Дулат Бабатайұлының «Еспенбет» дастаны

0
32312

Ер Еспенбет кешегі
Ерекше ер деседі,
Тіл біткеннің шешені
Топта бермес есені.
Үлгі айтса көшелі,
Жауға шапса көсемі,
Бәйбішесі сыбанның
Жарасқұл деген атадан,
Өзі болған жігіттен
Сұрама кім деп ата — анаң.
Ел тілегін тілеген
Ер азбайды батадан.
Нағашысы уақта
Ер Қосайдай ер өткен;
Жетім қалып Еспенбет
Қолында соның ер жеткен.
Он төрт жасқа келгенде,
Еспенбеттей еріңнің
Туған ел ойын тербеткен.
Туған елді көксей ме,
Кегеже туған, кер кеткен?
Еспенбеттің шешесі,
Ер Қосайға немере,
Қиық жоқ қыздан туғанда,
Оны бөтен көрер ме?
Тоқсан жаста Ер Қосай
Тұғырдан әбден түскен ер,
Елім десе елеріп,
Жаннан мүлде күскен ер.
Бел шешпей жортып ел үшін,
Алты малта ас қылып,
Арпа суын ішкен ер.
Еспенбеттей ұрпағын
Өте жақсы көретін,
Маңдайынан иіскеп,
Батасын ұдай беретін.
Жатса — тұрса Еспенбет
Тұлпар мінсе деуші еді.
Қару — сайман асынып,
Шепті бұзсам деуші еді.
Іш құса болып асығып.
Туған елін ойласа,
Қалатын жасып, басылып.
Күндерде бір күн Еспенбет
Желінің келді басына,
Бие ағытып жатқанда,
Биешінің қасында
Ақбөрте құлын ойнап тұр.
Ақ қулыққа асыла.
Еспенбетке ұнады
Ақбөртенің келімі,
Құйрығын шаншып алды да,
Үш айналды желіні.
Селеу жерге бас ұрды
Омырауының желімен,
Құйындатып келді де,
Ытып түсті Ақбөрте
Енесінің белінен.
Үш мәртебе ытады,
Еспенбет ерден ес кетіп,
Есі-дерті болып Ақбөрте,
Басқаны мүлде ұмытады.
Күзді күнгі ұзақ таң
Еспенбет кірпік қақпайды,
Күндіз ойнап күлмейді,
Ішкен асы батпайды,
Әзіл айтқан құрбыға
Түнеріп жауап қатпайды.
Қылышына қайрап,
Сүңгісін безеп саптайды.
Ертеменен отырар
Желінің келіп басына,
Көзін алмай қадалып
Ақбөртенің қасына.
Ақбөрте мініп астына,
Айқара тоқым салсам деп.
Алмас қылыш асынып,
Ақ найза қолға алсам деп
Жеңсіз берен кисем деп,
Сары садақ іліп беліме,
Айғайлап жауға тисем деп,
Бәрін айт та, бірін айт —
Туған елге кетсем деп.
Өнерім болса, еліме
Адал еңбек етсем деп,
Болмаса өнер бойымда,
Қораш құл болып өтсем деп.
Жегідей ерді ой жеңіп
Түн асқан сайын жүдетті;
Қайратын қайрап, қажырын
Жүдеген сайын үдетті.
Ұйқысыз ұзақ түн өтті,
Күлкісіз талай күн өтті,
Ақырында айтқандай
Арманына ер жетті.
Айыл-тұрман тағынып,
Туған елін сағынып,
Ақбөрте тұр желіде
Рақы аяғын қағынып;
Ер Қосайдай қарт білді
Шөбересі жүргенін
Әлденеге қамығып.
Шақырып қарт алды да,
Сөз сөйлейді ағылып:
Шөберем, неге мұңайдың?
Көп шөбере ішінде
Ерекше тілеп тілеуің,
Құдайға күнде жылаймын.
Өңімде емес, түсімде
Көрсеткені құдайдың
Сөз сөйлерде тілеумен
Шаршы топта, алдында
Ыңай менен сығайдың.
Шепті бұзар деуші едім,
Жаудың туын құлатып;
Сұлу сүйер деуші едім,
Елден таңдап, ұнатып.
Тұлпар мінер деуші едім,
Жалын желмен сылатып;
Найза ұстар деуші едім,
Сағағын жезбен қынатып.
Жеңсіз берен түймелеп,
Кіреуке киер деуші едім.
Жас шыбықтай бүгілтіп,
Садақ иер деуші едім.
Айдыннан қуды ілдіріп,
Сұңқар шүйер деуші едім.
Тұйғын құстай алыстан
Тоят тілер деуші едім.
Бунағы алтын беліне
Семсер ілер деуші едім.
Сырыңды айт маған, шөберем,
Сұлу сүйгің келе ме?
Сұңқар шүйгің келе ме?
Айдынды ала ту алып,
Жауға тигің келе ме?
Саусыз асқар асқақтан
Аңыратып асқың келе ме?
Менменсіген дұшпанның
Көңілін басқың келе ме?
Майданда шаңды боратып,
Өрттен шыққан ұшқындай
Оқты шашқың келе ме?
Туған елдң сағынып,
Жүрмін деп мұнда неғылып,
Өкпелеген көтенге
Құлдарша шашқың келе ме?
Сонда Еспенбет сөйледі:
Сен — атам, мен — шөберең,
Алдымда талай асу бар,
Бақыт па, сор ма — не көрем?
Еркін өсіп ержеткен,
Ерекше туған көбекп
Ен дәулеттің ішінде
Еркін жүріп тел емдім.
«Ер — туыс, ит — тамаққа», —
Деген жоқ па бұрынғы?
Туған ел, туған жерім бар,
Сөйлесем, атам, сырымды:
Туған елді көкседім,
Жат елде арман өскенім,
Ылайық па, жан ата,
Іргелі елім тұрғанда,
Жат елде өмір кешкенім?
Көзіме емес, сыртымнан
Сан есітті құлағым
«Сыбан бала» дескенін.
Жігерім болса жетемде,
Еліме барып ұл болам,
Жігерсіз болсам жетесіз,
Қойын жәйіп құл болам.
Жат елде жадап жүргенше,
Жалтаң көз боп тірі боп,
Кім ермейді соңымнан
Көрнекке шықсам ірі боп?
Батаңды бер, жан ата,
Шөберең сырын сарқады.
Егер бата бермесең,
Шөберең шердің құлы боп,
Күн санап дерті артады.
Дегенде қолын жаяды:
«Ийлаһи» деп атасы,
Ықласымен берген соң,
Қабыл болды батасы.
Бірақ, балам, айтайын:
Еліңе де барарсың,
Тірі болсаң еліңнің
Керегіне жарарсың.
Дос та елден, жау да елден,
Алды-артыңа қарарсың.
Күндестік те еліңнен,
Міндестік те еліңнен,
Қамалау да еліңнен,
Табалау да еліңнен,
Абалау да еліңнен,
Өсіру де еліңнен,
Көшіру де еліңнен,
Бақыт та елден қонады,
Дәулет те елден болады,
Еліменен ер жетіп,
Емендей өсіп толады.
«Елсізде өскен» демесін,
Елден таңдап сұлу ал,
Ақ отау тігіп басыңа,
Төрт түлік малдан еншіңді ал,
Топтан таңдап тұлпар мін
Күлтелі құйрық, сұйық жал.
Қарт атаң жасын төкпей ме?
Қарт тілеуі қабыл боп,
Қанына ұрық екпей ме?
Сопайып барсаң, қу басың
Ақтамберді Қабанбай
Өкпелеп мені сөкпей ме?
— Қаламайын, жан ата,
Сұлуды да, малды да,
Маңдайыма жазған бар,
Бақытым менің алдымда.
Тірі болсам айдармын
Әлі-ақ мың санды да;
Тірі болсам құшармын
Аққудайын таранған,
Өкшесіне қаранған,
Ай маңдай аппаө паңды да.
Тірі жүрсем мінермін,
Арқар таң күпшек санды да.
Барар құсы басы ілгері,
Кім шығып кепті алды ма?
Қалауым сенен, жан ата,
Қаруымды сай алам,
Тобыңнан таңдап және де
Ат алмаймын, тай алам.
Ертеңінде ертемен
Қару-сайман сай болды,
Топтан таңдап алғаны
Ақбөртедей тай болды.
-Танылар тұлпар желіден,
Ер танылар бесіктен,
Таңдап алған тайыңды
Көрсет, — деді атасы, —
Көлденең тартып есіктен.
Таңдап алған Ақбөрте
Ұнап кетті қартыңа,
Үш мәртебе шықты да
Бөртенің алды-артына:
«Жарайсың, — деп, — шөберем», —
Батасын берді сарқыла.
Күншілдер тұр күлісіп,
Жете алмайтын парқына.
-Шын тілеуім, шөберем,
Сапарыңды оңдасын,
Ғайып ирен қырық шілтен
Әулие жар боп қолдасын.
Танып апсың, қарашым,
Өмірлік бөртең жолдасың.
Атасына қош айтып
Еспенбет ердің кеткені,
Туған ел, туған жеріне
Өксіп келіп жеткені.
«Елсізден шыққан кісідей
Тайға мініп келді , — деп,
Ұялмай көрді елді, — деп,
Ұялмай қала берді…», — деп,
Құлағына кірмеді.
Ағайынның сөккені.
Мұны айтқанның бәріне —
Жасы менен кәріге
Ішіне жиды өкпені.
Құрмет алмай кем тұтты
Ағайын, туған жақындар
Он қайырып бір сөзін.
Әсіресе қатындар
Туыс қадірін білмейтін:
«Жақында да жақын бар,
Туыс та тілер бағыңды,
Жақыннан артық жатың бар».
Үш жыл болды келгені,
Ақбөрте бесті шығады,
Өрен ер мен тұлпарды
Кім жасырып тығады?
Сәтімқұл биге ас берді
Көксаланың бойында,
Ақбөртені сол асқа
Қосам деген ойында.
Сауны айтып жиылған
Төрт арыстың баласы,
Бақанас пен Көксала
Халыққа толды арасы.
Ас шығынын көтерді
Құрманбет пен Жанғұла,
Асты билеп меңгерген
Екі елдің жүйрік даңғылы
Қозы орнына тай сойып,
Асықтай атты жамбыны.
Қара қазық басына
Қарақшы туын байлады,
Кереші шығып әр таптан
Шығарып атты айдады.
Бас бәйгесі жүз тайлақ
Солқылдаған өркеші,
Маңдай алды келеді
Еспенбеттің Бөртесі.
Шақырып алып Еспенбет
Ақтамберді қолбасын,
Бес сыбанның ұлына
Ортаға салды олжасын.
Жүз тайлақтан есептеп
Біреуін де алмады.
«Ердің сыйы» деседі
Ортаға олжа салғаны,
Бір шағым от барлығын
Елі сонда аңдады,
Еспенбеттен Бөртенің
Бұрын шықты атағы.
Ақбөртеге қызығып,
Біреу қойын қосақтап,
Біреу қысырық матады.
Жан серігі Бөртені
Дүниеге неге сатады?
Тірі болса Еспенбет
Алыстан тілеп тоятты,
Түзден дәмді татады.
Ерге күрең ел қайда,
Наймандай жайған қанатын,
Тарбағатай, Алатау,
Екі тауды бөктеріп,
Қанатын жәйіп алатын.
Ауызбен айтып жеткізбес
Сәні менен санатын.
Тұнық көлдей толқыған
Тоқсан мың жүзіп, қанатын.
Ол шеті мен бұл шетіне
Тұяғы тозып, ат жүрсе.
Құс қанаты талатын.
Найманның ту басшысы
Байжігіт, ер Қабанбай
Беті қайтпай қыбындап
Талай бұзған қамалды.
Қабанбайдың тұсында:
Жүгендеусіз жылқысы,
Қосақтап қойы сналмай,
Қарт батыры сыбанның
Ақтамберді Саббастай,
Айласы мен әдісін
Адам ойлап таппастай.
Алты малта ас қылып
Белін шешіп жатпастай.
Айбарын оның сұрасаң,
Сырт дұшпаны батиастай,
Беріктігін сұрасаң,
Елін жауға сатпастай.
Қабанбай елге жар салды.
Аттанбаққа қалмаққа;
Өксікті кеткен қалмақтан
Елдің кегін алмаққа.
Қара керей, матайдан
Өңшең саңлақ жиылды,
Қашырдай қатып тұлпарлар
Ерлер тастай түйінді.
Ер жүректі Еспенбет
Ақбөртені баптады.
Сары ырғай садаққа
Терісінен бұғының
Адырнаны таққаны,
Алмас қылыш асынып,
Еменге найза саптады.
Басталар қашан соғыс деп,
Асығып тыным таппады,
Белін шешіп жатпады,
Түнде кірпік қақпады,
Ерлік қысқан кеудеге
Ішкен асы батпады.
Қамын жеген қазақтың
Батырдың сарқыт ақыры,
Туын тікті сыбанның
Ақтамберді батыры
Ауылдан шығып ат қойып,
Ардақтап ұран шақырды.
Жөңкелілген қалың қол
Жүйткіген желге ұқсады,
Көрінісі қай кезде
Толқыған гүлге ұқсады,
Мұнар түнеп бұлт кқшкен
Асқар белге ұқсайды.
Кенетінен ду етсе,
Тас қопарып, тау бұзған
Аққан селге ұқсайды.
Ақтамберді, Қабанбай
Алдындағы көсемі,
Келелі сөзге Сасан бар
Жібермейтін есені.
Еспенбеттей ер жүрек
Қолмен бірге келеді,
Топ «шу» десе Ақбөрте
Артынан шаңды боратып,
Алдынан құйын оратып,
Бөкендей орғып желеді.
Еспенбет ер сұңқардай
Алыстан тоят тіледі.
Орынсыз сөз сөйлемес,
Батагөй қарттай саналы.
Міндетінен бас тартпас,
Айтқызбай-ақ біледі,
Сыр бермейді сырттансып
Кегежесі тартып тұр,
Бейне арыстан түлегі.
Толқынды топ кездесті
Шебін құрған қалмаққа,
Тебінгілес тең жауды
Тегіндікпен алмаққа.
Айла-әдісі тең жауы
Бір салыспай қалмақ па?
Бозбала бойын түзесе,
Буыршын шөгер шаңдаққа.
Қарт бура қарсы шабынса,
Қас батыр қару тағынса,
Әкпіште тұлпар иілсе,
Қыран көктен түйілсе,
Анталаған аштардай
Ажал да жетер аңдап та.
Серт қылыштың жүзінде,
Бұрылмас мойын жан-жаққа.
Серт найзаның ішінде
Айласынан адассаң,
Қан майданда қала бер,
Қаныңды жұтып, шаң қап та.
Қарсыласып екі топ,
Іріктеді батырды,
Қалмақ соғып барабан,
Қазақ ұран шақырды.
Айбаты өсіп ерлердің
Арыстандай ақырды,
Иығы түсіп ездердің
Қоярға жанын жер таппай.
Қалмақ шықты майданға
Шамасы елу жастағы,
Астына мінген әлемдеп,
Мақпалдай қара қасқаны.
Ерлігі елең қылмайды
Бір өзінен басқаны.
Қайырымсыздығы талайдың
Жонынан алған таспаны.
Кір басқан құлаш айдары.
Аждаһадан кем емес,
Аузын ашқан айбары,
Алты жүз кірген соғысқа
Алпыс алты айлалы.
Алты қару асынған,
Айласының айғағы.
Жекпе-жекте өлтірді
Жүремете сегізді,
«Кім шығар бұған» дегізді.
Тоғызыншы ер шықпақ,
Ақтамберді Саббастай.
Ол болмаса әдісін
Басқа қазақ таппастай.
Жетіп келіп Еспенбет:
«Ақтанберді ер, — деді,-
Мен барамын сен үшін
Кезегіңді бер»,- деді.
Ақтамберді қарт батыр
Қол жәйіп бата бергені,
Топтан шығып жөнелді
Найзаға таққан шоқтай боп.
Ақбөрте келіп құнтиып,
Садақтан тартқан оқтай боп
Қанға сусап қалмақ тұр,
Обатұғын оптай боп.
Еспенбет келе сөйледі:
«Сен қалмақтың қабаны,
Ерлікке сай қайраты,
Қаруға сай амалы,
Қарсыңа қалай жіберді
Қазақ саған баланы?
Қазақ сені қорлады,
Қазақтан төмен санады,
Жігерің болса қайраттан,
Баланы саған балады.
Ағаштан жұлған алмадай
Басыңды бала алады».
Ашуланып қалмақтың
Түгі шықты сыртына,
Тістегенде тісінің
Қаны толды ұртына.
Көз шыдап қарап тұрмастай
Қарағанда сұрқына.
Қамшы тиді тұлпарға,
Қылыштары жарқ етті,
Қабағыңды қаққанша
Жарқ етті де, сарт етті,
Бірінің жанды еңбегі,
Бірі күшін сарп етті.
Дене қанға боялды,
Қан құмар қылыш қарш етті.
Қас қаққанша майданда
Айқасқан екі ер де жоқ,
Қара жер жатыр қайыспас
Жұтса тоймас қанға оп
Дене жатыр майданда
Қылыщпен басы кесілген.
Өлімге мойнын сұнғандай
Аяқ-қолы көсілген,
Тіршілік пен өлімнің
Ұзақ дауы шешілген.
Елеуреген екі топ
Майданға тіккен көздерін,
Жүз қайтара қайталап,
Бір айтып кеткен сөздерін.
Қандары шапшып қайнады,
Өздері де білмейді
Не билеп тұр өздерін.
Ел үшін туған ерім деп,
Бір топ келіп жыласты.
Еліме қатер жауым деп,
Өлгенін бір топ ұнасты.
Күні туып бір топтың —
Қуанышы шын асты,
Түні туып бір топтың —
Үстін кейіс, мұң басты.
Қара қасқа қосарда,
Қалмақтың басы белінде;
Бақ құсы қонып басына ,
Еспенбет келді еліне.
Ер Қабанбай ту байлап,
Арқар таң атты борбайлап,
Ақтамберді айғайлап.
Қалмаққа кірді желіге.
Қарқ олжаға батысты
Қалмақты жеңіп қалың қол,
Ит ырғын да көл-көсір
Бақыршы тоқ, олжа мол.
Еспенбеттей ер ұлын
Елі сонда таныған.
Бет бұрып тізгін тарқан жоқ,
Жаудың мың қол санынан.
Өле-өлгенше ел болды
Еспенбеттің арманы,
Өзімен бірге жасады
Астындағы тарланы.
Бәрін айт та, бірін айт,
Еспенбеттей ер қайда?
Ер күтетін ел қайда?


ПІКІР ҚАЛДЫРУ