Бесік жыры

0
2472

Тұрмыс-салт әуендерімен айтылатын бесік жыры бөбекті жұбату үшін және оған тілек айту үшін ғана шығарылған емес. Ең әуелі ырғағы бесіктің тербелісіне сәйкес келетін сабырлы екпінде айтылатын қоңыржай әуен бөбектің сезім мүшелері арқылы оған сүйкімді, сүйсінерлік әсер етіп, жан-жүйесін жадыратады. Оның ұнамды, ұнасымды әсермен баланы жұбатады. Екіншіден, баланың келешегіне үміт артып, тілек айта отырып, оны жұбатушы ана болашақтың шам-шырағы мен нұрсәулесінен қуат алғандай әсерленеді. Үшіншіден, ата-ана жатқа айтқан тілектерді тілі шыққан балдырғандар да жаттап, әрі тілі дамиды, әрі сол сөздерден тәлім алады.

Бесік жырларын мазмұнына қарай: шілдехана жыры, бесікке бөлеу жыры, жұбату және тілек айту деп топтауға болады.

Шілдехана жыры құтты болсын айту, бата беру рәсімінде айтылады:

Баланың бауы берік болсын,

Өскен сайын өрленсін,

Еш жамандық көрмесін.

Өзі жарық күн болсын,

Жасы ұзақ, мың болсын!

 

Бесікке бөлеу жыры нәрестені бесікке салғанда, қуаныш-тілек ретінде, көбінесе көңілді, әуезді әуенімен айтылады:

Мойнымдағы маржаным,

Қорадағы мал-жаным:

Бесігіңе жата ғой,

Тәтті ұйқыға бата ғой

…….. болсын есімің,

Құтты болсын бесігің.

 

Жұбату жырлары әсерлі, әуезді әуенмен айтылады:

-….. біздің қайда екен?

— Қыздарменен тойда екен.

— Тойда неғып жүр екен?

— Алма теріп жүр екен.

— Алмасынан кәнеки?

-Жаңа теріп жүр екен.

— Жаңасынан кәнеки?

— Қабы толмай жүр екен,

 

Балғын бөбек бесік жырының жанға жайлы әуезді әуеніне жұбанып, рақатқа бөленеді. Мұның психологиялық, медициналық мәні де зор. Әуен (музыка) бөбек жанына дем береді.

Бесік жыры көбінесе тілек айту мәніне құрылады да, жыр айтушы бөбектің келешегіне сенім артып, қуанышқа бөленеді. Үміт тілек:

  • Айыр қалпақ киісіп,

Ақырып жауға тиісіп,

Батыр болар ма екенсің?

Бармақтарың майысып,

Түрлі ою ойысып

Ұста болар ма екенсің?!

Таңдайларын тақылдап,

Сөзіңді жұрт мақұлдап,

Шешен боларма екенсің?!

 

Бата тілек (сенім арту):

Ала биең құлындап,

Алатауға сыймасын!

Қара биең құлындап,

Қара тауға сыймасын…

Ақылыңмен батыл бол,

Ағайынға тату бол.

Бағаналы таудай бол,

Жағалалы көлдей бол!

 

Халық педагогикасының бұл саласы ғасырлар бойы бала тәрбиесіне өз өрнектерімен әсер етіп, қазіргі көркем әдебиет нұсқаларымен дамып келеді.

Қазіргі бесік жырлары бұрынғы жырларға жаңа ырғақ, жаңаша тілектер қосты. Бөбектің өскенде жұмысшы, шебер, ұста болуын тілеу:

Отқа темір қайнатқан,

Пұт балғаны ойнатқан,

Нанша илейтін темірді,

Ұста болар ма екенсің.

(Сәкен Сейфуллин).

 

Бөбектің өскенде ғалым болуын армандау:

Бол-бол бөбек, бол бөбек,

Бөгелмей білім біл, бөбек…

Елге есті ер керек,

Ержет, есей ертерек!

(Ілияс Жансүгіров).

 

Бөбектің қорғаушысы бар екенін қуаныш тұту:

Ұйықта, бөбек – жас қазақ,

Бесігің балғын толған нұр,

Көзіңді жұм, деміңді ал,

Күзетте Қызыл әскер тұр.

(Жымбыл Жабаев).

 

Бөбектің еңюекшіл болып өсуін тілеу:

Ұйқышының үлесі аз,

Осы бастан біліп қой.

Өмір сүйген тыншымас,

Еңбек – нағыз қызық той,

Әлди, әлди, бөбегім,

Әлдилесін, өлеңім.

(Мұзафар Әлімбаев).

 

Бөбектің ұлы Отанда өмір сүргенін мақтан тұту:

Әлди, әлди, балапан,

Тербетеді жан атаң.

Аялайды алақан,

Аялайды Ана – Отан.

(Әбдірахман Асылбеков).

 

Бөбектің асыл азамат болып өсуі үшін тыныштық болуын тілейді:

Қандай ғана анадан туады адам,

Сәбилердің ұйқысын қуалаған?!

О, тыныштық! Тыныштық қандай рақат,

Қандай рақат сәбилер жыламаған.

(Мұқағал Мақатаев).

 

Отбасында, балалар бақшасы мен мектеп сахнасында айту үшін балаларға бесік жырын жаттаудың мәні зор. Бесік жырын жаттап айту арқылы баланың ойы, тілі, эстетикалық білімі дамиды, адамгершілік сезімі артып, бөбекке деген сүйіспеншілік қалыптасады.

Бесік жырының отбасындағы тәрбиелік мәні көп. Ол болашақ әулеттің қамқорлық, борыштық, дәстүрлік, рәсімдік қасиеттерін де қалыптастыруға өз септігін тигізеді.

 

Әдідбай Табылдиев

«Халық тағылымы» Алматы, 1992 ж.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ