Ел есінде мәңгі қалғың келсе — бала тәрбиеле

0
2357

Ел келешегі жас ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты.

                                                                                         Н.Ә.Назарбаев

Қазақ халқы арнайы бала тәрбиесімен айналысатын қоғамдық орындары болмаса да өз ұрпағын бесікте жатқан кезінен бастап-ақ өлең-жыр мен әңгіме, ертегі, тақпақ, санамақ, т.б. арқылы тәрбиелеп отырған. Тәрбие басы, біріншіден әдептілікке үйретуден басталған. Екіншіден, баланы қайырымды, иманды, мейірімді болуға баулыған. Үшіншіден, тіл алғыш, елгезек, адал, шыншыл, ата-ананы, үлкенді сыйлап, кішіні құрметтеуге, сонымен қатар ел қорғаған батыр болып, халық алдында қызмет етуге тәрбиелеген. Ұлы педагог А.С.Макаренконың «Адам мінезін қалыптастыруда, тәрбиелеуде отбасы қоғамдық рөл атқарады» — деген пікір орынды айтылған.

«Тәрбиеші бала жанының бағбаны» — деп болашақ ұрпақтың дүниетанымын дамытып, қабілетті жеке тұлға ретінде қалыптастыру, жан жақты білім бере отырып, тәрбиелеу. Әр баланың табиғи  қабілетін ескере отырып,  балаға көмекші әрі сүйемелдеуші болу.Оқыту мазмұнын жаңғырта отырып, тиімді әдіс- тәсілдерді  кеңірек қолдану. Адамгершілік қасиеттерін   күнделікті өмірдегі  қоршаға  ортамен таныстыра отырып   тәрбиелеу,баланың сөйлеуін және ана тілін, қарым-қатынас мәдениетін дамыту, сауат ашу негіздерін меңгерту. Отаны мен туған өлкесіне сүйіспеншілігін, мемлекеттік рәміздерге құрметпен, қоршаған орта, отбасы, түрлі ұлт өкілдеріне адамгершілікпен қарауға тәрбиелеуі.Балалардың қоршаған дүние, өзі және әлеуметтік ортасы туралы алғашқы түсініктің тұтас бейнесін қалыптастыру баланың танымдық дамуы, интеллектуалдық іс-әрекет тәсілдерін қалыптастыру, танып-білуге қызығушылығын арттыру.

Балалардың бойында  эстетикалық сезімді дамыту, бейнелеу, көркемдік-тілдік, музыкалық іс-әрекетінде шығармашылық қабілетін дамыту

ЕлбасыН.Ә.Назарбаев: «Ел келешегі жас ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты,- » деп атап көрсеткен болатын. Мектептегі басты тұлға мұғалім мен тәрбиеші екендігі даусыз. Тіпті қазіргі технологиялар ерекше дамыған заманның өзінде білім мен тәрбие сапасын қамтамасыз етудегі мұғалім мен тәрбиешінің рөлін еш нәрсемен ауыстыруға болмайтынын халықаралық тәжірибелер көрсетіп отыр. Демек, педагог біліктілігі – еліміздің бүкіл білім беру жүйесін алға бастырып, оны заман талабына сай етіп құрудың негізгі алғышарты, басты кепілдігі болып табылады. Білімді ұрпақты, бәсекеге қабіліетті мамандарды  білімді мұғалімдер, жан-жақты кемел тәрбиешілер ғана тәрбиелеп шығара алады.

«Тәрбие – тал бесіктен» дейді ата даналығы. Сәби дүниеге келген күннен бастап оның дұрыс өсіп-жетілуіне ата-анасы үлкен мән береді. Бала тәрбиесіне ата-анадан кейінгі жауапты адам –  тәрбиеші. Ал ортамен араласуы, көпшіл болуы, білім нәрінен сусындауы үшін мектепке дейінгі тәрбиенің маңызы ерекше. Яғни, қала баласы үшін тәрбие балабақшадан басталмақ. Қазақтың ғұлама ақыны, ғалымы Жүсіпбек Аймауытұлы «Дәрігерден де тәрбиешінің көп болғаны артық, дәрігер адамның денесін сауықтырса, тәрбиеші адамның ақылын, мінезін, жанын сауықтырады» — деген, Баланың алдындағы өз борышын жауапкершілік пен атқару тәрбиешіге тән қасиет, бөбегіңіз былдырлап тілі шыққаннан тәрбиешіге сеніп тапсырасыз. Бүлдіршіндер күннің тең жартысынан жуығын балабақшада өткізеді. Балаларға қамқор болып, жан-жақты да зерделі болып қалыптасуына, ой-өрісін дамытуға күш саламын .

«Өз жұмысым өзіме қатты ұнайды. Сондықтан болар, балабақшаға келгенде, әсіресе шығармашылықты талап ететін ойын сабақтарды өткізгенде қанаттанамын. Балалармен жұмыс істегендіктен болар, кейде өзіміз де бала боп кетеміз.Бала тағдырына жауапты тәрбиешілер білімнің алғашқы дәнін балабақшада береді. Оған қоса, сәби бойына мейірімділік, әділдік сияқты адами қасиеттерді дарыта білсе, нұр үстіне нұр. Әр бүлдіршінмен тіл табыса білетін осындай жандарды бала жанының бағбаны десек артық болмас…

Қорыта айтқанда «Ел есіңде бір жыл қалғың келсе — ас бер, он жыл қалғың келсе — ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе — бала тәрбиеле» дейді дана халқымыз. Баланың ой — өрісін дамытуға, олардың қиялына қанат бітіріп, тіл байлықтарының молаюына біздің тәрбиешілердің сіңірер еңбегі орасан. Сондықтан да Сөзіміз – түзу, Еңсеміз – биік, Рухымыз – мықты болсын десек бірегей тәрбиеші мамандығын ұлықтай білейік. Ұрпағымыздың тамырына нәр беретін мамандық екендігін естен шығармайық.
«Білерім — бір тоғыз, білмейтінім — тоқсан тоғыз» демекші, білген сайын білмейтінін көп екенін ұға түсесің. Сондықтан да шығар белестерім әлі алда. Білімімді кеңейтіп, тәжірибе жинау алдымда. Білімді ешқашан өзін білгіш қып көрсетуге тырыспайды. Шын білімдінің зейін — зердесі кең, алыстан қарасаң — кербез, жақыннан қарасаң — кішіпейіл. Жүзіне үңілсең — мейірімді, жанына үңілсең — шуақты көрінбек.
Міне, осындай кербез, кішіпейіл, мейірімді, шуақты тәрбиеші атансам — адами парызымның орындалғаны болар. Балаларды ойлау , оларға қамқоршы болу, оларды сүю – бұл әр адамның басына берілмеген ең ғажап сезім.  Балаларды «өмір гүлі» десе, тәрбиешілерді «бағбандар» деп атау тегін емес. Сол себепті маған жер бетіндегі ең қымбат қазына-балаларға ақыл, мейірім, мәңгілік сияқты асыл қасиеттерді себу жүктелген.

Мен – Тәрбиешімін!

Мен осымен мақтанамын! Әлемде мамандық түрі әр алуан, бірақ бұл мамандықты таңдамайды, ол сені таңдайды!

 

Абсеитова Салтанат Турсуновна

Алматы қаласы, №159 балабақша тәрбиешісі


ПІКІР ҚАЛДЫРУ