Қазақ әдебиеті пәнінен ҰБТ сұрақтары мен жауаптары

0
3393

Қазақ әдебиеті

Асан Қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз толғаулары

Жыраулар поэзиясында ХV – ХVІІІ ғасырдағы елдің басынан өткерген тарихи оқиғалары, халықтың арман-мұраты, бастан кешкен ауыртпалықтары жырланумен қатар елдің саяси-әлеуметтік тіршілігі, дүниетанымы көркем де бейнелі тілмен берілген. Жыраулар поэзиясы философиялық терең ойға құрылып, өсиетнама түрінде келеді. Жыраулар поэзиясының өзекті тақырыбы – туған ел, оған деген сүйіспеншілік, елдің бірлігі, бүтіндігімен бірге адамгершілік, этика, мораль мәселелері де кең орын алған. Жыраулар поэзиясында синтаксистік, психологиялық параллелизм, дыбыстық үндесулер, арнау түріндегі сөздер көп қолданылған.

ХV ғасырда өмір сүрген, өз заманының асқан ақылгөйі Асанқайғы атанып кеткен Хасан Сәбитұлы Еділ бойында дүниеге келген. Тарихи аңыздарда Асанның әкесі Сәбит саятшы болған деген дерек бар. Асан атына қайғы сөзінің қосылуы оның желмаяға мініп, еліне шұрайлы, жайлы қоныс, шүйгін жер іздеумен өмір кешкен халық қамқоры болуымен байланысты болса керек. Ол туралы жыраудың Жәнібек ханға айтқан:

Желмая мініп жер шалсам,

Тапқан жерге ел көшір, –

деген сөзінен көруге болады.

Асанқайғы «Әй, хан, мен айтпасам білмейсің» деген толғауында халық қамын ойламай, «қымыз ішіп, қызарып, өзінің бақ-дәрежесіне масаттанып» жүрген Жәнібек ханның мақтаншақ, парықсыз мінезін батыл әшкерелейді. Жырау «Еділ бол да, Жайық бол, ешкімменен ұрыспа», – деп елді бірлікке, ынтымаққа шақыра отырып:

Ашу – дұшпан, артынан

Түсіп кетсең қайтесің

Түбі терең қуысқа, –

деген жолдар арқылы теріс мінезден сақтандырады.

Асанқайғының «Қырында киік жайлаған», «Таза мінсіз асыл тас», «Әй, хан, мен айтпасам білмейсің», «Бұл заманда не ғаріп?», «Еділ бол да, Жайық бол», «Көлде жүрген қоңыр қаз» толғаулары ғибратқа, өсиетке, өнегеге құрылған.

Кейінгі ұрпақ әулие тұтып, аңыз кейіпкеріне айналдырған Асанды Шоқан Уәлиханов «көшпенділер философы» деп атаған.

Асанқайғы туралы академик-жазушы М.Әуезов: «Бұл дәуірдегі әлеумет тіршілігінің ең шешуші мәселесін әдебиет жүзіне түсіріп, алғаш рет қалың ел қамын ойлап, күңіренген қария – Асан» – деп аса жоғары бағалаған.

Жырау толғауларында дыбыс үндестігі көп кездеседі. Мысалы,

Елбең-елбең жүгірген,

Ебелек отқа семірген,

Екі семіз қолға алып,

Ерлер жортып күн көрген, –

деген шумақ тұтастай «Е» дыбысынан басталған ассонансқа құрылған.

Қазақ әдебиетіндегі жыраулар поэзиясының төлбасыларының бірі Қазтуған жырау Сүйінішұлы шамамен ХV ғасырдың 20-30 жылдарында Еділ бойында дүниеге келген. Қазтуған Сүйінішұлы – ірі эпик, ерлік жырларын шығарушы жорық жырауы әрі лирик ақын. Өзін «айдаса қойдың көсемі», «сөйлесе қызыл тілдің шешені» деп таныстырған Қазтуған жырау тайпалар көсемі, отты би, әскербасы, орақ тілді шешен, арқалы ақын болған. Қазтуған толғауларының негізгі тақырыбы – туған елі, кіндік кескен, кір жуған жері. «Салп-салпыншақ анау үш өзен» толғауында жырау туған жеріндегі Еділ, Жайық, Ойыл өзендерін тебірене жырлайды. «Алаң да алаң, алаң жұрт» толғауында жырау:

Атамыз біздің бұ Сүйініш

Күйеу болып барған жұрт,

Анамыз біздің Бозтуған

Келіншек болып түскен жұрт

Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт, –

деп туған жері мен ата-анасын байланыстыра сөйлейді.
Жырау толғауларында теңеу сөздерді жиі қолданған. Мысалы,

…Боташығы бұзаудай,

Боз сазаны тоқтыдай,

Балығы тайдай тулаған,

Бақасы қойдай шулаған… –

деген жолдарда бұзаудай, тоқтыдай, тайдай, қойдай деген теңеу сөздер қолданылған. Қазтуған жыраудың: «Мадақ жыры», «Белгілі биік көк сеңгір», «Алаң да алаң, алаң жұрт», «Салп-салпыншақ анау үш өзен» толғаулары бар.

Өз заманында жақсы тәрбие алған, парасатты адам болған Доспамбет жырау ХVІ ғасырдың басында Азау қаласында туып, өмір сүрген. Өзінің туған жері Азауды «Азаулының Ыстамбұлдан несі кем?» деп ерекше жырлаған. Толғауларында «Ер Доспамбет» деп өзі жырлағандай, Доспамбет «астына қарт күреңді мініп», «болат қылыш асынып» жаумен шайқасқан, жорыққа бастаған батыр жігіт болған. Жорық-шайқастарда басына талай қауіп-қатер төніп, оқ тиіп, өлім аузынан қайтқан. Доспамбет «Айналайын ақ Жайық» деп, туған Жайығын, бетегелі Сарыарқасын, елін, жерін шексіз сүйген. «Қоғалы көлдер, қом сулар» толғауында «Арыстандай екі бұтын алшайтып, арғымақ мінген өкінбес» деп, өмір туралы тебірене толғайды. Доспамбет жыраудың «Қоғалы көлдер, қом сулар», «Арғымаққа оқ тиді», «Айналайын ақ Жайық», «Тоғай, тоғай, тоғай су», «Айнала бұлақ басы тең» деген толғаулары бар.

Қазақ жыраулық поэзиясының атасы – Шалкиіз Тіленшіұлы 1465 – 1560 жылдар шамасында өмір сүрген. Үш айлығында анасынан айырылған болашақ жырау нағашы әжесінің қолында тәрбиеленеді. Мұсылманша жақсы білім жиған, сақара салтынан тамаша тәрбие алған Шалкиіз жырау Би Темірдің тұсында өмір сүрген. Жырау «Би Темірге бірінші толғауында»:

Сен алтынсың – мен пұлмын,

Сен жібексің – мен жүнмін,

Сен сұлтансың – мен құлмын,

Сен сұңқарсың – мен қумын.

Саған дұспан – маған жау

Керекті күні алдыңда

Ғазизлеген сұлтан жаным аяман! –

деп, Би Темірдің бейнесін асқақтатып көрсеткен.

Жырау толғауларында ерекше көтерілген тақырып – адамгершілік мәселесі. Мысалы,

Бір жақсымен дос болсаң –

Азбас-тозбас мүлкі етер.

Бір жаманмен дос болсаң –

Күндердің күні болғанда

Бар ғаламға күлкі етер, –

деп, жақсылық пен жамандықты қарама-қарсы қоя отырып, парасаттылықты, адамгершілік қасиеттерді асқақтата көрсеткен.
Шалкиіз толғауларының басты тақырыптарының бірі – ел бірлігі, ынтымағы. Жырау «Асқар, асқар, асқар тау» толғауында:

Малыңды бер де, басың қос,

Басыңды қос та, бек сыйлас,

Күндердің күні болғанда

Басың жауда қалар ма! –

деп, халықты береке-бірлікке, ынтымаққа шақырған.

Шалкиіз жырау өмір жайлы да толғанған. Өзінің «Қоғалы көлдер, қом сулар» толғауында:
Қоғалы көлдер, қом сулар

Кімдерге қоныс болмаған.

Саздауға біткен қара ағаш

Кімдерге сайғақ болмаған.

Күлелік те ойналық,

Киелік те ішелік

Мынау жалған дүние

Кімдерден кейін қалмаған! –

деп, өмірдің өтпелі екеніне пәлсапалық пайымдау жасаған.

Көптеген жорықтарға қатысқан Шалкиіз толғауларынан ерлік сарыны айқын көрініс тапқан. «Жалаңаш барып жауға ти, тәңірі өзі біледі, ажалымыз қайдан-дүр» деп ерлікке үгіттеген.

Шалкиіз жыраудың артында қалған толғаулары: «Би Темірге бірінші толғау», «Би Темірді хаж сапарынан тоқтатуға айтқаны», «Алаштан байтақ озбаса», «Жапырағы жасыл жаутерек», «Жақсының жақсылығы сол болар», «Жалп-жалп ұшқан жапалақ», «Қоғалы көлдер, қом сулар», «Жел, жел есер, жел есер», «Жауынды күні көп жүрме», «Шағырмақ бұлт жай тастар», «Асқар, асқар, асқар тау», «Ор, ор қоян, ор қоян», «Орманбет би өлген күн», «Ер Шобан».

ҰБТ — Кешенді тестте кездесетін конспектегі сұрақтар.

«…Алғаш рет қалың ел қамын ойлап күңіренген қария – Асан» деген сөзді айтқан ғалымды көрсетіңіз.
«Айдаса қойдың көсемі, Сөйлесе қызыл тілдің шешені» деп Қазтуған жырау кім туралы толғағанын табыңыз.
«Бір жақсымен дос болсаң, Азбас-тозбас мүлкі етер» – деген жолдар қай жыраудың толғауынан алынғанын табыңыз.
«Еділ бол да, Жайық бол» толғауы неге шақыратынын табыңыз.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ