Баланы емтиханға емес, өмірге дайындайтын ел

0
1482
Финляндия мектептерінің құпиясы қандай? Баланы неге дайындаймыз? Өмірге ме, емтиханға ма? PISA халықаралық ұйымының зерттеулеріне сәйкес, финдік білім жүйесі әлемнің ең үздігі танылған. Финляндия балалары дүниежүзінің «оқымысты балалары» атанып қана қоймай, жаратылыстану пәндерінен 2-орын, математика бойынша 5-орынды иеленген. Алайда педагогтар қауымдастығын таңқалдырған бұл жайт емес, осындай үздік нәтижелерге ие бола тұра, фин балаларының білім алуға мейлінше аз уақыт бөлетіндігі және әлдеқайда аз қаржы жұмсайтыны. Қош, сонымен Финляндия мектептерінің құпиясы қандай? Үздік танылуының сыры неде?  Мұнда мектептер 2 сатыдан тұрады: төменгі (alakoulu) 1-6 сыныптаржәне жоғарғы (yläkoulu) 7-9 сыныптар. Қосымша ретінде 10 сынып бар, онда оқушылар өз білімін жетілдіруге мүмкіндік алады. Одан кейін балалар кәсіби колледжге не оқуды жалғастырғысы келгендері лицейге (lukio) түсіп, 11-12 сыныпты тәмәмдайды. Фин мектептерін өзгелерден ерекшеленген 7 принципі бар:
1. Теңдік. Мұнда элиталық немесе «әлсіз» мектеп деген атау мүлде жоқ. Барлық оқу орындағы құрал- жабдықтар және қаржылдандыруы бойынша бірдей мүмкіндікке ие. Бір пән өзге пәннің есебінен тереңдетіліп оқытылмайды. Математика пәні еңбек сабағынан немесе ағылшын тілі дене шынықтыру сабағынан артық болып саналмайды. Оқытушыларға баланың ата-анасының жұмыс орны жөнінде сұрақ қоюға тыйым салынған. Ұстаз оқушыларды мүмкіндіктеріне, қабілетіне қарай сыныптарға топтастыруға құқы жоқ. Себебі «жаман» не «жақсы» оқушы деген түсінік жоқ. Дарынды балалар да, ақыл есі төмен немесе мүгедек балалар да бір сыныпта білім ала береді. Ұстаз үшін «ерекше» бала жоқ. Барлық оқушыны қоғамға бірдей қосуы тиіс.
2. Тегін. Білім беруден бөлек оқушылар үшін: түскі ас, экскурсия, мұражайға бару, мектеп автокөлігі, барлық кітаптар, оқу құралдары, қағаз- қалам, калькулятор, ноутбук-планшеттердің барлығы оқушыға тегінберіледі Қандай да бір мақсатта ата-анадан ақша жинауға тыйым салынған.
3. Даралық. Яғни әр балаға жеке дара азамат ретінде қарау. Бір сыныптағы балалар бір мезетте түрлі деңгейдегі тапсырмаларды орындап отырады. Ұстаз оқушының жеке қабілетіне орай тапсырмаларды ұйымдастырады. Егер тапсырманы «үздік» орындаса, жоғары деңгейдегі жұмыс береді. Ал орындай алмай қиналса, қайтадан бұрынғы деңгейдегі тапсырмалар легі беріледі. Ол үшін баланы ешкім жазғырмайды. Егер оқу үлгерімі мүлде нашар болса, ата-ана баласын түрлі курстарға сүйреп, жеке репетитор жалдамайды. Ол ұстаздың міндеті. Сабақ арасында, сабақтан тыс кезде оқытушы сол балаға жеке көңіл бөліп, тапсырмаларды барынша түсіндіруге тырысады. Біздегідей оқымаған баланың күнделігіне тарсылдатып, «2»-ні қоя бермейді.
4. Тиімділік. Мектепте оқушының өміріне қажет дүниелер ғана оқытылады. Логорифм немесе домен пешінің құрылымы балаға қажет деп саналмаса, оқытылмайды. Оның орнына балалар кішкентайынан бастап портфолионың, келісім-шарттың, банк картасының не екенін біліп өседі. Бала күнінен мұраға қалған дүние мен болашақта табатын табысынан салықтық пайызын есептей біледі. Интернеттегі визитка-сайтты жасауды үйреніп, бірнеше рет арзандатылып қойылған тауардың соңғы құнын шығара алады.
5. Сенімділік. Ұстаздарды, мектеп қызметкерлерін тексеру, жұмыстарын қадағалау деген мүлде жоқ. Елде білім беру бағдарламасы бірыңғай жүйеге түскен. Алайда ол ұсыныс күйінде беріледі. Қандай әдіспен оқытуды ұстаз өзі таңдайды.
6. Еріктілік. Кім оқығысы келсе, сол оқиды. Мұғалімдер баланың назарын аулауға, сабаққа қызықтыруға тырысады. Егер баланың қызығушылығы мүлде болмаса, онда ыңғайына қарай аса қиын емес мамандыққа бейімдейді. Төмен бағаларды үздіксіз қойып, баланың сағын сындырмайды. Бәрінің бірдей ұшақ құрастыруы міндет емес, бізге автобус жүргізушілері де қажет деп есептейді. Алайда бұл «мектеп біліміне қол сілтеп қарау» дегенді білдірмейді. Бала қатыспаған, келмеген сабақтарын міндетті түрде сабақ арасында өзге сыныптарда өтеді. Бірақ тапсырманы орындамаған балаға жекіп-ұрсып, ата-анасын шақырып, кемсітпейді. Тек келесі сыныпқа өткізбейді.
7. Дербестік. Яғни тұлға ретінде өз-өзіне ерте қалыптастыруы. Финдердің пайымдауынша, мектепте бала ең басты нәрсені үйренуі керек: өзінің жарқын болашағын қалыптастыра алуды. Дербес ойлануға, өзіне, өміріне қажет білімді өз еңбегімен жиюға үйретеді. Тағы бір ескеретіні: 1-3 сыныптарда баланың сабақ үлгеріміне ешқандай баға қойылмайды. Мейлі жақсы оқысын, мейлі жаман оқысын. Сабақ кезінде оқушылар партада отыруға міндетті емес. Жерде (Фин мектептерінде жерге кілемдер төселген), диванда, креслода немесе өзі қалаған орында отыруға құқы бар. Бірыңғай мектеп формасы жоқ. Әркім қалаған киімін киеді. Тек мектептің ішінде сыртқы аяқ киімін ауыстыруы тиіс. Төменгі сыныптың оқушылары көбіне жалаң аяқ жүгіріп жүреді. Күн райы жылы кезде барлық сабақтар таза ауада, табиғат аясында өтеді. Ал сабақ сыныпта өткізілгенде, күн салқын болса да, ұстаздар үзіліс кезінде балаларды сыртқа шығаруға міндетті. Оқушыға үй тапсырмасы берілмейді. Финдердің түсінігінше, балалар демалуы тиіс. Үйде сабақ қарағаннан гөрі, баланың әке-шешісімен бірге мұражайға, бассейнге немесе бірге табиғат аясында серуендеуі – әлдеқайда пайдалы деп санайды. Балалар сабақ айту үшін «тақтаға» шығарылмайды. Ұстаз балаларға ортақ тапсырма беріп, оның орындалуына көмектесіп, сыныпты аралап, қарап жүреді. Ұстаздың көмекшісі де сөйтеді (Фин мектептерінде сыныпта екі мұғалім өткізеді, бірі көмекшісі ретінде).

ПІКІР ҚАЛДЫРУ