«Көктемгі» ҰБТ қорытындысы

0
1605

Талапкерлер үшін жазғы тестілеуден бөлек Ұлттық бірыңғай тестілеуді қаңтар, наурыз, тамыз айларында тапсыру мүмкіндігі туып отыр. ЖОО-ның ақылы бөліміне оқуға түсуі үшін талапкерге жылына 4 рет өткізілетін ҰБТ-ның кез-келгеніне қатысып, шекті балл жинауы жеткілікті. Ал, мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау бойынша өтетін конкурсқа қатысу үшін міндетті түрде маусым айында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу қажет.

Еліміз бойынша 27-29 наурыз аралығында тестілеу өткізудің 133 пунктінде «көктемгі» ҰБТ болып өтті. Тестілеуге 78 133 адам қатысты, бұл көрсеткіш тестілеуге қатысуға өтініш берушілердің 97,6%-ын құрады (оның ішінде 61 367 (78,5%) қазақ тілінде, 16 515 (21,1%) орыс тілінде және 251 ағылшын тілінде тапсырды). Шектік деңгейден өткендер саны – 58 317 (74,6%), шектік деңгейден өте алмағандар саны — 19 816 адам (25,4 %). «Көктемгі» ҰБТ-ның ең жоғары балы – 138. ҰБТ нәтижелеріне сәйкес бес пән бойынша орташа балл 70,5 балды құрады.

ҰБТ-ның өткізу ережесін бұзғаны және тыйым салынған заттарды қолданғаны үшін тестілеуден 235 адам шығарылған. Ал, тестілеуге қатысқан 14 мүмкіндігі шектеулі жандар үшін мемлекеттік комиссия шешімімен жеке аудиториялар және арнайы көмекшілер бөлінді.

ҰБТ қатысушыларының көп бөлігі, атап айтсақ 23 691 адам (30,3%) «Математика-Физика» бейіндік пәндер комбинациясын таңдап алса, ал 15 596 (20,0%) тестіленуші «Химия-Биология» комбинациясын таңдаған. Ал, ең аз таңдалған пәндер комбинациясы «Химия-Физика» — 225 адам.

ҰБТ қорытындысы бойынша республикалық апелляциялық комиссияға тестілеудің мазмұны бойынша келіп түскен өтініштердің бірде біреуі қанағаттандырылған жоқ.

Айта кеткен жөн, мемлекеттік білім беру грантын иеленуге үміттенген талапкерлер 2019 жылғы маусым айында өтетін ҰБТ-ны міндетті түрде тапсыруы қажет. Өйткені, наурыз айындағы тестілеуде шекті балл жинаған тестіленуші бұл сертификатымен ЖОО-да тек ақылы негізде оқи алады. Осылайша, наурыз айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеу түлектерге негізгі тестілеудің алдында өз білімдерін тексеру үшін қосымша мүмкіндік беріп отыр.

Сондай-ақ, 2019 жылғы ҰБТ форматы еш өзгеріссіз қалады. Оқуға түсуші дәстүрлі түрде 3 міндетті пән (Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы) және 2 бейіндік пән бойынша тестілеуден өтеді.

Дереккөзі: ҚР Білім және ғылым министрлігінің ресми сайты


ПІКІР ҚАЛДЫРУ