Ержанов Манарбек (1901-1966)

0
1295
Ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттаудың тәрбиелік мәні.

Манарбек Ержанов

Ержанов Манарбек (1901-1966) — әнші, актер, композитор. Қазақстанның халық артисі. Ол Ақан сері, Біржан сал (және басқалары) сияқты композиторлар — әншілердің композиторлық-әншілік мектебін лайықты тұрақты жалғастырушы болып табылады. Ол белгілі әнші және домбырашы. Күсенбайды өзінің тікелей ұстазы ретінде санайды. Ержановтың көп қырлы таланты оның әндерінен анық байқалады. Ол 150-ден аса ән мен күй шығарды. Халық арасында оның “Жарыс”, “Аманкелді туралы өлеңі”, “Қойшы әні” және тағы басқа шығармалары жақсы танымал.

Ержановтың шығармашылық мұрасының маңызды бөлігін оның домбыраға арналған күйлері құрайды. Бұлар “Би күйі”, “Аққу”, “Жетісу” және т. б. Ержанов сондай-ақ, артистік өнерімен де айрықшаланады. Оның артистігі мен әншілігі “Қыз — Жібек” (Шеге), “Жалбыр”(Елемес), “Ер Тарғын” (Сахан) және т. б. опералардағы партияларды шеберлікпен орындауынан көрінеді. Ержановтың өмірін соңғы жылдары Жамбыл атындағы Мемлекеттік филормониясында белсенді концерттік қызметімен ерекшеленеді.

Манарбектің қазақтың ән мәдениетіндегі орны өзгеше, ол халқымыздың топжарған абыройлы асқақ әншісі бола білген жан. Манарбектің атымен оның күмістей таза ашық та жарқын «жарқылдаған» жауҺар дауысы, орындаушылық шеберлігі, әншілігі күні бүгінге дейін халқының қайнар бұлақ қасиетті қазынасына айналып отырғанына біздер куәгерміз.

Табиғаттың шынайы тұнбасындай әндер мен күйлердің иесі опера театрының маңдай алды ән саңлағының туғанына жүз жылдық торқалы тойы 2002 жылы аталып өтті. Манарбек Ержанов Қарағанды облысы Қарабұлақ деген жерде Қарқаралы маңында дүниеге келді. Атақты Қарқаралы … қазақ мәдениетінің ән мен күйінің пайғамбарлары «үйірімен үш тоғызы» Әміре мен Жүсіпбек, Естай мен Қали, Қосымжанды берген құнарлы топырақта Манарбектің тууы тегіннен тегін еместі.

Әншінің ата-анасы да табиғатынан тума талантты жандар болатын. Әкесі қол өнерінің асқан шебері темірден түйме түйетін ісмер-ұста әрі майталман күйші-домбырашы болса, шешесі әнді жақсы салған.

Манарбекті өнерге баулыған ұстазы атақты дала музыканты Күсенбай ғажап күйші, әнші еді. Болашақ арқа ән дәстүрінің майталман шебері Манарбек үшін ұлттық өнеріміздің аңызы болған Әміре Қашаубаевтың өнері биік бедел үлгі-өнеге болды. Әнші жастайынан-ақ Сары арқаның әншілік мектебінің қыры мен сырын бар құпыясын жетік меңгеріп Біржан салдың, Ақан серінің, Жарылғапбердінің, Естай мен Жаяу Мұсаның, Шашубайдың әндерін тамылжыта шырқады. Оның табиғаттың тұнбасындай таза да ашық жарқын саңқылдаған тембрлі бояуы күшті дауысындағы ақмартулы көркемдік қасиеттің болуы қазақ ән жауһарларын орндағанда құлпырып жанып кететін сиқырлы күйі болатын.

Манарбек Ержанов Қазақ драма театрының (1928 ж.), Қазақ музыкалық театры (1934 ж.) – болашақ опера-балет театрының (1937 ж.) алғашқы әртісі болып ұлттық өнеріміздің алғашқы жұлдызды шоғыры Күләш пен Қанабек Байсейітовтер, Құрманбек Жандарбеков, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Елубай Өмірзақов, Серғали Әбжанов, Үрия Тұрдықұлова, Ғарифолла Құрманғалиевтермен бірге тұңғыштар тобында сахнаға шықты. Ғарифолла Құрманғалиев екеуі бірсыпыра ұлттық операларда рольдерді кезектесіп, бөлісіп ойнады. Біріне- бірі ұқсамайтын қос саңлақ ұлттық операларымыз: «Қыз Жібекте» Шеге, «Жалбырда» Елемес, «Ер Тарғында» Сақан, «Абайда» Әзім, «Біржан-Сарада» Естай бейнелерін сомдады. Бұл рольдерді ойнауға Ғарифолла мен Манарбектің бүгін қайсысы шығар екен деген ынтызарлық әркез халықты қызықтырып елегізіп отыратын. Манарбек пен Ғарифолла арасында бірінші құрамда қайсысы ойнайтыны үнемі қиындықтар тудыратын. Екеуі де шебер, біріне-бірі сай, тең түсіп жататын.

1936 жылы қазақ өнерінің Мәскеуде өткен Декадасына баратын бірінші тобында Манарбек те, Ғарифолла да болды. «Қыз Жібекпен» ашылатын Декада шымылдығында Шегенің ролін ойнауға екі жампоздың қайсысы шығатыны үлкен жауапты мәселеге жетті. Ақыры таңдау Манарбек Ержановқа түсті. Ақын Шеге бейнесін айқара ашып көрсететін көтеріңкі көңілдегі музыкалық беташарды Манарбектің өзі тауып қосқан еді. Кейін Е.Брусиловский осыны еске алып – «Мен көптен бері осы жерге бір халықтық әуенді таба алмай жүретін едім, оны Манарбектің өзіне де айтқам. Манарбек бір түннің ішінде ертеңгі ойынға халықтың ақындық өнеріндегі осы бір жарқылдаған термені тауып келді» – деп есіне алған еді. Ахмет Жұбанов: — «спектакльден соң атақты академик-музыкатанушы әрі композитор Б.В.Асафьев «О, мынау әнші ғажап қой! Мәскеуге қазақтың кең даласының бар кереметін көшіріп әкелді-ғой» – деп шаттана сөйлеп Манарбектің қандай музыкалық мектеп бітіргендігін сұрады. Манарбекке берілген бұдан артық биік баға болмас, өйткені мұндай мақтауды кеңестік дәуірдің атақты музыка корифейінің өзі бергені ғажап еді» — деп жазды.

Манарбек өнеріндегі шоқтығы биік орынды оның өз шығармалары алады. Әнші-композитор 1942 жылы Қазақ КСР-ы композиторлар Одағының алғашқы мүшелерінің бірі болып қабылданды. Арқаның ән дәстүрінің ай мүйізді ақ серке әншісі өз туындыларында халқымыздың ән дәстүрін ерекше шабыттана дамытып жаңаша түрлендіріп өрістетуге мол үлесін қосты. Манарбек таланты тудырған әндер мен күйлер жаңарған дәуірдің жаңаша кескін-келбетін, жарқын кезең лебін жаңа күйімен өзіндік сипатымен жырлап, ұлттық музыка өнеріміздің дәстүрлі мінез-құлқын жоғалтпай дамытып жалғастырды. Оған «Паровозы», «Қуанамын», «Жасасын», «Шопан әні» және басқа да әндері жатады. Бұлар күні бүгінге дейін ел арасында кең таралған сүйіп айтылатын гауһар әндер. Оның аспаптық шығармаларға арналған «Би күйі», «Шалқар көлі», «Өрнек», «Көңіл күйлері» ұлттық шертпе күй дәстүріндегі өзіндік жеке дара сыр-сипаттарымен кескін келбеті жарқын да жайдары қызықты, айрықша өз қолтаңбасы айқын, бірін-бірі қайталамайтын сазы, күйі, әуені мол сырлы шығармалар.

Кейінгі жылдары (1953-1960) Манарбек негізінен композиторлық және концерттік жұмыстармен көбірек шұғылданды. Гастрольдік сапармен республиканың барлық жерін аралап ән салды. Бұл жылдары әнші шығармашылығы жемісті, ырысты болды. Ол өндіріп жұмыс істеді. Әншінің халықтық дәстүрдегі елге кең таралған көп айтылатын шығармалары жаңа заман, жаңа дәуірді жырлаған әндері осы кездің еншісіне тиген болатын.

М.Ержановтың кеңестік қазақ музыка мәдениетіне қосқан үлесін үкімет жоғары бағалады. Оған Қазақ КСР-ң Халық әртісі құрметті атағы берілді, Қызыл жұлдыз және «Құрмет белгісі» ордендерімен, үкіметтің мақтау қағаздарымен марапатталды. Алайда оған берілген ең зор да үлкен атақ – ел құрметі, халқының махаббатымен зор сүйіспеншілігі, ұлы дарын заңғар әншіге деген ыстық ықласы оның әншілік азаматтық қасиетін асқақтата, сәулелендіре, арттыра түсері сөзсіз.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ