Батыс ән мектебінің өкілі — Мұхит Мереалыұлы шығармашылығы

0
7484

Мұхит (Мұхамбеткерей) Мераліұлы — 1841, қазіргі Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Ақбақай ауылында туған.  1918 жылы  сол өлкеде дүниеден озған.  Мұхит — Халық композиторы, әнші-ақын, күйші-домбырашы.
Ауқатты отбасынан шыққан. Мұхиттың туған ағалары Паңгерей, Шәңгерей, Сақыпкерей, Жанша, Жүсіптер шетінен өнерпаз (әнші, күйші әрі скрипка да тартқан) адамдар болған. Өмірін өнер жолына арнаған тек Мұхит болды. Ол ел ішіндегі той-жиындарда, ұлан-асыр жәрмеңкелерде, қан базарларда домбыра тартып, ән салды. Орынбор, Қостанай, Жаманқала, Қазалы, Троицк, Ақтөбе, Арал, Атырау облыстарын аралап, әнші даңқы шықты: «Әнші Мұхит», «сал Мұхит» атанды. Мұхит уақыт, қоғам, өмір туралы «Дүние-ай», «Зәуреш» әндерін толғады. «Паң көйлек», «Қыпшақ», «Дөң асқан», «Кербез» әндері Мұхиттың әншілік өнерінің сан-қырлы, жаратылысын, табиғатын ашады. Ойлы да қуатты, асқақ, бірде даланың жібек самалы боп желпіген нәзік, сырлы, мөлдір лиризмге тұнған әндерін асқан шеберлікпен орындай жүріп, өзінің әншілік дәстүрін жасады. Мұхит сұлу ат мініп, сәнді киінді; қасына ойыншы, саятшы, палуан, зергер, жыршы, күйшілерді ертіп жүрді; шәкірттері көп болды. Мұхит тек әнші, ақын ғана емес, күйшілік өнерімен де танылды. Ол Боғда, Есбай, Тазбала, Сәулебай, Абыл күйлерін өте әсерлі орындап, өзі де күй шығарды. Мұхиттың бір күйін Затаевич нотаға түсірген. Мұхиттың әншілік, ақындық, күйшілік мұрасын біздің заманға балалары — Шоң мен Нөу; немерелері — Шайқы, Лұқпан, Ғұбайдолла жеткізді. Мұхит әндерін орындаушылық дәстүрін ілгері дамытып, халықарасына насихаттаушы — Ғ.Құрманғалиев, Т.Ибрагимова, Н.Әбілова, т.б. Мұхит әндері жеке жинақ болып басылып, оның шығармашылығы туралы зерттеулер де жазылды. Қазақстан композиторлары Мұхиттың туындыларын өздерінің шығармашылығында кеңінен пайдаланды. Мұхиттың «Алуаш» әнін Е.Г.Брусиловский «Жалбыр», «Үлкен Оразын», «Қыз Жібек», «Дүние-ай» әнін «Ер Тарғын» операларында пайдаланды. Б.Г.Ерзакович «Айнамкөз» әнін өзінің ішекті аспаптар квартетіне ал «Зәуреш» әнін Л.М.Шаргородский мен С.И.Шабельский «Симфоньеттасына» тақырып етіп алды. 1918 жылы туған жерінде көз жұмды.

ДҮНИЕ

Ат басқа, доға басқа, шылия басқа,

Кез келсе қарамайсың, дүние-ай, кәрі, жасқа,

Көзіне көрінгеннің иттей қауып,

Көрсеттің жек көрініш, дүние-ау, қарындасқа.

Алғаның болса жаман бажылдаған,

Кірерсің күнде көрге, дүние-ау, қазылмаған.

Садақа жұма сайын берсен-дағы,

Тап болдың бір ауруға, дүние-ау, жазылмаған.    

Мұхиттың шығармашылық өнерін сөз еткенде, белгілі өнер зерттеушісі А. Затаевич “…қазақ әндері саласында Мұхит халық музыка элементтерінен өзіндік мағынасы бар ән мектебін құрды”, — деп, дәл суреттеп жазған. Ал ол Мұхиттың өзін “қазақтың Баяны” деп атап өтті.
Көбінесе лирикалық әуенде келетін Мұхит әндерінде адамның Жан дүниесін, ой – арманын, махаббат сезімін суреттеу, табиғатты тамашалау, адамның жеке басына сүйсіну сезімдері мол бейнеленген. Оның “Айдай”, “Бала Ораз”, “Алуаш”, “Иіс”, “Зәуреш”, “Айнамкөз” т.б. әндері халық арасына кең тарап, Біржан, Ақан, Мәди, Үкілі Ыбырай сияқты ірі әнші –композиторлардың белгілі шығармаларымен бірге халықтың жүрегін нұрға толтырып келеді.
Мұхит (Мұхаметкерей) Мерәліұлы қазіргі Орал облысы, Қаратөбе ауданындағы Жақсыбай өзенінің бойындағы Ақбақай деген жерде 1841 жылы ауқатты жанұяда туған. Мұхиттың туған ағалары Шәңгерей, Сақыпкерей, Жанша, Жүсіптер домбырашы, әншілер болған. Европалық аспап – скрипкада да ойнау өнерінде меңгерген. Мұхит жас кезінен-ақ әнге, домбыраға әуес болып өсті. Оның дарынының Жан – жақты ашылып оянуына өнерпаз ағаларының мол әсері тиді. Өсе келе Мұхит елге билік жүргізетін төреліктен, байлық – дәулеттен бас тартып, бар өмірін өнерге бағыштайды. Ауылға келген әнші, күйші, ақын –жыраулардың қасында жүріп, өнер үйренеді. Ел аралап, жәрмеңкелерге қатысып, той – думанның сәнін, халық мұрасын дәріптеуші насихаттаушы болып, “әнші Мұхит”, “сал Мұхит” атанды. Орындаушылық тәжірибесін шыңдай түсіп, өз жанынан да ән шығара бастайды.
Оның шығармасының алғашқы кезеңінде шыққан арнау әндері –“Айнамкөз”, “Алуаш”, “Қилым” – адамның Жан дүниесі мен қиял сезімін қозғап, алысқа меңзейді. “Алуаш” әнінде Мұхит қыз жанының сұлулығын, сырт пішінінің сымбаттылығын шалқыта суреттейді.
Халық арасында “Бала Ораз”, “Жылқышы”, “Кіші айдай” болып та таралған келесі бір ән жайында А.Қ. Жұбанов былай деп жазады:
“Өзі ақын, әнші Мұхит жасынан көркем сөзге үйір болды. Оның қызығып тыңдайтын жыры, толғауының бірі ақын Бала Ораздың шығармалары болса керек. Бір күні Мұхит Бала Ораздың аузынан шыққан “Жылқышы хикаясын” жадына түйіп алады…. Бұл аңыз Мұхиттың тұла бойын тегіс жібітіп, қатты толқытады. Қыршынынан қиылған екі жас, жанбай сөнген таза махаббат, екінші жағынан соққы мен сойылға сүйінген қара күш — әншінің асқақ қиялын аралап, тыныштығын кетіреді. Дарынды композитор сол арада домбырасын алып, қой ішегінің шегіне жеткенше қатты бұрап, Жан ашуының айқайындай дауыстың ең жоғарғы сағадан бастап, ащы да, айбарлы да дыбыс шығарады. Бала Ораздан есіткен аңыздың суретін көз алдына келтіре отыра сол оқиғаны дыбыс өнерімен өрнектейді. Ән салған жерден кульминациялық дыбыстардан басталып, сол дыбысқа қайталап үш – төрт реет төнеді. Ондай шығармашылық күш шығарушының бәрінде бірдей бола бермейді.”
Мұхиттың жүрегінен жарып шыққан күйінішті шығармасының бірі -“Зәуреш әні”. Қайғылы көңілдің зарын, жоқтауын баян ететін бұл әннің әуені аса терең, үні мұңды.
“…Медеттің үш әйелінен отыз ұл, бір қыз болады. Елге келген ауру –апаттан Медеттің отыз ұлы бірдей қайтыс болып, жалғыз Зәуре деген қызы қалады. Медет Орынборға жолаушылап кетіп, қайтып келгенінде, Зәуре де дүниеден өтеді. Тек шошайып моласы ғана қалады. Медет моланы құшақтап күңіренеді. Міне, осы трагедия Мұхитты қатты қобалжытады. Ол домбырасын алып, “Медет айтыпты” деген сөздерге ән шығарады. Әннің аты халық арасында “Зәуреш” болып тарайды. Мұхитты толқытып, оның шығарған әні осы күнге дейін тыңдаған адамның сай сүйегін сырқыратады.”
Философиялық тербеністерге толы Мұхиттың “Дүние – ай” әні музыкалық мазмұнының тереңділігімен ерекшеленеді.
Қазақтың көптеген ақындары сияқты Мұхит та өзінің талантының жан –жақтылығымен ерекшеленеді. Мұхит әнші, композитор, сонымен қатар домбырашы ретінде де танымал. Оның осы қасиеттері А.В. Затаевичтің “Қазақ халқының 1000 әндері” жинағында жазылған. Ол Мұхит күйлерін жазған алғашқылардың бірі болды. Осының бәрі Мұхиттың домбыра музыкасына жетік екенін дәлелдейді.
Ән, күймен қатар Мұхит жақсы әңгімеші болды. Сонымен қатар, сол кездегі зейінді жігіттердің ұстаған өнерінің бірі – ою оюды ды машық еткен. Мұхиттың оюын зер төгетін қыздар көш жерден келіп алып кетеді екен. Бейнелеу өнері дамымай қалған жұрнақтары болса да іждағатты түрде зерттеп жию керек. Мұхиттың әншілігі, күйшілігі күшті орындаушылығы, шығармашылық қабілеті, өрнек өнерін де күйттегені оның өмірі мен шығармасын зерттеушілерге үлкен міндет артады, жауаптылық қояды.
Ол Боғда, Есбай, Абыл, Сәулебай күйлерін игеріп, өз жанынан да күй шығарған. Мұхиттың әншілік, күйшілік мұрасын біздің заманымызға жеткізген балалары Шоң, Нәу немесе Шайқы, Лұқпан, Ғұбайдолла Мұхитовтар мен Шынтас Қаратаев. Елуінші жылдардың ортасында Мұқит жөнінде Ж. Қосыбаев “Әнші Мұхит” атты кітап шығарды. Мұхиттың әншілік дәстүрін жалғастырып, халық арасына насихаттаушылар Ғ. Құрманғалиев, Т. Ибрагимова, Н. Әбілова тағы басқалар болды.
Мұхит жүректі тебірентер сыршыл әндерімен бүкіл қазақ даласына танылған аса ірі тұлға, ғажайып дарында талант иесі.

Мұхит әндері:
“Паңкөйлек”, “Қилаш”, “Әриайдай”, “Қоқыш”, “Айнамкөз”, “Кіші айдай”, “Үлкен айдай”, “Кербез қыз”, “Ақ иіс”, “Алуаш”, “Демалыс”, “Дүние – ау”, “Көк айдай”, “Жайма қоңыр”, “Еркем”, “Дүние”, “Дағанау”, “Зәуреш”, “Қыпшақ”.

Мұхит мектебі орындаушыдан үлкен шеберлікті, дауыс күшінің зор әрі диапазонының кеңдігін, күрделі әрі екпінді, төкпе күйлерде кездесетін қағыстары бар домбыра сүйемелін талап етеді. Композитор әндерінің аспаптық сүйемелі, алуан түрлі қағыстар мен иірімдердің күрделілігі оның дәулескер күйші болғандығынан хабар береді. Бұл жөнінде А.Жұбанов оның Боғданың, Тазбаланың, Абыл­Қошқардың, Сәулебайдың күйлерін нақышына келтіріп орындаушыларының бірі болғандығын және өзінің күй шығарғандығын да жазады [1]. Демек, Мұхит әндерін домбырамен сүйемелдеп айту үшін әншіден домбыраны күйшіден кем меңгермеу керектігі де талап етіледі. Композитор туындыларын нотаға түсіріп, шығармашылығы туралы алғаш құнды пікір айтқан этнограф, музыка зерттеуші А.Затаевич: «По характеру творчества Мухита можно назвать «баяном» своего народа. Большинство его песен, по своему старинному складу, по суровой и неизменно благородной мелодической линии звучат как «сказанья», как «предание старины глубокой». …В области казахской песни Мухит создал из национальных музыкальных элементов своего рода школу, так как творчество его нашло себе и продолжателей (…), и подражателей», ­ деп оның өзіндік орындаушылық мектебінің негізін қалаған тұлға екендігіне осылай назар аудартады [2, 482]. Сонымен қатар Батыс өлкесінің ән мәдениеті туралы академик А.Жұбанов пен ғалым Б.Ерзаковичтің айтқан пікірлері бар. Осы өңірдің орындаушылық өнері жөнінде фольклорист­ ғалымдар пікірлеріне тоқталар болсақ, отандық музыкатануда қазақтың ән жанрын зерттеп, нотаға түсіріп, іргелі ғылыми еңбектерін арнаған Б.Ерзакович Қазан төңкерісіне дейін аймақта ән мәдениетінде орындаушылық және репертуарлық тұрғыдан алғанда екі орындау стилі қалыптасқан деген пікір айтады.

Оның біріншісі, негізінен лирикалық және тұрмыстық әндерді домбыра сүйемелінсіз орындайтын әйел адам даусы, яғни «ровное и спокойное, характеризуется камерностью исполнения, созерцательностью без особых темпераментных нюансов», ­ ал, екіншісі, домбыра сүйемелімен батырлық­эпикалық тақырыптар мен тарихи сюжеттерге құрылған әндерді орындайтын ер адам даусы, «предназначенное для выступлений на состязаниях (айтысах) характеризуется эмоциональной звуковой насыщенностью, темпераментным исполнением, рассчитанным на большое число слушателей», ­ деп, дауыс мүмкіншілігіне байланысты камералық әйел адам мен сол өңірдің ауызша кәсіби дәстүр өкілін ­ ер әншіні салыстырады [3,258]. 3 Халықтық кәсіби әншілік дәстүр болған тұста ондай мектепті «даярлайтын» (кең мағынада: ӘН мен орындаушылық) халықтың ғұрыптық­тұрмыстық фольклоры мен әнсүйерлер шығармашылығының белсенділігі екендігі әннің тарихи­әлеуметтік қалыптасу барысында түсінікті жағдай. Бұл тұрғыдан алғанда Б.Ерзакович бөлген орындаушылықтың бірінші түрі ­ тұрмыстық және лирикалық шығармаларды айтатын әйел адам дауысы ­ әуесқой әншілер, екінші түрі ­ халықтық кәсіби өнер өкілдері. Демек, зерттеуші айтқан «екі стиль» аталған аймаққа ғана емес, Қазақстанның кәсіби әншілік мектептері бар басқа да өңірлеріне қатыстылығы бар: ауызша кәсіби дәстүр бар жерде әуесқойлық деп бөлінетін шартты категория міндетті түрде өмір сүреді. Ал олардың арасындағы айырмашылықтар, ғалым айтқан дауыс мүмкіншілігі мен соған сәйкес репертуарымен анықталмақ. Халық композиторларының әндері олардың өз репертуарымен қатар, ел арасындағы қарапайым әнсүйерлер арқылы да фольклордың өз ішінде қайта интонацияланып музыкатану мамандарына жетіп, хатталып отырды. Оны мұндай әндердің бірнеше вариантта нотаға түсіп, жариялануынан көреміз. Мысалы, Мұхит шығармашылығы негізінде қарастырып көрейік. Бірінші, композитор мұрасын алғаш жинаған А.Затаевич өз жинақтарында Мұхиттың әні деген 22 үлгіні, Мұхит әнінің нұсқасы деп 3 үлгіні нотаға түсірген. Бірақ та басылымдардағы бұл үлгілер қазіргі кезде Мұхит мектебінің ізбасары, әйгілі әнші Ғ.Құрманғалиев (1909­1993) жеткізген, әрі оның репертуары арқылы кейінгі ізбасарлары айтып жүрген әндерден алшақ. 4 Екінші, 1960 жылы Б.Ерзакович бұрын халық әндері санатында болып келген Мұхит әндерін тұңғыш рет біріктіріп жарыққа шығарды.

Бұл жинақта ғалым (Ғ.Құрманғалиевпен қатар) өз алдына орындаушылық стильге жатқызған әйел әншілер Т.Ибрагимова мен Н.Әбілева орындаған «Еркем», «Қыпшақ», «Дүние­ау» әндері мен «Жайма қоңыр», «Айнамкөз», «Паңкөйлек», «Кіші Айдай» туындыларының нұсқаларын берген [4]. Дегенмен олар жеткізген осы үлгілер бүгінгі күні дәстүрлі өнер өкілдерінің репертуарынан орын алмай отыр. Бұл проблемаға байланысты қазақтың ауызша кәсіби әншілік өнерін арнайы зерттеген ғалым С.Елеманова: «…глубокое осознанное отношение к передаче песни, широкое развитие специфических, чисто музыкальных приемов, выявляющих «преподносимую» природу этого искусства. Природные данные, мастерство, «сделанность» произведения, его глубокая, содержательная трактовка, артистизм ­ все это направлено на восприятие публики, все это активно на нее воздействует» [5, 92], және де «…некоторые профессиональные песни, отмеченные глубоким своеобразием авторского замысла и особыми исполнительскими приемами, заданными изначально, непрофессиональными певцами никогда не исполняются» [5, 96], ­ әрі қарай халықтық кәсіби және әнсүйерлер орындаушылықтарының басты айырмашылығын ажыратып жазады. Осы пікірге сүйеніп қорытар болсақ, жинақтардағы дәстүрлі емес орындаушылар жеткізген әндердің нұсқалары мен кәсіби әнші Ғ.Құрманғалиев репертуарындағы әндердің айтылу үлгісінің екі бөлек орындаушылық деңгейге жататындығы және әнсүйерлер жеткізген үлгілердің қарапайым нұсқаларының кәсіби дәстүр өкілдерінің репертуарында жалғастығын таппауы түсінікті болады. Өлкенің ән шығармашылығының қалыптасу мен даму бағытын анықтауда Мұхит мұрасын түбегейлі зерттеп, жан­жақты саралап барып ғылыми негізді нәтижелерге қол жеткізуге болады. Соңғы уақыттары Мұхит әндері оның жаңа туындыларының табылуымен толығып келеді. Атап айтсақ, «Көкжар», «Мұхит сал» және Мұхиттың «Үшінші айдайы» деген әндері. 5 Мұндай елеулі жаңалықтармен қатар әр жылдарда жарық көрген жинақтар мен күйтабақтарда, соңғы уақытта шыққан аудиотаспалар мен СД­лерде композитор мұрасына қатысты дәлелсіз, күмән туғызатын деректер жиі кездесіп жүр. Фоножазбаларда Батыс аймағына кең тараған, әнші Ғ.Құрманғалиев репертуарынан белгілі «Жылой», «Доссорда шай құяды Гүлжансары», 6 «Ыңғай­ау» мен «Құрбыжан», 7 «Шандоз», «Жылқышы», 8 т.б. халық әндерінің авторы Мұхит болып көрсетілген. А.Затаевичтен кейін жарық көрген нотасыз өлеңдері 1955­57 жылдары «Қазақ әндері» антологияларында «Зәуреш», «Айнамкөз», «Көк Айдай» әндері 1960 жылдарға дейін басқа да ауызша кәсіби авторлар шығармалары сияқты халық әндерінің санатында болды.

Мысалы, «Адайдың ырғамасы» жинағында Мұхиттың белгілі «Жайма қоңыры» маңғыстаулық қайқы Әділ Кенжеұлының (1870­1932) әні деп [6, 16], «Қолжетпес» шығармасы халық әні «Алқаракөк» деп жарық көрді [6, 93]. Композитордың «Жайма қоңыр» әні Е.Брусиловскийдің «Жалбыр» операсының (1935) I актісіндегі Хадишаның вокалдық патриясына алынған. Мұңды да ойлы әнмен Хадиша Елемеске өз заманындағы қазақ қызының тағдырында кездесетін қалыңға сатылған әділетсіздікті жеткізеді: Құрбыжан, сөзің тәтті, тілің майда, Мендей боп жылаған қор азғантай ма… А.Жұбанов Хадишаның партиясындағы бұл әуенді Мұхиттың «Алуаш» әні дейді және бұл әннің кей жерлерде «Жайма қоңыр» деп те орындалатындығын жазады 9 [1]. Қазіргі кезеңде бұл шығармалар халыққа Ғ.ұрманғалиев орындауынан таныс болған. Екі әнді музыкалық жағынан салыстырсақ, «Алуаш» еркін, тайсалмай орындалып, дыбыс пен буын сәйкестігі синхронды сипатта және дыбыс диапазоны ғұрыптық әндерге тән шағын болып келеді (екінші қос тармақтың басталатын тұсында секста интервалында Мұхитқа тән жоғары тірек дыбысқа бағыттай айтылатын әй! қаратпа сөзінің интонациясы бар). Ал «Жайма қоңыр» әуенінің қозғалысы секунда­терциялық, сабырмен баяулай қозғалатын, соңында ән кеудесіндегідей секста көлеміндегі вокализациясы бар қоңыр ән. Бүгінгі күні «Жайма қоңыр» мен «Алуаш» әндері әуені мен мазмұны жағынан екі сипатты, тыңдаушы жадында «тұрақталған», арасы алшақ дүниелер. Жоғарыда келтірілген А.Жұбановтың сөзін растайтын мына бір дерек болуы мүмкін. Алғаш рет «Жайма қоңыр» әні А.Затаевич жинағында жарияланып [2, № 960], әнге ескертпеде «Мұхит әндерінің арасындағы кең танымалдарының бірі, көптеген әнсүйерлердің сүйікті әні» және ескертпеге редакциядан қосымшада бұл әннің варианты «Алуаш» деген атпен ұсынылады (1921 жылы Б.Джумабаевтан жазылған) 10 . «Қара қаншық» әні 11 . Мұхиттың бұл туындысы бүгінге дейін халық әні болып жарияланып келеді 12 . Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында Төлегеннің вокалдық партиясына алынған «Үлкен Ораз» («Үлкен Айдай») және Жібектің IV пердедегі қоштасуына «Дүние­ай», «Зар» туындылары алынған деп музыкалық әдебиеттерде жазылып жүр. Операның трагедиялық шешілімі, Жібектің Төлеген өлімін естіп ендігі өмірден мән таппай, жарық дүниемен қоштасу сәті, зор қайғыға толы «Зар» әнімен басталады («Әуелі бас қосқаным Жағалбайлы…»).

Ал Мұхит шығармашылығында «Зар» деп аталатын ән кездеспейді. 1933 жылдары екі жүзден аса халық шығармашылығындағы әндердің поэтикалық мәтіні қоғам идеологиясына қарсы келіп, айтылуға тыйым салынды 13 . Орталықтың арнайы саяси тапсырмасымен ән сөздері, олардың тақырыптары «жаңа заманға лайықталынып» жаңадан жазылған еді. Сондай әндердің бірі, саяси астары бар деген туындылар қатарында болған Мұхиттың «Қара қаншық» әні музыкалық әдебиеттерде соңғы кезге дейін «Зар» атанып келді. Ән алғаш рет А.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» жинағында авторы көрсетілмей жарияланды [2, № 970]. Бастапқы жеті буын музыкалық фразасы тура қайталанатын АА1 қостармақты ән формасында. Мұхиттың зарлы «Зәуреш», «Дүние­ау», «Азаға салған әні» шығармалары сияқты бұл ән де эолийлік ладында. Келесі бір ән «Доссорда шай құяды Гүлжансары». Бұл туынды Атырау облысының Мақат ауданы, Доссор деген жерінде өткен ғасырдың 20­жылдары атағы тарапқа белгілі бола бастаған, шай құюды кәсіп еткен Гүлжансары есімді келіншекке арналып шыққан. Ел аузында Гүлжансарыға арналған шумақтар көптеп кездеседі. 1918 жылы өмірден өткен Мұхиттың Гүлжансарыға ән арнағандығы нақты тарихи деректерге жанаспайды, қисынсыз. Осындай тарихи деректерді негізге ала отырып, әннің Мұхитқа телінуі жаңсақ айтылған деп қорытындылаймыз. «Жылқышы» әніне келсек, әйгілі Көкжар жәрмеңкесінде айтыскер ақын Бала Ораз Өтебайұлымен (1837­1882) кездескен Мұхит оның айтқан жылқышы жігіт туралы әңгімесінен үлкен әсер алып, «Кіші Ораз» немесе «Кіші Айдай» әнін шығарады 14 . Ән көнеде «Жылқышы» деп те аталған. Бұл әңгіме желісіне арналған осы туынды Мұхиттың шоқтығы биік, қайталанбас қолтаңбасы бар күрделі ән болып саналады. Бүгінде халыққа Ғ.Құрманғалиев орындауынан белгілі: Жылқысы біздің елдің ала мойын, Су ішіп айдын көлден салады ойын, ­ деп басталатын халық әні «Жылқышы» да әннің көнедегі бір атауына байланысты болуы керек, Мұхитқа телініпті 15 . Децима дыбыс аралығын қамтитын кең тынысты әннің формасы ABA 1B. Кварталық, квинталық секірістері бар, халық әндерінде сирек те болса кездесетін екінші жолдың соңындағы I 1 ­II 1 ­III 1 басқыштар интонациясымен ерекше.

Мұхит әндерінде осы мотивтің өзіндік маңызы, ән композициясында алатын орны бар. Туындыны халық жадында асқақ, ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасымен ерекше Мұхитқа телу орынсыз деп қорытындылаймыз. Сондай­ақ «Ыңғай­ау» мен «Құрбыжан» әндерінің де жөнсіз «авторлары табылып» ғылыми негізден алшақ бұрмаланып жүр. Әр халық әнінің артында бір шығарушысы бар екендігі хақ. Бірақ осындай негізсіз, дәлелсіз деректерді зерттемей қабылдау, яғни халық әнін белгілі бір авторға тели салу ғылыми көзқарасқа жат. Әншінің өмірбаянынан нақты мәліметтердің жоқтығынан туындыларын оның шығармашылық жолының қай кезеңіне жататындығын дәл айту қиынға соғады. Дегенмен де, отандық музыкатануда бұл бағытта жасалған талпыныстар бар. Мысалы, музыкатанушы М.Құрманғалиева оның өмірі мен шығармашылық жолын шартты түрде үш кезеңге бөліп, шығармаларын соған сәйкес топтайды: бірінші ­ Мұхит сал мен жігіттік лирикасы, арнау­ әндер «Алуаш», «Ақ Иіс», «Қилым», «Қилаш», «Айнамкөз», «Қоқыш», «Дәметкен», «Күлә», «Еркем», «Қолжетпес», «Дидар», «Ілгек», «Келіншек», «Паңкөйлек», «Бала Ораз» («Жылқышы»); екінші ­ өмір туралы философиялық толғамдар, қызықты кездесулердің әсерінен туған әндер. Автор: «Второй этап творчества, скорее всего, ознаменован песней «Паңкөйлек». «Паңкөйлек» ­своеобразный итог, завершение «мушеля» ­ 25 лет. …Данный период творчества характерен возникновением песнями цикла «Айдай», «Көк айдай», «Кіші айдай», «Үлкен айдай» и т.д. «Айдай» ­ о взаимоотношениях курдас, о нормах поведения молодежи, уходящих своими корнями в институт батырства» ­ деп, философиялық эссеге «Айдай», «Көк айдай», «Кіші айдай», «Үлкен айдай», «Әриайдай», «Иіс», «Бейнем­ау», «Кербез қыз», «Жайма қоңыр», «Жантелім», «Жылой», «Көкжар», «Доңасқан», «Ақ сойқан» әндерін топтайды; үшінші ­ трагедиялық ерлер лирикасы. Бұл кезеңде жоқтау тақырыбы басым келеді деген пікір айтып, жоқтау тақырыбындағы әндерге «Зәуреш», «Дағанау», «Дүние­ау», «Қыпшақ», «Дүние», «Демалыс», «Қара қаншық», «Алпыс төрт», «Мұхит сал» шығармалары топтастырылады


ПІКІР ҚАЛДЫРУ