Батырлар жыры мен «Шаһнама» дастанындағы тақырып үндестігі

0
2001
Әбіш Кекілбаев

Көркемдік дамудың, әдеби процестің маңызды бір заңдылығы — әдеби байланыстар — әдебиет әлеміндегі тоғысулар мен қарым-қатынастардың, рухани байлықтардыңалмасуы. Қай әдебиет болса да өзара байланыссыз, қарым-қатынассыз толық кемеліне келе алмақ емес. Қазақ халқының әдеби даму тарихында оның өзге халықтармен әдеби байланысы,зерттеу ісінде ғалымдар З. Ахметов, Ө. Күмісбаев және Ш. Сәтбаева т.б еңбектерінің ролі ерекше.

«Әдебиеттану терминдер сөздігінде»: «Әдеби байланыс-ұлттық әдебиеттер арасындағы көркемдік дәстүрлер жалғастығы, ықпалдастығы. Әдеби байланыс нышандары жазушының қалыптасқан әдеби дәстүрлерге табан тіреуінің нәтижесінен, сондай-ақ тамырлас әдебиеттер арасындағы типологилық ұқсастықтан туындайды» /1.62/, — делінген.

Әрбір халықтың да эпикалық аңыздаулары қатарынан қаһармандық жырлардың алатын орны үлкен. Р.Бердібай «Эпос мұраты» еңбегінде батырлық эпос туралы мынадай пікір келтіреді: «Ең алдымен батырлық эпос елдің сан ғасырларда бастан кешкен тарихын, салт-санасын өзгеше көркем жинақтайды; түрлі оқиғаларға өзіндік көзқарасын, бағасын белгілейді, алдан  күткен үмітін, аңсарын білдіреді. Тарихта орын тепкен белгілі оқиғалар мен істердің дәлме-дәл шежіресі, көшірмесі болмағанымен, қаһармандық эпос сондай құбылыстардың терең, түпкілікті мәнін, тұжырымын аңғартады. Эпикалық жинақтаулардың қайталанбас ғажайып табиғатының бір қыры осында. Әсіресе қаһармандық жырларды ел жүрегіне жақын ететін олардың отаншылдық  идеямен суарылғандығы. Адам қоғамы дамуының барлық кезеңінде де рудың, тайпаның, мемлекеттік бірлестіктердің тыныштығын, бүтіндігін қорғау, қаптасқан жауды жеңіп, бақытты өмір орнату мәселесі ең күрделі проблема болып келген.

Батырлық жырлардағы ерліктің сипаты өзгеше. Мұндағы қаһармандар  ел үшін қандай да болмасын қауіпке қарсы барады, жаулармен арпалысады, неше түрлі сергелдең сарсаңға,  ауыр сындарға душар болады, ақырында, жеңіске, мұратына  жетеді. Міне, осындай «жеңілмейтін қаһармандарды» суреттеуі және оның басына ең асыл қасиеттерді жиып беруі халық қиялының шексіздігін көрсетеді және эпикалық жырлардың ерекшелігін танытады» /2.34-35/.

Қазақтардың қаһармандық эпостары ішінен жұртшылыққа неғұрлым танымал «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр» секілді нұсқалардың жалпы бітімінде классикалық батырлар бітіміне тән өрнектер толығырақ байқалатынын көреміз.

Жалпы қаһармандық жырлардың көбіне тән негізгі бейнелерінің бірі – батырдың ғажайып туысы болып табылады. Қаһарманның қандай жағдайда туғанын тәптіштеп айту тек композициялық тәсіл немесе өмірбаяндық қажетті элемент қана емес, мұның мәні тереңіректе жатыр. Қартайған ата-ананың, дүйім бір елдің жаратқаннан перзент сұрап,  мінәжат етуі жеке отбасының ғана тілегі емес, белгілі бір ру, тайпаның шын мүддесі боп есептелуі эпостың басталуына ерекше құпия қуат дарытқандай болады. Демек, қаһармандық дастан экспозициясы аса үлкен көркемдік рөл ойнайды.

Бұл жағдайда «Алпамыс батыр» жырында неғұрлым толық түрде берілген. Бүкіл Жиделі-Байсынды жайлап жатқан Байбөрі байдың салтанатын көсілте суреттеу белгілі мақсатты көздейтінін білеміз.

Байбөрі деген бай шықты,

Тоқсан мың екен қарасы,

Мұрындық ноқта тимеген.

Түйешілер мінбеген,

Сексен мың екен маясы /3.222/.

Мұның себебін жырда «соншама бай болса да, жоқ еді ердің баласы» деген сөздермен тұжырымдайды. Баласыздықтың зары «Алпамыс батырда» Байбөрі аузымен былай айтылған:

Баласы жоқ адамның.

Әркімге ақы кетеді.

«Байбөрі қу бас» деген сөз,

Сүйегімнен өтеді… /3.223-224/.

Осындай мотивтер парсы-тәжік әдебиетінің ұлы классигі, ғұлама ойшылы Әбілқасым Фирдоусидің «Кітаптардың патшасы» аталып кеткен әйгілі «Шаһнама» дастанында да көрініс табады:

Дидары аппақ, қалың түк төсін жапқан,

Сағат сайын, сәт сайын өсіп жатқан.

Нәрестені ап керемет келген кезде

Іштен танып ұлының ұлылығын,

Айтты ол бетке шығарып жылы нұрын

Босанғалы парсыша «бәрестәм» деп

Сәби содан атанды Ростәм деп /4.17/.

Міне, осындай жағдайда тәңірден  бала тілеп, сұрауы қабыл болғанын көрсету ерекше мәнділікке ие болған. Бұл тұста адамның жаралуы туралы көне ұғым елес береді.

Қаһармандық эпостың көбіне тән  ерекшеліктің енді бірі – батырдың ерте есеюі, алыптықты жастайынан танытып отыруы. Мәселен, «Қобыланды батыр» жырында:

Таулар күйіп, тас жанған,

Алты жасар баланың

Елбеңдеген зарпына.

Өзі алты жасында

Қаршығасы қолында

Тазысы ерткен соңында… /3.22-23/, — деп суреттеледі. Қазақ эпосының інжу-маржандарының бірі – «Алпамыс батырда» Алпамыс он жасқа шыққанда алыстағы қалыңдығын іздеуге әзірленген болып көрінеді.

Ашуы кернеп жөнеді.

Осыменен ұдайы

Ол екі күн жүреді.

Айналдырып санаса

Он екі айлық жер еді /3.242-243/.

Ал «Қамбар батыр» жырында қалмақтарға қарсы аттанған жас батырдың ерлігі былайша суреттеледі:

Түртіп өтіп кеткені,

Тақиядай ұшады.

Екпініне шыдамай,

Атының жалын құшады… /5.55/.

Ал, «Шаһнама» дастанында Рүстемнің батырлық күш қуатының кемелденіп, ерте есеюі былайша өрнектелген:

Өсті арыстан. Бір жасқа келгенінше,

Емізді оны күніне он келіншек.

Айырған соң емшектен нан жегізді

Жал-жая мен қуатты бал жегізді /4.18/.

Бір айда жылдық болады,

Үш жасына келгенде

Атқа шалқап құламай

Алты жаста арыстан.

Он екіге келгенде

Шақ келмейді алысқан /6.31/.

Расында да, осындай тамаша суреттер арқылы халықтың ел қорғаны – батырдың тек осындай, өзгеше бітімді болуын аңсаған, өз қиялында ешбір жаудан әсте жеңілмейтін қаһарман бейнесін тудырғанын көруге болады. Эпоста сүйіспеншілікпен суреттелетін бейнелердің  бірі – жүйрік ат бейнесі. Ғасырлар бойында көшпелі өмір кешкен қазақ халқының тіршілігінде жылқы малының ерекше маңызы болғаны мәлім. Сауса сүт, мінсе көлік, сойса ет дегендей жылқы түлігі ел санасынан өшпес орын алған, бұл тарапта неше алуан аңыздар, өлеңдер, мақал-мәтелдер шығарған. Соның бәрінде жүйрік жорға, тұлпар, арғымақ тұлғасы көкке көтеріле мадақталады /2.50/. Сол сияқты «Ер Тарғын» жырында батырдың Тарлан атын:

Танауыңа болайын,

Тығынан алған шөмектей.

Омырауыңа болайын

Еділден шыққан бұлақтай /3.110/, — деп суреттейді. Ал «Алпамыс батыр» жырында Алпамыстың қанаты – Байшұбар асқан сонылықпен суреттеледі:

Адыр-адыр бел еді

Адам қорқар жер еді

Неше қиын жерлерден Тегіәстей шауып келеді /3.26/.

Ал «Қобыланды батыр» жырында Тайбурылдың әр кезеңдегі шабысы үдемелі түрде бірінен-бірі асып түсерлік қасиеттермен берілген. Сол шабыстың ең шырқау жері қырық күншілік Қазан хан еліне бір-ақ күнде жеткенін көрсететін көркем, кесек шумақтар.

Арандай аузын ашады

Аяғын топ-топ басады.

Бір төбенің тозаңын,

Бір төбеге қосады /3.76-80/.

Ал әйгілі «Шаһнама» дастанында Рүстем батырдың қиын-қыстау сәтте серігі бола білген жүйрігі туралы мынадай көріністер бар:

Киімдерін жасырып тең ішіне

Қаруларын жасарып жең ішіне

Ер жорыққа аттанды сәтті күні,

Кең даланы оятты ат дүбірі /4.24-25/.

Міне, осындай алпауыт күшке толы тұлпар шабысын бейнелейтін тұстар көңілімізді елең еткізіп, қаһармандық, еркіндіктің стихиясына қанықтырғандай болады, сұлулық асқақтық, өршілдік ұғымдарына еріксіз ұшырастырады, мәрттіктің мәңгі үлгісіндей тұтастығымен және кесектілігімен таң қалдырады.

Батырлық эпостарға тән белгілердің бірі – ел қамқоры батырдың ең жақын досы, әрі жары, тамаша сұлу, ақылды әйелдер бейнесінің жасалуы. Ал кейбір халықтардың эпосында әйел қаһармандар батырлық жағынан ерлерден келе алмай, кейде асып түсетін боп суреттеледі.

Батырлар жырында көркемдігі кемел әйел бейнелері жасалған. Бұлар рудың, елдің бүтіндігіне септесетін дана аналар болып та елес береді /2.54-55/.

«Қобыланды батырда» Құртқа ерекше шеберлікпен сомдалады. Жырда ол жиі көрінбегенімен, ең қажетті істерді атқарады.

Құртқажан, неге қамықтың?

Жолбарысың мен есенде

Осы барған сапардан,

Есен барып, сау қайтсам

Әйел де болсаң басыңды

Хан қылармын халыққа /3.88/, — деп суреттейді. Бұдан біз Қобыландының ақ, адал махаббатының, өз жарының асқан ақылдылығына риза болғанын көреміз.

«Алпамыс батыр» жырында Гүлбаршын көп жайда отбасының жағдайында көрінетін әйел.

Қалмақтарда бір батыр,

Қараман деген бар екен.

Он қарадан бір қара ,

Зекетке алып жэеп жатыр.

Көкпарын шауып күніге

Қыз ойнағын қып жатыр.

Гүлбаршын тұр көнбестен,

Қыз ойнағын көрместен,

Сарыбай тұр жалғызын

Қалмаққа ұстап берместен/3.225/.

Бұл жолдардан өзінің бас бостандығын іздеп ,адал жар иесі болуды армандаған әйел бейнесін аңғаруға болады. Ер Тарғын»   жырында Ақшаханның қызы Ақжүністің асқан сұлулығы былайша суреттеледі

Бет ашарын қарасың,

Жазғы түскен сағымдай

Ет ажарын байқасаң,

Терісінен айырған

Арпа-бидай ақ ұндай/3.116/. Және де Ақжүністің:

Өлтірсең де тимеймін,

Теңдік берсең сүймеймін .

Сенің басың бұл күнде

Жерде жатқан қу тезек, — деген жолдарынан сүймеген адамына берілмей бекінгендігі , өрттей лаулаған арыны елестейді.

Қазақ эпосында жасалғане әйелдер бейнесінің тізбегінде  «Қамбар батырдағы» Назым тұлғасы да ерекщеленіп көрінеді. Назымның өз теңін табынуы үшін талпынуы, әкесіне батыл шарт қоюы, Қамбармен сырласу үшін әрекеттері- бәрі де бұрынғы қазақ әійелінің сымбатын өзгеше бір қырынан түсі ндіре алады.

Қол ұстасып қыз Назым

Уәде қылсам сенімен,

Бір жаман келіп малы көр-

Алып кетсе, айырылып

Абыройым ашылар

Қайғыменен басылар

Ат басындай жүрегім,- деген сөздерден Қамбардың Назымға деген адал сезімінің ұшқынын аңғару қиын емес.

Шығыстың сөнбес жұлдыздарының бірі – Фирдоуси «Шаһнамасындағы» әйелдер бейнесіне көз жүгітсек, Мұнда атақты Рүстем батырдың айналасына топтасқан әйел қауымының өзіндік ерекше орны бар. М.Сералин аудармасында  мынадай жолдар бар:

Бет ажарын қарасаң

Бұл бәйшешек қызыл гүл

Нағылып оған тең келер,

Қалың кірпік астында

Көлеңкеде нұр көзі.

Якуттай екі ерін

Құлып басып аузына

Шығармай тұр сырлы сөз /6.32/.

Сонымен, қаһармандық эпостағы әйелдер бейнесі халықтың бір замандағы ұғымына, әйелдің қоғамдағы қызметін жоғары бағалауына сәйкес көркемдік жинақтаулар болғанын көреміз.

Фирдоусидің «Шаһнамасы» үш бөлімнен тұрады. Біріншісі – мифологиялық бөлім (ондық патша туралы), екіншісі – батырлық туралы бөлім (Рүстемнің батырлығы туралы), үшіншісі – патшалар тарихы туралы бөлім (Сасанид шахтарының мемлекет билеген жылдардағы әртүрлі оқиғаларға арналған.). Жалпы, «Шаһнама» — дүние жүзі әдебиеті тарихынан өшпес орын алған туынды деуімізге болады. Енді екі халық эпостарындағы осындай тақырып үндестіктеріне тоқталып өтсек.

Мифологиялық көріністер «Шаһнама» дастанында былай суреттеледі:

Дүниені шулатып дауыл сынды.

Қара бұлттай қабарып нөсерлейтін,

Дала кейпін, түнертіп, өзен кейпін,

Көк тұман ғып жарқырап тұрған көкті

Ғажайып құс зуылдап жылдам жетті /4.15/. Яғни Рүстемнің туылуы туралы аңыздардың бірі осындай.

Осы тәрізді мифологиялық көріністер «Алпамыс батыр» дастанында да кездеседі. Яғни Байбөрі байдың күңі Құлтайдың ұлы Ұлтанның дүниеге келуі туралы көріністер:

Күрек тісі кетпендей,

Кеңірдегінің тесігі

Жүгімен түйе өткендей /3.220/.

Үшінші бөлімде тарихи оқиғалар туралы сөз болады. Рүстемнің баласы Зораб (Сүһраб) Тұран елінің батыры және Иран елінің нағыз ері Хеджир арасындағы оқиғалар турасында былай делінеді:

Екі батыр қайрылып,

Қарсыласып қалысты.

Қатты шауып зырқырап,

Болат найза салысты.

Хеджир салды найзасын,

Зорабқа тура жүректен.

Болат найза сынады,

Зораб киген өте алмай

Сауыт пен қаттау жиектен

Найзасын Зораб алады,

Мүқан үшін сырықтай

Ер үстінен салады /7.90-91/. «Қобыланды батыр» жырынан да дәл осындай сюжеттерді кездестіруге болады. Мәселен, қазақ батыры Қобыланды мен қалмақ батыры Қазанның алғашқы кездесулерінде бір-бірін сөзбен шенесіп алғаннан кейін, қолма-қол ұрысқа кіріседі:

Ырғай сапты шүңгіні,

Ырғай-ырғай салысты,

Найза қанға майысты.

Қармақ болып қайысты.

Түкіргенде жын татты

Қанжар қалды қайысып

Семсер қалды майысып /3.72/.

Иә, расында да осындай екі ел арасындағы тарихи оқиғалар эпоста кеңінен көрініс тапқан. Эпикалық шығармалар тек өткен дәуірдің шындығын ғана бейнелеумен шектелмей, өз кезеңінің де жанды оқиғаларын қамтып отыратындығымен ерекшеленеді.

Сайып келгенде, батырлар жыры мен «Шаһнама» дастанындағы тақырып үндестігі өзіндік қырымсен ерекшеленіп, өзіндік тақырыптарымен кең қамтылады.

Әдебиеттер

  1. Ахметов З., Шоңбаев Т. Әдебиеттану терминдер сөздігі. – Алматы: Ана тілі, 1998.
  2. Бердібай Р. Эпос мұраты. – Алматы: Білім, 1997.
  3. Батырлар жыры. І, ІІ, ІІІ том. – Алматы, 1963.
  4. Ниязова Ғ. Шығыс шайырлары. – Ақтөбе, 2003.
  5. Сәтбаева Ш. Әдеби байланыстар. – Алматы: Жазушы, 1974.
  6. Сәтбаева Ш. Казахская литература и Восток. – Алматы, 1982.
  7. Қисса-дастандар. – Алматы: Жазушы, 1986.
Басқа да материалдар Мұғалімдерге Ашық сабақтар Сабақ Жспарлары Оқушыларға Рефераттар ҰБТ Шығармалар СӨЖ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ