Фразеологизм мен мақал-мәтел

1
8139

Екі немесе одан да көп сөздің тіркесуі арқылы жасалатын, құрамындағы сөздердің орнын ауыстыруға келмейтін, бәрі тұтасып бір мағынаға ие болатын, бір сөйлем мүшесінің қызметін атқаратын тіркестер – тұрақты тіркестер – фразеологизм деп аталады. Мысалы, Екі иығына екі кісі мінгендей деген тұрақты сөз тіркесі денелі, тұлғалы, иықты деген бір ғана мағынаны білдірсе, Аяғы аяғына жұқпады тұрақты тіркесі шапшаң, тез жүрді деген ұғымда қолданылып тұр. Тұрақты сөз тіркестері мен еркін сөз тіркестерінің өзіне тән айырмашылығы болады:

ТҰРАҚТЫ СӨЗ ТІРКЕСТЕРІ ЕРКІН СӨЗ ТІРКЕСТЕРІ
1. Тұрақты сөз тіркестерінің құрамындағы сөздердің орнын ауыстыруға келмейді. Еркін сөз тіркесінің құрамындағы сөздердің орнын өзгертуге болады.
2. Тұрақты сөз тіркесінің мағынасы оның құрамындағы сөздердің мағыналарынан алшақ болады. Еркін сөз тіркесінің мағынасы сол тіркесті құрайтын сөздермен тікелей байланысты болады.
3. Тұрақты сөз тіркесінің құрамындағы сөздер бір ғана синтаксистік қызмет атқарады. Еркін сөз тіркесінің құрамындағы сөздердің әрқайсысының жеке-жеке синтаксистік қызметі болады.

 

Бір-біріне антоним болатын тұрақты сөз тіркестер:

Бетінен оты шықты (ұялды) – Беті бүлк етпеді (ұялмады).

Ажары сынды (мұңайды) – Қуанышы қойнына сыймады (қуанды).

Ит терісін басына қаптады; жерден алып, жерге салды – ұрысты, сөкті, балағаттады.

Қолы қолына жұқпады (тез қимылдады) – Саусағының ұшын қимылдатпады (қозғалмады, еш нәрсе істемеді).

Бір-біріне синоним болатын тұрақты сөз тіркестер:

Үріп ауызға салғандай; қыздың жиған жүгіндей – сұлу, әдемі, көрікті, келбетті, әсем, т.б.

Ит өлген жер; ит арқасы қиянда – алыс, қашық, шалғай;

МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕР

Мақал-мәтелдер де тұрақталған, қалыптасқан сөздер тобы болып саналады. Мақал-мәтелдердегі сөздердің де орнын басқа сөздермен алмастыруға келмейді. Бірге айтылғанымен, мақал мен мәтелдің бір-бірінен өзіндік ерекшелігі, айырмашылығы болады:

1. Мақалдың мазмұнында істің себебі мен салдары бірге айтылып, шарты мен нәтижесі қатар беріледі. Мысалы, (Егер) ісім өнсін десең, (онда) еңбек ет. Ал мәтелде істің салдары айтылып, себебі айтылмайды. Мысалы, Сабыр түбі – сары алтын.

2. Мақал құрылысы жағынан көбіне құрмалас сөйлем болып келеді. Мысалы, Еңбек етпесең, елге өкпелеме; егін екпесең, жерге өкпелеме. Ал мәтел құрылысы жағынан көбінесе жай сөйлемге құрылады. Мысалы, Көп түкірсе – көл. Басқа пәле тілден. т.б.

 

МАҚАЛ

МӘТЕЛ

Туған жердей жер болмас,

Туған елдей ел болмас.

Саяз су сарқырап ағады.

Бірлік болмай, тірлік болмас.

Жеңілтектік жарға жығар.

Ұсталы ел озар,

Ұстасыз ел тозар.

Қайтып кірер есікті қатты жаппа.

Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен.

Тәуекел кемесі суға батпайды.

Ұлдың ұяты – әкеге,

Қыздың ұяты – шешеге.

Сиырдың сүті тілінде.

 

Дереккөз: itest.kz

Қазақ тілінен басқа да ақпараттар: 

    1. Омоним. Синоним. Антоним
    2. Сөздің тура және ауыспалы мағынасы. Сөз бен мағына.
    3. Қазақ тілінен тест тапсырмалары

 


1 ПІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ