Балалардың мектепте оқуға дайындығы мәселесі

0
5706
Әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны

Аннотация: Бұл мақалада қазіргі заман талабына сай балаларды мектепке оқуға дайындығы мәселесі қарастырылған. Мектепке дейінгі кезеңдегі оқыту мен тәрбиелеудің баланың мектепке дайындығының тигізер әсері талқыланған. Тақырып өзекті болып табылады.

Кілт сөздер: Білім беру жүйесі, балалар, мектепке дайындау, психологиялық даярлық, жауапты міндет,болашақ оқушылар, мәселе.

Балалар – еліміздің болашағы. Қоғамымыздың өркендеуі, келешек ұрпағымызды рухани – адамгершілікке тәрбиелеуімізге, сана – сезімдерін , білімдерін заман талабына сай дамытуымызға байланысты.

Балаларды мектепке дайындау білім беру жүйесіндегі педагогика ғылымы мен практикасындағы келелі мәселелердің бірі. Баланы мектепке дайындау-біртұтас құрылым. Бұл кезең ата-аналарға, мектепке дейінгі мекеме қызметкерлеріне жауапты міндеттерді жүктейді. Мектепке келу-бала өміріндегі маңызды өткел, ол жаңалықтарға толы өзгеше өмір, жаңа іс-әрекеттер, қоғамдық ортадағы жаңа орын, ересектермен жаңа қарым-қатынасқа көшу. Мектепке дейінгі баланың әлеуметтік, психологиялық және физиологиялық жағынан да қиын кезең. Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың негізгі мақсаты – баланың жеке басының қалыптасуы мен денсаулығын, дене бітімі дамуын, ақыл — ойын тұлғалық жағдайының қалыптасуын жеке және жас ерекшеліктеріне сәйкес дамыту.

Баланы мектепке қалай дайындаған жөн? Баланың жеке тұлғасының даму мәселесін ойдағыдай шешу, оқытудың тиімділігін арттыру үшін балалардың мектепте оқуының дайындық деңгейін нақты ескере отырып, дұрыс бағытта жұмыс жасай білу керек. Мектепке дейінгі мекемеде мектеп жасына дейінгі балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес жыл бойында жүрзілетін балалалардың құзыреттілік қалыптасу деңгейін бағалау мониторингі көрсеткіштер (бастапқы, аралық, қорытынды) мәліметтеріне назар аудара отырып психологиялық дайындық деңгейін анықтауды жоспарлау тиімді . Балалардың мектепке даярлығы төмендегі көрсеткіштер бойынша анықталады:

1. Жоспарлау — бұл мақсатқа сәйкес өз іс — әрекетін ұйымдастыра білу іскерлігі.

— баланың әрекеті мақсатпен сәйкес келмеуі — төменгі деңгей;

— баланың әрекеті мақсаттың мазмұнына жартылай сәйкес келуі-орта деңгей;

— мақсаттың мазмұнына баланың әрекеті толығымен сәйкес келуі — жоғары деңгей;

2. Бақылау- қойылған мақсатпен өз әрекетінің нәтижесін салыстыру іскерлігі.

— бала әрекетінің нәтижесі қойылған мақсатқа мүлдем сәйкес келмеуі — төменгі деңгей (баланың өзі бұл сәйкессіздікті көрмейді);

— бала әрекетінің нәтижесі қойылған мақсатқа жартылай сәйкес келуі — орта деңгей (жартылай сәйкессіздікті бала өз бетінше көре алмайды);

— бала әрекетінің нәтижесі қойылған мақсатқа толық сәйкес келуі, бала өз бетінше алған нәтижесі мен қойылған мақсатты салыстыра алуы — жоғары деңгей;

3. Оқу мотивациясы-бұл заттардың және қоршаған әлем заңдылықтарының жасырын қасиеттерін табуға, қолдануға ұмтылу.

— бала тек қана заттардың сезім мүшелеріне мүмкін болатын қасиеттеріне ғана бағытталса, онда ол — төменгі деңгей;

— бала қоршаған әлемнің кейбір жалпыланған қасиеттеріне бағытталуға және жалпылауларды табуға қолдануға тырысады;

— қоршаған әлемнің заңдылық қасиеттерін қабылдаудағы кұпияны табуға тырысудың айқын көрінуі және осы білімді өз іс — әрекетінде қолдануға деген құштарлық — жоғары деңгей;

4. Ақыл-ой дамуының деңгейі.

— өзге адамды тыңдай білмеуі, талдау, салыстыру, жалпылау, абстракциялау және нақтылау сияқты логикалық операцияларды сөздік түсінік түрінде орындауы — төменгі деңгей;

-өзгені тыңдай алмауы және сөздік түсінік түрінде орындалган логикалық операциялардағы қателіктер — бұл орташадан төмен көрсеткіш;

— өзгені тыңдай алмауы және сөздік түсінік түрінде берілген салыстыру, жалпылау сияқты қарапайым логикалық операциялардың қатесіз орындалуы, күрделірек логикалық операцияларды, яғни абстракциялаудағы, нақтылаудағы, талдаудағы, жинақтаудағы жіберілген қателіктердің болуы — орта деңгей;

— өзгені түсінудегі және барлық логикалық операцияларды орындаудағы кейбір қателіктерді, бала ересектің көмегінсіз өзі түзетуі — бұл жоғары деңгей;

— өзге адамды тыңдай алу мүмкіндігінің болуы және сөздік түсінік түріндегі барлық логикалық операцияларды орындауы — бұл өте жоғары деңгей. Осы аталған көрсеткіштер бойынша мектепке келген баланы былайша бөліп көрсетуге болады:

1. Мектепке даярлық деңгейі төмен бала — өз әрекетін жоспарлай және бақылай алмауы, оқу мотивациясы төмен (тек сезім мүшелеріне ғана бағытталған), өзгені тыңдайды және түріндегі логикалық орындауды білмейді.

2. Мектепке даярлық деңгейі орта немесе жоғары бала — өз әрекетін басқарып бақылай алады (немесе осыған қарай ұмтылады), қоршаған ортадағы заңдылықтармен, заттардың жасырын қасиеттеріне бағытталған, өзгені тыңдай алады және сөздік түсінік түрінде логикалық операцияны орындай біледі (немесе тырысады).

Бала дайындығын анықтау бойынша психолого – педагогикалық зерттеу, екі нұсқада жүргізіледі:

1. Мектептік жетілуді шамамен анықтау;

2. Тереңдетілген психолого-педагогикалық зерттеу;

Шамалап, болжамды зерттеу бала туралы алғашқы түсінік береді, ал тереңдетілген зерттеу дамыту және коррекциялық бағдарламалар құруды қамтамасыз ететін, баланың мүмкіндік қорын анықтауға көмектеседі. Егер бірінші зерттеу нәтижесінде баланың мектепке дайын еместігі анықталған болса, тереңдетілген зерттеу жұмысы ұсынылады.

Психикалық процестерді зерттеу үшін ұсынылған тестілер жиынтығының үлгісі:

1. «Нүктелерді көшіру» (зейін көлемін анықтау).

2. «Кодпен хабарлау» (зейін тұрақтылығын анықтау).

3. «Ес» (көру есінің жағдайын анықтау).

4. Мағынасы бойынша байланысқан он жұп сөз (мағыналы ес жағдайын анықтау).

5. Мағынасы бойынша байланыспаған он жұп сөз (механикалық ес жағдайын анықтау).

6. «Төртінші артық зат» (логикалық негіздеулер, дұрыс жалпылау жасай алуының қалыптасқандық жағдайын анықтау).

7. Желілі суреттер сериясы (баланың себеп-салдарлық байланысты көрсетуде қабілетін анықтау).

8. Сөздік субтестілер (заттарды, нәрселерді сұрыптау ұғымдары мен біліктіліктерінің қалыптасқандық дәрежесін анықтау).

9. Заттарды, нәрселерді салыстыру амалдарының қалыптасқандық дәрежесін анықтау).

10. Сөйлеуі, тілі. «Сәйкес келетін сөзді таңдап ал» (сөздік қорының, ұғымдардың еркіндігінің және даралығының дәрежесін анықтау).

Баланы зерттеуде соңғы нәтижеге емес, болашақ мектеп оқушысының іс-әрекетінің сипатына, оған кездесетін қиындықтарға ерекше көңіл аударылады. Сонымен бірге, баланың көмекті қалай қабылдайтынына, оның өзекті даму деңгейі және «жақын даму аймағына» көңіл бөлу қажет. Келесі (қажет болғанда) кездесетін қиындықтарды түзету бойынша мақсатты жұмыс баланың дамуында әжептәуір көтерілуіне, мектептік бағдарламаны табысты меңгеруіне көмектеседі.

Баланың мектепте оқуға психологиялық даярлығын анықтау жағдайға байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Мектепке дейінгі мекемедегі балаларды жетік зерттеуге қолайлы жағдай –мектепке барар алдында сәуір-мамыр айларында іске асырылады. Алдын-ала ата-аналарға психологпен сұхбат барысында балаға берілетін тапсырмалар түрлері туралы хабарлама жасалады. Бұл тапсырмалар жалпылама түрде мынадай үлгіде болады:

Бала білуі тиіс: 1) Үлгіні жасау; 2) Ереже бойынша жұмыс жасау; 3) Желілі суреттерді ретімен орналастыру және сол бойынша әңгіме құрастыру;

4) Сөздердегі дыбыстарды ажырату;

Сұхбаттың барысында бес адамнан тұратын топпен «Үй» әдістемесі және жеке түрде «Оқушының ішкі позициясын» анықтау экспериментті әңгіме»; «Ия немесе Жоқ»; «Дыбыстық тығылыспақ» және «Танымдық немесе ойын мотиві үстемдігін анықтау» әдістемелері жүргізіледі. Әр балаға қажетті құралдар алдын-ала дайындалады. Зерттеулердің басым бөлігі ата-аналарының қатысуымен жүргізіледі, «Үй» және Танымдық немесе ойын мотиві үстемдігін анықтау»

әдістемелерін басқасы. Себебі, «Үй» әдістемесін жүргізу барысында баланы алаңдатуы мүмкін , ал «Танымдық немесе ойын мотиві үстемдігін анықтау» зерттеу барысында байқамай немесе саналы түрде баланың таңдауына әсер етуі мүмкін. Қалған тапсырмаларды орындау барысында ата-аналарының мүмкіндігінше қатысуы тиімді. Себебі ата-аналар өз балаларының қандай тапсырмаларды қалай орындайтындарын өз көздерімен көреді де, балаларына деген талаптың бұрыс немесе қатаң қойылуы туралы негізсіз пікірлер туындамайды.

Барлық тапсырмалар орындалған соң қажет болған жағдайда ата-аналарға қалған уақытта баланы мектепке қалай мүмкіндігінше дұрыс дайындау туралы ұсыныстар беріледі.

Баламен сұхбат барысында достық ерікті қарым-қатынас орнату маңызды. Барлық тапсырмалар балаларға ойын түрінде қабылдануы қажет. Ойын барысы балалардың стрестік жағдайын азайтып, демалуына мүмкіндік жасайды. Егер бала мазасызданып, жауап беруге қорқатын болса, зерттеуші тарапынан балаға жылы сөздер айтып, (құшақтауға да болады) барлық ойындарды табысты орындайтындығына сенімділік тудыру өте маңызды. Тапсырмаларды орындау барысында бала барлығын дұрыс орындап жатқандығын үнемі білдіртіп отыру қажет.

Тексеру нәтижесінің негізінде баланың мектепке даярлығы жайлы қорытынды баланың психикалық даму картасына енгізіледі. Бірінші бетте баланың толық аты-жөні,туған күні, отбасы туралы мәлімет белгіленеді. Психологиялық даму картасындағы мәліметтер бөгде адамдардан қорғалу мақсатында шифрленген болуы тиіс. Бұл жағдайда бала туралы мәлімет белгіленген бірінші бет жеке сақталады және осы бетте тек психологте сақталатын психологиялық картаның қалған бөлігіндегідей шифр нұсқалады. Карта психолог пен кәсіби деңгейдегі мамандарға ғана қол жетімді. Әкімшілік пен педагогтер көрсетілген мәліметтерді психологпен келісілген жағдайда ғана қолдана алады. Баланы психологиялық зерттеудің негізгі мақсаты – оның жеке ерекшеліктерін анықтау. Егер арнайы дамыту ортасына мұқтаж бала келетін болса, оның зерттеу кезіндегі көрсетілген даму деңгейі психологиялық картаның барлық айдарында толық толтырылып, негізгі мәселелер анықталып және дамытушы жұмыстардың жоспары құрылуы тиіс.

Қазақстан Республикасының Білім беру жүйесін реформалау барысында әрбір балаға мектепке және әлеуметтік ортаға еркін бейімделе алатындай жағдай жасау аса маңызды міндет. Сондықтан да мектеп пен мектепке дейінгі мекеменің, ата-аналардың басты міндеті – баланы мектептегі оқуға, мектеп өміріне даярлау.

Түйіндей келе, бұл баланың жеке тұлғасының қалыптасуы және ақыл-ойының, таным үрдістерінің дамуы болып табылады. Демек, баланы мектепке даярлау мәселесі өз өзектілігін жоғалтпайтын әлі де зерттеуді қажет ететін міндетті мәселелердің бірі болып қала бермек.

Әдебиеттер тізімі:

1. «Баланы мектепке дайындаймыз». Әдістемелік құрал. Қарағанды ҚРУ-ң баспасы.2003.

2. Выготский Л.С. «Психология»-М.,2000.

3. Кравцова Е.Е. «Психологические проблемы готовности детей к обучению в школе»-М.1991.

4. Мухина В.С. «Детская психология»- СПб.1992.

5. Рогов Е.И. «Настольная книга практического психолога в образовании»- М., 1995.

 

Алпысбай Аққу Рымтайқызы

Қарағанды қаласы,  №88 ЖББОМ жанындағы «Айдана» шағын орталығы

әдіскер, педагог-психолог


ПІКІР ҚАЛДЫРУ