Бейтаныс қыз (әңгіме)

0
2845

Пианинода ойнап отырған қыздың беймаза әуені құлаққа жағымды болмаса да мені өзіне баурап ала жөнелді. Оның жанар тостағанынан тамған жастарын үнемі сүртем деп жүдеген сүліктей саусақтары тым нәзік еді. Мен оның өткен тағдыры оңай болмағанын, қасіретін қыртысына жасырып күн кешкенін ойнаған мұңды әуеніне қарап айтпаса да, бірден түсіндім. Сол жерде мұң шатағына шырмалған оның санасын өзімнің жаралы жүрегіме жамап емдегім келді. Өзінің маңдайына сызылған өмір картасын бейнелейтін пианиноның қара пернесін баса бергенде оған көтеріңкі дауыспен:
— Сізге себепсіз бір шоқ бақыт гүлін ұсынғым келеді ,-дедім қатқыл үнмен. Бейтаныс қыз мені естісе де өзінің сұрықсыз қайғы татыған әуенін үзбей, емен ағашынан жасалған қоңыр аспаптың ноталарын ызамен ұрғылай берді. Мен өзімнің әдеттегі сабырсыздығымды танытып:
— Сізді бақытты еткім келеді. Бақыт гүлінің қандай түстерін ұнатасыз?- деп сауалымды жалғастырдым. Бейтаныс қыз қолшатырға ұқсаған пианиноның орындығымен қоса маған бұрылды да:
— менің бақытыма себепкер болатын гүлдердің мерзімінен бұрын солғанын қаламаймын,-деді көзін жасауратып. Менің оған жаным ашыды.
— Біз іздейтін бақыт гүлі де нәзік сезім сияқты.. Оны қажет кезінде күткенде ғана қадірі артады…Пианинода ойнаған әуеніңіз тым көңілді екен,- дедім іле-шала оны алдамақ болып. Бейтаныс қыз әдемі кірпіктерімен көзінің мұңын бір сүртіп алды да:
— Менің анам өзім оқыған мектепте қарапайым музыка пәнінен сабақ беретін. Әуенге әуес балалар анамды «пианиношы апай» деп атап, күні ұзақ қасынан шықпайтын. Мектепке тексеріс келерде директор мектептің босағасына пианиноны қойдырып, анама түрлі мелодиялар ойнатып қоятын. Мектеп ұжымының ерекше салтанатпен қарсы алғанына қуанған тексерушілер ешқандай ескерту жасамай қайтып кететін… Біздің де санамыз сол сияқты. Біз көзбояушылық жасағанды ұнатамыз. Талантсыздардың жолында шын дарындарды еш қиналмастан құрбан қылып жібереміз. ең қиыны, қабілеттілер өздерінің қай жерде аяғынан шалынарын білмейді,-деді. Бейтаныс қыздан оның «парасатты көзқарасын» ешкім сұрамаса да оның стериотипіне қатты қызықтым. Мен онымен тағы да сауатты диалог құрғым келді.
— Біздің бақылап жүрген өнер қолбала сияқты. Музыканың жүректің сезімнен шыққан ырғақ екендігін қазір ешкім ұғынғысы келмейді.
-Мен музыкамен кейде жан-дүниемнің ішкі қыртысын бақылағым келеді. Бірақ, мұң көпіршіктерімен көмкерілген шарайнамның соншама әлжуа екенін көзім шалып қала ма деп қорқамын.
-Сезімтал болған — адамды ауруға душар етеді. Кейде дүниеге соқырдың көзімен де қарау керек. Ешнәрсе жүрегіне батпаған пенде ғана бақытты күн кеше алады.
-менің Степан деген бойдақ көршім бар. Оның үйіне әр күн сайын жеңілтек әйелдер қатынайды. Степан бір күндік ләззаты үшін оларды «қолғап ауыстырғандай» жаңартады. Бір күні өзін қорлап, пайдаланып кеткеніне ашуланған бейтаныс әйелдің: «Әке-шешеңді қарттар үніне өткізгенсің. Мені алдағанша, көшеде қоқыc аралап жүрген жалғыз қарындасыңа қарайласпайсың ба? Ардан безген!»- деп дауыс көтергенін естідім… Мен кейде Степанға қатты қызығамын. Ол мұңның,сезімнің, сағынудың, жақындарын жоғалтудың не екенін мүлдем түсіне алмайды… Мейірімнен қалжыраған бейтаныс қызды құшақтағым келді. Оның сығараңдаған үміт сәулесін өшіргім келмей:
-Кішкенеден әжемнің баласы болатынмын. Әжемді жақсы көргенім сондай 15 жасыма дейін қасына жатып жүрдім. Кейде мені еркелетіп жүрген анам мен әкемді туған аға-әпкем екен деп ойлайтынмын. Әжемнің жанында оларды есімдерімен атайтынмын. Кейін үлкен шешемнің мейірімінен қызғанған анам мені қаладағы Ермек ағамның қолында тұрып, оқуға жіберді. Әжемді қимаған менің қаладан ауылға жылап қайтқаным есімде. Маған бауыр басып қалған үлкен шешемнің мен кеткен соң ауырып қалғанын көргенде ата-анамды қатты жек көріп кеттім. Кейде біз жақындарымыз үшін қайғыға батамыз. Көзімізді тас жұмғанымызбен көкірегіміз соқыр болмауы керек. Степанның көзіндегі емес, көкірегі мейірім шырағы сөнген,- дедім. Үнсіз қалған бейтаныс қыз негіссіз пианиноның тақтайшасын тарс жапты да:
-далаға шыққым келеді. Пианиноның қасында кеудемді үнемі қайғы басады- деді.
Мен оның артынан ердім. Қолынан ұстап даладағы жауында қыдырғым келді. Маған бұрылмастан бейтаныс қыз ғимараттың есігінен шықты да ғайып болды. Мен оны айналамнан іздей бастадым. Бірақ ешкім көзіме шалынбады…
Жеті ай  өтсе де сол бейтаныс қызбен әлі кездескім келеді. Бәлкім ол менің бір кездері ғашық болған сағынышым шығар. Мен оған сол күні-ақ «СЕЗІМ» деп ат қойғанмын.
Дастан Қастай


ПІКІР ҚАЛДЫРУ