Бөлтірік шешен сөздерінің ұлағаты

0
9250

Қазақ тіл білімі мен әдебиеттануы зерттеулерінің (А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, Ә.Мәметова, Б.Адамбаев, Р.Сыздықова, С.Негимов, Г.Қосымова) ортақ нысандарына алынып келе жатқан би-шешендер сөздері де ұлттық әдеби тіліміздің айрықша поэтикалық құбылысы тұрғысында бағаланады. Қазақ тіл білімі зерттеулерінде әдеби тіліміздің қалыптасу жолында халықтың көркем ойлаудың көрнекті үлгісі болған би-шешендер сөздерінің бағалануы жаңа тұжырымдармен де толыға түсетіні – табиғи заңдылық. Бұл орайда профессор Г.Қосымованың жаңа пікірін назарға аламыз:

«…тыңдаушысын толғандыру, одан соң ойландыру, бұдан кейін еліктіріп әкету, ақырында дәлелді уәжге бас қойғызу – шешендік сөздің ерекше қасиеті болды. Уәж сөзге келерде, үкім-кесім қабылдағанда халықтың мораль кодексі іспетті мақал-мәтелдеріне жүгініп, өсиет, мәтел үлгілес афоризм сөздерді жиі қолданып отырған».
Шешендік – қазақ сөз өнері салаларының халықтық көркемдік ойлау денгейін танытатын байырғы үлгілерінің бірі. Қазақ халқының қалыптасуы мен дамуы кезеңдерінде тұрмыстық-әлеуметтік қарым-қатынастардың аса маңызды мәселелерін, жеке адамдар мен халықтың тағдырын шешетін сын сәттерінде би-шешендердің шешімдері негізгі ықпалды құқықтық, тәлім-тәрбиелік қызмет атқарған. Би-шешендердің қызметі қазақ халқының барлық
әлеуметтік топтарының адамгершілік-имандылық мінез-құлық дағдыларының ата-бабалық қалыптасқан жүйемен жүріп отыруын қадағалаған, елді басқарып отырған хандарды да, қол бастаған батырларды да, мыңғырған малы бар байларды да, дәулеті жоқ кедей шаруаларды да, ел ісіне араласа бастаған бозбалаларды да – барлық жастағы адамдарды халықтық адамгершілік ұлағатымен тәрбиелеген. Қазіргі заманғы ғылыми-зерттеулер нәтижелеріне негізделген анықтамалар бойынша би-шешендердің әлеуметтік қызмет салалары сан алуан дәстүрлерді қамтыған.
А. Байтұрсынов, М. Ж. Көпеев, С. Сейфуллин, М. Әуезов, Ә. Мәметова, Б. Адамбаев, Н. Төреқұлов, С. Негимов, Ж. Дәдебаев, С. Дәуітов, т.б. ғалымдардың еңбектерінде би-шешендер сөздерінің тарихи-поэтикалық ерекшеліктері үнемі қарастырылып келеді.
Қазақтың халық болып қалыптасуының, ұлттық тұтастықпен ұйымдасуының рухани кұралы – би-шешендердің қызметі. Ғасырлар бойы ұрпақтарды адамгершілік мінез-құлыққа тән асыл қасиеттерге тәрбиелеуде дарынды адамдардың айтқан сөздері мен өнегелі қызметтері жетекші орын алады.
Ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» (1926) атты кітабында шындықты нақты әңгімелейтін туындыларды «Қара сөз» деп атайды. Қара сөз әңгімелерінің «ес» және «іс» ұғымдарымен болатын екі жақты сипатын атап көрсетеді. Қара сөздің үш салаға («Әуезе», «Әліптеме», «Байымдама», «Зейіндеме») бөлінетінін, шешендер сөздерінің «Байымдамаға» («Зейіндемеге») жататынын атаған еді. Шешендердің сөздерін «Шешен сөз» деп атап, онда айтушы мақсатының түсіндірілетінін, пікіріне нандыратынын, сендіретінін, ұйытатынын, бұйытатынын, иман келтіретінін бағалайды. Шешен сөздердің бес түрі жүйеленген: а) мемлекет ісіне … сөйлегенде саясат шен сөзі; б) сот билігіне әсер ету үшін айтқан билік шешен сөзі; в) біреудің … еңбегін, қызметін қошеметтеп сөйлеген … қошемет шешен сөз; г) білімділердің, ғалымдардың пән мазмұнды сөйлегені – білімір шешен сөзі; ж) дін жайынан сөйлеген ғұламалар, … молдалар сөзі – уағыз.
Қазақ би-шешендерінің елді басқарушылығы, қазылық-төрешілік батагөйлігі, халықтарды біріктіруші-бітімгершілігі, т.б. сан салалы әлеуметтік қызметі арқылы сөз өнерінің мемлекеттік қолданысы қалыптасқан. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеде қолданылуының Қазақ хандығы дәуіріндегі нығаюы да осы би-шешендер қызметінің мемлекеттік-құқықтық мәртебеде қолданылуымен, әсіресе, Әз-Тәуке ханның тұсындағы би-шешендерге мемлекеттік билік берген тұста айрықша нығайды.
Би-шешендердің сөздері – халықтық тәлім-тәрбие құралы. Қазақ халқының отбасылық ортасынан бастап, ауыл-аймақпен, байтақ атамекендегі ағайын-туыстармен, көпшілікпен қарым-қатынас жасау мәдениетінің адамгершілік асыл қасиеттер аясында қалыптасуында би-шешендер сөздерінің ықпалы зор болды. Ата-ананы, аға-ініні, бірге туысқан үлкенді-кішілі қыздарды, жеңгені, келінді, нағашыны, жиенді, қайын жұртты, көршіні, ауылы аралас ағайынды, қандас халықтарды, бүкіл адамзатты – бәрін де құрметтеу мәселелері би-шешендер сөздерінде қамтылған.
Бөлтірік Әлменұлы (1771–1854) қазақ тарихындағы әрі би-шешен, әрі жауынгер-батыр, палуан ретінде танымал болған көрнекті қайреткер. Оның шешендік сөздерін жинаған, құрастырып жариялаған (Әлменұлы Б. Шешендік сөздер. Алматы: Ғылым, 1993. – 144 б.), арнайы монографиялық зерттеу кітабын (Дәдебаев Ж. Бөлтірік Әлменұлы және қазақ шешендік өнері. Алматы, 1994) жазған профессор Жанғара Дәдебаев бидің сөздерін үш топқа («Ділмәр сөз», «Билік сөз», «Нақыл сөз») бөліп қарастырған. Осы үш топтағы халық әңгімелерінде Бөлтіріктің жастайынан өмірден өткенге дейінгі аралықта адамдардың тағдырларына қатысты саналуан мәселелердің барлығына да даналықпен, әділдікпен шешімді бағалаулар жасағанын көреміз.
Ғалым Ж. Дәдебаев Бөлтірік шешеннің шығармашылығы мен қоғамдық-әлеуметтік қызметінің тарихи-мәдени өнегесіне баға берген:
«Жастайынан ақындық, батырлық жолын қуып, есейген шағында ел арасындағы жер, су, еңбек, құн және жесір дауларына талай рет әділ төрелік айтқан. Бөлтірік – билер дәуірі әдебиетінің ірі өкілі. Бөлтіріктің шешендік сөздері оның заманы мен сол заман адамының ең бір маңызды да мәнді, ең көкейтесті мәселелеріне арналған. … Бөлтіріктің сөздері қырғыз, өзбек халықтары арасында да кездеседі».
Шешендік сөздердің афоризмдік сипаты бейнелі көркем тіркестерімен өрнектелетіні – қалыптасқан үрдіс. Бұл ерекшелікті халықтың тыңдаушылық-қабылдаушылық психологиясын баурайтын көркемдік эстетикалық ықпал аясында түсіну керек.
Бөлтірік Әлменұлы (1771–1854) қазақ тарихындағы осындай халықтық-мемлекеттік тұғырдағы қайраткер тұлға. Оның сөздері халықтық тәлім-тәрбиені құрайтын барлық мәселелерді (достық, жолдастық, жомарттық, қайырымдылық, кішпейілділік, т.б.) кешенді түрде қамтығандығымен ерекшеленеді.
Би-шешендер – қазақ сөзінің қолданылуындағы көркемдік-эстетикалық ұлағатты қалыптастырған шығармашылық тұлғалар. Қазақ халқының адамзат тарихындағы құндылықтар қазынасына өзіндік мол үлесі бар екендігі ғылыми дәлелденіп келе жатқан ақиқат. Сондықтан Бөлтірік Әлменұлы сөздерінің тәрбиелік ықпалы зор болмысынан біз әлемдік ағартушылық ой-пікірлер антологиялары құрамына лайықты педагогикалық-психологиялық сипатын көреміз.
Профессор С. Негимов «Шешендік өнер» атты кітабында би-шешендердің «Есту, еске сақтау, көру, түйсік қабілетінің күштілігінің арқасында небір ойлар, сөздер тіріліп, оянып, дауыстап, құйылып кететініне» баға бере келіп, осы өнер иелері сөздерінің тәлім-тәрбиелік ұлағатын ерекше атап көрсетеді:
«Қазақ қоғамында шешендік өнердің алатын орны зор. Ұрпақ тәрбиесінде, ел басқару жүйесінде, елді сәулелендіру жолында, әрине, халықтың сан ғасырлық тәжірибесінде қорытылып екшелген, жинақталып жүйеленген ақыл-нақыл, өсиет-насихатқа негізделген отты да нақышты, шебер де шешен айтылатын ауызша сөздің тағылымдық-танымдық әрі тәрбиелік мәні айрықша».
Бөлтірік Әлменұлының шешендік сөздері жастардың да, ересектердің де жақсылық пен жамандық қасиеттерін салыстыра бағалауға бағдарлайды. Адамдардың фәнидегі қарым-қатынастарының күрделі қайшылықтары, қақтығыстары өмірлік шындық құбылыстарымен, қасиеттерімен нақты дәлелдене, дәйектеле түсіндіріледі. Аз сөзге астарлы, мегзеулі ой-мағыналарын сыйғыза білу – шешендердің шығармашылық өнерінің басты ерекшелігі. Адамдардың рухани жан әлемі сұлулығының қоршаған ортасына, кейінгі ұрпаққа тағылым болатын ұлағаты шешендер сөздерімен тұжырымдалған. Яғни, би-шешендер ғасырлар бойы ұрпақтарды сөйлеу мәдениетін игеруге қалыптастырды. Бұл орайда, Бөлтірік «Нақыл сөз туралы» топтамасындағы мынадай оқиғалы сөздер тақырыптарын айтамыз:
«Сөздің көркі мақал-ды», «Сөз қадірін білмесе», «Басқа пәле тілден»,
«Бәле қайда деме – аяқ астында», «Әкең қапа болады», «Сөз мәнісі», т.б.
Бөлтіріктің осы топтағы оқиғалы сөздерінде халықтың барлық орталарындағы (отбасы, ауыл-аймақ, жалпы халық) сөз өнерінің құдіретті қызметінің адамгершілік-эстетикалық, әлеуметтік ықпалды маңызы саралана бағаланған. Мысалы, «Сөз қадірін білмесе» атты әңгімеде Бөлтіріктің салыстыру-шендестіру тәсілімен берілген бағалауларын көреміз:

Бай болмаған бай болса,
Жайламаған саз қоймас.
Би болмаған би болса,
Басын шалмаған сөз қоймас.
Сөз қадірін білмесе,
Байдан байлық көшеді.
Сөз қадірін білмесе,
Биден билік көшеді.

«Әкең қапа болады» атты әңгімеде «Аузы қисық болса да байдың баласы сөйлесін» деп шынында да ауызы қисық, бірақ жұрттың арасында ретсіз әрнәрсені айта берген байдың баласын бағалағаны үшін жиынның шырқы бұзылғанына қапа болған Бөлтіріктің айтқан сөйлеу мәдениетін ұғындыру ұлағатының барлық күнде де мәнін жоймайтыны анық:
«– Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзден ащы нәрсе тағы жоқ. Сөзден жеңіл нәрсе жоқ. Сөзден ауыр нәрсе де жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылды сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылға айт. Не сөйлейтініңді біл. Кімге сөйлейтініңді біл. Қай жерде сөйлейтініңді біл. Қай кезде сөйлейтініңді біл. Қалай сөйлейтініңді біл. Оны білмесең, сара сөзің шала болады, арты жала болады, әкең қапа болады».
Сөйлеу мәдениетіне баулу, тәрбиелеу – халықтың ата-бабалық игі дәстүрі. Бірде өзіне орынсыз тисе берген байдың баласының «…айтқан сөзін, уәжін каңбақ құрлы көрмей, оны сөзден де, уәжден де жыға» бергесін байдың баласы төбелес шығарып, сілтеген қолы үй иесінің күрек тісін сындырып, бірақ нәтижесінде Бөлтіріктің баласы айып тартады. Өзі жазықсыз болса да өзіне жасалған әкесінің билігін мойындағысы келмей тұрған баласының сұрағына («– Әке, дұрыс сөйлегенде қалай сөйлеу керек еді? Менің сөзімнің бұрыс жері бар ма?») Бөлтіріктің айтқаны да тәрбиелік маңыздылығымен бағалы:

Жатқа сөйлеме,
Жаманға сөйлеме,
Асырып сөйлеме,
Батырып сөйлеме.
Жасқа сөйлеме
Масқа сөйлеме,
Ұрыға сөйлеме,
Қараға сөйлеме,
Жаман сөзден жақсы сөз дұрыс.
Жаманға айтқан сөзден
Жақсыға айтқан сөз дұрыс.
Ойсыз сөзден ойлы сөз дұрыс.
Ойсызға айтқан сөзден,
Ойлыға айтқан сөз дұрыс.
Айтылмай қалған сөзден
Айтылып қалған сөз дұрыс.
Сөйлемес жерді білсең
Сөйлемес жерде сөйлемей қалуды білсең.
Бәрінен де сол дұрыс.
Олай болмаған жерде
Қанша асыл деме
Сөзіңнің алды бұрыс,
Арты – ұрыс.

Бөлтірік сөздерінің біразы адамдарды жолдастыққа, достық қарым-қатынастарға тәрбиелеу болып келеді. Әкенің баласын тәрбиелеуі – ата-бабалардың жолы. «Саңылауы жоқпен сабақтас болма» атты әңгімеде шешеннің ұлының сотқар, бұзық балалармен бірге жүргені, әкесінің ескертулеріне құлақ аспағаны, ақыры солардың тазы ұрлаған оқиғасына байланысты жазаланып, айып тартқандардың бірі болғанына байланысты айтқан Бөлтіріктің насихат сөзі де тағылымды:

Саңылауы жоқпен
Сабақтас болма.
Байлауы жоқпен
Санаттас болма.
Тілегі жаманмен
Қапаға түспе.
Тегі жаманмен
Ортаға түспе.

Адамдардың балалық және есейген, егделенген жастары кезеңдерінің барлығында да достық, жолдастық қарым-қатынастардың ең маңызды орын алатыны белгілі. «Жақсымен жолдас болған» атты әңгімеде адамдардың арасында көп жылдар бойы қалыптасқан шынайы жолдастықты, достық көңілді қарым-қатынастарды сақтай білу ұлағаты назарға алынған. Ал, асыл текті жақсы адамдардың өзара суысып бара жатқан бұрынғы жолдастық қатынастарын сақтау керектігі тек ғана тұспалды, мегзеулі сөз мағыналарымен ғана жеткізетін Бөлтіріктің суырып салып (импровизациямен) айтқан қанатты сөздерімен өрнектелген:

Жақсымен жолдас болған,
Ел ұстанған тілектей болады.
Қыз ұстаған жібектей болады
Жадыраған жаздай болады,
Айдын көлдегі қаздай болады,
Отау ортасындағы оттай болады,
От ортасындағы шоқтай болады,
Тұрағы алтын шырақтай болады.
Тұяғы асыл пырақтай болады,
Мұнша дәулет кімге тұрақтай алады?!

Адамдардың өзара жолдастығы, достығы нағыз сын сағаттарында, қиын-қыстау кездерінде танылады. Адамдардың арасында жолдастық, достық қарым-қатынастарын тек ғана дәулеті шалқыған, қызмет дәрежесі бар кезіндегі пендешілік есепке ғана құрып жүретіндер де кездесетіні мәлім. Ал, шын жолдастық, достық тек ғана қиыншылықтарды бірге көтеріскен мәрт мінезді қасиеттермен ғана көрінуі тиіс емес пе? «Жолбарыс терісін жамылған батыр» аталатын халық әңгімесінде бірге келе жатқан адамдардың жолбарыспен бетпе-бет кездесіп қалғанда аңмен алысып жатқан Бөлтірікті тастап қашып кеткендіктеріне байланысты бағалау жасалған. Жолбарыспен жалғыз өзі алысып, өлтіріп, «Иығына салып алған жолбарыс терісінің бір пұшпағы жерге сүйретіліп» келе жатқан Бөлтірікке қашып кеткен жолдастары қайта оралып келгендегі диалогтардан, шешеннің қорытынды бағалауларынан жолдастықтың шынайлығы мен жалғандығына баға берілген. Бөлтірік шешеннің поэтикалық мағынасы, мегзеулі ойлары терең сөздері арқылы адамгершілік қасиет сапасының шынайылығы дәлелденген:
1. «Тірі болсам да, өлі жолбарыс құрлы болмадым. Өлі болса да бұл
жолбарыс тірі Бөлтіріктен гөрі жолды екен»;
2. «Мен екі сойылдым, жолбарыс бір сойылды…
– Мынау қасымда тұрған қоянжүректер мені жалғыз тастап қашып кетіп, бір сойылдым. Олардан соң батыр жүректі жолбарыс болат тырнағымен, алмас азуымен тағы сойды. Ал, жолбарыс болса, ол бір-ақ сойылды».
3. «– Жолбарыста қырық жігіттің айбаты бар, бір жігіттің қайраты бар.
Жүрегін тоқтата алған жігітке бір жолбарыс не қайрат қылушы еді» – деп
жауап беріпті. Осы оқиғадан кейін ел ішінде Бөлтіріктің «Жолбарыс жүректі
батыр», «Жолбарыс терісін жамылған батыр» деген аты шығыпты».
Жақсы адамдардың достығы арқылы адамзаттың өсіп-өркендеп келе жатқаны белгілі. Сондықтан, Бөлтірік шешеннің жолдастық, достық туралы сөздері азаматтық-отаншылдық тұғырнамамыз берік халық екенімізді дәлелдейді.
Бөлтірік шешен сөздеріндегі тәлім-тәрбиелік мағыналы ойлар жақсылық пен жамандық ұғымдарын танып-білу ұлағатын саралауға арналған. Мысалы, «Жаның жеті жаманнан аман болсын», «Өнерің мен өнегең азбасын», «Жеті жетіні білгенді адам дейді», «Жеті жақсы», «Жеті жетім», «Балаға ақыл», «Бес жаман», «Ақыл», т.б. нақыл сөздері жас ұрпақтың адамгершілік ұлағатымен қалыптасып өсуіне халық даналығы бойынша бағдар береді. Шешен қазақ ұғымындағы киелі жеті санына негізделген қасиеттер, дәстүрлер тағылымын толғайды.
Қазақ ұл-қыздарының жеті жетіні (жеті ата, жеті ру, жеті жарғы, жеті құбыла, жеті жақсы, жеті жаман, жеті жетім), соларды саралағанда жеті жақсыны (ақыл, талап, білім, мал, кісілік, кәсіп, сөз), жеті жаманды (күншілдік, кекшілдік, астамшылық, сараңдық, қараулық, бәлеқорлық, ынсапсыздық), жеті жетімді (жауын жаумаған жер, басшысы жоқ ел, елінен ажыраған ер, аққу-қазы жоқ көл, тыңдаушысыз сөз, киілмей тозған тон, қатарлары жоқ шал) – білудің ұлттық-отаншылдық дүниетаным үшін маңыздылығын байқатады.
Бөлтіріктің «Балаға ақыл» атты насихат-нақыл, бата-тілек бағдарымен айтылған сөздері де дидактикалық-философиялық байыпты сипатымен ерекшеленеді.
Шешендік насихат-нақыл сөздерінде қазақтың ата-бабалардан жеткен адамгершілік қасиеттер ұлағатын жас ұрпақтың жадына, санасына сіңіру ұсынылған. Қолдағы бар дүниені орынсыз шашпауды, ашкөз дүниеқоңыз болмауды, меншікті жердің, судың («Сулы жер – нулы жер, нулы жер – рулы ел») иесі болуды, жігіттік пен қарттықтың үйлесімін білуді, ойдың да, сөздің де, істің де таза, ақ болуын сақтауды уағыздайды. Адамдармен қарым- қатынастар жасаудағы тәлім-тәрбиелік, этикалық ұстанымдардың мәнісін өмірлік шындық қорытындыларымен дәйектей түсіндірген:

Ақылы жоқты аға тұтпа,
Қасиеті жоқты қадір тұтпа,
Ақылы жоқты аға тұтсаң,
Кішілігіңді кемшіліктей көрер,
Қасиеті жоқты қадір тұтсаң,
Кісілігіңді ерсіліктей көрер.

* * *
Тегі жаманды тең тұтпа,
Тілегі жаманды ес тұтпа.
Тегі жаманды ес тұтсаң
Төріңе шығар.
Тілегі жаманды ес тұтсаң,
Төбеңе шығар.

* * *
Үлкен алдында иіліп сөйле,
Кіші алдында сызылып сөйле.
Иіліп сөйлегеннен белің бүгілмейді,
Сызылып сөйлегеннен сөзің үзілмейді.

* * *
Екі ойлы болма,
Екіұшты сөйлеме.
Ұрының қасында жүрме.
Өтірікшінің қасында жүрме.
Өтірікшінің қасында тұрма.
Ежелгі доспен ұстаспа
Жаманмен кеңеспе,
Баламен егеспе.

Бөлтірік шешеннің этнопедагогикалық-этнопсихологиялық мәнді көңіл айту-жұбату өлеңдері де бар. Байзақ батырдың он сегіздегі баласы Бекмолда Қоқан зекетшілерін аймақтан аластау шайқасында қаза тапқанда шығарған көңіл-айту – жұбатуында дәстүрлі сарынмен психологиялық егіздеу бейнелеулерінің метафоралық баламаларымен, символдық мегзеулерімен ел азаматтарының өмір мен өлім алмасқан заңдылығын мойындауға шақырады:

Аққу құсқа оқ тисе,
Қанатын суға тигізбес,
Ақсүйекке оқ тисе,
Көршісіне сездірмес.
Қас батырға оқ тисе,
Қара аспанды төндірмес.
Қас жаманға оқ тисе,
Басын жерден көтермес.
Ноқталы басқа бір өлім,
Ақыр бір күн келмей ме?
Ажалдың соқса дауылы,
Өмірдің шамы сөнбей ме?
Қанша күн сақтап тұрғанмен,
Сұрай келсе иесі
Аманатын бермей ме?
Ағадан шыққан дана сөз
Құлақ құрышын қандырар,
Атадан шыққан бата сөз,
Өлгеніңді тірілтіп
Өшкеніңді жандырар.
Дос көтерер көңілді,
Ер көтерер өлімді
Бекем бу, батыр, беліңді,
Мұңайтпа баққан еліңді
Ит жүгіртіп, құс салып
Жүйрік мін де, сұлу құш,
Алғын осы тілімді.

Бөлтірік Әлменұлы сөздерінің барлығында да тәрбиелік мән бар. Адамгершілік қасиеттерді бағалау тұрғысында саналуан оқиғалар (жер дауы, жесір дауы, ұрлық, барымта, т.б.), ағайынның, дос-жолдастардың қарым-қатынастары, т.б. мәселелерге байланысты туындаған сөздері халықтың жадында жатталған. Әсіресе, оның билермен болған сөз сайыстарындағы билік шешімдері сөз өнерінің құқықтық заңдылықтары сақтау құралы болғандығын дәлелдейді. Суреткер жазушымыз Мұхтар Әуезов «Әдебиет тарихы» атты кітабында «Билер айтысын» әдебиет тарихындағы «Айтыс өлеңдері» саласы аясында қарастырған еді. М. Әуезов «Билер айтысын» «ішкі мағынасына ғана қарап» жіктеп, оларды билік айтыстары атауымен жүйелейді: «бірінші – дау мен билікті қоса айтып, ру жігінің бетімен сөйлейтіндер болады. Мысалы, Бұқар жыраудың Керейге айтқан тақпағы; «Екінші, екі бидің әділ билікке таласып айтқан талас сөздері. Мысалы, Ақтайлақ, Солтабай билігі; «Үшінші, арбасып, ырғасып, жұмбақпен, тұспалмен айтысатын талас билік, мысалы, Қараменде мен Кеңгірбай билігі; «Төртінші, дау мен билік тұсында, не жамандап, не мақтау айтатын сөздер. Мысалы, Сабырбайдың Солтабай төреге айтқан өлеңі».
Бөлтірік шешеннің де әлеуметтік-қоғамдық қайраткер тұғырына көтерілген қызметі осындай «Билік сөз» үлгілері арқылы танылған: «Аға бордан, іні зордан» (жесір дауы), «Халқым үшін тудым» (жер дауы), үш нұсқалы «Алтын Емел дауына дауа» (жер дауы), «Сыпатай батырдың құты» (жомарттық-мәрттік), «Тентек төртеу болғанда» (тентектікке баға), «Аздым деп ұрлыққа барма» (озбырлыққа үкім), «Құдайдың өзі оңғарар» (жомарттық), «Даудың түбін қыз бекітеді» (қырғыз-қазақ достығы), «Арыстан қартайса тышқан аулайды» (ірі мінез-мәрттік), «Еріккен хан өстіп оттай ма екен» (халықтың қуатын таныту), т.б.
Бөлтірік Әлменұлының шешендік сөздері – мыңжылдықтар белестерінен өткен, қазіргі кезде жаңа әлемдегі Қазақ мемлекеті атымен әлемдеп ең озық елдермен иық теңестірген халқымыздың ұрпақтарын тәрбиелейтін рухани құралдарымыздың бірі. Қазақтың тәлім-тәрбиелік негізі бай, терең мағыналы осындай мұралары әлемдік педагогикалық көзқарастар жүйесін де байыта түсетіні ақиқат. Бұл орайда, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұлттық-отаншылдық бағдарлы сөздерінің де Бөлтірік баба сынды даналарымызды ұлықтау арқылы өз бағытымыздан адаспайтынымызды дәлелдей түседі: «Бабаларын қалтқысыз қастерлей алған халық балаларының болашағын да қапысыз қамдай алмақ. … Салтанаты жарасқан қаласы бар, байтағы ұшан – теңіз даласы бар, аруақ қолдаған бабасы бар ел екенімізді мақтан етейік!».
Бөлтірік шешеннің тарихи тұлғасы дастандарда да (К. Әзірбаевтың «Аңыздар сыры» (1969), Б. Бигелиевтің «Балкаш» (1970) кітаптарындағы дастандарда бейнеленген. 2007 жылы Балқаш ауданының, Бақанас ауылы орталығында ескерткішінің қойылуы да қазақ халқы бабалары ұлылығын ұрпақтары ұлықтауының көрнекті көрсеткіші.
Қорыта айтқанда, қазақ тарихындағы көрнекті би-шешен, батыр Бөлтірік Әлменұлының сөз өнері шығармашылығы мен қайраткерлігі тұтасқан қызметінің өнегесі біздің ұлттық және жалпыадамзаттық мұраттарды игерген озық өркениеттік болмысымызды анықтай түседі. Қазақ өркениетінің осындай гуманистік тағылымы ұрпақтарды адамгершілік ұлағатымен мәңгілік болашақта да тәрбиелей береді.


Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,


ПІКІР ҚАЛДЫРУ