Еңсесі биік шаңырақ

0
2037
ҚазҰУ
 
          Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінің флагманы, бірегей оқу орны, мәдениет пен өнердің ордасы, қара шаңырағымыз әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің білім беру үрдісін жалғастырып келе жатқанына  80 жылдан асты. 1934 жылы 15 қаңтарда қаланғаннан бастап университет, мемлекетіміздің дамуына үлес қосқан білікті кадрлар даярлап, осы күнге дейін еңбегінің жемісін көріп келе жатқан мамандарды қатарға қосты. Күні бүгін университетіміз әлемдегі білім беру деңгейі жоғары, инновациясы дамыған  білім ордаларымен тең түсті. Қарашаңырағымыз елімізге танымал мемлекет және қоғам қайраткерлерін, мәжіліс және сенат депутаттарын, ақын-жазушыларын, көк байрағымызды желбіреткен спортшыларын, әнші-сазгерлерін және өз ісінің мамандарын ұясынан ұшырды. Бүгінгі таңда университетте 14 факультет бакалавр, магистратура және докторантура (PhD) студенттеріне сапалы білім беруде.    
1937 жылы қыркүйекте төрт жылдық оқу жүйесіне негізделген тұңғыш гуманитарлық шет тілдері факультеті ашылған болатын. Бір жылдан кейін 120 студенті және құрамында орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі және француз тілі тәрізді үш кафедра бар филология факультеті (оқу мерзімі 5 жылдық) ашылды. Кейіннен шет тілдері факультеті факультеті де осы құрылымға қосылды. Университетте соғыс қарсаңы және соғыстан соңғы жылдары 23 кафедрасы бар үш жаратылыстану (биология, физика-математика, химия) және екі гуманитарлық (филология мен журналистика факультеті) факультет жұмыс істеді. Қара шаңырақ 1942 жылы 257 физик, химик, математик, биолог, журналист,  филолог, сондай-ақ Батыс Еуропа тілдерінің мамандарын даярлап шығарды.
1954-1955 оқу жылы университетте 3778 студент оқыды, 386 оқытушы – профессор еңбек етті. 1970 жылы университет құрамында 16 мамандық бойынша жас кадрлар дайындайтын 10 факультет, 65 кафедра болды. 1980 жылы 89 кафедра 869 оқытушы, оның ішінде 79 профессор мен 540 доцент, ғылым кандидаттары қызмет атқарады. ҚазҰУ қабырғасында Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Ермахан Бехмаханов, Әлкей Марғұлан, Д.Сокольский тәрізді аса көрнекті ғылым мен мәдениет қайраткерлері дәріс оқыды. 
Қазіргі кезде университет 37 мамандық бойынша кадрлар даярлайтын жоғарғы оқу орны және ғылыми-зерттеу орталығына айналды. Білім ордасында екі мыңнан астам жоғарғы білікті оқытушы жұмыс істейді, соның ішінде 1000-нан астам ғылым докторы мен кандидаты, 100 академик пен 50 философия докторы бар.
Университетте білім беру ісі Болон реформасына сәйкес жүргізіледі, оқытудың кредиттік жүйесі толық күшіне енген, оқу үдерісінің жапсырмасыз ашықтығы, білім алушылардың академиялық ілкімділігі, «бакалавр-магистр- PhD» түрінде үш сатылы мамандар дайындау қамтамасыз етілген.  
Әйгілі ҚазҰУ қалашығында  жайлы жатақханалар мен технопарк, тамақтандыру комбинаты, интернет орталығы, Орта Азия аумағында теңдесі жоқ «Әл Фараби» кітапханасы мен «Керемет» студенттерге қызмет көрсет орталығы, студенттерге арналған спорттық кешен сынды орналасқан. Олардың барлығы да ұлттық университет білімгерлерінің денсаулығы, болашағы мен білім алу жолында ерекше орын алары сөзсіз. 
Ең бастысы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде студенттік өмірдің көтеріңкі көңілмен өтетіні сөзсіз. Әр талапкердің арманына айналған қарашаңырағымызда өмірдің ең сәнді де мәнді беттерін ашатынына сенімдіміз.  
ҚазҰУ 80 жылдың ішінде феноменалды жетістікке жетті. Соның арқасында мемлекет, қала берді, әлем университеттері алдында имиджін қалыптастырды. Білім елінде білікіті де білгір мамандарды дайындауда алдына жан салмайтын ұлттық университет тарихы елдің, одан әрі адамзаттың тарихы екендігін естен шығармау керек. 

\r\n

 

Мадиева Г.Б. ф.ғ.д., профессор\r\n\r\nБорамбаева    Л.А.   филолгия     ғылымдарының  магистрі\r\n\r\nҚазҰУ, филология және әлем тілдері факультеті, жалпы тіл білімі және шетел филология  кафедрасы\r\n\r\n


ПІКІР ҚАЛДЫРУ