Бейнелік шығармалар мен мүсіндік композициялар

0
1403
Ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттаудың тәрбиелік мәні.

Соғыстан кейінгі жылдары бізде мүсін өнері де пайда болғанын айта кету қажет. Онымен әуелі шеттен келгендер айналысса, содан соң өзіміздің мүшелер шықты. Соның алдыңғы қатарында Исаак Иткинд де болды. Оның жұмыстарының арасында «Шалдың басы. Философ» (1959) деген де бар. Онда ойға сүңгіген ақсақалдар бейнесі шамамен алғанда шығыс адамының тағдыры мен мінезінің портреті сияқты. Иткинд бастың формасын оның құрамына, құрылысына қарай мүше-мүшеге жіктейді: биік маңдайды жайлаған әжімдер, ой мен мүлгіген қабақ астындағы көз, «қожалақтау» ықшамдалған бет-әлпеті, алмастыра қажырылған формасы, бір мезетте қиюласқан мәдениет пен табиғаттың материалы (мүшесі баз ағаштың қабығын қалдырып отырған қажет деп санаған кезде),- бәрі бірлесіп бір шекте қатар тұрған қозғалыс пен тыныштықтың ұмтылмас образын жасайды.

Ян Кучистің «Звено бастығының портреті»-ндегі (1957) жас әйелдің кейпі де тартымды шыққан /23/. Онда нақтылық пен типтілік біріктірілген. Мұнда қатты туралы жұмсақ деп және нәзіктік туралы шешімді деп айтуға болады. Форманы құрастыру барысында суретші табиғат берген үлкен басқа, тік болғанмен тар маңдайға, ат жақты кең бетіне, күшті жақ сүектері мен томпақ еріндеріне баса мән береді. Сонымен қатар мүсінші табиғат берген сырт пішінмен қоса адам жанының нәзіктігін де абайлап бере білген.

Егер Иткинд пен Кучис сырттан келген кірме болса, соғыстан кейінгі жылдары қазақ мүсіншілер де пайда бола бастады. Алғашқылардың қатарында Хакімжан Наурызбаевты атауға болады. Оның мүсіндік портреттері мыналар: «Бала Жамбыл» (1957), «Амангелді портреті» (1958), «Құрманғазы» (1958), «Ақын Мариям хакімжанова» (1964), «Сәкен Сейфуллин» (1967). Осы еңбектерінің әрқайсысында мүсінші нақты тұлғаның, оның сезім әлемінің ерекшеліктерін ұқыптылықпен бейнелейді. Хакімжанованың портретінде суретші кескінделген адамның интелегенттілігін жәнеөзі таңдаған жолын берілген жан екендігін көрсетеді. Нарураны бейнелегенде мүсінші дәлдіктен ауытқымай көлем мен детальдарды модельдеу әдісімен қатаңдықтан безеді. Суретшінің қолында мәрмәр адамның тек тәніне ғана емес, жанына да суық тастан бір жылылың орнатқандай. Аурлаған қабақтар өткен жылдар мен өмір қиыншықтарында ізгіліктен айнымағандығын, мейірімділігін айтып тұр. Тарс жабылған қалың еріндер болмысында мінезінің қызулығын және сезімнің ұстамдылығын көрсетеді. Оның жан бітімі тез қорытынды жасамауды тілейді. Сыртқы келбеті есте қаларлықтай болмаса да, одан адамды және тағдырын көру үшін жүзіне үңілу қажет.

Осы жылдары мүсінші Бек Төлеков те сапалы жұмыс істеді. Оның қолынан шыққан «Екі мәрте Социолистік Еңбек ері Ж.Қуанышбаевтың портреті» (1961) және «Қыз портреті» (1965) сияқты әртүрлі образды сипаттаған жұмыстарда формалардың ұстамды пластика арқылы модельдердің романтикалық ұмтылыстары берілген. Николай Журавлевтің «Иткинд портретінде» (1967). Өзге адам және суретшінің тағдыры мен мінезін фәлсафалық тереңдіктен аңдауға қол созады. Басқа да жасырақ мүсіншілердің жұмыстары пайда бола бастайды. Төлеген Досмағамбетовтің романтикалық кейіпкер образындағы «Амангелді» және лирикалық тақырыптағы «Қыз басы», Вагиф Рахмановтың тақуа түріндегі және нәзік бейнеленген «Толғаныс» (1968) пен «Айгүлде» (1970) қыздың әдемі басын, бет-жүзін әсем келтіріп, ұсақ өрілген бұрымын, шашын ұтымды етіп бере білген. Кескіндемешілерге қарағанда мүсіншілердің кейінірек пайда болуы таңданыс тудыратын жағдай болуы мүмкін. Мұны жазық бетте қазақтар бұрын да сурет сала алған дегенмен түсіндіруге болады. Тек фигуралы кескіндеменің орнына оларда абстрактілі ою-өрнек болды. Мүсін өнері дегеніміз – бұл көлеммен ойлай білу деген сөз. Мүсінші 50 жастан кейін ғана туады деп айтқан екен Микеланджело. Мұны рас деп танысақ өнердің бүтін көлеміне, онда бізде мүсіншілік графика мен кескіндемеден отыз жыл туған екен. Егер бұл тұтас алғанда өнерге де келеді десек, онда бізде мүсін өнері ертерек, кескіндеме мен графиканың пайда болғанына отыз жыл өткен соң туды /24/.

60-шы жылдары портреттік кескіндеме Кәмилә Шаяхметованың «Балықшы Сауле» (1962) жұмысы ерекше хош иісті леп әкелді. Қараторы және алғызыл жүзді көңілді де, албырт жас әйелдің үстіндегі қызық кофта мен қара комбинезонына әсем үйлескен ақ орамал Сталиннің жеке басына табыну әшкереге айналғаннан кейінгі бақытты заман туатындығына сенген шат өмірге икемделудің өзінше символы сияқты. Алтынбай Молдабековтің «Қыз портреті» (1969) де соншалықтықайратпен салынған. Қараторы жүзіндегі тұңғиыққа тартқандай мөлдіреген елік көздері, шынтақшаға, орындыққа сүйенген шынтақтары, көкірегіне имене қойылған қолдары, ашық сары кофтасы мен үлкен ақ бантигі. Осының бәрінен батылдығы мен қорқақтығы үйлескен жасөспірімнің тартымды келбеті туындайды. Модельдің нақты қасиеттерін зерттей отырып суретші бір уақытта өз бағдарын жинақтауға және жас замандастың типтік бейнесін жасауға ұмтылады. Өз қызын бейнелей отырып суретші ол жұмысын «Қыз портреті» деп атайды. Ал Шаймардан Сариев керісінше жасайды: типтік образдағы қызға «Тұрар» (1967) деп ат қояды. Еркін Мергеновтің «Метис» (1961) мүсіндік портретінде және Павел Зальцманның «Шолпандар» (1962) акварель бетінде де типтік образды іздеу байқалады.

1969 жылы Үкі Әжиев салған «Әбілхан Қастеевтің акварельдік портреті» де ерекше оқиға болды /25/. Адам және суретші мұнда қимылы мен өзінің өмірлік ортасы арқылы сипатталады. Біздің алғашқы кескіндемешімізді Әжиев жан жылуымен наыштайды. Қарт суретші құпия шығармашылық актімен, ұяң да дана жүзімен, нұрланған ішкі рухани жан тазалығымен кескінделген. Анықтық пен түгел айтылмағандық, сәнділік пен түстің баяу тулауын біріктіретін кескіндеме формасы шығармашылық процестің ұстатпайтындығын және алдын ала айтып болмайтығын беруге икемделген. Соның нәтижесінде барлығы әдемілік пен айқындық әлемі болып шыққан. Шығармашылық прцестегі жан-жүйесінен туатын шығармашылық әрекет шағын ғана кеңістіктің көлемінен орын алып бөлінбейді. Суретшінің жұмысын серік болатын қуаныш пен ләззат қолдың, қылқаламның, бояу тақтайшасының, бояулары бар қораптың, кәрі сиқыршының алдындағы көлденең жазықтағы ашық түстердің сәулесінен мүлдем өзгерген, ең бастысы адам жүзіндегі шағылысуда балалық пен даналық маңызы біртұтас.

Сонымен 60-шы жылдары нақты адамдардың физиогномикалық және әр адамның ішкі сезімталдығына, анықтығына мән беріп зерттеу жалғасқанымен, типтік портрет жасауға бетбұрыс болды. Қарапайым қыздардың, жұмысшылардың, колхозшы әйелдердің портреттері жас ерекшеліктері, кәсіби не әлеуметтік специфика негізінде жатқан жалпы ортақ дүниелерді түсіну ниетінде көп салынды. Типтік бейне жасаудағы ізденіс монументальді формаларды тудырды. Нұрмұхамедовтің «Бульдозерші К.Ахунбековтің портретінде» (1960) модель лирикалық пролетар-кейіпкер ретінде сипатталады. Сондай-ақ, Мұхит Калимовтың «Теміржолшысында» (1966) да тәуліктің жарық сәтінде қолына фонарь жағып алған ақ көңілді батыр бейнеленген. Мұнда Диогеннің «адам іздеп жүрмін!» дегенін қалай еске алмассын /26/.

60-шы жылдардың ортасында біздің өнерімізде ұлттық бейнелеу тілін іздестірудің жаңа толқыны басталды. Салихитдин Айтбаетың тұсындағы буын картиналардың образды арқауына халық өмірін енгізгеді. «Жас қазақтар» (1968) және «Мейман келді» (1969) еңбектерінде түстердің сінділігі мен фигуралардың түзу ырғақтағы контурлары тоғысқан. Алайда, портреттік кескіндеме тіпті бұл суретшілер күрделілеу түстер мен ырғықты шешімдерді пайдаланады. Бұл субъект-модельге рухани өмірінде жатқан өзіндік болмысын сақтауға мүмкіндік береді.

70-ші жылдар адам көңілінің талығып ізденуіне елес береді. Өнердің басты тақырыптарының бірі «адам, орта, қоғам» проблемасы болды. Төлеген Досмағамбетов «Олжас Сүлейменовтің портретінде» сыртқы әлемге ой мен сезім қуатын тарататын тұлғала басымдық береді. Еркін Мергенов адам еркіндігіне шүбәмен қарайды, оның көңіл-күйінен және қоршаған әлемге әсерін көрсетуден адамның «мен» деген ерекшеліктерін көруге бейім. Мергеновтің «Жамалы» (1975) жүздің бал-бұл жануы, басы мен келісті дене бітімі, желбеген жамылған жилеті гротескелік түрде қабыстыруға құрылған. Бұл тәсіл – драматизмнің шартты құралы. Кейіпкер өз дәуіріне ыңғайлы, екпінді, оның эмоциональдық даусы сәуленің күшіне қарай өзгеріп отырады. Адам – жағдайдың қолындағы құрбан болған ойыншық /27/.

Адам мен ортадағы баға бергендегі әртүрліліктің қайнар көзін 1940 жылы туған бұл мүсіншілердің әр «дәуірдің» тұлғасы ретінде қалыптасқандығынан іздеу керек шығар. Досмағамбетов қоғамда Хрущевтің жылымық кезеңі дәуірлеп тұрғанда, 60-шы жылдардың бірінші жартысында Ленинградта Репин атындағы академияда оқыды. Ал Мергенов Брежневтің тоқырауы жаңа өркен жайып келе жатқанда, Кеңес адамдарының санасына сенімсіздікпен қарау және көңіл қайту жаңғырып тұрғанда, 1973 жылы Мәскеуде Суриков институтын тәмамдады. Классикалық түрлердің жолын қуушылық Досмағамбетовке образдың үндеудің үлкен амплитудасын берді. Мұнда айтып отырғанымыз лирикалық студент қыз («Қыз басы»,1966), Амангелдінің қаһарман бейнесі және романтикалық Олжас бейнелері. Сол бағытта бастаған Мергенов («Метис»,1961) жоғары тұрғылы деңгейді мақсат етті. Оның портреттік жұмыстары сипаттамасының қатаңдығымен және жалпы көңіл-күйдің шертілуімен ерекшеленеді («Әкенің портреті», 1976).

Адамның әлеммен байланысының ұшталған өткірлігі Мақұм Қисамединовтің «Бір өмірдің образы» графикалық сериясында келтірілген. Оның «Ана» және «Лейла» туындылары (екеуі де 1973) осы альбомда көрсетілген формалардың мәнерлілігін, жарық пен көлеңкенің қарама-қарсылығын, адам өмірінің ұлы драмасының образын жасайды. Салихитдин Айтбаевтың да жұмыстарында формаға осындай батыл қатынастарды байқауға болады /28/. «Әкенің портретінде» (1974) суретші ауыр ойға шомған қалыптан тыс адамның образын жасайды. Оның мүсіні күш-қуатқа және салмақтылыққа толы. Толық, әрі салмаққа ие оның басына көлемді форма берген. Бұл көлем өткен өмір драмасын сездірсе, ал таяп келе жатқан кәрілік түрлі-түсті жазықтардың жылжуымен құралған. Ой мен сезім қозғалысы модельдің бетіндегі майда түстердің шашырауына және бір-біріне қарай жылжуына үн қосады.

Келісті дене бітімі киімде қою көк және күрең қызыл түсті дақтардың қарсылығы арқылы жасалады. Мұндағы бейнеленген адамның ғана емес, оның арқасындағы кеңістікте басты роль ойнайды. Сол жақта опырылып күңгірт тартқан әр нәрсенің көлеңкесі болса, ал ол жағында ұшы-қиырсыз жайылған кеңістік көрінеді. Осы сипаттаудың формасында Сезанн мен ертеректегі кубизмнің әсері байқалады. Алайда, оның негізінде Нидерланд суретшілерінің. әсіресе Ян ван Эйктің портреттік бейнелердің әсері жатқан секілді. Сөзсіз Айтбаев «Кардинал Альбергатидің портретін», әсіресе, тізерлеп тұрған ван дер Пале образының дәл сипаттамасын, форма құрудағы шамасы мен қуатын білген және бағалаған. Қайсы елде болмасын қандай да бір бағытта туындаған стильді бейнелеу тілін басқа дәуірде, өзге кеңістікте өмір сүрген суретші тікелей пайдалануы мүмкін еместігі түсінікті. Модель мен суретшінің кездескеніндей, тарихтың, дүниетанымның және эмоциональдық жағдайдың қайталанбайтыны секілді әр адам да бөлек-дара. Дегенмен, біз бір-біріне ұқсамаған адамдарды бірыңғай эпитеттермен – күшті, ақылды, қайратты деп сипаттай аламыз. Нәзік сезімтал суретші өзінің алдында тұрғаннан дәл белгіленген сәйкестік тууы үшін кенепке белгілі тәртіппен орналастырылған түрлі-түсті қоймалжыңнан осы күштің, осы ақылдың және осы қайраттың өлшемін іздейді. Альбомдарды жиі парақтасақ біз өзімізге жақын адамдардың бет әлпетіндегі бүгінге дейін белгісіз нәрселерді таңдана байқап жатамыз. Суретшінің жан дүниесіндегі әке образы өзге де кескіндемешілердің көптеген модельдерінде танылуы және кеңістіктегі түйірлерден жиналған болуы мүмкін. Көзбен шолатын және еститін, біртіндеп біздің жанымыз бен санамыздың қалыптасу өнердегі образдар мүше-мүшеге бөлінбеген сезім мен көрініс кесегі және біздің Өзгенің нәзік те дәл (бірақ түпкілікті емес) баға беруіне бейім етеді.

Өзге суретшілер өз мінезінең күшіне және 60-шы жылдардағы идеалдарынан, көңіл-күйден байланыстарын жоғалтпай тұлғаның оптимистік қуатын ашық та қызу бейнелеуге тырысады. Мысалы, Сахи Романовтың «Автопортреті» (1973). Немесе, қарым-қатынастың тыныштағы және нәзіктігі – Айша Ғалымбаеваның «Сарықұлованың портретінде» (1974-1975) көрініс тапқан. Ольга Прокопьеваның әлеммен романтикалық байланысындағы дүниелері – «Замандас» (1976) және «Фигаро роліндегі КСРО халық әртісі Е.Серкебаев» /29/.

70-ші жылдары әсіресе, шығармашылық проблемаларына байланысты туындалар жиі жасалынды. Әли Жүсіпов өзін «Автопортретінде» (1974) жұмыс процесінде бейнеленген. Суретші кенеп алдында, яғни көрермен жаққа қарап тұр. Оның қимылға толы фигурасы бір сәт кілт тоқталып-көтерілген қылқаламы тына қалғандай әуеде. Екінші қолы ашық алақанымен көрермен жаққа бұрылған. Бұл ишара нені білдіреді? Немесе, ол неге мұндай қыр көрсетіп тұр? Ақ жарқындық па, мейірімдік пе, қорғансыздық па? Я, бұл жәй сілтеу ме теңіз пейзажына, өйткені сапарынан кейін шеберханасы су, құм, аспанмен тоғысқандай. Шынында пленер үшін пейзаждың көлемі өте үлкен. Демек, суретші өзінің натуралық әсерін шеберханада өңдейді. Кенепке бояуды тигізбес бұрын ойланып алады. Шеберхананың кеңістігі тақуа. Мұнда тек суретшінің өзі, қылқалам, пейзаж, қабырға жанындағы болашақ жұмыстың эскизі және екі кергіш қана бар. Тіпті мұндай композиция орналасатын бояулар мен палитралар да жоқ. Бұл картина жанмен жазылады деген тұспал шығар? Өнер әлем мен өзіңдегі қандай да бір құпияны қаншалықты түсіну процесі ме немесе кенепті бояумен шатпақтаған жұмыстың қандай да бір нәтижесі ме? Және аяқ астындағы қызыл түс өмірдің қуаты ма, онсыз ештеңе жасалынбайды ма?

Михаил Рапопорт «Есте Сақталған портреті» (1976) графикалық туындысында тура осындай, аяғының алдында және арқасында ертегіші ұсқынындағы маэстро бар өзінің тұрғындары мен ағаштары орналасқан өз шеберханасы ішінде және қала кеңістігіндегі тұратын суретшінің образын салады. Ескен Сіргебаев 1978 жылы Салихитдин Айтбаевтың портретін жасайды. Фигураның пластикасы мынадай: бұл талантты кескіндемешінің білетін әрбіреу мүсіндік композициямен кездескенде қуанышқа бөленеді. Ол екі бөлімнен тұрады: қолдарын айқастыра көкірегіне қойған суретшінің фигурасы және натюрморт. Мүсінші бір көріністі ғана таңдамаған. Бұл композицияға динамиканы және шындықты береді: суретші жаңа ой немесе күдік туа қалған жағдайда кез-келген уақытта мольберттің алдында қалшиып тұрып қалуы мүмкін. Айтпақшы, бұл композицияның әрбір бөлігі жеке тұрғанда да өзінше мазмұнға ие /30/.

Өнер кеңістігіндегі адам – Александр Ророкиннің акварельдік «Портреттің» (1980) тақырыбы. Композицияда жас әйел бейнеленген. Оның фонында Павел Филоновтың шығармаларындағы – «Жұмысшылардағы» (1916) көне пластикадағы адамның дене тұрпаты мен «Жануарларындағы» (1926) антропоморфтық хайуана фрагменттері қызмет етіп тұр. Модель таңғалған кездерімен қарсы алдына қарап тұр. Оның иығына дейін абайлап көтерген оң қолы шынайылықты айқын сездіріп тұр. Сол қолының ашық алақаны сенгіштікпен, мейірімдене көрермен жаққа қаратылған. Еріндердің тарс жабылуы модельдің жан-дүниесіндегі, қуанышты күйде еліктірген Филоновтың магиялық кеңістігіндегі көңіл толқынын беруге міндеттелген рупор сияқты. Фигура суретші мен дәл осы сәтте оның алдында тұрған символикалық әлем арасындағы медиумның, делдалдың міндетін атқарады. Оның арт жағында сүйікті суретшінің кейбір шығармалары ғана емес, оның образдарының барлық компендиумы берілген. Сондықтан да олар Орыс Мұражайына тиесілі болғандықтан оның бітімі қиялдан алынған. Сол үшін ол Филонов туралы, оның шығармашылығының артықтығы туралы армандау ғана. Модельді «меңгеруді» тек Қастеев атындағы мұражайдан көруге болады.

Бұл жылдары көп суретшілер Павел Филоновтың шығармашылығына беріліп қызықтады. Оны Зальцманнан және оның чех альбомындағы картиналық репродукцияларынан білді /31/. Ал 1967 жылы мұражай коллекциясына түскен суретшінің бұдан бұрын айтқан төрт графикалық туындысынан көріп оған қызығушылықты күшейте түсті. Ол кезде мұражай Т.Г.Шевченко атындағы қазақ мемлекеттік өнер галереясы деп аталып, оны Любовь Георгиевна Плахотная басқарған болатын. Ал 1976 жылы бұл мұражай Әбілхан Қастеевтің аты берілді. Сол жылдары бұл туындылар ылғи да экспозициядан тұрды. Орыс мұражайының залдарында 1929 жылы көрмесі ашылмағаннан кейін Филоновтың шығармашылығы жарық тақырып болатын. Бірақ шеттегі бастықтар ол туралы ештеңе білген жоқ. Филоновтың жұмыстарымен ( тіпті репродукцияларымен) таныс көптеген суретшілер формамен саналы түрде жұмыс істеп жатқан «формалистерге» назар аударды.

Филоновқа қызығу Сергей Кимде өзінше өрнек тапты. Асқан шебер өз маңайына зер сала отырып-ақ жаңа әлемді ашуға ұмтылыса да, сол тұстағы акварельшілер үшін нәзік ойларға қол жеткізудің тәсілдеріне жол ашты. Бәлкім, Филоновтың «Городовой формуласы» (1912-1913) графикалық жұмысы, ондағы айқыш-ұйқыш, трамвайлар, арбалар және қала кеңістігіндегі басқа да ұсақ-түйектер қызықты фон Кимнің характеріне жақын болуы ықтимал. «Галия Қапақлы портреті» (1981) акварелі өте нәзік жұмыс. Ондағы қыздың бет-әлпеті мәңгілік аса қолдан келмес шеберлікпен жасалып, елеусіз түстердің қозғалысынан-ақ байқалады. Свитер тоқымасына бұтақтар, жапырақтар және бұзаудың басы қоса өріліп суреттелген. Міне, осындай-ақ Филонов әдісінің әсерін тануға болады. Қыз мүсінінің артында үйлер, көшелер мен қала шетіндегі ағаштар көрінеді. Бұған қарағанда Нидерланд суретшілерінің картиналарындағы артқы планда сол замандағы қала өмірінің көптеген қызықты дүниелері жадыңа түседі. Тағы қалауыңа қарай таңдаулы көне корей кескіндемесі мен қайта дәуірленген Италияның жас қыздарының нәзік портреттерін де еске алуға болады. Әр елдің және уақыттың қаншалықты ғажап шығармаларын біз өмір сүретін әлем туралы және шындықпен кездесуде оянатын сезім туралы әрбіріміз әдеміліктің жеке сезімін айтуға міндеттіміз. Сергей Ким сол жылдары балалар мен қариялардың портреттерін аз жазған жоқ. Оны, біріншіден, болуы керек нәрсенің бірақ енді ғана әлсіз сұлбасына жарық түсіп, енді ғана басталып келе жатқаны мазалайды. Екіншіден, балалық кезінің мөлдір тазалығын сақтаған жеке адам қалыптасып болған толғандырады.

Үкі Әжиевтің «Автопортреті» (1981) акварелі көркемсурет өмірінде айтарлықтай оқиға болды. Павел Яковлевич Зальцман оны Жан Батист Шарденнің автопортреттерімен қатар қоюға әбден болады деп есептейді. Сөзсіз, өзгелерге ылғи да көңіл аударып отыру (Әжиев он шақты ғана портрет жазған жоқ) өзіне өзгелер сияқты қарай білуге үйретті. Өзіңе өзге секілді қарай білу суретшінің қоғамдық мәртебесіне байланысты шығармашылық жеке тұлғаның ең маңызды жағы. Нәтижесінде біздің алдымызда бір жақты баға беруге жатпайтын образ пайда болады: өз көзқарасынан көп аңғарып, қорыта білетін адамның құмарта қарауы; кейбір менмендік тәкаппарлығының, шеттетілген әртістік натурасының үйлескен, оның алдында әлем сұлулығы мен өз толқуын бере білетін мейірмандығы мен жомарттығы, байсалды еңбекқордың мойынұсынуы, тентек тағдырдың өжеттігі мен маэстроның өзіне-өзінің сенімділігі. Кәрі шеберлердің картинасын еске түсіретін жұмыстардың бояуы өнер мен адам жанындағы өз жауапкершілігін түсінетін суретші образының бекзаттығын көрсетеді. Автопортрет «Әбілхан Қастеевтің портретінен» кейін 12 жылдан соң салынған. Осы жылдарда суретші мәртебесі мен шығармашылықтың мәніне Әжиевтің көзқарасында не өзгеріс болды? Камералық, (әйтпесе, әлем шеберхана көлеміне қарай тартылып, қысылып қалады) Әбілхан Қастеев бар дүниені ұмытып жасаған кеңістікпен сырластықты бейтарап фонмен — әлемнің белгісіз, шексіз кеңістігімен алмастырады. Мұны Әжиевтің жаңа моделінің іс-қимыл орны екендігі байқау қиын емес. Біздің алғашқы кескіндемешілердің бейнесі суырып салмалық рухымен, бастан өткен оқиға бір сәттік рухани баға берумен суарылған: Қастеев бар болмысымен шығармашылық қызметте. «Автопортретте» іс-қимылдың – ойланудың, албырттықтың және сезім ашықтығының орнына ой топшылаудың ұстамдылығына орындаушылықтың қызу қиындығына орын береді. Қызыл тілді және өнердің көптеген атрибуттару сараң детальдармен – қылқалам және беретпен ауыстырылады. Суретші енді бала сиқыршы емес, ол шебер өмір сарапшысы. Әжиевтің «Автопортретін» 50 жыл бұрын жазылған Ә.Қастеевтің «Автопортретімен» салыстыру қиын. Әрине, Қастеев «Автопортретті» жасағанда жиырма жетіде, ал Әжиев елу жетіде екендігін ұмытпау керек. Біреуі Хлудовтың екі жылдық мектебін ғана көрсе, екіншісі 30 жылдық шығармашылық өмірді басынан өткізді. Алайда, бұл жұмыстар өзінің деңгейі жағынан жеке адам мен уақытты кескіндеудегі портреттік жанр міндетін бірдей атқарды деп бағаланады. Ең бастысы – осы жарты ғасырда болып өткен жеке адамның өзіне баға беруі мен суретшінің алмасуы алаңдатады.Қастеев өмір сүру мен жасау өнерін түсініп аңғаруға шөліркеген «ысылмаған» жігіт болып көрінеді. Ал Әжиев суретші, өзінің шеберлігіне сенген және өзі туралы, әлем жайында айтуға құқы бар өзін еркін суретші ретінде сезінеді /32/.

Белгілі қылқалам шеберлерімен қатар өздерін өнердің әртүрлі жанырлары мен түрлері бойынша танытуға ұмтылған жас суретшілер де жұмыс істеді. Михаил Рапопорт өзінің «Айва сатушысында» (1984) есте қаларлық образ жасады. Уайымшыл тоғышардың басы иығына қарай не түсініксіз әлемге кешірім ишарасында, не ішкі жан-дүниесінде туындаған бір ойды түсіну әрекетінде еңкейген. Мүсінші фактураны пластикалық бейне әуенінде өрнектеген. «Айва сатушының» жанында сырттай қарағанда Асқар Есенбаевтың «Виктор» (1984) қайратты да қуанышты көрінеді. Шығыңқы иегі, төмен түскен жанарының отты көзқарасты толық мәнерлілік сипатын білдіреді. Есенбаевтың да «Кезекші» (1989) қызықты. Басты төрт түсте – қызыл, қара, ақ, жасылмен боялған. Бұл образ суретші өміріндегі бірінші оқиғалардың арқасында туған. Мүсін өнері – бұл табиғатында тамақтардың да, шаң-тозандардың да, адам жанының да, ойлар мен армандардың да сыйып кететін ыдысы-сауыты, вазасы, қыш құмыра. Әскер қатарында жүргенде тумбочка алдында тұруға, яғни кезекші болуға тура келді. Кішкентай, арық қырғызбен танысу ол үшін ауыр сынақ болды. Оның образында мүсінші әртүрлі жағдайда ұйықтап үйренген кезекшінің санасында жанғырған көңіл-күйлер мен ойлардың ауысуын түрлі түстердегі дақтардың тоғысуы көмегімен жасайды. Мұндағы ақ түс – бақытты өткен шақты, ал қара түс — әскерде қызмет ету жағдайындағы таяу болашақты білдіреді.

Марат Әйнеков өзінің «Аманың портретінде» (1989) ерекше ғажап жұмбақ образды жасайды. Аса дұрыс емес формадағы сом гранитте бірден бет-әлпет пайда болады. Онда алғашқы адам пайда болғандай, жалпы Аман атты нақты адам сезіледі. Көздері ойлар мен сезімдердің тасқынынан дамыл таппайтын сияқты. Еріндері қысылғаны соншалықты, жұқа мұртының астына жасырына түскен табиғаттың материалы мәдениетпен байланыса отырып, бет әлпен айқындала отырып, дарынды мүсінші не істей алуы мүмкін: әрбір деталь, кез келген сызық пайдаға жарап, мүлде бір-біріне ұқсамайтын, бірақ таңдандыратын образдар туындайды. Мұнда пластикалық тілін сезінетіндер үшін мүсін өнерінің кеңістігі өте үлкен екендігін түсіну үшін Рапопорт Есенбаевтың және әйнековтің «басқа» арналған мүсіндермен салыстыруға болады. Бәрібір кескіндеме мен графикада портреттер көп жасалыныпты. Исатай Исабаевтың жұмысында мұңды суретшінің романтикалық образы келтірілген. «Қ.Зекіровтың портретінде» модельдің бар болмыс-бітімі біздің алдымызда өнер адамы тұрғандығын анықтап тұр. Мұнда әңгіме жұмсақ шляпада ғана емес, кескіннің характерінде. Барлық жазықтығында штрих, түзу емес, айқыш-ұйқыш жолақтар түрінде қою түстер берілген. Мұнда бейнеленген адамның жайдары фигурасы өзіне тартатын сияқты немесе өздеріне ғана белгілі логика бойынша бөлетін қою қуатты және бояудың импульстік қозғалысын береді. Өмірде салмақты, бірақ өнерде қызуқанды адамның образы шығады. Бейнелеу мәнерінде модельдің график Қайырбай Зәкіров екендігін білдіруге деген ишарасы байқалады.

Көрмеде қағазға орындалған тағы бір портретті атап айтуға болады. Ол Әлия Хайруллинаның қола бояуы қосылған акварельдегі «Алтын шашы» (1988). Түстің сапасына және форманың жасалуына қарай акварельдің мәртебесі – графика ма, кескіндеме ме деген дау-дамай еріксіз еске түседі. Акварельдің шекаралық жағдайы, яғни балалық пен жас өспірімдік шақтың әлі де бір-бірінен ажырамаған бейнесінің модельдің бейнесіндегі мінезбен үндесуі суретшіні қанағаттандырады.

Шаймардан Сариев 60-шы жылдардағы «Тұран полотносын» еске салатын сары түс фонында 1987 жылы «Лебиздің ұлының портретін» салды. Тізесін құшақтаған баланың денесі жарық түсіп тұрған жаққа қою сары түсті дақтармен, денесі қою қызылмен шартты кеңістікте бейнеленген. Онда оң жақтағы кемпірқосақ пейзаждың компонентті білдірсе, ал оның маңайындағы ақ және ашық сары түстер күн сәулесі сияқты. Маңдайындағы қоңыр түске түскен ақ дақтар тағдырдың салған белгісі. Баланың денесі еңкіштеу және иілуге бейім, сонымен қатар тұрақсыз да сенімді қалыпта берілген. Оның көздері сұлулы пішінде және әлемге сенгіштік көзқарас байқалады.

Бақтияр Табиев салған «Айтбаевтың портретін» (1988) Айтбаевтың қылқаламынан туған «Әкенің портретімен» салыстырғың келеді. Полотнолардағы түстер шешімінің ұқсастығын байқамауға болмас: екі модельде де көк көйлек пен қызыл кеудеше бар. Меніңше, бұл сәйкестік мүлде кездейсоқ емес. Екі суретші де не істеп отырғандарын біледі: Айтбаев биылғы жылы 50 жасқа толады. «Алғашқы қорытындыларды» шығаратын уақыт келді. Көрген адам таңданатын және оған ұқсағысы келетін өз әкесінің (бостан-бос бірнеше портрет салған жоқ) мінезі мен тағдырын, костюмін өлшейтін уақыт болған жоқ па? Табиев өз досын шеберханада салады: кергіштер мен кітаптар модельдің тұрмысын ұқсас, қажетті ортаны жасайды. Айтбаев өз әкесіне ұқсайды да және құсамайды. Оның өмір ауыртпашылықтарын көтеруге ерік-жігері аз, бірақ әлемнің әртүрлі дыбыстары мен образдарына шығармашылық үшін қажетті жұмсақтық пен қайырымдылық көбірек болуы шарт. Портрет ұқыптыжәне жылы сезіммен салынған.

80-ші жылдарда шығармашылық пен өмірдің мәні туралы, суретші көңіл-күйінің өзгеруіне тең формаларды жетілдірумен айналысу туралы мәселені шешу жалғасты. Бұл жылдары өнер 70-ші жылдардағыдай, өз айтарларын шешімді және тиімді түрде бере алмады. Енді образдардың сөйлеуінде мамыражайлық пен тыныштық көбірек болды, бірақ адамның тұлғасын және оның әлеммен байланысын тереңірек аңдауға көбірек ден қойылған болуы мүмкін.

90-шы жылдары КСРО-ның құлауына және экономикалық қиындықтар туындауына байланысты мұражай ұзақ уақыт өз қорын толтыра алмады. Сондықтан да экспозицияға суретшілердің шеберханаларынан бірнеше жұмыстар алынды. Олардың ішінде Кенжебай Хайрулиннің «Автопортреті» (2000) және Тимур Асылбековтың «Ұлымның портреті» (2001) еңбектері бар. Бұл жылдары портреттік жанрларға қызығушылық азая бастағандығын айта кетейік. Мұның бірнеше түсіндірмесі де бар. Кеңістік дәуірде суретшілер елдің және идеологияның «тапсырмасы» бойынша орындалған көптеген портреттермен өздерін және көрермендерді шаршатты, былайша айтқанда «тойғызып жіберді». Көптеген көрмелерде колхозшылар мен жұмысшылардың, депутаттар мен Социолистік Еңбек ерлерінің аса сәтті емес бейнелері кездесіп жатты. Мұндай портреттер заводтар мен егістіктерге шығармашылық іс-сапар кезінде өте тез, образға көп зерттеу жүргізбей-ақ жиі салынып жатты. Форма мен мазмұнның құрылымы портреттік жанрдың мәртебесін төмендетті, сонымен қатар саяси жүйенің ыдырауына байланысты өнердің барлық түрі енгізген социолистік реализмнің мәні жойылды. Суретшілер Батыс өнерінде әлдеқашан ашылған және дамыған барлық мүмкіндіктердегі «измдермен» көркемдік құралдар арсеналын кеңейтті және байытты. Адамның керекті және қызықты тұстарын көрсетуге сәйкес келетін дүниелерді табуға мүмкіндік берді. Суретшілер қиялдауға қызыға түсті, бұрын болмаған нәрселерді жасауға тырысты. Өзің қалағанды жасаудан қызықты ешнәрсе жоқ сияқты көрінеді. Осындай қату кезеңде өзгені тануға мүмкіндік болмады. Кейбіреулер аңыздарға және санаға сыймайтын дүниелерге кете бастаса, өзгелері контемпорари арттың табынушылары болып, перформансамен, хэппинингімен, инвайронментамен және инсталляциямен айналысты. Алайда дәстүрлі бейнелеу өнеріне сеніммен және құралдарды ойната пайдаланып, содан ләззат алып, екі бағытта жұмыс істеді.

Кенжебай Дүйсенбаев қылқаламсыз, бояусыз әлем жайында айтуға болатын пікірлерге жол бермейді. Оның «Ер адамның портреті» (1998) түстердің стихиясымен ерекшеленеді. Азғана бояу заттарынан «түсінуді», белгілі бір пікірді қажет етпейтін әлем туады. Мұнда оның параметрлеріне тең емес физикалық сыртқы пішініне тиесілі түстің әуенін, поэзиялық жанының дыбысты образын сезіне білу қажет. Мөлдір көлеңкелермен байытылған күміс түсті кеңістік әлем дыбыстарын сезетін жас жігіттің келбетін сақтаған. Немесе, нәзік жан өзінің жарығы мен тіршілік кеңістігін гүлдендіреді. Бұл биікке жылдам көтеріліп келе жатқан суретші шәкіртінің портреті.

Қадыржан Хайруллиннің «Автопортреті» (2000) өте назар аударарлық дүние. Портрет-картинаның композициясы әртүрлі көлемдегі үш бөліктен: ұйқыдағы адам, пейзаж, телефон трубкасы және «Библиядан» үзіндіден тұрады. Ондағы бір фрагментте былай: «Жер сілкінісінен кейінгі от; Құдай отта емес; Оттан кейінгі баяу самал есіп тұр» (Патшалықтың 3-кітабі, 19-тарау, 12-өлең). Бұл мәтіннің символикасына берілудің керегі жоқ, әрқайсысы өзінше пікірді білдіреді. Құндақтаулы жатқан баладай ересек адам қандай түс көруде? Шындық оның түсіне кіре ме? Композиция ондағы элементтер арасында өзара байланыс жоқ сияқты жылдам байланыс принциптері бойынша құралған. Оның сыртқы тәуелсіз өмір сүруі бейнедегі сөздердің енгізуі арқасында болып отыр. Енді табиғат, адам және жаратқанның даналығы арасында жасырын байланыстарды аңдауға болады. Мұндай жағдайда Хайруллин үшін адам портретінің мәні оның сыртқы дене бітіміне ұқсай беруінде емес.

Егер Хайруллинді адам тіршілігі, әлемнің үсті алаңдатса, ал Тимур Асылбековты жердегі проблемалар ойландырады. Оның шығармашылығына бұрыннан белгілі «Әкелер мен балалар» тақырыбы жасырын арқау болады.

«Ұлымның портреті» (2001) көрме үшін арнайы жасалған жалғыз шығарма. Кейбір айнадай кескінге қол жеткізу мақсатындағы дүние. Осыдан 100 жыл бұрын Николай Хлудов ұлттық мәдениетті қатаң сақтаған бейнедегі суретшінің алдында қысыла-қымтырыла отырған жас қазақ әйелінің портретін салған болатын. Бұл жас ұлан кескіндемеші-әйелдің назарына қалай ілікті? Интернациональды киім киген ол қандай болады? Жер шарының көп бөлігінде балалар осылай киінеді. Оның қою қара шашы жалпы Шығыс адамы екенін көрсетеді. Ол нәзік және әдемі, салмақты және өзіндік ұстанған бағыты бар. Көзілдірікті жігіттің саусақтары серпінді. Кітаптар ма, компьютер ме, рояль ма? Ол ғаламдандыруды жақтайды, ол үшін бүкіл әлем дегеніміз – Интернет жүйесі. Мұның маңайында сары алтындай көп қабатты күн сәулесінің кеңістігі бар. Және ол сол жарықтың үстімен солдан оңға қарап келеді. Сол бағытта оқитындар мен жазатындар үшін бұл жаңа ғана өткеннен болашаққа қадам басқан мәңгілік қозғалыс. Алайда ол кенептің бетіне қалай басылған. Текемет немесе сырмақтағы қазақтың ою-өрнегі сияқты. Сірә, ол қазақстандық әлемге кедергілердің үстінен қарауға әзір.

Катина салу – ұзақ қажырлықпен жететін жұмыс.

Суретші, өзінің түпкі мақсатының композициялық түйінін тауып, сол арқылы тақырып негізі мен картинаның мән-мағынасын ашуға тырысады. Бұл өте күрделі жұмыс. Оған суретші бар шеберлік машығы мен іс-тәжірибесін, шабытын жұмсайды, қаншама уақытын сарп етеді.

Болашақ шығарма жазу жайлы нақтылы бір ой, елестету пайда болғанда эскиз жасау басталады. Көп толғанып, ізденудің арқасында ойлаған тақырыбыңыз біртіндеп тереңдей береді. Картина салуда, композиция негізі мен колорит шешуші орын алады. Эскиз жасау үстінде негізгі ойды қалай ашуға болатынына баса көңіл бөлінеді. Көріністерді, адамдарды, пейзажды, т.б. орналастыруда алғашқы бөліктердің мағынасын ашпай-ақ басты ойды іздестіру шарт. Сонымен қатар түстің құрылыстарын, дақтарды, олардың ара қатынасын ойластырады. Кейде кейбір заттар картинадағы жарық пен көлеңке, өң-түс қалай болатынын анықтайды.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей картинаға кірісер алдында, суретші көптеген кірісер алдында, суретші көптеген дайындық этюдтарын салады. Көптеген көркемсуреттік жазбалар мен ізденістерді жинақтау үзілмей жүріп жатуы тиіс.

Эскизді толығымен аяқтағанда, ойлаған композиция көңілден шықса, онда эскизді торкөздеу арқылы үлкейтіп, картонға көшіреді. Тағы да мұқият бір қарап шығып, өзгерістер енгізгеннен кейін, картондағы сурет холсқа ауыстырылады. Енді картина салу жұмыстары басталады. Кейде жүздеген этюдтар картина жасауға жеткіліксіз болады. Ол үшін суретшінің қажырлы ой-жігері, табандылығы қажет.

Суретші басқа да қосымша материалдармен бірге натураны егжей-тегжейлі зерттеу арқылы картина салу жұмысын шыңдай түседі. Ол кейде жұмысын орта жолда тоқтатып қайып, біраз уақыт өткізіп барып қайта оралуы мүмкін. Бұл көзбен көру қасиетін шыңдау,яғни өз ісіне сын көзбен қарау тәсілі болып табылады.

Шебер, бұл айтылған әдіс-тәсілдер мен шарттарды, портрет, пейзаж, натюрморт салу кезінде де дұрыс пайдалануға міндетті.

Суретші портрет салуға кіріспес бұрын, портреті салынатын адамды зерттейді, мінезін, ішкі жан-дүниесін түсінуге тырысады. Бірнеше суреттемелер сала отырып, оларды, ұзақ ізденісті натурамен байланыстыра көптеген сеансты жұмыстар жүргізуге тура келеді. Бір қарағанда жеңіл көрінетін адамдар портретінде, суретшінің орасан зор еңбегі мен ізденістері жатқанын ұмытпаған жөн.

Пейзаж, натюрморт, сәндік эскиз, интерьер жасағанда да әр бөлікті ой елегінен сан қайтара өткізіп, жөндеп, түзетумен ғана табысқа қол жеткізуге болады. Салып отырған затының өзіне қарап, салыстырып, ұқсамаған жерлерін түзетіп, қайта жөндеумен суретші өзінің шығармасын аяқтайды.

Композиция жасағанда, заттың өзіне қарап көп жұмыс істеуді дағдыға айналдырған дұрыс. Көре білу, көргенді есте сақтау қабілеттерін шындай отырып, қоршаған ортаның сұлу келбетін, әсерлі сәттерді бейнелей білу үлкен талант. Талант, талап бар да, оның қайнар көзін ашып, үнемі үзбей шыңдау, машықтандыру, ұштау бар. Талай іздену, көп оқып, ой-өрісті кеңейту, дүниетанымды арттыра, рухани жан дүниені байыту ғана киелі өнер жолында мұратқа жеткізбек. «Өнердің қолын ұста, өнегелінің жолын ұста»,- дегендей, ата-баба кәсібінен нәр алған, өмірдің ыстығы мен суығына, тәттісі мен ащысына дәмін татқан атамекенінен алыс жүрсе де Өмірзақ Рыстанұлы қазақ ұлттық өнерін өрбітуге айырықша үлес қосты. Монголия елінде туып, Батыс Еуропа Германия елінде көркем академиялық жоғары білім алған. Суретшінің ұлттық өнермен үндес көркем туындылары Монголия Мемлекеттік өнер мұражайында сақтаулы. Ө.Рыстанұлы – сыршыл, қиял ғажаып суретші. Сан ғасырлық тарихы бар ою-өрнекті көркем шығармасына арқау етіп тіл білдірді. Өрнекті ой елегінен өткізіп, тыңнан жол іздеді. Суретшінің өзіне тән қолтаңбасының сыры – көркем өнеріндегі табиғи ұлттық қисынында жатыр. Ұлттық ою-өрнектің табиғи бұлжымас заңын зерттеп, көркем шығармашылық композициялық құрылымын шешуде әрі орындау тәсілінде үздік жол таба біліп, бейнелеу өнерінде жаңа бағыт әкеле білді десек артық айтылған болмас еді. Суретші Ө.Рыстанұлының алуан түрлі тақырыпта сомдаған көркем туындылары дербес галерея құрайды. Сондықтан болар Өмірзақ Рыстанұлы «Қазақ бейнелеу өнеріндегі абстракциялық ой – ою-өрнектен басталады» — деп дәлелдейді. Суретшінің бейнелік ой жүйесінен туындаған көркем шығармалары өрнек арқылы образ құрып, өзіндік үйлесім тапқан /33/.

Батыс Еуропа елінде жүріп танымал Пикассо, Матисс еңбектерімен танысты. Әр халықтың өнер туындысы сол халыққа қызмет ететінің білген суретші Ө.Рыстанұлы ұлттық өнердің өрісі биік екендігін бағалай білді. Нағыз өнердің асылы мен жасығын айыра білу үшін өзге өнердің көшірмесі болудың қажеті жоқ екендігіне көзі жетті. Әрбір ұлттың қайталанбас көркем туындысы екінші ұлттың рухани қазынасы бола алмайды, әр өнердің өмірге келуінің үш қасиетін анықтауға болады – тілі, дәстүрі және тарихы. Әлемдік өнердің әуені бір болғанымен идеясы мен мазмұны әр алуан. Әлемдік өнер дегеніміз — әрбір халықтың өнерінің жоғары сапасы. Әр халықтың әлеуметтік рухани болмысы өнер тұлғаларының еңбегімен өлшенеді. Сондықтан болар суретші Өмірзақ атамекенінен алыс жүрсе де Ә.Қастеев, М.Кенбаев, Қ.Телжанов, А.Ғалымбаева, еңбектерімен етене танысуға құштар болған. Ұлттық өнерді шыңдауға енген жаңа өнердің үлкен-кішісі болмайды, көркем туындының жасампаздығы мен жаңалығы көркем идеяның мазмұнымен өлшенеді. Өнер жат елдің қолында күн көре алмайды, өз халқының игілігінде өмір сүреді.

Атамекеніне аман-есен оралған суретші Өмірзақ Рыстанұлы туған халқына қалтқысыз еңбек етуде. Көркем шығарма суға түскен сәуле емес, ол суретшінің творчестволық ізденпаздығы арқылы туындайды. Өмірін өнерге сарп етіп, жанын живопиське жайып, күндерін көркем шығарма жазымен өткізген Өмірзақ ата жұртына таныла бастады. Оның «Қалпақты жігіт», «Желтоқсан», «Құрылым», атты көркем туындылары Қазақстан Республикасының мәдениет қорына алынды. Суретшінің көркем шығармадағы баяу үндестігі табиғи тазалығымен қарапайым өміршеңдігімен дараланып жатады. Біз оның жазу стилінен көре аламыз. Өрнектеп сурет салудың сырын ашқан суретші ретінде Ө.Рыстанұлы әлемге таныла бастады. Сәндік живописьтің ұлттық сипатын өрнектеп шешу қазақ қолөнерінің күре тамырымен ұштасып жатыр. Шынайы сурет салуға бейімделудің өзі тарихи дамудан тұрады. Көшпелі халқымыздың ежелден келе жатқан өрнектерін көркем шығарма орындауда сабақтастыруы тегін нәрсе емес. Сондықтан болар суретші  Ө.Рыстанұлының өзіне тән жеке дара қолтаңбасы бар екендігі бәрімізге аян. Суретшінің атын асқақтатқан ең құнды көркем туындылары «Бүркітші», «Қош», «Биші қыздар» деп аталады. Әрдайым суретшінің көркем туындылары байыптап қарауы қажет етеді. Өйткені кез келген көркем туындыны көрермен жете қабылдауы мүмкін. Оның басты себебі, өрнектің құпия кілтін тауып көркем шығармада композиция құрып, басу үндестігімен әуен тудыруында жатыр. Мысалы «Екеу» атты көркем туынды да жұлдыздар тәрізді адамға әсерлі ой туғызады. Жарты ай мен жұлдыз тәрізді геометриялық дененің сұлбасында бейнелеген көрініс тас қараңғыдан жол тапқан үкідей болып үн қатады. Ал «Елес» атты көркем шығармада көркем түстей шым шытырық терең философиялық ойдан туындаған әр алуан адамның келбеттік тұлғасынан тұратын пішінде ортақ көзқарастың болмауы суретшінің ішкі жан сезімімен сипатталған. «Ырыл» атты көркем туындының басты идеясында адам арасындағы күншілдік, көре алмаушылық, іштарлық айқын көрінеді. Өмірге айдай иттігін жасайтын заңды құбылыс екендігін көркем шығарма мазмұны арқылы бедерленген. Суретші Ө.Рыстанұлының кез келегн көркем туындысы, шығармалары терең ойлылығымен көркем шеберлігімен көрерменге ұнайды. «Дүбір» атты картина көрінісінде желдей ескен ақ боз бие екі құлының ертіп шауып барады. Зымырап өтіп бара жатқан өмір мен уақыт еске салса, артындағы асқар таулар биік белестердің барлығын аңғартады. Алдында тұрған балбал тас өткен ата-бабалардың мұрасындай көзге ыстық көрінеді. «Ұлым менің» атты көркем шығармада ақ боз аттың үстінде домбыра үнімен әндеткен баланың әуені шартарапқа жайылып, күн шапағатына бөленіп тұр.

«Көңіл биі» атты көркем шығарма қазақ киіз үйінің ішкі құрылымдық әуенін аша түседі. Жігіттің домбырадағы күйі көрермен қошаметіне бөленсе, қос бұрымды екі қыздың биі қос аққудай адамға айырықша әсер етеді. Саналы салт-дәстүріміздің игі ықпалы көркем шығармада бейтарап қалмағанын байқаймыз.

Ө.Рыстанұлы өзінің табиғи қарапайым қазақи мінезі арқылы көптеген көркем туындылар тудырып бүгінде бейнелеу өнерінің беделін көтеруде.

Тыңнан жол тартқан талантты суретш-ұстаз Ө.Рыстанұлы Т.Жүргенов атындағы қазақтың ұлттық өнер академиясында дәріс береді. Өнер мен ұстаздықты қатар ұстаған азамат қашанда болса халқын қуандыра бермек.

«Мен өзімді қалайша ақынмын деп айталамын,

Халқымның өз айтқанын қайталадым.

Күпі киген қазақтың қара өлеңін,

Шепкен жауып өзіне қайтарамын» — деп ұлы ақын М.Мақатаев айтқандай суретші Рыстанұлы ою-өрнек арқылы қазіргі заман талабына сай лайықты қазақтың ұлы өнерін өңдеп қайтаруды өзіне ұлы мұра тұтады /34/. Ұлы И.Репин айтқандай: «Сурет – ол өте күрдклі де, өте қиын еңбек. Оны тек ішкі сезім арқылы тануға болады. Ол шынайы сезім, белгісіз құбылыс».

Басқа да материалдар Мұғалімдерге Ашық сабақтар Сабақ Жспарлары Оқушыларға Рефераттар ҰБТ Шығармалар СӨЖ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ