Бауыржан Момышұлымен ретроспективалық сұхбат

0
2995
Бауыржан Момышұлы
Бауыржан Момышұлының нақыл сөздері
Журналистикада ретроспективалық сұхбат дейтін жанр бар. Жанрдың көтерер жүгі – тұлғаның өзі өмірден өтсе де өзегін жоймаған сүбелі сөзінен сұхбат құрастырып, оқырманға ой салу. 
Осы сүрлеумен жазушы Әзілхан Нұршайықовтың даңқты қолбасшы, өзі де, сөзі де патриотизмнің символына айналған Бауыржан Момышұлы жайлы жазған «Ақиқат пен аңызын» ар мен ұят, отаншыл көзқа­рас­пен қайта қарап шыққан едік. Әйгілі батырдың иман­дылыққа ұйытар салиқалы сөзінің бір парасын екшеп, назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Намыс, ар-ұят туралы айтқанда, Сіздің жігер жанған жалынды сөздеріңіз еске түседі. Сіздің түйсігіңіздегі намыс деген не?
– Намыс – азаматтың алтын туы.
– Ал осы намыстың өлшемі қайсы? Сипаты неде?
– Әке-шешесін сыйлаған балада ғана намыс болады. Оларды ұялтпайын, сүйегіне таңба түсірмейін, өлсем өлейін, бірақ ата-анамды ағайын-жұртымды жерге қаратпайын дейді.

– Сіздің өмірлік ұраныңыз қандай болды?
– Қайда, қандай қызметте жүрсем де жүректегі ұраным қазақтың: «Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді» деген мақалы болды. Ел намысы ер намысы деп білдім.
– Ал арманыңыз ше?
– Арманым халқымның намысына дақ түсірмеу болды.
– Атаққа қызыққан сәтіңіз болды ма?
– Ақындыққа, шенге, атаққа ешқашан да қызыққан емеспін. Олардың өздері келді… Генерал болсам, маршал болсам, герой болсам деген емеспін. Осы атағым да жетеді. Мен награда қуғамын жоқ. Ешкімнен награда сұрағаным жоқ. Мен награда үшін емес, еліміздің тәуелсіздігі, халқымыздың намысы үшін соғыстым.
– Адам қандай сипатымен сыйлы болмақ?
– Адам қанша көкке көтерілгенімен топ етіп төменнен бір-ақ шығады. Өйткені әркім жеткен жеріне дейін барады, жығылған жерінде қалады. Атағыңа атың сай келсе ғана сыйлы боласың.
– Қандай адамды ардақтайсыз? Нені ұнатпайсыз?
– Ардақты ананы қадірлеймін. Ары бар азаматты ардақтаймын. Талабы бар жасты құрметтеймін. Маңғазсынған ағаны ұнатпаймын. «Бауке, мына сөзіңіз құдайский, сіз данышпансыз» деп көзге мақтап көлгірситін ініні жек көремін. Шын дос сыртыңнан мақтайды. Сайқал ғана бетіңе қарап қылмыңдайды. Әйелдің сайқалы бірді ғана арбайды, әдебиет сайқалының мыңға зияны тиеді.
– Сізді біреулер мақтаған кезде немесе сынаған сәтте қандай сезімде болдыңыз?
– Мен өмірімде екі түрлі аңызды басымнан кешірдім. Бір кезде мені жер-көкке сыйғызбай аңызға айналдыра мақтады. Кейінгі кезде әркімдер аңызға айналдыра жамандады. Мақтады деп тасқаным жоқ, жамандады деп жасығаным жоқ. Қара қылды қақ жарғанды мақтайды да, боқтайды да ғой, қарағым.
– Нені жақсы көресіз?
– Қазақтың қонақжайлығын жақсы көремін. Қазақ халқының досқа деген мейірбандығын ұнатамын. Қазақтың қас-жауға қаһармандығын қадірлеймін. Мұнда Отанды қорғаудың қасиетті сезімі сақталған. Үлкенге жол беріп, құрмет көрсететін, сол сияқты кішіге көмектесіп, ізет істейтін сыпайылығын сүйемін. Жастардың ата-аналары алдындағы перзенттік борышқа адалдығын ардақтаймын. Бұл – адамгершілік негізі. Жас семьядағы жарастықты жаным сүйеді. Бұл – семья – мемлекеттің қауіпсіздігінің негізі. Кәрі-жасының ерінбейтін еңбекшілдігін жаратамын. Бұл – жан-жақты өркендетудің сипаты. Әке мен баланың, ағайын арасының ұйымшылдығын ұнатамын. Бұл – мемлекеттік бірліктің басы. Тағысын тағылар…
– Өмірбаяныңыз туралы жазылған деректерге қарасақ, көп бастықтармен сыйыспай, қызметпен қош айтысып, кетіп қала беріпсіз? Неге?
– Мемлекет мүддесін жүзеге асыруда принципсіздік көрсететін, қарамағындағы адамдардың дұрыс ісін қорғай алмайтын бастықтың қарауында жұмыс істегенше қаңғып кетуді артық көремін.
– Сонда бастық қандай болу керек? Басшының бойынан қандай сипатты көргіңіз келеді?
– Жақсы бастық – жарты бақыт қой, шіркін! Өйткені ойлы бастық ұқыпты қызметкерді адам етеді. Ойсыз бастық оқып келген маманды надан етеді. Ал менің қолымнан келетіні ұқыптылық, ыждағаттылық қана. Тапсырылған істі тапжылтпай орындау ғана. Ұғысып істескен қызметтен тәтті тіршілік жоқ-ау тегі деп түйдім сонда.
Ауылда сынықты сипап отырып орнына түсіретін сынықшылар болады. Сол сияқты ақылды командирлер де ақырмай-ақ сені ырқына көндіріп, түзетіп алады. Түзетпесе сол қисық күйінде кәдеге жаратады. Өйткені олар қылыш қайқы болса да өз қызметін түзу атқаратынын біледі.
– Сіз соғыста өз жауынгерлеріңізге бұйрық бергенде қандай әдісті қолдандыңыз?
– Командирдің айтқан сөзі айқын, берген бұйрығы нақпа-нақ болуы керек. Жауынгер командир сөзінің болбыр болғанын ұнатпайды. Өйткені жауынгер командирден бұйрық қана емес, сол бұйрықты орындайтын жігерді қоса алуы керек.
– Қатты қателескен кезіңіз болды ма?
– ГУК-тың бастығы армия генералы Филипп Иванович Голиков маған алдымен Кавказға бригада командирі болып баруды ұсынды.
– Мен дивизия командирімін. Оның үстіне академия бітірдім. Бригада командирі болып бармаймын, – дедім Голиковке. Соғысты бітіріп, академияны тауысып, кеудеге нан пісіп жүрген кез еді ғой ол, қарағым. Генералға тура осылай дедім.
– Онда корпус штабының бастығы болып барыңыз деді.
Бұл үлкен қызмет еді. Жаман ағаң ақылсыздық жасады, қарағым. Жарайды, рақмет деудің орнына Голиковке:
– Мен сап командирімін. Ешқашанда штабта отырған емеспін, – дедім.
Голиков бетіме қарап отырды да:
– Жолдас полковник, Сіз асқақтықтың сазайын тартасыз. Бара беріңіз, – деді.
Ағат кеткенімді артынан білдім. Бірақ қайта барып, генералдан кешірім сұрауға өрлік мойын бұрғызбады. Орынсыз өрлік адамды өкіндірмей қоймайды ғой, қарағым.
– Бұл қателіктен қандай сабақ алдыңыз, не түйдіңіз?
– «Семіздікті қой ғана көтереді» деген даналық сөзді халық тегін айтпаған ғой. Менің өмірімде жіберген ең үлкен қателігім осы болды. Осы қатемді ойласам күні бүгінге дейін екі бетім дуылдап қоя береді. Адамгершілік, азаматтық арым өзімді өмір бойы осы үшін айыптаумен келеді. Өмірінің қатесін ешкім де өз аузынан айтып бермейді. Өйткені оны мойындау қиын, өзгеге мөлдіретіп айтып беру одан да ауыр. Мен саған имандай сырымды айтып отырмын, қарағым. Оның себебі менің дұрысымды көрген жұрт бұрысымды да білсін. Бір адамның өмірі – мың адамға сабақ. Жас ұрпақ менің де жақсымнан үйреніп, жаманымнан жиренсін.

– Сіз өзіңізге сынмен қарайсыз ба?
– Өзіне өзі сынмен қарау – оңай іс емес. Өзінің қателерінен сабақ алу әркімнің қолынан келе бермейді. Үлкен бастықтың оңдырмай сөккенінен адамды өз арының сөккені әлдеқайда күшті.

– Өмірде не нәрсеге көз жеткіздіңіз?
– Әйелді қорлаған еркекті өмір өкінішсіз жібермейді. Өйткені әйел – өмірдің анасы, ал асыл перзент анасын ешкімге де қорлатпайды. Өйткені әйел – киелі халық. Оның киесі өзін қорлаған еркекті бір атпай кетпейді… Менің көзім осыған жетті.
Ұзын бой қысқарады. Үлкен дене кішірейеді, адам ақыры өледі. Ол – табиғат заңы. Адам өлгенімен оның еңбегі өлмейді, ерлігі өлмейді, ол атқарған ұлы іс өлмейді. Ұлы іс Отанға деген сүйіспеншіліктен, халыққа деген құрметтен, осы екеуі үшін аяусыз еткен еңбек пен ерліктен туады. Өткен Отан соғысында он тоғыз-жиырма жасар азаматтар ерекше ерлік көрсетті. Жиырма жас – тарихи ерліктер жасайтын жас. Осыған әрқашан да әзір болу керек.
– Адамды не нәрсе бұзады?
– Адамды бұзатын не? Тағы да сол атақ, ақша, арақ. Осы үшеуі. Төртіншісі әйел демеймін. Алғашқы үшеуінің буына бөртіп, әйелдерді біз, еркектер, бұзамыз.
– Расында, кезінде Сіздің замандастарыңыз, жалпы халқымыз арақтың кесірінен рухани құндылығынан айырыла жаздады емес пе? Халықты иманы мен тегінен айыру үшін арақты барынша пайдаланды. Біз әлі күнге дейін осының зардабын сезіп келеміз емес пе?..
– Жастар араққа үйір болмауы керек. Арақ – адамгерші­ліктің, азаматтықтың, ақылдың жауы. Арақ азғындыққа жетелейді. Араққа бір үйреніп алсаң, одан қашып құтыла алмайсың. Ең алдымен осыдан сақтану керек. Арақ – адамның ішкі жауы. Сыртқы жауды техниканың күшімен құртуға болады. Ал ішкі жауды ешқандай ракетамен атып түсіре алмайсың. Нәпсіқұмарлыққа бір салынып алсаң, оны тоқтатуға ғылымның да, білімнің де шамасы жетпейді.
– Сіз өтірік айтасыз ба?
– Мен өтірік айта алмаймын.
– Бір сөзіңізде адамды табиғат тәрбиелеп тұрған тәрізді депсіз…
– Табиғаттың өзі-ақ адамға алуан түрлі сабақ беріп тұрған тәрізденеді. Қарағайдың түзулігі саған екі иығыңды салбыратпай тік жүруді үйретеді. Аспанға шапши атылған ақ сүттей ақ қайыңдар сені адалдық пен пәктікке шақырады. Аузын арандай ашқан аш айдаһардың жұтқыншағындай ми батпағы өлім дегеннің не екенін көз алдыңа елестетіп, өмір үшін жанталаса күресудің тәсілін және ұқтырады.
– Отаншылдық, Отан қорғау, патриотизм, ұлтты сүю… Осы ұғымдар жайлы Сіздің ұққаныңыз, түйсікке түйгеніңіз не?
– Отаншылдық – әр адамға керекті ең ұлы қасиет. Ал отаншылдық өз үйіңнен басталады. Кімде-кім ата-анасын ардақтаса, сол ата-анадан бірге туған бауырларымен тату болса, өзінің өскен ауыл, қаласын, туған ұлтын сыйлап, қадірлесе, сол адам отаншыл болады. Өйткені, өз әке-шешесін ардақтамаған, өзгенің ата-анасын құрметтемейді. Өз ауы­лының тасын сыйламаған, өзге ауылдың тауын қадірлемейді. Өз ұлтын жақсы көрмеген, өзге ұлттарды ұнатпайды. Мұны ұлтшылдықпен шатас­тырмау керек. Екеуі аспан мен жердей екенін жастар ажырата білуі шарт.
Патриотизм – «Отаным сені сүйемін. Сен үшін құрбан болуға әзірмін» деп құрғақ сөзді гүмпілдете беру емес. Ол – формализм. Елді, жерді, Отанды сүйетіндігіңді сөзбен емес, іспен дәлелде. Ата-анасын сыйлаған шәкірт, студент сабағын да жақсы оқиды, тәртібін де дұрыс ұстайды, шаруакер, адал, әділ болып өседі. Іс деген осы, патриотизм осыдан басталады. Кімде кім әскери қызметтен жалтарса, ол патриот емес. Намыскер емес адам – ерлік жасауға қабілетсіз. Ерлік – ұзаққа созылған тәрбиенің жемісі.
Жастардың Отан қорғау қызметін атқарып қайтуы – адамгершіліктің ең асыл парызы. Әскерде басбұзарлыққа орын жоқ. Өйткені, оның қо­лында елдің тағдыры – қуатты техника бар. Ал жауынгердің ол тех­ни­каны тастап қыдырып, қыз қуалап, арақ аңдып, қаңғып кетуіне болмайды.
– «Ақ жүрек болып жолдасың, адалдық сені қолдасын. Жақсылық үшін тірессең, жаныңды арың қорғасын. Арынды болсын шабысың, алымды болсын табысың, найзадай болсын намысың. Ер жігітке бәрі сын. Қиындық көрсең мұқалма, ауырлық көрсең жұқарма, қамқоршы бол кішіге, үлкенді үлгі тұт алға!»
Бұл қарт әкеңіздің Сізге берген батасы екен. Ата-ананың баласына жасаған дұғасы қабыл болады дейді…
– Осы ақ батаны жүрегіме жазып алып мен кеттім. Әкемнің ақ батасын менің арымның, азаматтығымның, адамгершілігімнің ақ туындай етіп, күні бүгінге дейін төбеме көтеріп келемін, қарағым.
– Сізден де бата сұраймыз…
– Адал болмай, азаматпын демегін. Ойран салсаң, ойлап салғын. Елін сүйген жауынгер ер болады. Жерге теріңді төксең, жеміске кенелесің.
Отанды сүйіңдер, оны қорғаңдар, оған қызмет етіңдер! Барлық балғын­дарға ақ ниетпен ақ батамды беремін!

Ретроспективалық  сұхбатты дайындаған Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ

Дереккөз: «Ана тілі» газеті

Басқа да жаңалықтар

ПІКІР ҚАЛДЫРУ