Білімнен, ғылымнан алыстау – надандық

0
770
Иллюстрация: Freepik.com

Адам баласы жарық дүниеге келгеннен кейін осы қоғамнан өз орнын тауып, өз алдына дара «Тұлға» болып қалыптасуы керек.  Артынан өшпес мұра қалдыруы үшін білім алып, ғылымның шыңын бағындыруға ұмтылуы тиіс. «Күнделікті күйбелең тіршілік қамымен өстім, ортаңғы білім алдым, осы таным көкжиегім өзіме жетеді» деген пікір бұрыс. Ақпарат көзі әрдайым жаңарып, бүгінгі күн ертең тарихқа айналады. Бір орында тоқырап қалмас үшін күніге ізденіс керек.

«Білім беру туралы» Қазақстан Республикасының заңнамасында 3-бапта айтылғандай «Барлығының сапалы білім алуға құқықтары тең».   Заң алдында адам баласы тең десек, қазақ халқының қоғамында «қыз баласын оқытпау керек», «нәзік жандылардың орны үйде», «тек ер адам табыс табу керек» деген стереотиптер әлі де өз көлеңкесін түсіріп жүр. Бұған инстаграм әлеуметтік желісінде «Пендеміз ғой» телехабарының «Әкесі қыздарды оқытпаймыз, қойшыға береміз!» деген видеосы дәлел.

Қазіргі нәзік жандылар білім алып та, ұрпақ тәрбиелеп, өсіріп, кәсіп жүргізіп те жан-жақты үлгеріп жүр. Бірақ біздегі стереотип дейміз бе, әлде жыныстық дискриминация дейміз бе, қоғам әлі де қыз баланың дамуына қарсы шығып отырғандай. Мәліметтерге сүйенсек Қазақстанда әйелдерге 213 мамандық тыйым салынған. 31,4%-ға әйел жалақысы ер алатын жалақыдан төмен. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ «бір құмалақ — бір қарын майды шірітеді» барлығына аян.

Мысал ретінде жақында ғана Америка тарихында алғаш рет қара нәсілді вице-президент, алғашқы азиялық текті екінші тұлға қызметіне Камала Харрис есімді нәзік жанды қол жеткізді. Қазақ қызының да бағындырар асуы көп.

«Егер ұл баланы тәрбиелесең – бір отбасының отағасын тәрбиелейсің, егер қызды тәрбиелесең – бүкіл бір ұлтты тәрбиелейсің», – деген  мақалдың жаны бар. «Қыз баласы оқымауы керек» деген пікірді ұстанатын болсақ, көзі ашық, көкірегі ояу жас ұрпақты кім тәрбиелейді? Мәселен:

  • балабақша қызметкерлерінің 95 пайызына жуық;
  • жалпы білім беретін педагогтардың 80 пайызына жуық;
  • Колледждердегі оқытушылардың 72;
  • медицина саласының 70 пайызына жуық, т.б салалардың басым көпшілігі нәзік жандылар.

Алысқа бармай-ақ, тарихтағы Ұлы ақын Абай атамыздың өзі — кең пейілімен, көрегенді, парасаттылығымен ел анасы атанған «кәрі әжесі» Зеренің және сөзге ұста, тапқыр, сабырлы анасы Ұлжанның мол қазынаға пара-пар ертегілерін, аңыздарын естіп, тәрбиесінде өскен. Бала Абайдың сауатын да, әдебиет әлеміне қызығушылығын арттырған да осы жандар.  Ұлт  зиялылары, Алаш зиялыларының да арманы, түпкі мақсаты – білімді, көзі ашық салиқалы ұрпақ еді.

Білім барлық игіліктің бастамасы. Білімді нәзік жандыдан салихалы ұрпақ шығады. Тәрбие мен тәртіп бар жерде – шынайы білім де бар. Қоғамның келбетін 1 пайызға болсын өзгертемін десеңіз, «балам оқымасын» деген пікірден аулақ болыңыз. Баланы бөліп-жарудан аулақ болыңыз. Білімді ұрпақ – жарқын болашақтың бастамасы.

 

Мөлдір АУБЕЛ,

«Тұран» университеті

Журналистика мамандығының студенті.

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ