Дұрыс таңдалған мамандық – болашақтың жарқын кепілі
Шабытыңды шарықтат, сонда ғалам сен үшін бұрын қамал тұрған жерлерден жол ашады
Джозеф Кэмпбэлл
Болашақта қандай маман иесі болғым келеді, қай мамандықты таңдасам болады? Осы бір сұрақ өмірге келіп, сана-сезімі жетілген әрбір адамды толғандырары сөзсіз. Адам асқақ арманға, биік мақсатқа ұмтылады.Әр мамандық өзінше тартымды, өзінше ерекше, қажетті болып саналады.
Мамандық таңдау — адам өміріндегі ең маңызды қадамдардың бірі. Яғни адам өз бойындағы қабілетіне қарай, икемділігіне қарай, бір сөзбен айтқанда шама-шарқына қарай өзіне және қоғамға қызмет ету дегенмен бірдей. Сондықтан адам баласы өмірде мамандық таңдауда өз өміріне балта шаппастай етіп үлкен жауапкершілік арқалай отырып асқан ыждаһаттылықпен таңдау жасауы тиіс. Себебі, адам тағдырының бір бөлігі өзі таңдаған мамандығымен ұштасып жатады. Бірақ, біздің жастарымыз осы тұрғыдан келгенде аяғын шалыс басып, өз таңдауларын дұрыс жасай алмай, көп опық жеп отыратын кездері де кездеседі.
Кей жастарымыз өз тағдарын өзіне емес ата-анасына жүктеп жауапкершіліктен жалтарғаны былай тұрсын «ата-анамның қалауы бойынша осы мамандықты таңдап едім, сөйтсем … » — дейді, ал кейбірі «грантқа түсу үшін» — деген өз ойларын бүкпесіз жеткізуде. Қазақ менталитетінде «Адам баласы өз баласына еш уақытта жамандық ойламайды», — деген қағиданы берік ұстанамыз да,ата-аналар көп жағдайда өз баламыздың жүрек қалауын тыңдамай, ойы мен қабілеттерін ескермей, нәтижесінде балаларымызға опық жегізіп жатамыз. Сол себепті де мамандықты таңдауда ықпал ететін отбасы мен мектептегі ұстаздары болғандықтан, өздерінің ақыл-кеңесін ортаға салып, оларды дұрыс бағыттаса болғаны, яғни баласының мамандық таңдауына жол беріп, оның пікірін қолдаса, ертеңіміздіңжарқын болары хақ.
Қоғам дамуының қозғаушы күші – адам десек, қоғамдағы жетістіктер бірінші кезекте адамдардың іс-әрекетінен көрініс береді.Абай атамыздың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деуі текке айтылмаса керек. Бұл дегеніміз – адам өз мамандығы арқылы өзіне де қоғамға да пайда әкелуі үшін өз мамандығының хас шебері болуға тиіс. Шеберлікті ұштау жаны сол кәсіпті қалаған жанға ғана тән екенін ескеруіміз қажет.
Мамандық таңдау — белгілі бір даярлықты қажет ететін іс-әрекет түрі, тіршілік көзі, дағды жүйесі және жасөспірімдік кезеңде қабылданатын жауапты шешімдердің біреуі екенін білеміз.Сондықтан мамандық таңдауға келгенде ғылыми тұрғыдан дәлелденген негізгі факторларға сүйенген жөн. Атап айтсақ, икемділік, мағлұматтылық, тартылу деңгейі, мүмкіншілік, ата-аналардың көзқарасы, құрдастарының көзқарастары, нарық қажеттілігі. Нақты айтқанда, баланың таңдаған мамандығы өзі өскен ортаға маңызды, бағалы үлес қосатындай болуы қажет.
Жақсы маман болу үшін ең алдымен өзің таңдаған мамандықты сүйіп қана қоймай, сол мамандықтың қыры мен сырын жете меңгеруің керек. Сонда ғана өзің таңдаған мамандықтың қаншалықты құнды, әрі маңызды екенін біле түсетін боласың. Өйткені сен таңдаған мамандық сенің кәсібің, әрі нәсібің. Сонымен қатар сенің көмегіңе мұқтаж жанның қажеттілігін өтеуге жауапты екеніңді ұмытпауың керек. Ойшыл ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының «Адамдық борышың халқыңа еңбек қыл, Ар-ождан айнымай ар сақта соны біл…», — деген өлең жолдары соған дәлел. Өзінің бейімділігі мен қабілетіне қарай маман болған адамның жұмысы өнімді, әрі берекеліболмақ. Ақын Жүсіпбек Аймауытов өмірде өз мақсаттарымызға жету үшін қабілетімізге қарай мамандықты таңдай білуіміз керек деген тұжырым жасаған екен.
Бүгінгі дамыған қоғамда мамандықтың түрі өте көп. Мәселен, соңғы статистикалық зерттеулер бойынша, әлемде 40 мыңға жуық мамандық түрі бар екен. Әрине, бұл 40 мыңның ішінен өзіңе лайық біреуін таңдау оңайға соқпауы мүмкін. Алайда жүрегің қалаған, қоғамда сұранысқа ие кәсіп иесі болуға мүмкіндік мол. Ол үшін нарықты зерттеп, яки қазіргі қоғамда сұранысқа ие мамандықтар бойынша өз бетіңше сараптама жүргізуге болады.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың еліміздің ертеңі — жастардың қолында деп сенім білдіріп, оларға қолдау көрсетуі, көреген саясаткерге ғана тән қасиет деп ойлаймын. Мәселен, білімді ұрпақтың болашағы жарқын болуы үшін «Болашақ» бағдарламасын енгізуі, олардың отанға келіп адал қызмет етуіне жағдай жасауы, тіпті ауылды көтеру мақсатында «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жүзеге асыруы -жас мамандарды жұмыспен қамтамасыз етуі деп түсінуіміз қажет. Осы тұста қазақтың белді ақындарының бірі Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңі еріксіз есіңе түседі.Сол Мағжан сенген арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты жастарымыздың болашағының нұрлы болуына бар қоғам болып ат салысуға тиіспіз. Себебі, бүгінгі жаһандану дәуірінде бәсекелестікке қабілетті, өз мамандығын жетік меңгерген, бастаған ісін орындауға табандылық көрсете алатын, мемлекеттің тірегі бола алатындай тұлғаларды қалыптастыру қоғам алдындағы басты міндеттеріміздің бірі.
Эссемді ойшыл Хосе Хулиан Мартидің «Ең қиын мамандық — адам болып қалу» деген сөзін айта келіп, ал, адам болып қалу үшін Абай атамыз айтқан 5 асыл істі «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым» мәңгі жадымызға түйіп жүруіміз қажет деп аяқтағым келеді.
Аязбаева Ардақ Базарханқызы