ХХ ғасырдың ұлы жырауы — Жамбыл Жабаев

0
3615
Әбіш Кекілбаев

ХХ ғасырдың ұлы жырауы — Жамбыл Жабаев

Жүз жыл өмірінің сексен бесін өлеңмен өткізген Жәкең – екі ғасырдың куәсі ғана болған жоқ. Оның жүз жылғы өмірі, шындап келгенде, екі ғасырға тең еді. Өйткені, Жамбыл тарихта сирек кездесетін, мүлде қарама-қарсы екі заманды көрді, қайшылыққа толы, күнгейі мен көлеңкесі тепе-тең жақсылығы мен жамандығы қатарлас екі дәуірді бастан кешті. Ол Қазақ хандығының жойылғанын, елінің отарлыққа түскенін, қазақ даласына Ресейдің әкімшіл-отаршыл басқару жүйесін орнатқанын, сонымен қатар, көрші жатқан Қоқан хандығы мен қырғыз манаптарының қазақ ауылына жасаған жаугершілігін көрді.

Бұлар ғана емес – Жамбылдың көргені. Ол өз жеріне орыс казактары мен шаруаларының қоныстанып, жергілікті мал баққан қазақ жұртының шөлді аймаққа қуылғанының куәсі болды. Қазақстанда кеңес өкіметінің орнауы, ақ пен қызылдардың соғысы, атамандар мен комиссарлардың лаңы, кәмпескелеудің зорлықпен жүзеге асқаны, ең ақыры, “халық жауларының” ұсталуы мен жазалануы, – бәрі-бәрі оның көз алдында өтті. Сол себепті, Жамбылдың “Кең жатқан байтақ-ұлан шежіремін, тарихтың домбырасын қолына алған”, – деп айтуы тегін емес. Осы көргені мен біл­генінің бәрін Жәкең өз поэзиясына арқау еткен, оны бірде жырау болып, бірде жыршы ретінде, бірде ақын болып жырлаған, толғаған, суреттеген.

Жамбылдың майталман ақын болып қалыптасуы тек Жетісу ақындық мектебінің ауқымында болған жоқ. Ол өзіне дейін ертеде өмір сүрген атақты жыраулардың, өзімен қатарлас айтулы ақындар мен жыршылардың мұрасын, күллі халық поэзиясын толық меңгерген, игерген, өз шығармашылығына өзек еткен.

Ілгеріде Шөже, Балта заманда өткен,

Асекең, Бұқар жырау арманда өткен.

Солардың аруағы маған қонып,

Ел мұңын жырмен толғап, нөсерлеткен,

– дейді Жәкеңнің өзі Досмағамбетпен айтысқанда. Ал, “Замана ағымы” толғауында:

Замана деп толғанған,

Ел қайғысын қолға алған

Абылайдың алдында

Сөз сөйлеген болжаудан

Бұқар жырау, о да өтті.

Шернияз бен Шортанбай,

Досқожа мен Нысанбай,

Дулат пенен Сүйінбай –

Сөздері жел құйындай,

Өтті еңіреп олар да! – деп, Жамбыл аты аталған жыраулар мен ақындарды, олардың мұрасын жақсы білетінін, сөйтіп өз шығармашылығының қайнар көзі – қазақ халқының ежелден келе жатқан фольклоры, әдебиеті мен мәдениеті екенін білдіреді.

Сонымен бірге Жамбыл туысқан қырғыз елінің де мәдениетін бойына сіңірген. Қырғыз жомоқшылары мен манасшылары арасында оның достары көп болған, олармен бірге қырғыз жұртын көп аралаған, айылдарда өлең айтып, жыр толғаған, күй тартқан, айтысқа түскен. Атақты Тоқтоғұл, Мұраталы, Әлімқұл сияқты өнер саңылақтарының Жамбылға деген ықылас-ілтипаты, сондай-ақ қырғыздың Шәбден тәрізді сыйлы басшыларына көрсеткен құрметі көпшілікке аян.

Ал, Жамбылдың “Манасты”, “Ер Төстікті” манасшылардан кем жырламағаны тағы да белгілі. Демек, Жамбылдың даңғыл жырау, талмас айтыскер, майталман ақын болып өсуіне қазақ пен қырғыз халықтарының мәдени мұрасы негіз болған. Осы тұрғыдан келгенде, біз Жамбылды халық поэзиясы мен импровизаторлық өнердің университетінен өткен деуімізге болатын тәрізді. Әрине, бұл жерде Жамбылдың өз бойына біткен ұлы дарынды айтпасқа болмайды.

Ата-анасынан дарыған өнер, өз табиғатындағы талант, халық поэзиясы мен ауыз әдебиетінің дәстүрі, міне, осының бәрі қосыла келіп, ұлы жыршыны дүниеге әкелді, оны ауыл ақынынан қазақ еліне ғана емес, барша әлемге әйгілі жырау етті.

Он бес жасынан өлең айта бастаған Жамбылдың ХХ ғасырға дейінгі шығармаларының бас нысанасы – сол кездегі қазақ ауылының күнделікті тіршілігі, жеке адамдардың мінез-құлқы, болыс пен байлардың іс-әрекеті… Ол шығармалардың дені – арнау мен мысқыл өлеңдер, айтыстар. Бұл тұста Жамбыл шыншыл да, сыншыл ақын түрінде көрінеді. Оның өзіндік себептері бар еді. Жамбылдың үлкен ақындық өмірі ХІХ ғасырдың 70 жылдарынан басталған болатын.

Бұл қазақ қауымы үшін ауыр кезең еді. 1860 жылдары Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанды жаулап алған Ресей енді қазақ елін басқарудың жаңа амалын тапқан-ды. Енді 1867-68 жылғы жаңа мизам негізінде Қазақстан үлкен 6 облысқа, облыстарын уездерге, уездер волостарға бөлініп, қазақ сахарасына ішкі Ресейдің басқару жүйесі отаршылдық сипатта көшірілді. Соның нәтижесінде қазақ еліне орыс мемлекетінің бюрократтық аппараты тудырған көптеген келеңсіз құбылыстар мен іс-әрекеттер жайылды.

Осының бәрі ең алдымен халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс-салтын бұзды, елдің ішіне іріткі салды, адамдардың санасы мен мінез-құлқын өзгертті. Сөйтіп, бұрын естіп-көрмеген ұлыққа жағымпаздық, болыстыққа талас, ағайынға жала жабу, адамның үстінен шағым айту, кісіні алдау, өтірік айту сияқты жағымсыз қылықтар пайда болды. Ал, қазақ жерін болыс-болысқа бөліп, елді жерге таластыру мен малдан айырудың салдарынан ел арасында барымта етек алды, барымталықты малданған арамтамақтар, тағы басқа жалқаулар пайда болды.

Жерден, малдан айырылған жұрттың тұрмысы жүдеп, рухы жадап, ел күйзеліске ұшырады. Бір жағынан – отаршылдық саясат, екінші жағынан – қоқан мен қырғыздың жаулығы, үшінші жағынан – орыс шенеуніктеріне арқа сүйеген бай-болыстардың іс-әрекеті елді аздырып-тоздыра бастады. Осындай жағдайдың куәгері болған Жамбыл шындықты айтып, ел басшылары мен игі жақсыларының жағымсыз қылықтарын сынайды. Сол кезде өмір сүрген Дулат, Сүйінбай, Мұрат, Шортанбай сияқты көптеген ақындар да өз заманының болмысын суреттеп, оның жаралы проблемаларын ашық айтып, ащы дауыспен жырлады.

Тек олар ғана емес, сонымен қатар жазба әдебиетінің өкілдері де дәуір сипаты мен адамын бейнелеп, реалистік шығармалар тудырды. Сондықтан сол бір кезді әңгіме еткен ауыз әдебиетінің де, жазба әдебиетінің де тақырыптық әрі идеялық ұқсастығы, жақындығы бар, олардың мысқылдап, әжуалағаны да бірыңғай. Мысалы, Шалтабай болыстың мінез-құлқын Жамбыл былайша жырлайды:

Салқын келіп тоң-теріс,

Сыртқа сыздап қарайсың.

Сенен басқа жоқ болыс, –

Деп өзіңді санайсың…

“Шарға” түсер шағыңда

Қара тер боп шабылдың.

Елге сөзің жеткенше:

“Жамағат!” – деп, жалындың.

Қол билікке жеткен соң,

Салғырттыққа салындың…

Бұл жолдар Абайдың “Күлембайға” берген мына мінездемесін еске түсірмей ме:

Болыс болдым, мінеки,

Бар малымды шығындап.

Түйеде қом, атта жал

Қалмады елге тығындап.

Сүйтсе дағы елімді

Ұстай алмадым мығымдап.

Күштілерім сөз айтса,

Бас изеймін шыбындап,

Әлсіздің сөзін салғыртсып,

Шала ұғамын қырындап…

Болыстыққа таласқан адамның сайлауға дейін қандай әрекет істегенін, ал сайланып алғаннан кейін өзгеріп кеткенін Абай да, Жамбыл да ашық айтып, болыс болған адамның екіжүзді мінезі мен қылығын мінейді, оның екісөзділігін сынайды. Болыстың, жалпы сол шақтағы ел жақсыларының тіршілігі мен мінез-құлқының мұндай болуы, әрине, отарлыққа түскендіктің салдары еді. Олар қаладан келген шенеуніктердің алдында құрдай жорғалап, ал ауылдастарына кісімсіп, бәлсініп жүруді өзіне күнкөрістің тәсілі етіп алған. Мұны Жамбыл былай деп әңгімелейді:

Үйсін, Найман саңлағы,

Өстепкеге жиылдың…

Елде жүрген егейлер

Қалада құр үйілдің.

Ұлық көрсең ұйлығып,

Желді күнгі қамыстай,

Жапырылып иілдің…

Ал, Абай мынандай сурет береді:

Мәз болады болысың

Арқаға ұлық қаққанға.

Шелтірейтіп орысың

Шенді шекпен жапқанға…

Міне, отар елдің “игі жақсы” деп жүргендерінің сыйқы осы. Олар орыс шенеунігіне жағынып, ұлықтан қорқып жүрген әлсіз, бишара жандар. Ояз алдындағы олардың аянышты халі Абайды да, Жамбылды да мұңайтады, ызаландырады. Ақындар болыстардың мұндай мүшкілдігіне “бек қорланады”, “күйінеді”, “намыстанады”.

Осы шыншылдық, әрі сыншылдық қасиетін Жамбыл ақындармен айтысқан шақта да сақтап, турашылдығымен көрінеді. Жамбылды нағыз ақын ретінде елге танытқан, оның есімін бүкіл Жетісуға, Қырғызстанға, Сыр бойына таратқан оның сол тұстағы дүлдүл ақындармен айтыстары. Ақындармен айтыс Жамбылдың импровизаторлық өнерін шыңдады, ақындық шеберлігін арттырды, азаматтық өресін өсірді және оның тақырып аясын кеңейтті.

Үлкен айтысқа түскенге шейін ауыл ақыны ретінде ғана көрініп, көбінесе той-томалақтарда өлең айтып немесе нақты бір оқиғаға қатысты, яки болмаса белгілі бір адамға арнап өлең шығарып жүрген Жамбыл енді ақындықтың жаңа сүрлеуіне түседі, сөйтіп, сапалық өсудің жолына бет бұрады. Оның айтыстарында қыз бен жігіттің қайым айтысы да, түре айтыс та, сүре айтыс та кездеседі. Осының қай-қайсысында болса да Жамбыл өзінің нағыз көркем де кестелі сөздің шебері екенін көрсетеді.

Басқа ақындарға қарағанда Жамбыл айтысты өзгеше бағалаған, оны тек қана күнкөрістің құралы деп есептемеген, сондықтан ол рулық қауымнан гөрі жеке бай­ларды жоғары көріп, оларды мақтап, соларға жалбақтаған ақындарға бар ашуын төккен, олардың мадақтаған байларына ел ардақтаған адамдарды, әсіресе батыр­ларды қарсы қойған. Осының арқасында Жамбыл айтысқа мүлде жаңа сипат берді, тың тақырып енгізді, соны леп әкелді, айтыстың рухын, мән-мазмұнын байытты. Сөйтіп, ол елдікті, ерлікті, елін, жерін қорғағандарды дәріптеді десек, Жәкең Құлмамбетке былай дейді:

Ешнәрсе қанша айтқанмен ете алмайсың,

Бұлтарып мен тұрғанда кете алмайсың.

Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт,

Ел бірлігін сақтаған татулықты айт.

Қарынбайдай сараңдар толып жатыр,

Оны мақтап әуре болмай, жөніңе қайт!

Жамбылды айтысқа мұндай идея мен рух енгізуге әкелген – сол дәуірдің болмысы мен Жамбылдың жыршылық өнері. Осы бір шақ туралы Жәкең “Менің өмірім” деген толғау-естелігінде былай дейді:

“Ел жүдеген үстіне жүдей берді, ел менен жыр сұрағанда, кепкен ботаның тұлыбына еміренген маядай, батырларды жырла дейтін болды. Мен де жұрттың тілегіне сәйкес “Өтеген батыр”, “Саурық батыр”, “Сұраншы батыр”, “Көрұғлы батыр”, “Алатай-Жапарқұлдың” жырларын айтатын болдым. Ел есіткенде ыңыранып жылайтын, ауру көргендей болатын. Осындай елді жарыққа шығаратын батырлар да туар-ау әлі десетін”.

Отарлықта езілген халықтың, жадап-жүдеген елдің қам көңілін Жәкең жыршы болып та көтеріп жүрген. Осылай ел тілеуі мен қалауы бойынша ел намысын жыртқан, елді қорғаған батырлар жайында жырлаған Жамбыл оларды өзінің айтыстарында да мадақтап отырады. Қарасай, Саурық, Сұраншы сияқты туған жерін қорғауда ерлік көрсетіп, аңызға айналып, жұрттың мақтанышы болған батырлардың жырда әңгімеленбейтін кейбір қасиеттерін Жәкең айтыстарында айтып, олардың қаһармандық бейнесін бедерлей түседі. Мәселен, Сарбаспен айтысқанда Жамбыл Сұраншыны былай сипаттайды.

Сұраншыдай батырдың

Жан жүрмеген шенінен.

Алмастан соққан ақ қылыш

Еш кетпеген белінен.

Ашуланған кісіге

Қабағы жаман түксиген.

Досы қатты сүйсінген.

Дұшпаны жаман күйінген.

Сұраншыны көргенде

Аузын ешкім ашпаған,

Аяғын қадам баспаған.

Қарсы келген кісіні

Сүйретіп жерге тастаған.

Сабырлықпен іс қылып

Көлденең жатқан мылтықтан

Жан сауғалап қашпаған.

Бұл кәдімгі эпикалық батырдың мінездемесі, бірақ одан айырмашылығы да бар. Оның ашуланған сәтіндегі түрі батырлық эпостан басқаша, сондай-ақ мұнда Сұраншының мінезі әдеттегі жырдан өзгешелеу сипатталады, оның досқа деген ықыласы, ілтипаты қаншалықты жылы, жайдары болса, дұшпанға деген қатынасы соншалықты қатал. “Сұраншы батыр” дастанында:

Мейірімді туған Сұраншы

Елін сүйген жасынан,

Жетім менен жесірді

Атына артып көшірген,

Ерегіскен жауларын

Су құйғандай өшірген, – деп сипатталады.

Жалпы, Жамбыл батырлар туралы жырлағанда жай жыршы болып қана көрінбейді. Оның ақын екені мұнда да айқын көрініп тұрады. Жәкең жырлаған “Өтеген батыр”, “Сұраншы батыр”, “Көрұғлы” дастандарында ежелгі эпостық дәстүрдің көп белгілерімен бірге біраз өзгешеліктер бар. Әсіресе, ондай айырмашылық қаһармандардың күйінген сәттерін беруде, сондай-ақ эпоста мүлде жоқ табиғат суреттерін бейнелеуде және ескі батырлар жырына тән кейбір байырғы мотивтерді түрлендіруде көрініс береді.

Бұл тұрғыдан келгенде, Жамбылдың жыршылық өнері арнайы қарастыруды талап етеді. Өйткені, Жәкең – асқан шебер жыршы, ол кісі жырды айтудың өзін шығармашылық деп түсінеді, яғни Жәкең белгілі эпосты жырлаған шақта да импровизация жасап отырады. Бұған Жәкең жырлаған “Өтеген батырдың” екі нұсқасын салыстыру арқылы көз жеткізуге болады.

Бір сюжетке құрылған екі шығарма болып шыққан. Демек, Жамбыл сияқты классик жыршылар эпосты құр жаттап алып айтпайды, олар сюжетті, оқиғалар мен адамдарды жадында сақтайды да, жырлау барысында өз еркінше импровизация жасайды, ал импровизация процесі – шығармашылық процесс, оның өзіндік заңдылығы, әдіс-тәсілдері бар. Жәкең осының бәрін толық меңгерген әрі игерген, сөйтіп, ол импровизаторлық өнердің биік шыңына жеткен.

Кемеліне келген импровизаторлық өнер мен бойына туа біткен ғажайып дарын, өзі жинақтаған зор өмірлік әрі ақындық тәжірибе Жамбылды ХХ ғасырда ұлы жырау биігіне көтерді. Ежелгі данышпан жырауларша Жамбыл бұл тұста мемлекеттік мәні бар мәселелерді көтеріп, қоғам өмірі мен ел мүддесін жырлайды, замана жайлы толғайды. Сол ғасырдың 20 жылдарынан бастап, Жәкең өзінің бұрынғы тіршілігі мен кеңес кезіндегі өмірі жөнінде, халықтың басынан өткен небір қиын-қыстау кезеңдер жайында көптеген толғау айтып, өлең шығарады.

Қарт жырау көбінесе ертедегі болмысты суреттеп, көне тарихқа көз жүгіртіп, сол уақыттағы даланы сипаттайды, өз дәуірінің асқарынан дана абызша замана ағымын шолады, мезгіл мен өмір туралы ойланады, соларға мінездеме береді. Қазақ халқының сонау Шыңғыс хан тұсынан бастап таланғанын айтады. Ресейге отар болып, езілген шағын бейнелейді, оны “сұм заман”, “сұр заман” деп атап, “бұлдыр күн, құрғыр күн” деп сипаттайды. Ресей империясына, орыс патшасына бодан болған елдің хал-жағдайын Жәкең өте дәл, әрі нақтылап, детальдап әңгімелейді.

Жамбылдың өткен дәуір мен кейінгі заман туралы толғаулары – нағыз жыраулық поэзияның озық үлгілері. Олардың ауқымы кең, ойы бай, тілі шұрайлы. 1930-1940 жылдар аралығындағы Жамбыл толғаулары көп жағдайда контрастқа құрылған, сондықтан оларда, негізінен, бір-біріне қарсы қойылған екі оппозициялық бейне басым болып келеді. Бірі – “сұр заман”, “сұм заман”, сары сахара, қу дала, өлі немесе өліге жақын дүние. Осыған сәйкес ол заманның адамдары да – көбінесе залымдар, момынды зар жылатқан әкімдер, кедейді қан қақсатып, қинаған болыстар, қазақты жаншыған зорлықшыл орыс патшасы, Қоқан датқасы болып суреттеледі.

“Бірі күліп, мыңы жылап жүрген” бұл қоғамдағы ең бишара адам кедей. Жарлылардың қатарында ақынның өзі де бар, бірақ ол өзін қорғансыз сезінбейді. Жамбыл Жаратушының өзіне дарытқан өнеріне, өлеңіне, жырына сенеді, уытты сөзіне арқа сүйейді, сол арқылы айбат шегеді, айбар көрсетеді “Сөзім – жалын, домбырам – найза”, – дейді Жәкең. Сол себепті де ол тіпті кеңес өкіметінің белсенділерінен қаймықпай, беттеріне 1921 жылы былай деп айтып салады:

Жаным барда кеудемде,

Сендерден кем болмаймын.

Дүрілдетіп жер-жерде

Өлең-жырды толғаймын.

Домбыраға қол соғып,

Иығымды қомдаймын.

Тек кездесіп қалмаңдар

Ыңғайына сондайдың.

Бұрынғы заман мен кейінгі дәуірді қарсы қоя айтқанда Жәкең өз дәуірін “нұр заман”, “алтын заман” деп атап, колхоз бен өндіріс еңбеккерлерін бақытты адамдар етіп бейнелейді.

Кеңестік Қазақстанды шалқи жырлап, “Асан қайғы, Жиренше арман еткен өлгенше “Жерұйық атты жер – осы”, – дейді Жамбыл, өйткені, өмірде болып жатқан өзгерістерді, елдің жарқын болашаққа сенгенін, соған жетеміз деп ұмтыла еңбек еткенін, соның арқасында қазақтың түгелдей отырықшылыққа көшкенін, ауылдарда мектептер, клубтар, кітапханалар салынғанын, өндіріс мекемелерінің өскенін көзімен көрді. Сонымен бірге Жамбылдың өз тұрмысы да өзгеріп, өзінің рухы да көтеріліп, ақындық шабыты қайта түлеген еді.

Мәселен, “Тағы бітті жаңа күш” атты өлеңінде ақын осыны ашық айтады. Ол поэзияда ежелден келе жатқан табиғатқа, тауға, құсқа, аңға қарата сөйлеу әдісін пайдаланып, өзінің сөзін Майтөбеге арнай отырып, бұрынғы патшалық Ресейдің отарына түскен замандағы Майтөбенің, әрі өзінің хал-жағдайын әсерлей, бояуын айшықтай суреттейді, таумен мұңдасады, содан соң дереу кеңес тұсындағы Майтөбені, оның бауырындағы берекелі тіршілікті, өзінің өзгерген өмірін масаттана жырлайды.

Сөз орайы келгенде айта кету керек, қазір Жамбылды өмірді біржақты суреттеді, кеңес өкіметінің жақсы жағын ғана жырлап, оның кемшіліктерін айтпады деп кінәлау әділдік болмас еді. Оған бірнеше себеп бар. Ең алдымен айтатын нәрсе, Жамбыл болмысты біржақты суреттеген жоқ, бұған оның кеңес өкіметіне дейінгі және кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы шығармалары дәлел. Екінші – большевиктік партия бар билікті қолына алған соң бүкіл мәдениетті, әдебиет пен өнерді өзінің ресми идеологиясының құралына, тіпті оның бір бөлшегіне айналдырды, сөйтіп көркем өнер мен әдебиетті түгелімен партияға, оның көсемдеріне, мемлекетке бағынышты етті, оларға қызмет еткізді.

Мұндай саясатты партия мен өкімет әдебиет пен өнер қайраткерлеріне арнап, алуан түрлі шығармашылық одақтар құру арқылы жүзеге асырды. Ол одақтар, түптеп келген­де, мемлекет пен партияның бір құрамына айналып, олардың ресми идеологиясын барынша дәріптеп, жүзеге асырып бақты. Партияның әрбір съезі мен пленумдарының шешімдерін ел санасына сіңіру үшін одақтардың мүшелері пар­тияның штаттағы функционер-қызметкері сияқты ел ішіне шығып, насихаттап жүрді.

Жазушылар мен ақындар тіпті өздерін “партияның солдатымыз” деп атап, партияға, мемлекетке, ресми идеологияға қызмет етуді өздеріне үлкен сенім, зор құрмет деп білді. Мұндай жағдай, сөз жоқ, большевиктік партияның әдебиет пен өнерден тек тапшылдықты талап етуі мен көркем өнер қайраткерлерін, зиялы қауымды қатаң идеологиялық қыспаққа алуының салдары еді. Оның үстіне партия мен мемлекеттің ресми идеологиясының бас көмекшісі—ақпарат құралдарының большевиктік үгіт-насихат жұмысы да өз нысанасына дөп тиіп жатты.

Бір ғана таптық-партиялық идеология мен бір ғана маркстік-лениндік методология орныққан қоғамда жеке адамның өзіндік көзқарасы, дүниетанымы болмады, плюрализм деген түсінік өмірден ғайып болды. Міне, осының бәрі біріге келіп, әдебиет пен өнер адамдарын, зиялыларды өтірік-шыны аралас етіп, партияны, кеңес өкіметін, көсемдерді жаппай мадақтауға мәжбүр етті. Солардың ішінде Жамбыл да болды.

Өзі хат танымайтын әрі жасы 90-нан асқан қарт ақын, бір жағынан, өмірде болып жатқан өзгерістерді көріп, ескі мен жаңаны салыстырып, дүниенің өзгеретініне үміттенген, екінші жағынан, большевиктік үгіт-насихатқа да сенген; үшінші жағынан, ресми орындар мен Жазушылар одағының ақынды, дарыны мен даңқын пайдалану үшін оның жеке басына, үй-ішіне жасаған қамқорлықты өкімет пен партияның өнерге, әдебиетке деген қамқоры, ілтипаты деп қабылдаған, соған иланған.

Сөйтіп, Жәкең, сол кездегі миллиондаған қарапайым адамдар тәрізді, кеңес өкіметі мен большевиктер партиясына сенген, олардың үгіт-насихатына нанған, идеологиясы мен саясатын толық мақұлдаған. Өте күшті әрі пәрменді жүргізілген идеологиялық жұмыстың нәтижесінде адамдар өзін мемлекеттік істі басқаруға тікелей қатысым бар, сондықтан мен жеке басымнан гөрі қоғам мүддесін жоғары қойып, мемлекетке, партияға адал еңбек етуім керек деп есептеген. Осындай иллюзияға сенген қайраткерлердің бірі – Жамбыл.

Халыққа қызмет ету, елдің қамын ойлау, Отанды қорғау, қажет болса жанын пида ету – идеалдың ісі, ежелден келе жатқан арман. Осы идея Жамбылдың ХІХ ғасырдағы айтыстары мен дастандарында мадақталған болатын, оған Ұлы Отан соғысы кезінде күллі шығармашылығын арнайды. Ақынның тек соғыс уақытындағы шығармалары ғана емес, кеңес тұсындағы поэзиясы, негізінен, ер ел үшін өмір сүруі керек, адам қоғамға қызмет етуге тиіс, яғни қоғам мен мемлекет мүддесі жеке бастың мақсатынан жоғары болуы қажет деген идеяға саяды.

Бұл заңды еді. Себебі, бар билікті қолына алған большевиктер партиясының басты принципі осы болды да, идеологияны, оның бір саласына айналған әдебиет пен өнерді, қоғамдық ғылымды соған қызмет еткізді, сол арқылы адам санасына әсер етіп, бұқара халықты осы тұрғыда ойлауға бейімдеді.

Жамбылды, оның шығармашылығын жаңаша талдап, жаңа тұрғыда бағалау үшін осы айтылғандарды түгел ескермеске болмайды. ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясында жалпы мемлекеттік мәні бар мәселелерге “әлеуметтік талап” (“социальный заказ”) түрінде болса да жедел әрі зор жыраулық қуатпен алғаш толғаған және сол арқылы өзін де, қазақ жұртын да барша жаһанға жария еткен – Жамбыл. Ол байырғы ұлы жыраулардың дәстүрін қайта түлетіп, біздің дәуірімізге жаңа сапада, соны мазмұнға байытып жеткізді.

Асан Қайғы, Шалкиіз, Жиембет, Үмбетей, Бұқар сияқты Жамбыл да жалпы мемлекеттік мәселелер жайында толғауларын қалың жұртшылық алдында, мемлекет басшысына, партия көсемдерінің өзіне қарата жырлады. Кремльде өтетін КСРО Жоғарғы Кеңес сессиясында қазақтан Жамбылдан басқа бірде-бір ақын жырлаған емес. Жамбылдың Кавказда, Грузия жазушылары одағының пленумында, Мәскеуде КСРО жазушылары мен өнер, мемлекет қайраткерлері алдында, сондай-ақ Қазақстандағы көптеген салтанатты жиындарда өлең-жырлармен толғағаны да әр ақынның маңдайына жазылмаған.

Отан соғысы жылдарында Украинаны, Мәскеуді, Кавказды, Воронежді, Ленинградты қорғаушыларға арнап, олардың рухын көтере, ерлікке шақыра жыр төгу де жыраулар үлгісі. Мұның бәрі жыраулықтың сыртқы, көзге ұратын белгілері, ал оның ішкі, рухани ерекшеліктері Жәкеңнің поэзиясында тағы да айқын көрінеді. Жамбыл, ежелгі жырауларша, замана туралы толғап, дәуірге сипаттама береді, өтіп жатқан оқиға-құбылыстарға өз бағасын береді. Сонымен қатар, Жәкең толғауларында жырауға тән нақылдық, афоризмдік сипат бар, ойшылдықтың абыздық нұсқалары кездеседі, сөз өнерінің, жұрт алдында айтылған толғаудың ерекше құдіретіне деген құрмет те байқалады… Мәселен, мына бір шумақтарға көңіл бөлейік:

Жердің шелін сел жуар,

Елдің кегін ер жуар.

Дауыл тұрса бұлт қуар,

Жердегі жауды жұрт қуар…

Немесе:

Жаудан күту жақсылық –

Зарыққанның салдары.

Байдан күту жақсылық –

Тарыққаның салдары.

Мұндай жыраулық үлгіде айтылған нақыл сөздер Жамбыл поэзиясында айтарлықтай көп. Олар ақынның әртүрлі шығармаларында құмдағы шашырап жатқан алтын түйірлер тәрізді жылтырап көрінеді, көре-тере білген кісіге зор қазына, тағылымы мол рухани байлық. Өзінің құрылымы мен ойлылығы жағынан бұл шумақтар кәдімгі Асан Қайғының, Бұқардың толғауларына ұқсас. Мұнда ғасырлар бойы жинақталған өмірлік тәжірибені қорытып, соның негізінде айтылған ойлар ескірмейтін қанатты сөзге, мақалға айналып кеткен.

Жамбылдың осы тектес толғауларының басты тақырыбы – адам, қоғам, өмір, заман, ал мазмұны – солардың сипаты, сипаттау тәсілдері – әр алуан теңеу, метафора, антитеза, шендестіру, мінездеу. Мұндай нақылға айналып кеткен толғауларда Жәкең өмірден түйгені мен тоқығаны көп дана ретінде көрініп, мәні-мағынасы биік те терең мәселелерді қамтиды.

Атап айтар болсақ, мынадай: кемел тұлға мен тобыр (“Тамам қарға жиылса, бір сұңқарға жетпейді”), адамның бас бостандығы (“Дүниенің кеңдігі – жүргеніңде басың бос”), имандылық пен қайырымдылық (“Қылған қайыр болмаса, Не әкетесің өмірден”), адамның тұрақсыздығы (“Жан қысылса, белгілі, Таба алмайсың жақын дос”), өмірдің өткіншілігі (“Ой-хой, дүние серуен, Адам – бір көшкен керуен”), заманның қатыгездігі (“Қайтіп жаның ашымас, Неткен заман қатыбас?”) т.т. Жәкеңнің бұл тұжырымдары, бір жағынан, ежелгі жыраулар сөзін еске түсірсе, екінші жағынан, өзінің замандасы, құрдасы ұлы Абайдың кейбір ойларымен үндес. Мұны біз екі ақынның заман мен адам туралы айтқан мына бір сөздерінен байқауымызға да болады. Жамбыл былай дейді:

Заман, заман – дегенде,

Заманға қожа – адам ғой!

Наразы болсаң заманға,

Бар кінәні соған қой!

Абай жазады:

Әркімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек?

Заманға жаман күйлемек,

Замана оны илемек.

Қазақ әдебиетінің екі үлкен саласы – ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің ұлы екі өкілі бір ойды екі тәсілмен, екі үлгіде айтып отыр. Жамбыл – байырғы абыз-жыраушыларша да, Абай – ойшыл философтарша. Екеуінің де айтып отырғаны – адам заман ағымына жүре бермеуге тиіс, өзінің жағымсыз іс-әрекетін заманға жаппауы керек, әр харекетіне өзі жауап бере білуге міндетті. Ондай болмаған жағдайда адам өзін адам ретінде сезіне алмайды, оны заман илеп тастайды.

Нашар адам уақытқа бейімделіп, бүгін істеген келеңсіз қылығын ертең мезгіл солай болды деп, заманға кінә тағып жүреді. Ал, нағыз адам, кемел тұлға заманға күйлемейді, оның қожасы болады, оны өзі билейді. Адам осындай болу керек деген ойды айтады ақындар. Сөйтіп, олар адам және заман, тұлға және тобыр деген мәселеге өз тұрғыларынан келіп, екеуі де адам өз тағдырының иесі, өз ісіне өзі жауапты деген тұжырым жасайды.

Рас, тұлға, кемел адам туралы олардың түсінік пайымы ұқсас болғанымен, бірдей емес. Абай толымды адам деп, ол туралы өзінің жүйелі концепциясын жасаса, Жамбыл нағыз адам деп ел үшін еңіреген халықтық идеалды есептейді және оны жырауларша сипаттайды:

Асқақтаған адамда тоба болмас,

Ел қорғаған адамда мола болмас.

Елден туып, ер болсаң, елге қара,

Шірік қурай ауылға қора болмас!

Жамбыл шығармашылығында оның өнер туралы, ақындық шабыт жайында, поэзияның мақсат-міндеті жөнінде айтқан толғау-өлеңдері – жеке бір сала. Ол жырларында Жәкең өлең қандай болуы керек, ақын нені толғауға тиіс, қалай жырлауға міндетті екенін өрнектеп, сәнін келтіре, бейнелі түрде баяндайды. Бірде жырауларша төкпелеп толғанса, енді бірде ақындарша айшықтап айтады.

Өнер туралы бірде арнайы өлең шығарса, бірде жыр-дастандарында толғайды. Соның бәрінде сөз қадірін білетін жұрт пен ақындық туды жоғары ұстаған, таланты мен шабытын халықты жырлауға арнаған дүлдүл сөз зергерлерінің бір-біріне байланысты екенін ескертіп отырады:

Ақын деген – бір бұлақ,

Көмілер көзін ашпаса.

Көзін ашар көпшілік

Сүйсіне тыңдап, қоштаса.

Алтын сөз де – ас болмас

Елеусіз жерге тастаса.

Поэзияның құдіретін талай рет өз көзімен көрген Жамбыл былай дейді:

Жырыңды, досың болса, күлдіріп айт,

Жау болса, жау тигендей бүлдіріп айт!

Жыр деген – біреуге оқ, біреуге – бал,

Дәл тиген оқ берендей жұлдырып айт!

Жүз жыл өмірінің сексен бесін өлеңмен өткізген Жәкең айтысқанда да, арнау жырларында да, дастандарында да осы тұрғыдан айныған емес, сол себепті де ол ел ықыласына бөленді, жаңа заманда жаңаша түрленді. Жамбыл поэзиясы өмір­шеңдігінің де, ақын есімінің ел жадынан өшпейтіндігінің де сыры осында. Жамбыл – көп ғасырдан бері жасап, дамып келе жатқан қазақ ауыз әдебиетінің ең биік шоқтығы. Оны ХХ ғасырдың жырауы деп айтуымыздың да себебі осы, ол бізге осысымен қымбат.

Авторы: Сейіт ҚАСҚАБАСОВ.

Басқа да материалдар Мұғалімдерге Ашық сабақтар Сабақ Жоспарлары Оқушыларға Рефераттар ҰБТ Шығармалар СӨЖ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ