Инженерлік білім беру жүйесін жаңғыртудың нақты тәсілдері

0
1024
Иллюстрация: Freepik.com

«Оқу – бұл әлі ештеңені мандытпайды, нені оқу керек және оқығанда көңілге қалай тоқу керек – ең үлкен шаруа, міне, осында».

К.Д.Ушинский

Елбасымыз “Қазақстан — 2050” ұзақ мерзімді стратегиясында жоғары оқу орындарында инженерлік білім беру жүйесін дамыту мақсатында халықаралық үлгідегі сертификаттарға ие болатын инженерлік және техникалық мамандықтарды даярлаумен қатар қолданбалы және ғылыми зерттеу салаларын құрып, оны одан әрі дамыту көзделген.

Инженерлік кадрлардың сапасы мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторларының бірі және технологиялық, экономикалық тәуелсіздік негізі болып табылады. Соңғы жылдары инженерлік кадрларды даярлау жүйесін жаңғыртудағы объективті сұранысқа байланысты отандық инженерлік мектепті нығайтуға бағытталған бірқатар қадамдар жасалды.

Отандық техникалық білім беру жүйесі дағдылары, біліктілігі кәсіпорындардың талаптарына, қажеттіліктеріне сай келетін инженерлерді даярлауға бағытталуы тиіс. Бұл жаңа технологиялық шешімдерге баратын басты конструкторлар мен зерттеушілер ғана емес, олар барлық мамандық қамтитын кең желілік инженерлер болғаны тиімді.

Желілік инженерлердің дағдысы, құзыреті және білімі көп жағдайда өндірістік процестің сенімділігімен, тиімділігімен, жаңа технологияларды енгізу және өнімнің сапасымен анықталады. Бүгінде отандық экономикада дәл осындай мамандар жетіспейді, кәсіпорындар сауатты мамандар үшін күресуде. Мұндай сұраныс-бәсекелестік, әрине жақсы, бірақ ол қазіргі кадр тапшылығы біздің жетекші кәсіпорындарда байқалып, жоғары оқу орындары түлектерінің біліктілігінің жеткіліксіздігі сияқты экономиканың дамуын тежеуші факторға айналуына жол бермеуміз тиіс.

Осы мәселеге байланысты туындайтын маңызды сұрақ: болашақ инженерлерді кім оқытады? Оқытушылардың бірнеше жылдық тәжірибе негізінде емес, заманауи білімге ие болуын, яғни өз салаларында оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыруын және қазіргі заманғы ғылыми-педагогикалық технологиялар негіздерін меңгеруін міндеттейді.

Осыған сәйкес бүгінгі таңдағы отандық инженерлік білім беру жүйесін жаңғырту бойынша нақты тәсілдерді талқылайық.

Бірінші. Техникалық жоғары оқу орындарында білім беру процесінің құрылымына теория мен дәрістік сабаққа зиян келтірмейтіндей практикалық, зертханалық сабақтарға үлкен назар аудару қажет, яғни тәжірибе-жаттығулар жеткілікті дәрежеде болуы, студенттер мен оқытушылардың ғылыми зерттеулеріне көбірек көңіл бөлінгені тиімді.

Екіншіден, біздің инжиниринг факультетінде оқыту үшін басқа ЖОО- дан жетекші ғалымдарды, практик мамандарды белсенді түрде шақыруды қолдаймын. Осыған байланысты студенттер үшін «академиялық ұтқырлық» бағдарламасының маңызды екенін атап өткім келеді. Нәтижесінде біздің студенттеріміздің, жас оқытушылардың басқа ірі жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарда өзара тәжірибе алмасу мүмкіндігі пайда болды.

Үшінші. Болашақ инженерлерді тек теория жүзінде ғана емес, оларды өндірістік тәжірибеге үйрету керек. Жоғары оқу орындарына нақты кәсіпорындарда жұмыс істейтін мамандарды тартуға жол бермейтін кедергілерді жоюға мүмкіндік жасау қажет. Әрине, бұл тиісті әдістемені іске асыру үшін, кез келген өндірістік іс-тәжірибелерді өткізуде қажетті критерийлерге лайықты адамдардың қатысуын қарастыру керек.

Төртінші. Тек ғалымдар мен мамандар ғана емес, сонымен қатар ауқымды жобаларды жүзеге асыруға қабілетті үлкен ұжымдардың көшбасшылары да қажет. Осыған байланысты инженерлік кадрлардың жобалық-бағдарлы білімін дамыту үшін жағдай жасау, озық шетелдік және біздің отандық тәжірибемізді пайдалана отырып, осы міндеттерге сай білім беру стандарттарын, оқу бағдарламаларын бейімдеу қажет деп санаймын.

Келесі мәселе: оқытуда шығармашылық көзқарас пен жаңашылдықты дамыту үшін болашақ мамандарды студенттік жобаларды жүзеге асыруға ынталандыру керек. Бұл командада жұмыс істеуге және конструкторлық міндеттерді шешуге, өз идеяларын іске асыруға дайын білім алушылар болғаны жөн. Студенттік ұжымдар үшін байқау, конкурс мен жарыстар ұйымдастырып, оларға қолдау көрсету керек. Байқау тапсырмалары дерексіз емес, нақты кәсіпорындар үшін жобалар жасауды көздегені маңызды.

Сондай-ақ мамандар дайындауда өндіріспен, ірі академиялық ҒЗИ және салалық орталықтармен белсенді байланысты нығайту ғана бәсекеге қабілетті және сұранысқа ие мамандарды дайындауға мүмкіндік бере алады. Инженерлік кадрларды дайындау кезінде бұл шешуші рөл атқарады.

Мұндай тетіктер бүгінде инженерлік кадрларды даярлау мен кәсіптік бағдар берудің тиімді тәсіліне айналып, ЖОО мен жұмыс берушілер арасындағы өзара қарым-қатынастарды жолға қоюға, мықты командаларды жинауға, үздік, талантты, болашағы зор студенттерді анықтауға мүмкіндік береді.

Суйеуова Набат Базархановна,
Ш.Есенов атындағы КТИУ ардагері,
«Энергетика және көлік» кафедрасының аға оқытушысы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ