы тәрбиеші жоқ шығар.

Егемен еліміздің балапандарын тәрбиелеуде барлық балабақша  тәрбиешілері ең алдымен, бала жанын түсініп, бағалай білетіндей сауатты, іскер болуы қажет дер едім. Сонда ғана біздің бүлдіршіндеріміздің балабақшадан қашпай, асығып тұрар еді. Әрбір тәрбиеші бала жанының  бағбаны.

 

Абуова Алмагул Сейдуллаевна

№21 «Аққайың»  балабақшасы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ