Қадыр Мырза Әлидің қанатты сөздері

0
4249

Дүниенің ең басты жұмбағы-адам.

Адамдар дүниенің бәрін түсіндіргенмен, өздерін өздері әлі де болса түсіндіре алған жоқ.

Әкеңді білмеген ештеңе емес, қаптаған халықтың ішінен ұлтыңды білмеген не деген сұмдық.!

Адам алысқа қараймын деп, жақындағысын көрмейді.

Әулиелік туралы айту үшін өзің де әулие болуың керек

Қор қылу да, құдай қылуда халықтың қолында.

Ең үлкен махаббат – халық махаббаты.

Туғанда аяқ-қолың балғадай сап-сау болып туғанмен, ертең кім боларыңды бір құдай ғана біледі.

Әкелетін өмір де, әкететін өлім деп ойлаймыз, жоқ, меніңше өлім-өмірдің өзі. Адамды ауыртатын да, өлтіретін де сол өмір! Ол тек құжаттарға ғана Өлім деп қол қоя салады! Өлімнен қорқатын ештеңе жоқ, Өмірден қорық!

Бір кездері көшіп-қонудан алдымызға жан салмасақ, енді ішуден де озып кете жаздаған жағдайларымыз жоқ емес.

Соғысқа берген таланттан ішімдікке берген талантымыз әлдеқайда көбірек десек қателесе қояр ма екенбіз?

Еуропа ондаған халықты отарласа, темекі мен есірткі Еуропаны отарлады. Отарланған елдер Еуропа тепкісінен құтылды, ал темекі мен есірткі Еуропада мәңгі қалып қойды.

Хайуандар ғана емес, адамдар да түлейді

Басқаға еліктесе де адам өлімге еліктемеуі тиіс. Өмірге келудің бір-ақ себебі болса, өмірден кетудің ондаған себебі бар. Өлімнен де ауыр ит өмір кімге керек?! Абыройыңнан айырылып, адамдық қасиетіңді аяққа таптап, күн сайын мың өлгенше, дұрыстап бір өлген де жөн шығар.

Тыныштық жар төсегінен басталады.

Ауыздан шықпай іште тұншыққан шындық шеменеге айналады. Дерттің жаманы – сол. ОЛ адамды тірілей өлтіреді.

Ақша талғамға қызмет етеді.

Кейде жоқтықтың өзі жаңа моданың тууына себепкер болады.

Өз басым қазақ тарихын біздің елімізге арақ-шарап деген пәленің келгенге шейінгі, келгеннен кейінгі дәуірі деп екіге бөлген дұрыс болар еді деп ойлаймын. Жалпы арақ-шарап келгенше ұлттық мәдениет, ұлттық дәстүр қауіпсіз тірлік кешкен тәрізді. Арақ-шарапқа дейінгі шейінгі дәуір-қымыз дәуірі. Әдебиет пен өнер үшін бақытты, кем дегенде жартылай бақытты кезең.

Егер шатақ шығару керек болса, қымыздың өзі жетіп жатыр. Ал шабыт шақырып, шығармашылықпен шұғылдану қажет болса қымыздан артық ішімдік жоқ! Арақ ішіп жақсы бірдеңе жазды дегенге сенбеймін. Көптеген классикалық әндер мен классикалық өлең-жырдың бастауында қымыз тұрғаны ақиқат. Қымыз дәуірі-серілер дәуірі.

Махаббат ол-ең алдымен өмір. Ал өмір біз ойлағаннан гөрі күрделі, әлдеқайда күрделі құбылыс.

Көкжиегің кең болмай көп көрмейсің.

Көп көрмеген көп біліп жарытпайды.

Алысты аңсау, оның ар жағында не бар екен деп аласұру адам баласына құдай берген қасиет.

Оппозиция деген – мәдениеттің ең жоғарғы түрі.Егер баяғыдай бір партиялық болса, оның кемшілігін ешкім айтпаса, сонда ол қалай түзеледі?

«Оппозиция – әйеліңнен басталады» Ол сенің жанашырың.

Өз бағаңды көтеру үшін біреудің бағасын түсіріп керегі жоқ

Өзіңнің балаңа да, қаламдас інілеріңе де ақыл айтайын деп айтпайсың.

Шығармашылық- ләзатты азап. Қанша сүйікті жұмыс дегенмен, одан да жалығатын сәттер болады.

Карта — әзәзіл. Оның қай жерде қалай қағып жібергенін өзің де білмей қаласың.

Бір адамға, бірен-саран адамдарға бола халыққа тіл тигізу ақымақтық дер едім.

Халық дегеннің өзі аса қасиетті және кең ұғым.

Дүние – мүлік, әсіресе байлық – көздің құрты. Ал сол байлықтардың ішінде кітапқа жететін бірдеңе бар дегенге өз басым сене алмаймын

Қымбат дүниелердің құны, әдетте ақшамен анықталады. Ақша жүрген жерде қашанда қауіпті.

Билікқұмарлық, мансапқорлық, шенқұмарлық, бұл негізінен адамның өзі тауып алатын дерт.

Ұлт болудың бір емес, бірнеше шарты бар. Соның ең басты және ең негізгі шарты – ұлттық тіл

Адам өрісі кеңіген сайын аң-құстың өрісі тарыла түседі.

Адам — құдайдың шығармасы

Махаббат – жүрекке де, сөзге де сыймайтын ұлы сезім.

Білместі білсем, көрместі көрсем деу – талантқа біткен табиғи құштарлық.

Диплом түгіл, аттестаты жоқ, бірақ бағзы бір академиктердің өзінен артық білімдар, жан-жақты дарын.

Ақындардың сегіз қырлы, бір сырлы болуы Шығыс үшін де, Батыс үшін де бұрыннан жаңалық емес.

Адамзаттың басты қасреті – ол бүгін әділдіктен кетіп қалған.

Ақиқаттың өзін өтіріктің аузымен айтады.

Өзгені жеңу үшін, өзіңді жеңуің қажет.

Сайтандық та, әулиелік те адамның өз ішінде.

Қайталап айта берген сөздің дәмі болмайды.

Өзіне — өзі қанағаттанбау – жақсы қасиет.

Біреуге жақсылық жасау үшін әкім болу, бастық болу міндетті емес.
Пенделер әр уақытта өз елін ойламайды, өзегін ойлайды.
Басқа халықты біле бермеймін, біздің басты кемшілігіміз – көпсөзділік.

Адам адамды қайталамайды.

Өзіне жетпей жатса да, қазақ біреуге ақыл бермей жүре ала ма?!

Мансапқорлар кресло үшін ар-ожданын да, намысын да сатып жүре береді.

Кісілік кісі таңдамайды. Ол қой бағып жүрген қатардағы қазақтан бастап, ел басқарып жүрген елеулі азаматтарға шейін, бір де біреуін жатырқамайды. Бірақ ол екінің біріне бұйырмайтын, адамның адамына ғана, соның жүрегіне ұя салатын қымбат қасиет.

Біздерде әкесі қазақ, шешесі қазақ ағайындардың өздері де қазақпын деп айта алмайды. Өйткені қазақпын деген сезімнен жұрдай. Біздерді құртып жүрген міне осылар.

Ел бостандығы, халық бақыты, ұлттық арман ешқашанда арзанға түскен емес.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ